Ағыбай (1800—1884) Арғынның Шұбыртпалы руынан шыққан атақты батыр. Орта жүз сұлтаны Қенесары Қасымұлының қолбасшыларынын бірі болған. Халық Ағыбайдың батырлығын, ақылын, тапқырлығын, көрегендігін жоғары бағалаған. Ел аузында оның көзі өткірлігі, жітілігі, кеңпейлдігі, сапарда жолы болғыш, жұмыста тынымдылығы аңыз түрінде айтылады. Осы себепті халық оны «Ақжолтай» деп атап кеткен. Омбы губернаторы Ағыбайды патша өкіметіне қызмет етуге шақырады, бірақ ол бұған көнбейді. Ағыбай өмірінің соңғы жылдарын Балқаш көлінің Бетбақдала бетіндегі Ақтау, Қызылтау, Тайатқаншұнақ бөктерінде өткізген (Қазақ Совет Энциклопедиясы — ҚСЭ).
Қенесарының үзеңгілес кілен көкжал серіктерінің ортасында Ағыбайдың алатын орны ерекше бір төбе. Ересен ерлігіне — ақыл парасаты, құралайды көзге атқан мергендігіне — ұтымтал сөйлейтін шешендігі сай, қысылтаң шақта жол тапқыш, әр нәрсені болжағыш, көріпкел… Міне, осындай сан қырлы қадір-қасиеттерінің арқасында оның жорықтарда жолы болғыш екен. Кенесары оны алабөтен қадірлеп, жанына жақын ұстап, «Менің Акжолтайым» деп атаған.
Архивтегі деректер Кенесары батырларынын ерлігін сипаттаумен ғана шектеледі. Бұл батырлардың әлеуметтік кұрамы мен қандай ортадан шыққандары туралы документті мағлұматтар жоққа тән. Оның есесіне бұл орайда халық творчествасындағы материалдар өте мол. Бұдан біз батырлардың әлеуметтік кұрамы туралы ғана емес, тіпті олардың кескін-сипаты, мінезі және тұрмыс, семья жағдайлары жөнінде олардың тірі бейнесін жасауға мүмкіндік беретін деректер таба аламыз.
Кенесары мен оның серіктері жөніндегі фольклорлык материалдардың ерекше құндылығы бұлардын көпшілігі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Кенесары батырларының өз аузынан және көтеріліске қатысқан бар адамдардан жазылып алынғандығы. 1900 жылы Т. Титанков жазып алған естелік ерекше назар аударады. Кенесарының батыры Шынбай Мыңбаев (Ағыбайдың туысы — Е. Б.) пен Бектеміровтың айтуына қарағанда Ағыбайдың әкесі Шұбыртпалы руынан шыққан, өзінің аға-інілері Манабай, Танабай, Мынбаймен бірге (өз руластарын қоса есептегенде 62 әулет) алғашқы қннен бастап ереуілшілерге қосылған. Бәрі де Кенесары әскерлерінде соғысқа қатысты. Танабайды алатын болсақ Кенесарының әскер басыларының бірі, көтерілісшілер арасында үлкен беделге ие болған. Ағыбайдың анасы Қайсана казіргі Ақмола облысының жерінде көшіп-қонып жүрген Тарақты руынан. Ол сұнғақ бойлы, ірі денелі, сұрапыл күш иесі болған. Елдің айтуы бойынша ол кез-келген жігітті қос қолынан қапсыра ұстағанда тырп еткізбейді екен.
Ағыбай 13 жасқа толғанда әкесі өліп, шешесімен қалады, көбіне кедейлік өмір кешеді. Олардың бар малы бір түйе, бір жылқы ғана екен. Ішер асқа жарымайтын болған соң Ағыбайдың шешесі «өлімжеттіге» салып, ауқатты көршілердің сүт, май, т. с. с. тамақтарын тартып ала беріпті. Күндердің бір күнінде Кенесарының әкесі Қасым сұлтанның өзі араласып, мұндай «барымтаға» тиым салуға мәжбүр болады.
Ағыбай көтерілістерге жастайынан қатысты. Атап айтқанда, 19 жасында ол Сержан, Есенгелді және Ержанмен Ташкент құсбегіне барып, елшілігінде болды. Сонымен Кенесары көтерілісіне ол өмірдің қатал талқысынан өтіп, пісіп шираған кезінде косылды.
Кенесарымен құрдас Ағыбай оның ең бірінші әскери кеңесшісі болды. Кенесары оны аса құрметтеп, жанындай жақсы көрген, өз атымен атамай, көбінесе «көсе» деп әзілдейді екен.
Көрген адамдардың айтуынша Ағыбай шүңірек көз, иегінде сұйық сақалы бар. Ал дене бітімі, тұрпаты елден ерек, сұңғақ бойлы, жалпақ жауырынды, қолдары бақандай ұзын, жуан жілікті болса керек. Сүйікті қаруы тоғыз буынды, сақиналы найзасы үнемі кұлан терісінен жасалған белдігі де ілулі болады екен. Басында түйе жүнді далбағай, бұтында қара құлын терісінен иленген жарғақ шалбар. Арқасындағы дөңгелек калқаны, бүйіріндегі күн көзіне жарқ-жұрқ еткен кайқы қылышы мен болат қанжары көрген адамға ұмытылмастай әсер етсе керек. Жауынгерлердің арасында Ағыбайдың ерекше құрметке бөленіп, аса жоғары мәртебе иесі болғанының айғағы ретінде Кенесары мен оның әйелдерінің біреуімен болған әңгімені келтірейік.
