МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ……….3
1. ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ФИЗИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ…..6
1.1. Жер бедері………7
1.2. Геологиялық құрылымы және пайдалы қазбалары ……11
1.3. Климаты…….16
1.4. Гидрографиясы …….23
1.5. Топырағы — өсімдік жамылғысы…..28
1.6 Жан-жануарлары……33
2. ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ АУМАҒЫНЫҢ ТОПОНИМДЕРДЕГІ ТАБИҒАТ ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕУ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ……38
2.1 Табиғат жағдайларын сипаттайтын географиялық атаулар……..38
2.2 Жер бедерінің аумақтағы топонимдерде бейнелену дәрежесі…46
2.3 Гидрографиялық терминдер жүйесі…..53
ҚОРЫТЫНДЫ……..60
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ…….63
КІРІСПЕ
Адамзат қоғамы даму барысында, қарқынды шаруашылық әрекеттердің нәтижесінде географиялық ортаға айтарлықтай ықпал етті. Тіршілік үшін күрес барысында адамзат, оның ішінде қазақ қоғамы өзіне қажетті ресурстарды игеруге, табиғи ортамен «түсінісе» өмір сүруге бейімделді. Олар ғажайып Еуразиялық дала кеңістігінде табиғатпен өзара түсіністікте тіршілік етуге қол жеткізді. Қазақ халқының осы көп ғасырлық тәжірибесі географиялық атауларда – топонимдерде кеңінен сақталған.
Тарихи уақыт аралығында дәстүрлі мал шаруашылығына қажетті жануарлар мен өсімдіктердің жеке түрінің ареалын анықтау, ландшафт өзгерістерін зерделеу, табиғат пен табиғи ресурстарды қорғау сияқты күнделікті туындайтын іс-шаралар географиялық нысандардың айырым-белгілері болып табылатын атауларды өмірге алып келді. Нақты тарихи кезеңде және табиғи ортада қалыптасқан қандай да болмасын географиялық атаулардың көпшілігі жергілікті жердің физикалық-географиялық ерекшеліктерін сипаттайтын құнды тарихи мәліметтер болып табылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, көшпелі қазақ қоғамының сан ғасырлар бойы табиғатты пайдалану барысында жинақтаған географиялық білімі шаруашылықты тиімді ұйымдастыруға негіз болды. Қазақстанның жер-су атаулары ұлттық тіл мен этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде танылып, халықтың тарихи жадынан үлкен орын алды. Жер-су аттарының тіл білімі, тарих және география секілді ірі үш ғылым саласының түйіскен жерінен шығуы оның күрделі сала екенін көрсетеді.
Қостанай облысының топосистемасы осы уақытқа дейін тіл жөнінен жете зерттелген жоқ. Бұл аймақтағы топонимдер басқа түркі тілдес республикадағы топонимдермен лингвистикалық, әрі құрылымдық жағынан салыстыра берілді. Сонымен бірге Қостанай облысының топонимиясы жергілікті халықтың тұрмысымен, өткен уақыттағы көшпелі өмірімен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен тығыз байланысты, және осы аймақта тұратын халықтың айнала қоршаған ортаны, жер бедерін көрсететін түсініктермен ұштас жатыр. Бұл жұмыста топонимдер, кейбір даулы топонимдердің этимологиясы түрік-монғол тілдерімен салыстырмалы түрде берілген. Олар архивтік материалдарға сүйене отырып талданды
Жұмыста ежелгі замандағы, орта ғасырдағы және қазіргі топонимдер беріліп отыр.
Облыстың топонимдері XVI ғасырдан бастап XX ғасырдағы ғалымдардың еңбектеріндегі тарихи-географиялық, топографиялық деректермен толықтырылып берілген.
Жұмыстың өзектілігі. Топонимдерді зерттеудің ғылыми маңызы жоғары. Жер, су, теңіз, өзен, көл, таулардың жалқы атаулары сол жерде ертеде өмір сүрген халықтың тілінен алынған. Бұл атаулар әлгі халықтар басқа жаққа кетіп, орнына басқа халық келсе де, алғашқы қалпында сақталып, ғасырлар бойы өмір сүреді десек, тарихы күрделі қазақ қоғамының құрамдас бөлігі болып табылатын Қостанай облысы аумағындағы географиялық атаулардың да тарихы тереңде жатыр. Зерттеудің өзектілігі Қостанай облысының топонимиясы тілдік тұрғыдан арнайы зерттелгенімен осы аумаққа қатысты арнайы географиялық топонимдер жайлы зерттеулер жүргізілген жоқ.
Мақсаты: Қостанай облысының топонимиялық кеңістігінің қалыптасу заңдылықтарын зерттеу және географиялық атаулардың қалыптасуын анықтау. Жер-су атауларының пайда болу ерекшеліктеріне тоқталу.
Негізгі зерттеу міндеттері:
- Қостанай облысы топонимиясының қалыптасуының тарихи-географиялық жағдайларына талдау жасау;
- Нақты деректер негізінде Қостанай облысының табиғат жағдайларының географиялық атауларында бейнелеу заңдылықтарына талдау жасау;
- Топонимикалық атаулардың қалыптасуында халықтың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығының тигізген әсерін нақтылау;
- Жер-су атауларының пайда болу барысында белгілі бір заңдылықтардың бар екенін көрсету;
- Облыстағы қазіргі топонимикалық атауларды қолдану барысында күрделі мәселелер бар екеніне тоқталу;
- Аумақта кездесетін географиялық және халықтық географиялық терминдерді жүйелеп топтастыру;
- Аумақ топонимдерінің қазіргі кездегі жай-күйі, ондағы мәселелерді шешу жолдарын көрсету.
Зерттеудің теориялық негізі тақырып мәселесі бойынша Қазақстандағы, сондай-ақ, жергілікті авторлардың ғылыми-зерттеу еңбектері және ғасырлар бойы қазақ халқының жергілікті географиялық жағдайға өмір сүруге бейімделу барысында пайда болған таным-білімдерінің нәтижесі болып табылады.
Зерттеу жаңашылдығы: Қостанай облысының топонимдер жүйесі тарихи тұрғыдан арнайы зерттеліп, аумақтың табиғат жағдайларын бейнелейтін ақпарат көзі ретінде географиялық, экономикалық тұрғыда сипатталды. Жұмыста табиғи орта мен географиялық атаулардың өзара байланысы және топонимдердің табиғат жағдайларын бейнелеу заңдылықтары жөнінде тұжырым жасалды. Ізденіс жұмысы табиғи нысандарды, жергілікті жер-су атауларын айқындайтын арнайы құжаттар мен мәліметтерге, аймақтағы табиғатты зерттеушілердің тың деректеріне сүйене отырып құрастырылған.
Дипломдық жұмыс / 64 бет