1946 жылғы конституция және Француз Республикасының құрылуы

Францияның екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы адам шығыны, алдыңғы соғыспен салыстырғанда аз болды. Дегенмен бомбылау мен оккупациялық режимнің материалдық зардаптары көп тиді. Франция бұрынғы құдіреттілігі мен ықпалынан айырылды. Ол тек өз одақтастарының көмегімен ғана қалыпқа келе алды. Тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтағанымен, оның экономикасы құлдырады және АҚШ-тың долларлық саясатының ықпалына түсті. Француздық Үндіқытай бақылаудан шықты, Сирия мен Ливан тәуелсіздігін алды. Осындай жағдайда Франция мемлекеттің жаңа құрылымын анықтауы керек болды.

Азатық алғаннан кейінгі Франция территориясындағы өкімет билігі генерал Шарль де Голль басқаруындағы Уақытша үкімет қолына өтті. Олар демократиялық құрылысты қайта қалпына келтірді және гитлерліктермен тығыз ынтымақтастықта болған сатқындарды жауапқа тартты. 2 мыңнан аса адамға өлімге кесу үкімі шығарылды. Уақытша үкімет экономиканың бірқатар салаларын: авиация, көмір, автомобиль – национализациялады, яғни ұлт меншігіне айналдырды. 1945 жылдың қазан айында Құрылтай жиналысына сайлау өтіп, Құрылтай конституция нұсқасын дайындайды деп күтілді.

Соғыстан кейінгі жылдары Францияда саяси күштердің қайта топтасуы жүрді. Француз коммунистік партиясы, Социалистік партия және католиктік Халықтық-республикалық қозғалыс ықпалды партияларға айналды. Осы партиялармен байланыста болған Шарль де Голль үкіметті қайта басқарды. Үкімет Халық Майданы жылдарындағы әлеуметтік және еңбек заңдарын қайта қалыптастырды, банктер мен сақтандыру компаниялары мемлекет меншігіне айналдырылды. Осы тұста конституцияны жасау аса тартысты өтеді. Үш партия Францияда парламенттік республика құру ұсынысын қолдады. Де Голль үш партияның ешқайсысына да қосылмай, АҚШ үлгісіндегідей президенттік республика құрудың жақтасы болды. Мұндай жағдай саяси қайшылықты тереңдетіп, кейінгі де Голльдің кейінгі отставкаға кетуіне әсер етті.

Әрине, соғыстан кейін Францияның саяси ішкі өміріндегі маңызды оқиға жаңа конституция жасауға тиіс Құрылтай жиналысына сайлау болды. Болашақ  Конституцияның  мазмұны, Құрылтай  жиналысының  өкілеттілігі мен құқықтары жөніндегі мәселе қызу таластар туғызды. Коммунистік партия мен ВКТ Құрылтай жиналысына кең өкілеттіліктер беруді ұсынды. Радикалдар партиясы Құрылтай жиналысын шақырмай-ақ, 1875 жылғы конституцияны қалпына келтіруді талап етті. Генерал де Голль Құрылтай жиналысының өкілеттілігін шектеп, оны шақыру мәселесін шешуді халыққа беруді, референдум өткізуді ұсынды.

1945 жылы 21 қазанда Францияда соғыстан кейінгі алғашқы сайлау жүргізілді және бір мезгілде Құрылтай жиналысы туралы мәселе бойынша референдум өткізілді. 96,4 процент сайлаушылар 1875 жылғы конституцияны жоюды және Құрылтай жиналысын шақыруды қолдап, дауыс берді. 66,3 процент сайлаушылар де Голль ұсынған өкіметтің ұйымдастыру жобасымен келісті [1.122]. Құрылтай жиналысына сайлау елде жаңа саяси ахуал туғызды. Коммунистік партия Франция тарихында тұңғыш рет парламентте бірінші орын алып, үлкен жеңіске жетті — 5 млн. дауыс, 152 депутаттық мандат алса, екінші орында социалистік партия — 4,6 млн. дауыспен 142 депутаттық мандат иеленді. МРП 4,5 млн. адамның дауысын жинап, 141 мандатқа ие болды. Оңшыл Республикандық бостандық партиясына сайлаушылардың небәрі 6 проценті ғана дауыс берді [2.48]. Осылайша Құрылтай жиналысында коммунистер мен социалистер көпшілік орынға, 545 мандаттың 294-іне ие болды. Коммунистік партия демократиялық үкімет құруды ұсынды. Алайда социалистік партияның лидерлері компартия ұсынысын қолдамады. Олар МРП партиясымен бірге генерал де Голль басқарған үш партиялық өкіметке ғана қосылатынын білдірді.