Бірде Кенесарыға ханым мынандай сұрақ қойыпты: Хан-иеміз, сіз кейбір колбасыларға «мыңбасы», «бесжүз басы» деген әскери атақтар бердіңіз. Ал Ағаекемізге (Ағыбайға) неге әскери атақ берілмеді? Сонда Кенекең: Менің әскерлерімнің алдыңғы шебі майданға «Абылайлап» кіргенде, келесі лектер «Ағыбайлап» шабады емес пе? Аты жауынгерлік ұранға айналған батырға әскери атақтың керегі не? деген екен.
Ағыбай көтерілістің ақыр-аяғына дейін Кенесарыға адал болды. Ақтық айқас 1847 жылдың көктемінде Кекілік тауында өтеді. Бұл қырғызбен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас қатар көшіп-қонған Ұлы жүз жігіттері үшін ауыр сын болып еді. Ертең шешуші ұрыс болады деген түнде Дулат руының батыры Сыпатай мен Рүстем би 12 мың жігітті ертіп Кенесарыны тастап кетіп қалған. Өзінің шын берілген төрт мындай ғана жігітімен жау қоршауында қалғанын Кенесары таңертең-ақ көрді. Жалғыз-ақ амал, жау қоршауын жарып өтіп, қашып құтылу ғана. Наурызбай: — Кене аға, маған екі жүз жігіт берініз, жаудың шебін жарып өтейік,— дейді.
Ағыбай, Иман, Бұқарбай, Бұғыбай батырлар да осы ақылды құп көреді. Бірақ Кенесары көнбейді.
— Жаудың шебін жарып өтіп аты жүйріктеріміз кұтыламыз, ал қалғаңдар қайтеді? Қырылады ғой. Соңыма ерген елімді жауға тастап, өз басымды құтқарсам менің кім болғаным?! Жоқ, өлсек те бәріміз бірге өлеміз, құтылсақ та бірге құтыламыз,— дейді қайсар батыр.
Көптің аты көп — топырақ шаша алмайсың. Кенесары колықырылады. Иман да, Бұғыбай да, Бұқарбай да, басқалары да опат болады. Тек Ағыбай ғана, енді басқадай амалы жоқ екеніне көзі жеткен соң, жау тобын жарып өтіп, құтылып кетеді. Кенесары кырғыз манаптарының колынан қаза тапқаннан кейін Ағыбай өзінің Шұбыртпалы руымен бірге қазіргі Ақмола облысының жеріне қоныс аударып, Қайрақты деген жерде 83 жасында қайтыс болған. Бәйбішесінен екі ұл — Аманжол мен Аманбай, кіші тоқалынан Шөкіжан мен Дуана деген ұлдары қалған. Ағыбай батырдың ерліктері туралы XIX ғасырдың екінші жартысында оның замандастары — «Ағыбай батыр», «Ер Ағыбай» поэмаларын шығарған.
Ер Ағыбай
Ертеде болған екен ер Ағыбай,
Ол кезде ер болмапты Ағыбайдай.
Кешегі Кенесары заманында,
Ерлігін көрсетіпті елге талай.
Білмеген Ағыбайды ел болмаған
Теңеліп қарсыласар ер болмаған.
Ағыбай ешбір жанға бас ұрмаған,
Басынан дұшпан ісін асырмаған,
Батырда бес жүз кісі нөкер болған,
Соғысқа шеттерінен шебер болған.
Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы,
Және көп не секілді өнер болған.
Жүрмеген қару аспай жігіттері,
Шорлатқан алтын күміс белдіктері,
Садақ пен сапы қанжар, айбалта екен,
Жауына көрсететін ерліктері…
Атақты ер Ағыбай Шұбыртпалы,
Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.
Көргендерге көмескі боп барады,
Бұрынғы батырлардың не қылғаны.
Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұқарбай,
Бұларды соңына ерткен Кене ханы.
Мал үшін бұлар ерлік құрған емес,
Салғаны жанды ортаға елдің қамы,
Солардың біреуінен сөз бастайын,
Әлеумет құлақ салса бұған тағы.
Жау алмақ мирас қалған Ағыбайдан,
Таралған өзге жылға осы сайдан.
Аузыма «а» дегенде барып түскен,
Бастайын аз әңгіме Ағыбайдан.
Сұйық жал, қаншыр мойын, кұміс құйрық,
Кең танау, омыраулы тіп-тік иық.
Бір ел бар деп естіді күн шығыста,
Жылқысы аса сұлу, жөнсіз жүйрік.
Бір адам Ағыбайға мақтайды көп,
Жорғасы судай желіп шаппайды деп.
Біреу емес, мақтайды бірталай жан,
Биесі ешбір тұқыр таппайды деп.
Ағыбай ыңғайланды барайын деп,
Сол елді болса да алыс табайын деп.
Аттанып сәуірік пен байтал әкеп,
Жүйріктен өсім, тұқым алайын деп…