Үмбетай жырау

Бөгенбай батырдың жақын майдангер серіктерінің бірі, Абылай ханның жырауы Үмбетай Тілеуұлы еді. Үмбетай жаудан беті қайтпаған батыр, сонымен қатар қазақ әскерлерінің жорық жыршысы, тарихшы-жылнамашысы болған. Үмбетайдың шығармашылығымен жақсы таныс болған Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің “Ескі ақындық” атты өлеңінде жыраудың өлен-толғай айту дәстүрін жоғары бағалап мысалға келтіріген:

“Мұны оқыған ұландар,

Үмбетей жырын сынандар!

Байқап оқып әрбірін,

Ақылға салып бар сырын,

Не деп отыр, көр түрін.

Абылайдың алдына

Салып отыр, көрдің бе,

Басынан кешкен тағдырын.

Сырттан ұқпа мұңы аңғар.

 

Бүгінгілер айтса жыр,

Буыны бірдей, бәрібір,

Үмбетейше құбылтып,

Сала алмайды басқа түр”.

Үмбетайдың артынан қалған әдеби мұра біз үшін тек қана сол кездің жыраулар дәстүрінің тамаша үлгісі ғана емес, сонымен қатар тарихи шындықты баяндайтын өлеңмен айтылған шежіре деп қарау керек. Оның Бөгенбай батырдың өліміне арнап шығарған жоқтауы, Жантай батыр қиссасы т.б. шығармаларында біз сол заманның қайраткерлері, саяси оқиғалары жайлы мол және құнды мәліметтер аламыз.

Үмбетай Ішпекбайдың баласы Бозымның майлы тармағынан Жолымбет дейтін бұтағынан шыққан. Үмбетайдың өмір сүрген жылдары жайлы зерттеушілер арасында бір пікір жоқ. Бір жұмыстарда 1706-1778 жылдар көрсетілсе, келесілерінде 1697-1786 жылдар белгіленеді. Болашақ жыраудың әкесі Тілеу – ел арасында абыз атанған адам, сонымен қатар ескі жырларды, аңыздар мен шешендік сөздері мен нақылдарын жақсы білетін шежіреші, қобыз тартып, домбыра шерткен жан-жақты адам болған. Үмбетайдың алғашқы ұстазы болған әрине осы әкесі еді. Өзіне дейінгі жырауларды үлгі қылған Үмбетай, уақыт өте келе өзіне ұстазы ретінде тұтқан бұқар жыраудың ықпал-үлгісімен философиялық-дидактикалық толғаулар да шығарады.

Үмбетай жастық шағынан бастап Бөгенбай батырдың жасақтарының құрамында жүріп соғысқан, ол өзі куәгер болған оқиғаларды жырға салып отырған. Қазаққа әйгілі болған замандастары жайлы көп жырлағанымен Үмбетайдың өзі туралы мәліметтер аз. Жырау өзі туралы «Жантай батыр» дастанын ашатын әл-қиссасында ғана қысқаша айтып кеткен:

«Менің атым Үмбетей,

Танығанға кім демей,

Жүрек соғып тұрғанда,

Жыр нөсерін құйғанда,

Отырым неге үндемей,

Жорық жолы кеудемде.

Жатыр сайрап көмбедей,

Ерлікті бастан өткердім,

Ерлікті де көп көрдім,

Жүрген емен сөйлемей,

Бөгенбай дүние салғалы,

Қарлықты рас бұл көмей…»

Үмбетай соғыста жүрмін демей, басына түлкі бөрік киіп, төбесіне үкі тағып, серілікпен жүреді екен. Сонымен қатар күнделікті өмірде тік мінезді, шындықты тура айтатын адам болған. Бұқар жырауды ұстаз тұтып, жоғары құрметтеген, сонымен қатар екеуі жақсы дос, ал қарым-қатынастары, әзіл-қалжыны жарасқан құрдастар сияқты қалыптасқан. Ереймен мен Баянаула тауларын қыстаған қанжығалы мен сүйндік рулары жаз айларында Өлеңті, Шідерті немесе Нұра мен Есіл өзендері бойындағы жазирада да тоғысып тұрған. Сол себептен Үмбетай мен Бұқар жырау арасындағы қатынас өмірлерінің соңына дейін үзілмеген.

Бірде көмекей әулиенің үйіне қонаққа барған Үмбетайға Бұқарекеңнің зайыбы оң қабақ таныта қоймапты, тіпті ауырып тұрмын деген сылтаумен жатып қалады. Сонда Үмбетай үйден шығып бара жатып өлеңдеткен екен:

«Үй сыртында ақра тау,

Панасы жоқ болса,

Бұл шіркіннің несі тау.