Коммунистік партия ұсынысын қайтып алды, мұнан соң Құрылтай жиналысы бірауыздан генерал де Голльге үкіметті құруды міндеттеді. Де Голль оған үлкен үш партияның өкілдерін де кіргізуді ұсынды, бірақ коммунистерге жетекші министрлік посттарын — әскери, ішкі істер министрі, сыртқы істер министрі портфельдерін — беруден бас тартты. Жаңа үкіметке де Голльдің өз жақтастарынан басқа әр үш партиядан — коммунистік, социалистік, МРП — бес өкілден кірді.

Құрылтай жиналысында коммунистер мен социалистердің басым болуы, олардың МРП партиясымен ынтымақтастығына қолайлы жағдай туғызды. Үш партия әлеуметтік-экономикалық саясат саласындағы талаптармен өзара келісті. НСС программасына сәйкес олар басты банктерді, сақтандыру компанияларын, өнеркәсіптің түйінді салаларын ұлт меншігіне айналдыруды ұсынды. Үш партия да Виши режимінің қалдықтарын толық жоятын, демократиялық бостандыққа кепілдік беретін әлеуметтік сақтандыру жүйесін жақсартатын экономикалық даму жоспарын жасауға ұмтылды. Үш партия конституциялық мәселеде келісе алмады. МРП өзінің конституция жобасын ұсынды, енді коммунистер мен социалистер бірігіп әрекет етуге келісті.

Социалистер мен коммунистердің жақындасуы реакция жоспарын бұзды, үкіметте басымдыққа ие болған депутаттар бақылауы орнады.

Құрылтай жиналысының басым көпшілігіне көнгісі келмеген генерал де Голль 1946 жылы 20 қаңтарда үкіметке бақылау қою шектен асқандық, деген есеппен, күтпеген жерден отставкаға кетті. Онан кейін кейінгі 12 жылда ол саясатпен айналысқанына қарамастан, үкімет құрамына кірген жоқ.

Де Голль отставкаға кеткен соң коммунистер социалистік партияға бірігіп үкімет құруды ұсынды. Ол Морис Торездің сипаттауы бойынша, халыққа сүйенген демократияға жаңа мазмұн бере алатын еді. Социалистік лидерлер мұны қолдамады, билік басында үш партиялық коалиция қалды. Үкімет басшысы болып социалист Ф.Гуэн, сонан соң 1946 жылдың маусымынан — МРП партиясының лидері Ж.Бидо болды. Гуэн мен Бидо үкіметіне коммунистердің қатысуы қалың көпшілік талап еткен ірі реформаларды жүзеге асыруға себепші болды. 1945-1946 жылдарда оңшыл топтардың қарсылығына қарамастан ірі 5 банк: Француз банк, Лион кредиті, Бас қоғам, Ұлттық есеп конторасы, Ұлттық сауда-өнеркәсіп банкі; Басты сақтандыру компаниялары, көмір, электро-энергия мен газ өнеркәсібі мемлекет меншігіне өтті. Олар бұрынғы мемлекет меншігіндегі кәсіпорындармен бірге ірі мемлекеттік сектор құрды.

