Жеке адамның психологиялық құрылымы туралы қазақша реферат
Жеке адам санасы мен ақылы арқылы дараланады. Оның дыбысты анық тілі, еңбектену әрекеті қоғамдық жағдайда, бір – бірімен қарым – қатынаста қарастырылады. Жеке адам – дүниетаным қабілеті бар, сыртқы ортаның неше түрлі әсерлерін бастан кешіріп, оларға төзімділік көрсететін, табиғатты өзгертуге ықпал ете алатын жан.
Жеке адам психологиялық құрылымы мен ерекшеліктері төрт түрлі жағынан қарастырылады, яғни: 1) Жеке адамның әлеуметтік өміріне қатысты ерекшеліктері: қызығу, ұмтылу (ынтасымен талаптануы), мұрат, дүниетанымдық көзқарас, сенім. Бұл – жеке адамның адамгершілік қасиеттерін білдіретін сипаттар. 2) Адамның білімдарлығы, дағдылары, бейімділігі. Мұндай сипаттар адамның даралық қасиетін, өзіндік даму деңгейін, тәлім – тәрбие негізінде қалыптасқан тәжірибесін көрсетеді. 3) Жеке адамның дара психикалық процестерінің тиянақтылығымен өзіндік ерекшеліктері. Ондай қасиеттерге зейін мен ойлау, қабылдау мен ес, сезім күйлері мен ерік, адам психикасындағы басқа да құбылмалы өзгерістер жатады. 4) Жеке адамның биологиялық тума қасиеттері – нышан, жоғары жүйке қызметі. Бұлар адамның темпераменті мен жас ерекшеліктеріне, жыныстық белгісіне сәкес көрініс береді.Мұндай қасиеттер машықтану мен жаттығу арқылы қалыптасып, жетіледі.
Ұстаздар мен тәлімгерлер, жетекшілер мен тәрбиешілер балалар мен жастардың жоғарыда топтастырылып көрсетілген төрт түрлі ерекшеліктерімен жете танысып, ондай қасиеттерді жетілдіре түсудің әдіс тәсілдерін үнемі іздестіруді көздейді. Бұл ерекшеліктердің адамға тәуелсіз – ақ дамып отыратындаған да ескерген жөн. Мәселен, адал әрі шыншыл немесе өтірікші болу темпераменті кез – келген оқушыда кездесе береді. Оқушылардың іс — әрекетіндегі әр қилы кемшіліктер осы төрт түрлі психикалық қасиеттердің біріне байланысты болуы мүмкін. Айталық, оқушының зейінсіздігі: а) білімі мен дағдысының болмауынан, белгілі істі орындауда өз зейінін сол нәрсеге аудара алмауынан; б) зейін аударуға қиналуы жүйке қызметінің қозғалтқыштық әсерінен; в) тәртіпсіздігі мен ұқыпсыздығынан болуы ықтймал. Бұлар – баланың адамгершілік тәрбиесіне қатысты сапалық қасиеттер. Бұлардан басқа оқушының мінезі мен қабілетінің кемістітерін көре білу үшін оның өзіндік ерекшеліктерін де аңғара білу керек.
Адамды танып білу үшін оның қоғам мүшесі ретінде қандай істерді тындыра алатындығымен танысу керек. Келешектегі мақсатына жету үшін ықыластығы, ынталы болу, оған ұмтылу жеке адамның бағыт – бағдарын білдіреді.Адамның бағыт – бағдары, ынта – жігері, мақсат – мүддесі гуманистік қоғам мүддесімен үндеседі. Адамның кісілік қасиетін түсінуде «ол нені қалайды?» деген мәселені ғана қою жеткіліксіз. Өйткені, адамның ниет-тілегі мен ынтасы үнемі өзгеріп, дамып, күрделеніп отырады.
Жалпы, адамның азаматтық бағыт – бағдарының сапалары мынадай ерекшеліктерімен анықталады: 1) Бағыт деңгейі адамның әлеуметтік өмір талабына сәйкестенеді. 2) Бағыт – бағдар деңгейі қоғамдық талаптарға орай адамның биік мұраты мен ұштасады. 3) Кеңдігі. Баланың ұйқысын қандыруы, тойып тамақ ішуі, әдемі киінуі- оның бағытының өресіздігі, тарлығы. Бағыт – бағдар кеңдігі адамның әралуан қызығуы мен ынтасына, оның әр тарапта дамуына байланысты. Мұндай қасиеттер баланы тоқшарлықтан сақтандырады. Бағыттың шашыраңқы болуы – ұнамсыз қасиет. Осы орайда, «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген мақалдың тәлімгерлік мәні ерекше. Оқушы үшін қызығу кеңдігі, яғни оның тиянақты білім алып, белгілі бір мамандықты игеруі – саналы азамат болудың шарты. 4) Қарқындылығы. Бұл баланың сезімі мен эмоциясының айқындылығын білдіреді. Әрбір нәрсеге әуестенуден гөрі ерікті тілек ынтаға ден қоюы, белсенді әрекет етіп, іске жігермен кірісу адамның сенімін арттырады. 5) Бағыт – бағдар тұрақтылығының ұзақ мерзімге созылуы. Жас жігіттер мен қыздар кейде бір нәрсені біліп, үйренуге қызу кіріседі де, аяқтамай тастап кетеді. Одан кеін зерігеді, ақырында сол үшін өкінеді. Бұл – бағыттың тұрақсыздығы. Мысалы, жас маман үздік оқып, белгілі математик не филолог болғысы келеді. Содан кейін халық құрметіне бөленген әйгілі азамат, бақытты отбасы қоғам қайраткері болуды арман етеді. Бағыт тұрақтылығы адамды игі мақсатқа жеткізеді. 6) Оқушының әрекетшілігі – оның бағыт – бағдарындағы шешуші кезең. Жас қыз ұстаздық мамандықты не себепті таңдады? Оған бұл мамандықтың несі ұнады? Таңдаған мамандығы бойынша жемісті іс атқара ала ма? Мұның бәрі іс — әрекетке байланысты. Кәсіптік техникалық училишеге түскен оқушы, менеджер болғысы келетін кәсіпкер, шаруашылық орындарында маман, кең шарда малшы, сауыншы болып істеу – мұның бәрі іс — әрекет арқылы жүзеге асып, адамды арманына жеткізбек.
