Темперамент және мінез туралы теориялар туралы қазақша реферат
Ежелгі дәуірлерден бастап зерттеушілер адамдардың дене құрылымы және физиологиялық қызметінің ерекшеліктерімен сай келетін көп түрлі әрекет–қылықтарды топтап, ретке келтіруге ат салысты. Осыған орай темпераменттің көп түрлі типологиясы қалыптасты. Бұлардың ішінде назар саларлықтай тип–адамның дене құрылмына байланысты дараланып, тума темперамент қасиеттеріне негізделген–конституциялық типология (Э. Кречмер). Бұл теорияның мәні: әр адам өз дене құрылымына орай өзіндік психикалық ерекшелікке ие. Осыдан, дене мүшелерінің (қол, аяқ, бас, кеуде, және т.б.) сырттай өлшемдеріне байланысты төрт конституционалды психикалық тип белгіленген:
- Лептосоматик–бойшаң, нәзік денелі, көкірек тұсы жайылыңқы, тар иықты, қол–аяғы ұзын, сидыйған.
- Пикник–мығым, семізшең, кіші немесе орта бойлы, қарны қампиған, домалақ бас, қысқа мойын.
- Атлетик–бұлшық еттері күшті дамыған, денесі мығым, берік; ұзынша не орта бойылы, кең иықты, жамбас сүйектері тартылған.
- Диспластик–дене бітімі қисынсыз. Бұл адамдар-әрқилы мүшелік зақым–сырқаттарға ұшырағандар (сырықтай ұзын, қауға бас, тума аяқ– қолы кемістер).
Аталған дене құрылымы типтеріне үш темперамент типі сай: шизотомик, иксотомик, циклотомик. Шизотомик–дене құрылымы нәзік, әлсіз дамыған (астенический), тұйық, эмоциялары ауыспалы, тұрақсыз, талаптар мен көзқарастар өзгеріміне ере бермейді, осыдан қоршаған ортаға икемдесуі қиын.Иксотомик–денесі мығым (атлетический), мінезі байсалды, сезімталдығы кем, ым–ишараға жоқ, ойлау қабілеті шабан, көбіне майдашыл. Циклотомик–семізшең, домаланған денелі, эмоциялары қайғы мен қуаныштың арасында бірдей, тіл табысқыш, көзқарастары шындықтан ауытқымайды.
Жоғарыда баяндалған конституциялық типология теориясының негізін қалаған–Э. Кречмер. Бұл теория Батыс Европада кең қолдауын тапты. Ал осы теорияны өзіндік ерекшеліктерімен осы ғасырдың 40–жылдарында АҚШ–та одан әрі жалғастырған У. Шелдон болды. Бұл ғалымның да темперамент типтерін айыруда ұстанған принципі–адам дене құрылымы және оның өзінің жаңалығы–эмбриологиялық белгілер.
Конституциондық тұжырымдардың көпшілігі жантану ғылымында өткір сынға алынды. Бұл теориялардың негізгі кемшілігі–тұлғаның психикалық қасиеттерінің қалыптасуында қоршаған орта мен әлеуметтік жағдайлардың ескерілмеуі. У. Шелдон теориясын сынға алған Я. Стреляу былай жазады: “Адамның тамаққа әуес болу, ұжымшыл болу не қайырымды болу сияқты темпераменттік қасиеттері оның дене құрылымындай нәсілдік белгі емес, мұндай қасиеттер анатомиялық–физиологиялық негізге ие болғанымен тәрбие және әлеуметтік ортада ғана қалыптасады”[4].
Ал ғылым шындығына келетін болсақ, адамдағы психикалық процестер мен оның қылығы жүйке жүйесі қызметімен байланысты екендігі ежелден– ақ белгілі болған. Темперамент түрлерінің кейбір жалпы психикалық процестер ерекшелегіне тәуелді келуі И.П. Павлов және оның шәкірттерінің еңбектерінде эксперименталды дәлелденген.
И.П. Павлов иттің шартты рефлекстік әрекет ерекшеліктерін зерттей отырып, олар қылық-әрекеттеріндегі даралық өзгешіліктердің пайда болуына назар аударды. Мұндай айырмашылықтар ең алдымен иттердің рефлекстік қозулары мен сол қозулардың сөну теңдігі мен дәлділігінен көрінген. Бұл жағдайлардың көрінуі жүйке процесінде қалыптасатын тұрақты қасиеттер– қозу және тежелуге байланысты екендігі жөнінде эксперименттермен дәлелденген. И.П. Павлов темперамент типінің жүйке қасиеттері ретінде қозу мен тежелу күшін, тепе–теңдігін және қозғалмалығын атап көрсетті.