Еңбек министрі А.Круазаның ұсынысымен 40-сағаттық жұмыс күні қалпына келтірілді, 40 сағаттан асқан жұмысқа жоғары бағада ақы төленді. Жұмысшыларға екі апталық, қызметкерлерге үш апталық төленетін демалыс қалпына келтірілді. Морис Торездің басшылығымен шахтерлердің мемлекеттік қызметкерлердің статусы жасалды. Үкімет шаруашылығы соғыстан бүлінген шаруаларға ссуда берді, қартайған шаруалар зейнатақы  алатын болды [2.114]. Соғыстан бүлінген экономиканы тез қалпына келтіру үшін компартия мен ВКТ жұмысшыларды «өндіріс үшін күреске» шақырды. Бұған жауап ретінде шахтерлар көмір өндіруді екі есеге арттырды, жұмысшылар өндірісті қалпына келтіруде бар күшін салды.

Құрылтай жиналысында социалистер мен коммунистердің ынтымақтастығы конституцияның демократиялық жобасын жасауға мүмкіндік берді. Ол МРП партиясы қарсы шыққанымен, Құрылтай жиналысында көпшілік дауыспен бекітілді. 1946 жылы мамырды Құрылтай жиналысының жобасы референдумға шығарылды. Оған қарсы МРП партиясы, радикалдар және басқа оңшыл топтар біріккендіктен өтпей қалды. Конституцияның жаңа жобасын жасау қажет болды.

Конституциялық мәселелер төңірегіндегі пікірталас, оған генерал де Голль қатысқанда қайта қызып, ушыға түсті. 1946 жылдың маусымында ол Бай қаласында сөйлеген сөзінде «күшті өкіметті» талап етті. Де Голль парламентке есеп бермейтін президент — кең өкілеттіліктерге ие мемлекет басшысы қызметін бекітпекші болды. Президентке үкіметті басқару, министрлерді тағайындау және орнынан алу, қарулы күштердегі басшылық, сыртқы саясатты басқару, Құрылтай жиналысын тарату құқығы мен саяси қақтығыстарда арбитор ретінде қатысу міндеттері жүктелді.

«Күшті өкімет» жобасы демократиялық күштер тарапынан бірден сынға алынды. Ұзаққа созылған пікірталастардан кейін екінші Құрылтай жиналысы бұл идеядан бас тартты. МРП талаптарымен келісе отырып, ол екі палаталы парламент туралы конституцияның жаңа жобасын ұсынды. Конституция мемлекеттің зайырлығы мен Ұлттық жиналыстың президент пен үкімет қызметтеріне бақылауын сақтады. Үшпартиялы коалицияның барлық партиялары жаңа нұсқаны толық қуаттады.

13 қазан 1946 жылы екінші рет өткізілген референдумда сайлаушылардың көпшілігі қолдап, жаңа конституцияға  дауыс берді. 1946 жылы желтоқсанда жаңа конституция ресми түрде күшіне енді. 1946 жылғы француз конституциясы Қарсылықтың солшыл ұйымдарының конституциялық жобаларының көптеген идеясын өмірге енгізді. 1946 жылғы француз конституциясы демократиялық конституцияның бірінен саналды. Конституцияға сәйкес Франция «тұтас, зайырлы, демократиялық және әлеуметтік Республика» болып жарияланды. 1946 жылы конституцияда еңбек ету құқы, демалыс құқы, әлеуметтік қамтамасыз ету құқы, білім алу құқы сияқты ең қажетті әлеуметтік құқықтар көрсетілген. Сонымен қатар конституцияда ерлер мен әйелдердің тең құқылығы, еңбекшілердің кәсіпорын басқаруға қатысуы, кәсіподақ және саяси қызмет, «заң аясында» ереуіл жасау құқықтары айқындалған. 1946 жылы конституцияға солшыл күштердің талап етуіменен әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мүмкіндігі енгізілді. «Француз империясы» деген атау «Француз одағы» деген терминмен ауыстырған [5.245]. Франция халқының және отар мен тәуелді елдердегі халықтардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігі жарияланды.

