Қазақстан экономикасының құлдырауына жол бермеу

2005 жылғы тамыздың 26-сы күні Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2008 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарында» осы кезең ішіндегі еліміздің дамуы жан-жақты көрініс тапқан. Қазақстан Үкіметінің 2006 — 2008 жылдарға арналған орта мерзімді фискалдық саясаты Мемлекет басшысының «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» атты 2004 жылғы наурыздың 19-ындағы және «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты 2005 жылғы ақпанның 18-індегі Қазақстан халқына Жолдауларын ескере отырып әзірленген. Және де бұл жоспар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды көрсеткіштерінің және үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік реттеуіштердің болжамы, мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттар негізінде жасалған. Орта мерзімді фискалдық саясат әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын іске асырудың негізгі тетіктерін , кірістер мен шығындар саясатын, бюджеттік несие беруді, қаржы активтерін басқаруды, бюджетаралық қатынастарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борышты басқаруды қамтиды. Бұл құжатта Қазақстан Үкіметінің 2006 -2008 жылдарға арналған фискалдық саясатының негізгі мақсаттары, міндеттері мен бағыттары айқындалған. Қазақстан Үкіметінің 2006 — 2008 жылдарға арналған орта мерзімді фискалдық саясаты 2006 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру процесінің негізі әрі бастауы және мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде салық және бюджет саясатын іске асыру кезіндегі үйлестіруші құжат болып табылады. Үкіметтің алдағы үш жылға арналған жоспарында әуелі өткен жылдарға қысқаша шолу жасалған. Енді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасар болсақ, қазақстандық экономиканың қазіргі жай-күйі барынша қолайлы сыртқы экономикалық конъюнктурамен сипатталады, бұл экспортты, сондай-ақ аралық тұтыну тауарлары мен қызметтерін дамытуға оң ықпал етеді. 2005 жылдың бірінші жарты жылдығында тазартылған мыстың 1 тоннасының орташа әлемдік бағасы 2001 жылмен салыстырғанда 2,1 есе, алтынның бір унциясы — 1,6 есе, мұнайдың бір баррелі 2 есе ұлғайды. Қазақстандық экспорттың аса маңызды баптарына әлемдік бағаның биік деңгейі экспорттық пайданың өсуіне негіз болды. 1998 жылмен салыстырғанда 2004 жылы экспорттың номиналды ұлғаюы 3,7 есені, ал мұнай экспорты бойынша — 6,4 есені құрады. Бұл бағаның жоғары болуынан басқа осы кезеңде мұнай өндірудің 2,4 есені құрағанына байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта экспорт көлеміндегі мұнай үлесі 52,3 пайызды құраса, 1998 жылы ол тек 27,4 пайызды құрады. Экспортты дамытудың аталған қарқыны негізінен сыртқы экономикалық фактор есебінен қазақстандық экономиканың экономикалық әлеуетінің ұлғаю үрдісін сипаттайды. Сайып келгенде, бұл — шағын экономика үшін дамудың дұрыс бағыты. Алайда, Қазақстандағы экспорт өсімі негізінен шикізатты және оның бастапқы өңдеу өнімдерін жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі. Соңғы жылдары экспорттың өсуі жалпы ішкі өнімнің серпініне айтарлықтай әсер ете бастады. ЖІӨ көлемінің ұлғаюына баға факторының басып озу әсері 2003 — 2005 жылдардағы экономика дамуының ерекшелігі болып табылады. 