Қозу күші мен тежелу күші–бір біріне тәуелсіз жүйке жүйесінің дербес қасиеттері. Қозу күші жүйке жасушаларының әрекетшеңдік қабілетінің белгісі. Осы күшке орай жүйке төзімді, ұзақ не қысқа мерзімжі әсерлі қозуды сақтай алады, тежелуге бейімделеді. Ал тежелу күші жүйке жүйесіндегі күшті әсерлерді басып, сөну және біріктіру шартты реакцияларын іске асыру қызметін атқарады.
Жүйке жүйесі процестерінің тепе–теңдігі қозу мен тежелу құбылыстарының өзара бірдейілік сипатын көрсетеді. Осы екі процесс күштерінің аралық қатынастарынан, бір процесс күші екіншісінен басым болуынан тұлғаның ұстамды, байсалдылығы, не ұстамсыз, ауыспалылығы туындайды. Жүйке жүйесінің үшінші қасиеті–жүйке процесінің қозғалмалылығы–бір жүйке процесінің екінші түріне ауысу жылдамдығында көрінеді. Сонымен бірге, жүйке процестерінің қозғалмалылығы адам қылық-әрекетінің өмір жағдайларының өзгеруіне сай қалыпқа ене алу қабілетін де танытады. Жүйке жүйесінің мұндай қасиетінің өлшемін бір әрекеттен екіншісіне, енжарлықтан белсенділікке немесе кері өту шапшыңдығымен бағалаймыз. Жүйке қозғалмалылығына қарсы құбылыс –жүйке жүйесінің селқостығы (инертность). Бұл процесс түрінен екіншісіне өту үшін қаншалықты көп уақыт пен күш қажет болатын болса, жүйке жүйесінің селқостығы сонша үлкен болғаны.
Аталған жүйке процестерінің қасиеттері негізінде жүйке жүйесінің типідеп аталатын құрылым түзіледі. Бұл жүйе әр дара тұлғаның жүйке жүйесіне тән негізгі қасиеттер бірлігінен құралады. Ол қасиеттер: қозу мен тежелу процестерінің күші, тепе–теңдігі, қозғалмалылығы. Осы үш қасиетті негізге ала отырып, И.П. Павлов жүйке процесінің күшіне орай және күшті тип пен әлсіз типті айыра, дәстүрлі Гиппократ типологиясына жақын жүйке жүйесінің төрт негізгі типін ажыратты:
- күшті, қозу мен тежелуі, қозғалмалы–сангвиник;
- күшті, қозу мен тежелуі теңдей, салғырт–флегматик;
- күшті, қозуы басым–холерик;
- әлсіз тип–меланхолик.
Сонымен, И.П. Павлов түсінігінде, жүйке жүйесінің типі тума беріледі, тәрбие мен қоршаған орта ықпалынан өзгеріске келе бермейді. Осыдан жүйке жүйесінің қасиеттері–жүйке жүйесінің жалпы психикалық көрінісі болған темпераменттің физиологиялық негізін қалайды, яғни адам темпераменті– жоғары жүйке жүйесінің сырттай әрекет қарқынында танылатын психикалық бейнесі[2].
И.П. Павлов негіздеген типология темперамент психология саласындағы көптеген лабораториялық зерттеулерге бастама берді. 50–жылдары жүргізілген осындай ізденістер нәтижесінде И.П. Павловтың шәкірттері В.М. Теплов, кейін В.Д. Небылицын темперамент типологиясын жаңа элементтермен толықтырды. Ересек адамның жүйке жүйесін эксперименталды талдауға ала отырып, жүйке процесіне байланысты екі қасиеті: лабильдік және динамикалық–ашты. Жүйке жүйесінің лабильдігі– жүйке процесінің туындау және сөну шапшаңдығында көрінеді де, ал динамикалылығы–қоздырғыш, ұнамды және кері әсерлі, тежегіш шартты рефлекстердің оңай және жылдам түзілуінен байқалады.
