Темперамент түрлері

Темперамент түрлері туралы қазақша реферат

      Темпераментбұл адамның психикалық әрекетініңдинамикасын айқындайтын дара қасиеттерінің жиынтығы.Ал қасиеттер іс-әрекеттің барша түрінде мазмұн, мақсат, сеп–түрткілерге тәуелсіз, бірдей сипатта көрініс береді, ересек шақта да өзгеріссіз тұрақталады. Психикалық қасиеттер өзара байланысқа келумен белгілі темперамент типіне негіз болады. Темперамент типінің нақты көрінісі сан алуан. Олар тек сырттай әрекет–қылықта ғана емес, сонымен бірге барлық психикалық құбылыстар да: сезімде, ниет пен әрекетте, ақыл–ой жұмысында, тілдесу ерекшеліктерінде және т.б.–байқалады.    

Қазіргі кезеңде психология ғылымы белгілі жүйеде темперамент типтерінің бәріне толық психологиялық сипаттама беруге негіз боларлықтай деректер топтаған. Алайда, дәстүрлі қабылданған темпераменттің төрт (санвиник, холерик, флегматик, меланхолик) түрінің психологиялық сипатын түзу үшін көбіне төмендегі аталған негізгі темперамент қасиеттері қолдануда:

Сезімталдық (сензитивность)–адамның қандай да психикалық жауап әрекетінің (реакция) пайда болуына себепші сыртқы әсер күшінің ең төменгі деңгейі мен сол жауап-әрекеттің туындау шапшаңдығы.

Жауап-әрекетке келу (реактивность)–бірдей ықпалды сыртқы не ішкі әсерлерге болған ырықсыз жауап-әрекет дәрежесі.

Белсенділік (активность)–мақсатқа жетуде адамның қоршаған дүниеге ықпал жасау және кедергілерді жеңу үшін жұмсалған әрекет–қылығының қарқындылығы (табандылық, зейін қою, бағдар таңдау және т.б.).

Жауап-әрекетке келу мен белсенділік қатынасы–адам іс-әрекетінің өзін пайда еткен себепке қаншалықты тәуелді екенін білдіруі: кездейсоқ сыртқы немесе ішкі жағдайлар (көңіл–күйден, кездейсоқ оқиғалардан), болмаса ниет, мақсат, талғам және тағы басқалардан.

Икемділік (пластичность)–адамның сыртқы әсерлер мен өзгерген жағдайларға қаншалықты жеңіл әрі жылдам үйренісе алуы немесе жаңа жағдайға салғырт (инертно), тіпті жат қылық көрсетуі.

Жауап-әрекет қарқыны-әрқилы психикалық әрекетер мен процестер, ым –ишара қозғалыстары мен ой білдіру шапшаңдығы.

Экстраверсия, интраверсия–адамның жауап әрекеті мен іс қимылына себепші жағдайлар–нақты мезеттегі сыртқы сезімдер (экстраверт) немесе–өткен мен болашаққа байланысты санадағы бейне, елес пен ойлар (интроверт).

Сезімдік қызбалық (эмоциональная возбудимость)–эмоционалдық жауап болуы үшін қажет ең төменгі әсердің шамасы мен оның туындау жылдамдығы.

Аталған қасиеттерді ескерумен қазіргі заман психологиясында темпераменттің барша ғылыми қауым қабылдаған төрт типінің сипаттамасы төмендегіше:

     Сангвиник.Жоғары дәрежелі әрекетшең адам, дегенмен, бұл әрекетшеңдік оның белсенділік қасиетіне сай, қозу мен тежелуі тепе–тең. Назарын тартқанның бәріне араласа кетеді, ым–ишарасы мен қозғалыс қимылдары мәнерлі, шапшаң. Cәл нәрседен, қарқылдап күледі, болмашы себептен көңілі қалып, мұңаяды. Бет–жүзінен көңіл–күйі, заттар мен адамдарға болған қатынасы білініп тұрады. Сезімталдығы өте жоғары, сондықтан ол иншама әсері болмаған дыбыстар мен жарыққа елеңдей бермейді. Мұндай адам көтеріңкі белсенділікке ие, жұмыс қабілеті мен қуатының жоғары болуынан жаңа іске қаймықпай кіріседі, ұзақ уақыт талып –шаршамастан қызметін жалғастыра алады. Зейінін таңдаған объектіне тез шоғырландырады, тәртіпті, қажет болса, өзінің ырықсыз әрекеттері мен сезімдеріне тоқтау, тиым бере алады. Әрекеті жедел, ақылы–ойы икемді, тапқыр, сөйлеу қарқыны шап–шаң. Сезімдері, көңіл–күйі, қызығулары мен ниеттері өзгерген  жағдайға байланысты жеңіл ауысып отырады. Сангвиник төңірегіндегілермен тіл табысқыш, жаңа талаптар мен жағдайларға икемшіл. Қиналмастан бір істен екіншісіне ауыса алады, қажет болса, қайта үйреніп, жаңа дағдыларды қабылдауға шебер. Әдетте, бұл типті адам өткені мен болашағын болжастыруда өзінің субъектив пайымдауларының жетегінде қалып қоймай, көбірек сыртқы әсерлерді объектив бағамдауға бейім, экстраверт.

Холерик.Сангвиник сияқты жай әсерлерге берілмейді, әрекетшең және белсенді. Бірақ холериктің әрекетшеңділігі белсенділіктен басымдау, сондықтан ол ұстамсыз, шыдамсыз, қызба. Сангвиникке қарағанда салғырттау, икемі керек. Осыдан–ниеттері мен қызығулары тұрақтылау, табанды, зейінін ауыстыруы қиындау, сезімі көбіне сырттай көрінеді, сондықтан–толық экстраверт.

     Флегматик-әрекеті енжар, сезімталдығы мен көңіл шарпулары кем көріністі. Оны күлдіру де, мұңайту да оңай емес, төңіректің бәрі күлкіден жығылып жатқанда, ол міз–бақпас. Қай жағдайда да сабырлылығы мен байсалдылығын жоймайды. Ым–ишара жоқ, сөзі сылбыр, әрекеті жай. Жаңарған жағдайға икемделуі қиын, дағдылары мен әрекеттерін өзгертуі ауыр. Солай да болса, флегматик өте қуатты, жұмыстан шаршамайды. Шыдамды, ұстамды, сезімге берілмейді. Әдетте, жаңа адамдармен араласып кете бермейді, сырттай әсерге төзімді. Бар білгені ішінде–интраверт.

Меланхолик.Өте сезімтал, бірақ әрекетшеңдігі кем адам. Болшамы нәрседен көзіне жас үйіріліп, өкпелегіш, сырттай әсерді күйзеліспен қабылдайды. Ым–ишарасы жоқтың қасында, дауысы мен қозғалысы өте сылбыр. Әдетте, өзіне сенімсіз, үркек, болмашы қиындықтан шегінеді. Меланхоликтің жігері кем, тез шаршайды, қызметі болымсыз. Зейіні тұрақсыз, оның барша психикалық процестері әлсіз. Көпшілік меланхоликтердің өздерінің тұйықтығы мен адамдардан оқшаулануынан ішіне түйгені көп–толық интраверт.

Әр адамның темперамент типі тума екендігі қалқысыз дәлеледенген, ал қасиеттер түріне байланысты белгілі типтің ұйымдасу проблемасы-әлі ғылыми шешімін таппаған