2005 жылы 2004 жылмен салыстырғанда ЖІӨ-нің 22,3 пайызға, оның ішінде өндірістің табиғи көлемінің 8,8 %-ға өсуі, өндірілген тауарлар мен қызметтерге бағаның 12,5 пайызға артуы есебінен номиналды ұлғаюы болжанып отыр. Елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Үкіметінің фискалдық саясаты мұнай мен металлдардың әлемдік бағаларының жоғары болуынан алынған кірістерді ішкі айналымнан шығару жөніндегі шараларды іске асыруға бағытталған. Шикізат экспортынан түсетін үстеме кірістердің барлығы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына шоғырландырылады. Бұл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қолдауға, инфляция өсуінің жоспарланған өлшемдеріне қол жеткізуге, «голланд ауруы» туындауының, яғни, өндірістік құрылымның шикізаттық салалардың пайдасына «тоқырауының» алдын алуға ықпал етеді. Мысалы, энергия жеткізгіштердің әлемдік бағасының айтарлықтай өсуі салдарынан елге шетелдік валютаның ағылуы кірістердің бір бөлігін Ұлттық қорға аудару есебінен ішінара тазартылды. Көптеген факторлар ескерілетін экономикалық өсу факторларын — капиталды, еңбек ресурстарын және жалпы факторлық өнімділікті талдау 2000 — 2004 жылдары экономикалық өсу негізінен, капиталдың өсуі есебінен және аз деңгейде жалпы факторлық өнімділіктің өсуі есебінен қамтамасыз етілгенін көрсетеді 2000 — 2004 жылдары экономикалық өсуге капитал факторының үлесі орта есеппен 6 пайызды, еңбек факторының үлесі — 1,2 пайызды құрады. Жалпы факторлық өнімділіктің өсу үлесі 3,2 пайызды құрады. Бұл кезеңде экономикалық өсудің басты факторы негізгі капиталдың ұлғаюынан болды. Уақыт өте келе дамыған елдер экономикасының өсуіне негізгі үлес қосатын жалпы факторлық өнімділіктің артуы негізгі өсу факторына айналуға тиіс. Жалпы еңбек өнімділігі факторы экономикадағы еңбек өнімділігінің өсуін ғана емес, жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаларды, адами капитал мен технологияларды пайдалану тиімділігін де көрсететінін айта кету қажет. 2000 — 2001 жылдары экономиканың өсуіне реформалардың әсері ерекше болды. 2002 — 2003 жылдары олардың тиімділігінің едәуір төмендеуі байқалды, бұл 2004 жыл қорытындылары бойынша айтарлықтай өсуге алмасты. Негізгі капиталдың жинақталуы ұзақ мерзімді кезеңде экономика өсуінің басты факторы бола алмайтынын ескерсек, жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігі, еңбек өнімділігінің, инновациялардың және адами капиталдың өсуі қазақстандық экономиканы дамытудың басты факторлары болуы тиіс. Халықаралық капитал рыноктарында жоғары ішкі сұраныс пен қарыз ресурстарының салыстырмалы төмен құны байқалуда. Бұл Қазақстанға шетелдік инвестициялардың едәуір көлемін тарту үшін басты ынталандыру болды. Бұл ретте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің жоғары бағасы қазақстандық қарыз алушылар үшін шетелдік капитал құнының төмендеуіне ықпал етті. Аса ірі халықаралық рейтингтік агенттіктер тұтастай республикаға да, қазақстандық жетекші банктерге де инвестициялық санатқа жататын рейтингтерді берді. Экспорттық кірістердің күрт өсуі және қарыз капиталының ағылуы сияқты ішкі валюта рыногына жасалған қысымның салдары теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбас бағамының номиналды қымбаттауы болды , биржалық айырбас бағамы номиналды мәнде жыл басынан бері 9,3 пайызға нығайып, 2004 жылдың соңында бір доллар үшін 130 теңгені құрады. Алдын ала болжамдар бойынша 2005 — 2008 жылдары орташа жылдық инфляция деңгейі 5 — 7 пайыз аралығында болады. Ішкі рынокта валюта сатып алу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің халықаралық резервтері өсімінің негізгі көзі болды. Бұл жыл бойы екі есе дерлік көбейді және 2004 жылдың аяғындағы жағдай бойынша 9,3 млрд. АҚШ долларына бағаланды. Халықаралық резервтердің бұл қоры тауарлар мен қызметтер импортын қаржыландырудың қажеттілігін 4,5 айдан астам қамтамасыз етеді. Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасының соңғы үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау экономиканың тұрақты жоғары даму қарқыны сақталған кезде орта мерзімді кезеңде сыртқы және ішкі рыноктарда экономиканың шикізат емес секторларының бәсекеге қабілеттілігіне едәуір әсер етуі мүмкін жаңа үрдістер нақты көрiнiс бере бастады. Қазіргі уақытта экономиканың «ентігіп қалуына» жол бермеу ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ететін сыртқы факторлар айтарлықтай өзгерді. Бұл, ең алдымен, мұнай экспортының жоғары өсу қарқынына және мұнайдың, газ бен металдардың әлемдік бағаларының ұлғаюына, АҚШ долларының әлемдік валюта рыногындағы айырбас бағамының өзгеруіне, елге шетелдік капиталдың едәуір ағылуына байланысты болып отыр. Бүгінгі күні Қазақстан экономикасында экономиканың «ентігіп қалуының» нақты қаупін айғақтайтын үрдістер белгілі болды. Бұл — мұнай секторының экономикалық өсуге ықпалының ұлғаюы, инфляциялық процестердің жеделдеуі, сыртқы берешек пен екінші деңгейдегі банктердің кредит беру көлемдерінің шамадан тыс өсуі, ұлттық валютаның нақты нығаюы. Ұлттық қор қаражатын есепке ала отырып, бюджеттің жалпы профициті мен мұнай кірістерін жинақтау үлесі азаюда, ал мұнай емес сектордың тапшылығы өсуде. Соңғы жылдары мемлекеттік бюджет шығыстарының орташа өсу қарқыны номиналды ЖІӨ-нің өсу қарқынын басып озды. Экономиканың «ентігіп қалуын» болдырмау мақсатында фискалдық саясаттағы негізгі өлшем ретінде пайдалануға болатын бюджеттің мұнай емес тапшылығы жөніндегі оңтайлы орта мерзімді және ұзақ мерзімді бағдарларды айқындау керек. ҚР Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді кезеңге арналған тұжырымдамасының жобасында көзделетін Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тетігін пайдалану қажет. Макроэкономикалық тұрақсыздыққа жол бермеу және Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру жөнінде жүйелі шараларды жалғастыру үшін Орта мерзімді фискалдық саясат әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді жоспары жобасының басты міндеттерін іске асыруға бағытталуы тиіс. 2006 — 2008 жылдары орташа жылдық инфляцияның 7 пайыздан жоғары өсуіне жол бермеу көзделіп отыр. Сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру жөнінде жүйелі шаралар жүргізілуде. Алдағы кезеңде телекоммуникациялар, энергетика және темір жол көлігі саласында монополиялық құрылымдарды қайта құрылымдау, экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі қарқынды факторлардың үлесін арттыру бағыттары көзделіп отыр. Бұл міндеттерді шешу Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруға ықпал етуі тиіс. 2004 жылғы мемлекеттік бюджеті атқару қорытындылары бойынша бюджетке түсетін түсімдер ЖІӨ-ге 23,5 пайызды, оның ішінде кірістер — ЖІӨ-ге 23,2 пайызды, оның ішінде салықтық түсімдер — ЖІӨ-ге 21,4 пайызды, салықтық емес түсімдер — ЖІӨ-ге 1,5 пайызды, капиталмен жасалатын операциялардан түсетін кірістер — ЖІӨ-ге 0,3 пайызды құрады. Ал қайтарылған несиелер ЖІӨ-ге шаққанда 0,3 пайызға тең. 2004 жылы мемлекеттік бюджет шығыстары ЖІӨ-ге 23,9 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ көлемінің 0,3 пайызын құрады. 2005 жылы түсімдер ЖІӨ-ге 23,5 пайызды, шығыстар — ЖІӨ-ге 25,5 пайызды, мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге 1,9 пайызды құрайды деп болжанып отыр. 2005 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі қолданысқа енгізілгеннен бері бюджет процесін ұйымдастыру соның нормалары негізінде жүзеге асырылады. Бюджет кодексінің қабылдануы орта мерзімді жоспарлаудың рөлін күшейтуге мүмкіндік берді және бюджет жүйесіндегі заңнаманы үйлестiруді қамтамасыз етті. Елдегі экономикалық және бюджеттік саясатты қалыптастыру және жүргізу практикасы тұрғысынан алдағы үш жылға арналған фискалдық саясат мемлекеттің ұзақ мерзімді, орта мерзімді бағдарламалық құжаттарына сәйкес құрылатын болады.