Ересек адамдар мен балалардың психологиялық ерекшеліктері

Еңбек үстінде жеке адамның сапасы психологиялық процестерінің ерекшеліктері және адамның қасиеттері көрінеді. Сонымен қатар еңбек осы процестерді жетілдірудің және жеке адамның қасиеттерін қалыптастырудың ең басты құралы болып табылады. Еңбек әркетінің арқасында адамда ойлау, қабілет, ынта дамиды, білім, іскерлік пен дағыдыға ие болады, еркі күшейіп, мінезі қалыптасады.
Баланы екі жастан бастап еңбекке тәрбиелеген дұрыс және ол оқумен ұштастырылуы қажет. Баланың әрқандай даму кезеңіне сай еңбек әртүрлі болады. Мектепке дейінгі жастағы бала үшін (оның еңбектенуге де, оқуға да ықыласы болғанымен) мұндай әрекет түрі – ойын. ал мектепте (1-ші сыныптағылардың ойынқұмарлығы басылмаса да) оқу еңбегі басым келеді.
Көрнекті кеңес педагогы А.С.Макаренко балаларды еңбекке тәрбиелеу саласындағы мәселелерге ерекше назар аударды. Балаларды белсенділікке, творчестволық пен инициативалыққа тәрбиелеуде тек ұлы істер мен көрнекті еңбек қана емес, ойын да белгілі дәрежеде әсер ететіндігін ашып берді. Ол: «Бәрінен бұрын ойын мен жұмыс арасында үлкен айырмашылық жоқ екендігін айту қажет…Жақсы ойын жақсы жұмысқа, жаман ойын, жаман жұмысқа ұқсайды» — дей келіп, ойнаудың қай-қайсысы болса да еңбекке және ойлануға негіз болып табылатындығын дәріптейді және ойынның үлкен тәрбиелік мәнін талдай отырып: «Егер біздің баламыз тек әрекетсіз, енжар ойындармен ғана айналысатын болса, одан енжар, басқаның жұмысына көзін сатып отыратын, бастама дегеннен айырылған және жұмыста жаңалық ашуға ұмтылмайтын қиындықтарды жеңуге дағдыланбаған адам тәрбиеленеді. Күш жұмсап, белсенді әрекет етпейтін ойын-қашанда жаман ойын. Бала шынында да ойнасын, ойыншықтарды бөлшектеп, жинап, құрастырсын. Алғашқы бастаған ойынын аяқтамай, бір істен екіншісіне ауыспасын, не істесе де сол істі аяғына дейін жеткізсін. Ойыншықтардың қайсысынан болса да болашаққа қажетті құнды жақтарын түсінетіндей болуы керек». Сонда ойын баланы еңбекке жұмылдыруға әсерлі болады және білім қатарласа жүрмеген, саяси және қоғамдық тәрбие қатар жүргізілмеген еңбектің тәрбиелік пайдасы болмайды, бейтарап жүргізілген іс болады да қалады.
Психология ғылымында адамның жеке басы сапасын, оның ішінде еркі (тұрақтылық, дербестік, инициатива т.б.) туралы мәселе жөнінде көптеген жұмыстар жүргізілсе де ашылмай отырған сырлар аз еме. Сондықтан оларды ескерусіз, елеусіз тастауға болмайды, қайта адамның жеке басы сапасын барынша зерттеп ашу кезек күттірмейтін мәселенің бірі боп табылады. Бұл мәселені зерттеу үшін жеке адам еркінің ерекшелік белгілері мен мінезіне, қасиетінің қалыптасуына назар аудару қажет. Бұл – психологтар ұжымының алдында тұрған проблемалық үлкен мәселелердің бірі.
Оқушылар инициативасына психологиялық талдау жасауда мынандай жоспарда жүргізуге болады. Инициатива — еріктің саналы түрдегі ықпалының бір көрінісі, инициатива көрсету — мінез ерекшеліктеріндегі дербес қасиеттің қалыптасуы.