Көп зерттеулердің нәтижесінде осы заман психологиясының теориялық тоқтамы: әрқандай адам белгілі типті жүйке жүйесіне ие. Нақты жүйкелік типке сай темперамент қасиеті дара психологиялық өзгешеліктердің мазмұнын құрайды.
Мінез құбылысын зерттейтін ғылым–характерология ұзақ даму тарихына ие. Ғасырлар бойы бұл психология саласы мінездер типін саралап, адамның әр түрлі өмір жағдайларындағы әрекет–қылығын болжастыру мақсатында әрқандай мінез сипатын нақтылаумен шұғылданып келді. Адамның тума емес, өмір барысында қалыптасатын белгісі болғандықтан, мінез типтерін жіктеу көбіне тұлға дамуындағы сыртқы, жанама факторларға негізделеді. Осы бағытта ежелден өрістеп келе жатқан, мінез танып, әрекет–қылық болжастырудың психологиялық жолдары бар. Солардың кейбіріне қысқаша түсінік:
Жұлдызнама (гороскоп)–адам мінезін туған күнімен байланыстырып түсіндіреді. Жалпы қабылдаған уақыт өлшемдері белгілі кезең, аралыққа бөлінеді, олардың әрқайсысына нақты белгі, символ беріледі. Осы символға (ағаш, от, су, жануар т.б.) тән түрлі қасиеттерге орай адам мінезі суреттеледі. Мысалы, кельт жұлдызнамасында 22 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында туылған–алмаға тектес, осыдан мұндай адам сүйкімді, ақ жарқын, кейілшең т.б., ал қазақы жұлдызнамада жоғарыда аталған күндері туылғандар–таутеке, яғни мұндайлар-өжет, тұрақты, төзімді, тұйық, сыршыл келеді.
Физиогномика (phisis–табиғат, gnomon-білу)–адамның сыртқы келбетіне және сондай келбетті тұлғаларды ұқсастығымен белгілі топқа біріктіріп, олардың психологиялық сипатын анықтайтын ғылым. Адам дене бітістеріне қарай жануармен салыстырылады да сол жануарға тән мінез ерекшелігі оған таңылады. Мысалы, Аристотель пікірінше, адамның мұрын танауы өгіздікіндей жуан да қалың болып келсе, ол еріншектік белгісі; шошқадай кең танау, жалпақ мұрын–ақымақтық; қой, ешкі жүніне ұқсас шашты адам– үркек; доңыз, арыстан қылшықтарындай тіке шашты адам–ержүрек, батыл және т.б.
Адамның басқа да келбет көріністері (көз, ауыз, отырыс–тұрыс т.б.) негізінде мінезді байқастыру осы физиогномика аймағында жоғары дамыған.
Хиромантия (cheir–қол, mantia–бал ашу)–адам мінезін алақанның тері бедерлері, түсі арқылы болжастыру жүйесі.
Дерматоглифика–бармақ, алақан терісіне тумадан түсетін өрнектер арқылы адам мінезін анықтайтын ғылым жүйесі.
Графология–мәнерлі әрекет–жазу таңбасына орай адам мінезін анықтауға бағытталған ғылым[17].
А.Е.Личко бойынша мінездің жасөспірімдерге арналған типологиясы:
1.Гипертимді тип. Бұл типті адамдардың қарым-қатынасы жоғары, қимыл – қозғалысы ширақ, қалжыңға бейім. Өздерінің ортасында шулы, көңіл – күйі жоғары. Өте жоғары қабілеті бар, бірақ тұрақсыздығының нәтижесінде сабаққа дайындығы біркелкі емес. Көңіл – күйі үнемі көтеріңкі жүреді. Ересектермен, ата – аналарымен, ұстаздарымен қарым – қатынас барысында әртүрлі қақтығыстарға түседі.
2.Циклойдты тип. Апатияға бейім, өте қызба. Көбіне үйде жалғыз қалғанды ұнатады, өздерінің құрбыларымен қарым – қатыныас жасамайды. Айналадағылардың ескетпелерін қабылдамайды, қабылдаған күнде өте қызба, жағымсыз түрде өтеді. Сәл болатын өзгерістерді қапаланып қабылдайды. Көңіл – күйі жоғарыдан өте төмен деңгейге тез ауысып отырады. Көңіл –күиінің ауысу мерзімі 2-3 апта.
