Қазақстан экономикасы: нәтижелер, басымдықтар

Қазақстан экономикасы: нәтижелер, басымдықтар туралы қазақша реферат

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев тұжырымдап, 2006 жылғы 18 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында” таяудағы он жылға арналған алты басымдық пен тиісті міндеттер атап көрсетілген. Аталған басымдықтарды іске асыру Қазақстанның экономикасын дамытып, өркениет көшіндегі орнын ілгерілете түседі. Қазірдің өзінде Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша, бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингінде Қазақстан ТМД елдерінің барлығының алдына шығып, 61-ші орында тұр.

Мыңжылдықтар тоғысында Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне кірді. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, 2009 жылы Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің көлемі Орталық Азия мен Кавказдағы жеті мемлекеттің ІЖӨ-лерінің жиынтық көлемінен асып түскен. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 5 есеге жуық – 1994 жылғы 700 доллардан 2009 жылғы 3400 долларға дейін өсті. 2010 жылы бұл көрсеткіштің 4150 АҚШ долларына дейін өсуі болжанып отыр. Қазақстан жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі бойынша ТМД елдері ішінде көш бастаушыға айналды.

Осы жылдар ішінде жаңа бюджеттік жүйе қалыптасты. 2000 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттің кірістері 2,6 есе ұлғайды. Елдің одан әрі экономикалық өсуін көтермелеу мақсатында салық жүктемесін азайту бойынша түбегейлі шаралар қабылданды.

Қазақстанда ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуды жандандыру үшін институттық және нормативтік-құқықтық алғышарттар жасалды. Нәтижесінде жан басына шаққандағы игерілген тікелей шетел инвестицияларының көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде көш бастаушыға айналды. Тұтастай алғанда тәуелсіздік жылдарында 40 млрд. АҚШ долларына жуық шетел инвестициялары тартылды. Ұлттық қордың ақшасын қоса алғанда, елдің халықаралық резервтері 15,4 млрд. долларды құрайды. Халықаралық “Муудис” рейтинг агенттігі тарапынан кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі республикалар ішінде Қазақстанға  инвестициялық сыныптағы елдік рейтинг берілді.

 

Соңғы 10 жылда ең төменгі жалақы 25 есеге жуық өсті; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе ұлғайды; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір тұрғынға шаққандағы салым көлемі іс жүзінде 36 есе өсті. 2009 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің: мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлерінің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер жалақысының мөлшері орташа есеппен 30%-ға ұлғайтылды. 2010 жылы кезекті ұлғайту жоспарлануда. Мұндай ұлғайту жеке секторда нақты жалақының және тұтастай алғанда экономиканың өсуімен қатар жүргізілуде.

Индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес Қазақстанның  даму банкі, Инвестициялық қор, Инновациялық қор, Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі корпорация сияқты даму институттары құрылған. Бүгінде оларды жалпы капиталдандыру 1 миллиард АҚШ долларынан асады. Тұтастай алғанда 2008-2009 жылдары республика бойынша қаржыландыру көздері есебінен 1,5 млрд. АҚШ долларына жуық сомаға 395 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 18 мыңдай жұмыс орны ашылды. Тұтастай алғанда Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру экономиканың жылына 9%-дан кем емес өсу қарқынын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Ашық экономиканы дамыту және оны жаңарта отырып жетілдіру жөніндегі Қазақстанның басым міндеттерінің бірі Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру болып табылады. БСҰ-ға кіру бойынша келіссөз үдерісі қарқынды түрде жүріп жатыр. Республиканың сыртқы сауда режімін реттейтін заңдарының 80%-ы дерлік БСҰ нормаларына сәйкес келтірілді немесе Парламентте талқылану үстінде. БСҰ-ға кіру отандық тауар өндірушілердің бизнес жүргізудің халықаралық стандарттарына көшуіне қуатты ынталандырғыш болады.

Салық саясатын жүзеге асыруда болжам жасаудың жеткіліксіз деңгейін көрсететін белгілі бір кемшіліктер орын алуда. Бұл айтылғандарға соңғы жылдары  салық түсімдерінің параметрлерін негізсіз төмендету үрдісі дәлел бола алады. Айталық, 2006 жылы республикалық бюджетке түсімдердің бастапқы  көлемі 340,3 млрд. теңге мөлшерінде айқындалып, енгізілген түзетулерді ескере отырып, ол 347,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылған болатын, ал іс жүзінде есеп деректері бойынша 381,8 млрд. теңгені немесе бастапқы мәнінен 12,2% (41,5 млрд. теңге), 2007 жылы бюджет­ке түсімдердің бұл мәні тиісінше 412,4 млрд., 489,0 млрд. және 490,0 млрд. немесе  11,9%-ға (77,6 млрд. теңгеге) артық болды. 2008 жылғы республикалық бюджеттің нақтыланған түсімдер көлемі 710,2 млрд. теңге немесе бекітілген бюджеттің осындай көрсеткішімен салыстырғанда 78,6 млрд. теңгеге артық болып көзделген. Бұл үдеріс әлі де болса сақталып отыр.