Кетеген болса түйен жау,

Тебеген болса биен жау,

Ұрысқақ болса ұлың жау,

Керіскек болса келінің жау.

Үйіңдегі ұлың жаман болса,

Есіктегі құлмен тең,

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең,

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау,

-Арқаңа артқан тұзбен тең.

Сәл бөгеліп барып;

Жылға сай батпақ болса өте алмассың,

Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың,

Дүниенің жүзінде осы қиын

-Жаман деп өз үйіңнен кете алмассың.

Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса әй деуге бата алмассың,

Мейманға отың басы болса суық,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың.

Қосағың қоса ағармас қосақ екен,

Құдайым осылай да қосады екен,

Тоты құс жарқанатқа пенде бопты,

Бұқарым, айтар менің осы-ақ екен».

Үмбетай сөз-шындығын мойындаған Бұқар жауап ретінде «Жал құйрығы қаба деп…» атты жырын толғаған екен.

Бұқар жыраудың төсек тартып, жатып қалған шағында Үмбетай қасында болып, ұстазын соңғы сапарға шығарып салған.

Жаудын беті қайтарылып, Орта жүз Сарыарқаны тұрғылықты мекеніне айналдырғаннан кейін Үмбетай қарт батыр Бөгенбайдың қасында қанжығалы руының жыршысы, биі болып жүрген. Әртүрлі даулы мәселелерге араласып әділ төрелігін айтып, елдің тыныштығын қорғаған. Бұл кезде ел арасына жік түсіретін жер дауы, жесір дауы көп еді. Бірде найман мен арғын арасында осындай жесір дауы шығып, найман жағынан келіссөзге Ақтамберді жырау мен Қабанбай батыр келген. Сонда ашуға басқан Ақтамберді:

«Уа, Қарт Бөгенбай!

Құяр жауын аспаннан

Қара бұлт торласа,

Пәлекет елде көбейер

Жігітті жігіт қорласа,

Ақбөкен келіп жығылар

Алдын қазып орласа,

Пенденің бағы ашылмас,

Маңдайы қалың сорласа,

Дұшпан қорлап не қылмақ

Бақыт басқа орнаса.

Қынаптан қылыш суырмай,

Қырысқан жау бүлк етпес,

Жуылмай қатың қанымең

Намысқа тиген кір кетпес.

Шабыссаң, қане, шығып көр,

Жау емессің күш жетпес,

Дарабоздай қолбасы

Абыройын кірлетпес.

Ұрын келген күйеу қайда,

Жесір қайда тіл өтпес?

Жендетті көрсет көзіме,

Желіккен басты кім кеспес.

Еліңді жүндей түткізіп,

Қанды көбік жұтқызып,

Жайратамыз осы кеш!… — деп сөз бастаған екен.

Сонда қанжығалы жағы үндемей, тосалып қалған шағында Үмбетай:

Ей, Ақтамберді, Қабанбай!

Суытпа босқа түсіңді,

Қайырма онша тісіңді,

Сыр тазасы не керек,

Тазарт әуел ішіңді.

Салмақтасаң айта ғой,

Хан алдында күшіңді.

Елімді иесіз деймісің,

Ерімді киесіз деймісің,

Алты арысқа білдірмей,

Басып жеймін деймісің?

Батпаң батпан мінің бар,

Қабанбай бітім қылыңдар», — деп жауап қайырған екен.

Елдің екі арысы Хан-батыр Бөгенбай мен Дарабоз Қабанбайдың арасындағы бұл түйісу, әрине әрі қарай ушығуы мүмкін емес еді. Кескілескен майданда үзеңгілес болған, әскери жорықтардың ашы-тұшысын бөліскен екі батыр бітімге келіп, дау өзінің оңтайлы шешімін табады. Ақтамберді және Үмбетай арасында да бұрынғы достық қайта орнайды, сонымен арғын мен найман бәтуаласады.

Үмбетайдың халық арасына кең тараған толғауларының бірі ол Бөгенбай батырдың өліміне арналған ұзақ жоқтауы еді. Батырдың ерлік жолын айта келе, жырау Абылай ханның, басқа да батырлардың қазақ тарихындағы орнын белгілейді. Өмірінің соңғы жылдарын Ереймен жерінде өткізіп, Бөгенбайдың балалары Тұраналы, Тұрымбет, немересі жас би Бапандарға ақыл-өсиет айтып, жастарға өзі куәгер болған замандағы қазақ қаһармандары жайлы жырларын толғаған.