Жеке адамның бағыт – бағдар түрлерін қарастырғанда өзекті мәселе ретінде қамтылатын ерекшеліктер – адамның қажеттіліктерімен мұқтаждығын қанағаттандыру деңгейі. Сондай қажеттіліктердің бастылары – биологиялық (тамақты, ауа мен суды, жылылықты) қажетсіну; тарихи дамуда қалыптасатын заттық (киім – кешек, тұрғын – үй т.б.) қажеттіліктері; рухани (ақыл – ойын дамыту, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, эстетикалық көркемділік пен әдептілік) қажеттердің бәрі де еңбек процесі мен, әралуан іс — әрекет түрлерімен өтеліп отыратыны мәлім.
Қажеттіліктерді қанағаттандыруда адамның көңіл – күйінің ерекшеліктері айқын байқалады. Мәселен, адамның құштарлығынан оның іс — әрекетінің әлсіздігі мен дәрменсіздігі байқалса, ал ықылас – ынта қоюдан белгілі іске қол жеткізу керектігін түсінгендігі аңғарылады. Көңі – күйдің шарықтап өсуі адамның белгілі бір бейнеге еліктеп, сондай болсам екен деген ниет – тілектерін білдіреді. Бұл – адамның іс — әрекет бағытындағы мұрат деп аталатын қасиет. Сондай – ақ, адамның іс -әрекет бағдарында оның дүниетанымдық көзқарасы мен адамгершілік қасиеттерінің де қалыптасып отыратын айқын нәрсе. Жеке адамның адамгершілік қасиеттері қоғам өмірінің талаптары мен ұштасып, оның бойында ар – ұят, ұждан сияқты қасиеттердің дамып, қалыптасуына ықпал етеді. Ұждан – адамның өз басындағы ар –ұяты мен намысын қастерлей білуі. Ар – ұяттың көрінісі – ұялу – адамның өзінің не жақын адамдарының оқыс істері мен жақынсыз қылықтарына байланысты көңіл – күйін, білдіруі. Ар – ұятқа қатысты түсініктер – мадақтау, көтермелеу, табалау, күйініш пен сүйініш. Адам бойындағы адамгершілікке тән мұндай қасиет – ерекшеліктер оның әр қилы іс — әрекеттері мен өзге адамдар мен қарым – қатынасынан айқын көрініп тұрады.
Жеке адамның қатынастары ең алдымен оның қоғамдық өмірі мен өндірістік қатынасының негізінде дамиды. Осы бағытта адамдар арасындағы қатынастарды оларды психикасы мен санасының қасиеттері ретінде есептей отырып, мынадай топтарға бөліп қарастырамыз: 1. Адам өзге адамдарға қатынасы; 2. Өзіне деген қатынасы; 3. Еңбекке қатынасы. 1 – топқа тән ерекшеліктер – мәселен, оқушының өз құрбылары мен ортақ тіл тауып, тез араласып кетуі не керісінше, яғни тұйықтығына байланысты қарым – қатынас жасайтын достарының некен – саяқ болуы. Мұндай қатынамта мінездің ашық жарқындығы не тұйықтығы байқалып, өзгелерге салқын қарауы, ұялшақтығы мен тартыншақтығы сияқты сипаттары көзге түседі. 2 – топтың ерекшеліктері – күмәнданып, кейде арсыздыққа салыну, мақтаншақтық пен даңқ құмарлық, өкпелегіштік пен ұялшақтық – адам бойындағы ұнамсыз мінездің белгілері. Соған орай мұндай көрініс психологияда эгоцентризм (өзін — өзі көтермелеу) деп аталады.
3 – топқа тән ерекшеліктер өзгелермен қарым – қатынас жасағанда адамның бастамашыл болып, табандылық таныту, еңбек сүйгіш, қиыншылықты жеңуге даяр тұру сияқта қасиеттері арқылы сипатталады. Ал мұндай қасиеттерге керісінше ұнамсыз сипаттар – жалқаулық, жігерсіздік пен енжарлық. Адам бойындағы ұнамды қасиеттер тәлім – тәрбие ықпалымен қалыптасады. Сонымен, 1 –топтағы ерекшелік – белсенділік пен мақсатқа ұмтылу; 2 – топтағы сипат жігерсіздік пен және сезіп қана қою мен шектеледі. Мұндай адамның әрекетсіздігі кейде оның ішкі жан дүниесінің қайшылықтарына, әсіресе өмірдегі өз орнын таба алмай ауытқу себебіне байланысты.
Жеке адам психикасындағы қатынастардың сыры адам мінезіндегі мақсатты ниет – тілектерді жете түсініп, қажеттіліктерге қол жеткізу үшін дұрыс бағдар беріп отыруды қажет етеді.