VII-III ғ.ғ өмір сүрген көшпенділер тарихы туралы қазақша реферат
К.Ақышев айтқан 6-оба¬ның түбіндегі “жалпы жиынтығы 55 метр” жер асты жолын қазір ешкім көрсете де, түсіндіре де алмайды, өйткені ол арада обаның өңкиген сыртқы үйіндісінен өзге ештеңе де қалмаған. Келтірген күнде де, көне бөренелерді қайдан табады? К.Ақышев бұл обаларды б.д.д.VІІ-V ғасырдан ертеректе салынған деп ұйғарады. “Сақтардың тастан, топырақтан тұрғызылған кішігірім обаларының Іле аңғарындағы толып жатқан үйсіндердің обаларынан айырмашылығы жоқ”, – деп тұжырымдалған. Осы тұжырым адамды терең ойға қалдырады. Біріншіден, бұл екі тайпаның обаларында неге айырмашылық болмайды? Оның себебі не? Екіншіден, сонда бұл обалардың қайсысы сақтікі, қайсысы үйсіндікі екенін қалай, қандай ғылыми жолмен ажыратамыз? Біріншіден, Қытайдың “Тарихи жазбалары” мен “Ханнамада” сақ¬тар аз айтылады да, күндер мен үйсіндер жайы біраз баяндалады. “Ханнаманың” соңғы аудармасында: “Үйсін елі ұлы күнбидің ордасы Чекүк ( бұған дейін “Шығу”, “Чигу” деп оқитын – Б.Н.) қаласында… Шығысы Ғұнмен, солтүстік батысы Қаңлы, батысы Дад-уан (бұған дейін “Даван”, “Дауан” деп оқитын, қазіргі Перғана – Б.Н.), оңтүстігі қала-мемлекеттермен іргелес. Бұл, тегінде, сақтардың ата қонысы еді, кейін ұлы нүкістер (бұрын “ұлы йуежы”, “ұлы йозы”, “ұлы йүзі” деп оқитын – Б.Н.) сақтарды талқандап, олардың ханын қуып жіберді. Сақтардың ханы оңтүстікке кетіп, Болор тауларынан әрі асып кеткен соң, бұл жерге ұлы нүкістер орын теуіп алды. Кейін кезек айналып, Үйсіннің күнбиі ұлы нүкістерді талқандады. Ұлы нүкістер батыстағы Бактрия еліне қарай жосып, Бактрия ханын бажағына айналдырды. Сонымен, Үйсін күнбиі ол жерлерді қайта басып қалды. Үйсіндердің арасында сақтар мен ұлы нүкістердің нәсілі болатындығының себебі, міне, осы”, – делініпті.Осында тағы былай делінген: “Сақтар бытыраңқы қоныстанды да, бөлшектеніп, бірнеше мемлекет болып кетті”. Бұл оқиғалардың орын алып отырған уақыты – біздің дәуірімізге дейінгі заман. Демек, б.д.д. екінші ғасырдан бері бұл араны үйсіндер, ал оған дейін сақтар мен йүзілер, яғни нүкістер мекендеген. Енді одан әрі тереңдеп көрелік. Қазақтың алты Арыстан тұратын халық екенін екінің бірі біледі десек, қателеспейміз. Тек, өкініштісі, сол Арыстың не қылған Арыс екенін екінің бірі біле бермейді. Білгісі келген кісіге ол соншалық қиын да емес. Себебі, кез келген шежіреші шалдан сұрасаң, Ақарыстан анау, Жанарыстан бәленше, Бекарыстан түгенше тарайды деп заулата жөнеледі. Ал оның дұрысы Ақ Арыс, Жан Арыс, Бек Арыс екеніне соны ата-бабасынан бері айтып келе жатқан шалдардың өзі де, оны естіген біз де мән бермей қайталап келеміз. Өйткені, қазақта ежелгі тарих та, деректі тарих та жоқ, бәрі аңыз деп, аузымызды қу шөппен сүртіп үйреніп кеткеміз. Және солай деп үйреткендер де молшылық. Ал енді Арыс жөнінде тарихи деректер не дейді?Тарихи деректер Арыстың шын мәнінде тарихи тұлға екенін толық және еш күмән қалдырмай дәлелдейді. Тек “сақ” дегенді еуропалықтардың “скиф” дейтінін, ал кей ғалымның сақ пен скифті екі басқа тайпа деп санайтынын санада ұстаған жөн.Түркі халықтарының түпкі тарихы жазылып қалған Қытайдан басқа тағы бір ел – Грекия. Олар негізінен сақ-скифтер туралы аса мол тарихи дерек қалдырған. Ондағы алдымен жүгінетініміз – “тарихтың атасы” деп әлем таныған Геродот. Ол былай дейді: “Скифтер де басқа халықтар тәрізді жатжерлік салт-дәстүрді қабылдамауға тырысады әрі олар өзге халықтардан гөрі эллиндер дәстүрінен барынша қашқақтайды. Бұл Анахарсис пен Скил тағдырынан анық байқалады. Анахарсис көптеген елді аралап, өзінің керемет ақылдылығымен көзге түсті. Қайтар жолда ол Геллеспонт арқылы жүзіп келе жатып, Кизикке тоқтайды. Нақ осы күні кизиктіктер Құдай-Ананың құрметіне салтанатты мереке өткізіп жатқан болатын. Анахарсис әйел құдайға, егер ол үйіне аман-есен жетсе, оның құрметіне кизиктіктерден көрген діни жоралардың бәрін жасап құрбандық беретіндігін және салтанатты мереке өткізетіндігін айтып ант береді. Скифияға келген соң Анахарсис құпия түрде Гилеяға барып (бұл жер Ахиллес ат ойнату алаңында орналасқан, әрқилы ағаш түрлеріне бай қалың орманды мекен), өзі Кизикте көрген діни жора салтанатын түгел жасайды… Мұны көріп қойған бір скиф дереу Савлий патшаға жеткізді. Осы жерге келіп, Анахарсистің не істеп жүргенін көзімен көрген патша оны садақпен атып өлтірді… Анахарсис скиф патшасы Иданфирстің немере ағасы, Гнурдың ұлы, Ликтің немересі, Спаргапифтің шөбересі болған. Егерде Анахарсис шынында осы патшаның әулетінен шыққан болса, оны туған ағасының өлтіргендігін бәрі біліп қойсын. Өйткені,