Адамның ерік сапалары тәрбие үстінде дамып, дербес тәрбие кезінде жетіледі. Ерік қоғамдық дәлелдерге, бағытқа, сыртқы қайшылықтарды жеңе білуге сай бағаланады. Ол жеке адамның өмір тәжірибесінен жинақталады.
Жеке адам еркінің сапалары іс-әрекет үстінде көрініс береді. Олар мыналар: дербестік, шешімділік, өзін-өзі ұстай білу. Адамның өз қылығын өзі анықтап, маңайындағылардың кездейсоқ әсерлерінің ықпалына мойын ұсынбай, өз сенімімен, өз біліміне жүгіну арқылы қызмет атқаруын дербестік дейміз. 6-7 сыныптардағы оқушылардың дербестігі: «Мен еліме қандай пайда келтіремін және қалай келтіруім керек?!» дегендей мағынада көріне бастсйды. Оқушылардың осы шақтағы кезеңін психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде «толқымалы жас» деп есептейді. Бұл жастағы ұлдар мен қыздардың мінезі айқындалып, өмірге көзқарасы және сенімі қалыптаса бастайды. Мінез-құлық дәрежесі бағдарланып, төңірегіндегілермен қарым-қатынасы басталады. Бұларды жас өспірімдер деп атайды.
Психологтар балалар мен ересек адамдар жасының психологиялық ерекшеліктерін зерттеумен шұғылданып, сан рет өмірге қажетті мәселелер көтерді. Жалпы және педогогикалық психология ғылыми — зерттеу институты жеке адамдардың психологиясын, сонымен қатар олардың қажетті қасиеттерінің даму мәселелерін зерттеуді қолға алып, ғылыми тәжірибелер негізінде жеке адам мінез – құлқының қалыптасуы жөніндегі проблемаларды белгілі бір ғылыми жүйеге келтірді. Оқушылардың ар-ұжданы мен даму заңдылығы негізінде жеке адамның мінез құлқын зерттеу, еңбек сүйгіштікке баулу арқылы жаңа адамдар тәрбиелеу — психология ғылымының негізгі саласы. Адамдардың еңбекке деген сүйіспеншілігі әрқашанда жоғары бағаланады. Өйткені еңбек сүйгіштік, жаңаға талпыну, еңбекке шығармашылық көзқарас, іске жауапкершілік сезім, т.б. оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеудің бірден-бір мектебі болып табылады.
Бала мен ересек адамдардың психологиясын жеке зерттеу бүгінгі психология ғылымының актуальды мәселелерінің бірі. Бұл салада инициативаның мәні зор. Жеке адам психологиясы инициатива арқылы көрініс береді. Қазіргі ғылым, техниканың дамыған шағында адамның инциативасы,еңбекке деген белсенділігі,сан-алуан мамандыққа орай қалыптасқан қабілеттілік,алғырлық,еңбектен ләззат ала білу-тек адамға ғана тән тамаша қасиеттер.
Инициатива әрқашан қоғамдық заңды ықпалға сәйкес ,жеке адамның саналы да, орнықты қасиеттерінен туындайды. Міне сондықтан да 13-14 жастағы оқушылардың ақыл-ойы қауырт дами бастайды да,бүкіл болашақ өміріне арқау боларлық дүние таным мен мінез ерекшеліктері қалыптасады. Әдетте 13-14 жастағы жас өспірімдердің психологиясы дене құрылысынан баяу дамып жетіледі. Олар балалық шаққа жатпайды,алайда ересек деуге де болмайды. Жас өспірімдердің ақыл-ойы толқымалы да, мінез-құлықтары мен көңіл күйлерінде қарама-қайшылықтардың кездесетіндігін жиі байқауға болады. Оқушылардың 13-14 жас шамасындағы кезеңінде тәрбие жұмысын өте шеберлікпен жүргізбесе жас өспірім мен ересек адам арасында келіспеушіліктің туатындығы сөзсіз.