2010 жылғы жасалған болжам бойынша нөлдік ставкамен салынатын  және республикалық бюджеттен қайтарылуға жататын ҚҚС сомалары 2009 жылғы 1 қаңтардағы 37,5 млрд. теңгенің орнына 78 млрд. теңге мөлшерінде жоспарланған.

Сонымен бірге, мемлекет өндірілген бір тонна мұнайдан қандай пайда алады деген сұрақ туындайды. Сарапшылардың деректері бойынша, 2009 жылы мұнай өндіретін компаниялардың кірістері 2008 жылмен салыстырғанда 16%-ға өскен, мұнай өндіру көлемі 18%-ға ұлғайған, ал бюджетке төленетін салықтар 12%-ға азайған. 2005-2009 жылдар арасындағы кезеңге жасалған талдау 2005 жылы мемлекетке салық түрінде 12 АҚШ доллары; 2006 жылы – 9; 2007 жылы – 24; 2008 жылы – 29 АҚШ доллары түскенін, ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 22 АҚШ долларына төмендегенін көрсетті.  Мысалы, Ресей Федерациясында өндірілген бір тонна мұнай құнынан мемлекеттік бюджет 50 доллардан кем алмайды. Шикізат компанияларына салықтық жүктеме коэффициенті сияқты көрсеткіштің маңызы да аз емес, яғни, 2006 жылы бұл көрсеткіш 8%-ды құрады, 2007 жылы – 13%-ды; 2008 жылы – 18%-ды көрсетті, ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 14%-ға дейін төмендеп кетті. Біз тәжірибесіне жиі жүгінетін, әсіресе Ұлттық қорды қалыптастырған кезде жүгінетін Норвегияда бұл көрсеткіш 50-80%-дан кем емес. Осылайша, мұнай өндіруші секторға тіпті тағам өнеркәсібінен де төмен салық салынады. Қазақстанның тағам өнеркәсібі бойынша бұл көрсеткіш 14,4%-ды құрайды.

Қорытынды

Қорытындылап айтқанда стратегиялық жоспарлау – көптеген мемлекеттер, ірі және орта компаниялар соңғы кездері кеңінен қолданып жүрген арнаулы білім (қызмет) саласы. Ол басқаруда ертеден қолданылып келеді, көне Қытайда біздің дәуірімізге дейінгі 480 жылдары «Стратегия өнері» атты кітап жазылған.

Қандай деңгейдегі экономика болмасын басты мақсат, міндет бұл іс-қимыл тобы, жиынтығының нақты жағдайға байланысты ғылыми негізделініп, тұжырымдалынып және цифрлар тілімен немесе сапалық, сандық көрсеткіштермен сипатталынуы. Бұл міндеттерді шешу, іске асыру кез-келген мемлекеттің (жоспарлауды экономиканы дамытудағы басты құралдардың бірі деп есептейтін) төл істерінің бірі.

Қазіргі замаңғы түсінікте және мемлекеттік басқару, реттеу істерінде және кәсіпорындар, ұжымдар деңгейіндегі қолданылуда «Стратегия» бөлшектеніп нақтыланған, жанжақты және кешенді, іске асырылуы мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін жоспар болып саналады.

Он жылдық уақыт аралығына жасалынатын аймақтық стратегиялық жоспарлар болашақ әлеуметтік-экономикалық міндеттерді ұтымды шешуге бағытталады. Бірде бір экономикалық субьектаның құқықтық шеңберіне енбей, экономикалық реттегіштер мен тікелей және жанама ықпалды ұштастыра отырып, барлық субьекталардың іс-қызметтерін ортақ мүддеге бағыштап, белгіленген уақыт аралығындағы мақсаттарға жетуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Қолданылған әдебиеттер 

1. Ихданов Ж.О. Экономиканы мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері:

Оқу құралы.- Алматы, 2002. – 65-70 беттер.

2. Жұмаев Ж.Ж. Экономиканың мемлекеттік реттелінуі: Оқу құралы. – Орал, 2001. – 45-53 беттер.

3. Берденов Қ. Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасуы мен экономиканың дамуы. – Алматы, 1998 ж. – 95-104 беттер.

4. Кенжеболатова М.Ш. Экономиканы мемлекеттік реттеу: Оқу құралы. Астана, 2006. – 46-47 беттер.

5. Саларбаев Ә.Ж. Экономика негіздері. Алматы, 2003. – 197-200 беттер.

6. Ниязбеков Р.К. Кәсіпорын экономикасы. – Ақтөбе, 2005. -55-59 беттер

7. Қазақстан Республикасының Президентінің жолдауы.//Егеменді Қазақстан 2009 жыл

8. «Арқа ажары» газеті 2007 жыл

9. www.Malimetter.kz