3.Лабильді тип. Мінезі тұрақсыз, көңіл – күйі жиі өзгергіш. Көңіл – күйінің өзгеруіне кез – келген ұсақ – түйек әсер етуі мүмкін. Мұндай адамдардың көңіл – күйі жабырқау кезінде өздерінің жанын түсінетін адамдардың көмегін қажет етеді. Олар басқа адамдардың өздеріне деген қатынасын аса сезімталдықпен сезінеді.
4.Астенал – невротикалық тип. Бұл типті адамдар аса жоғары көңілге алушылығымен, тез шаршап, болдыруымен, қырсықтығымен көзге түседі.
5.Сензитивті тип. Аса сезімталдық: біреудің қуанышына да, қайғысына да ортақтасады. Аса үлкен ортаны, қатты қимыл-қозғалыс орындарын аса ұнатпайды. Олар танымайтын, бөтен адамдармен қарым – қатынасқа көп түсе бермейді. Өздерінің қабілет саласындағы кемшіліктерді аса ұқыптылық, кез – келген істі орындаумен толтырады.
6.Психастеникалық тип. Секем алғыштық, көңілшек, барлық жаңалықтан қорқатын, сезімі нәзік келеді. Болашақта қауіп пен сәтсіздікті сезінеді. Интеллектісі жоғары. Бірақ оқуы нашар, себебі, ауызша жауап бергенде мазасызданып, білгенін жеткізе алмай қиналады.
7.Шизойдты тип. Тұйық, айналасындағылармен қарым – қатынасқа түсуге ынта –ықыласы жоқ, оқшау жүреді, ішкі жан –дүниесі бай, бірақ сырт келбеті кедей адам. Ақыл – ой дарындылығы бола тұра, икемсіз.
8.Эпилептойдты тип. Бұл типті адамдар ызақор, өте қозғалғыш, әсіресе бұл белгілер 2-3 жас арасында корінеді. Личконың айтуынша бұл типті адамдар жан – жануарларды азаптап, қинауды, өздерінен әлсіз адамдарды мазақ етуді жақсы көреді. Аса қатыгез, өздерін аса жақсы көреді. Басшылыққа ұмтылады.
9.Истероидты тип. Бұл типке тән белгілер: үнемі назарда болуға тырысу, өзін көрсетуге және үнемі таңқалдыруға әуестік.
10. Тұрақсыз тип. Бұл типті адамдар болашақты тіпті де ойламайды. Олардың әрекеттері белгілі бір мақсатпен, міндетпен байланысты болмайды, тұрақсыз және өзгермелі.
11. Комформды тип. Кез – келген өзіне тиімді жағдайларға тез бейімделеді[8].
Адам мінезінің даралық ерекшелік екендігін ғылым тарихында тұңғыш рет сипаттап жазған – ертедегі грек философы Теофраст. Бірақ ол мінезді адамның адамгершілік сапасына тән қасиет дейді. Лабрюйер де «Теофраст мінездері» деген еңбегінде мінезді осы мағынада қолданған. Алғашқы кезде мінез адамның әлеуметтік – адамгершілік ерекшеліктерін білдірген. Бұл — әрине, темпераментке кері анықтама. Өйткені темперамент – адамда туа пайда болатын генотипті организм қасиеті. Осы көзқарасқа орай, мінез – адамның туа пайда болатын фенотипті ерекшелігі.
XIX ғасырда француз ғалымы А. Бен мінезді тек психолгиялық ерекшелік, дара адамның ақыл-ойы мен сезімінің және ерік ерекшеліктерінің қасиеті деп санады. Т.Рибо мінезді сезім мен ерік ерекшелігі десе, ал орыс медигі әрі педагог П.Ф.Лесгафт ерік қасиеті деді.
И.Кант мінезді темперментпен салыстыра отырып, оны адамда жүре пайда болатын қасиет деп анықтады. Сондай-ақ, ол адамның даралық қасиеттеріндегі туа пайда болатын ерекшеліктер мен жүре пайда болатын ерекшеліктерді бөліп көрсетеді. Т.Рибо мінезді адамда туа пайда болатын икемделу десе, ал Малапер, Фулье т.б. мінездің туа пайда болумен қатар жүре пайда болумен қатар жүре пайда болатын ерекшеліктері де бар дейді. Полан мінездің барлық сипаттары адамның тіршілік жағдайымен байланысты деген пікір айтады. Сонымен, мінез жөніндегі осындай екі түрлі көзқарас қазірге дейін өзара талас – тартыс туғызып келеді