1946 жылғы конституция бойынша мемлекеттік өкіметтің ең жоғарғы органы Ұлттық жиналыс пен республика Кеңесінен тұратын парламент болды. Жалпы халықтық дауыспен сайланатын Ұлттық жиналыс қана заңдар шығара алды. Республика Кеңесі заңның қабылдауын кейінге қалдыруға және оны Ұлттық жиналыста қайта қарауға жіберу құқын иеленді. Үкімет Ұлттық жиналыс алдында жауапты, оның талабымен отставкаға кетуге міндетті. Республика президентін парламент сайлады, оның барлық актілерін үкімет бекітті. Жалпы алғанда 1946 жылғы конституция буржуазиялық-демократиялық сипатта болды.

Конституцияға сәйкес 1946 жылы қарашада Ұлттық жиналысқа, ал желтоқсанда республика Кеңесіне алғашқы сайлаулар өткізілді. Сайлауда 5,5 млн. дауыс жинап, компартия бірінші орынға шықты, Ұлттық жиналыста 182 депутаттық мандатты иеленді. Екінші орында МРП партиясы (26,3%, 164 мандат); үшінші орында — социалистік партия (17,9%, 101 мандат) [6.163]. Осылайша үш ірі партия сайлаушылардың көп даусына ие болды. Сайлау нәтижесі бойынша парламентте көп орын иеленген коммунистік партия үкіметті басқару құқына ие болады. Олар Морис Торезді премьер-министр  постына ұсынды  және  республикандықтардың  бәрінің  мүддесін қорғайтын НСС бағдарламасы талаптарын негізіне алған үкімет бағдарламасын жасады.  Коммунистер ірі монополистік өндірісті ұлт меншігіне айналдыруды, орта және ұсақ кәсіпкерлікті қолдауды, шаруа меншігін қорғауды ұсынды. Сонымен қатар олар жұмысшылар мен республикандықтардың одағын, фашизм қалдықтарын толық жоюды, Германияны қарусыздандыруды, КСРО, Англия, АҚШ сияқты ұлы державалармен одақтасуды көздеді. Торез Францияның келешегі, демократиялық прогресс жөнінде былай дейді: «…орыс коммунистері жүріп келе жатқан жолдан бөлек, социализмге өтудің жаңа жолдарын қарастыруға мүмкіндік беріп отыр. Даңқты дәстүрлерге бай Франция халқы үлкен демократия, прогресс және әлеуметтік әділеттілікке апарар жолды өзі табады» [3.264].

МРП партиясы Торездің кандидатурасына қарсы шықты, социалистік партия коммунистерді формальды қолдады, социалист-депутаттар көпшілігі ФКП Бас хатшысына дауыс бермеді. Осы себептен Торез кандидатурасы қажетті дауыс жинай алмады. МРП лидерлері компартияға басты постылардың бірін беруге де қарсылық білдірді, ал Социалистік партия басшылары екі партиялық үкімет құрамына кіргісі келмеді. Осы себептен Блюм бастаған тек социалистерден тұратын бірпартиялық үкімет құрылды. Ол бір ай ғана өмір сүрді. Соған қарамастан Францияның тағдырында терең із қалдырған 1946 жылдың желтоқсанында Вьетнамда отарлық соғыс тұтандыруға себепші болды. 1947 жылы желтоқсанда Блюм үкіметі социалист Рамадье бастаған коммунистер, социалистер, МРП мүшелері, радикалдардың өкілдері кірген коалициялық үкіметке орын берді. Екі палатаның біріккен мәжілісінде Франция президенті болып  Венсан Ориоль сайланды. Ұлттық жиналыстың төрағасы Эррио болды. Уақытша режимнің күні бітті. Төртінші Республика кезеңіне аяқ басты. Ол уақытта жаңа құрылымның өмірі небары он екі жылға созылатындығын ешкім де білмеді.

                                     Әдебиеттер 

  1. Ш. де Голль. Военные мемуары. т.2. М., 1957. -328 б.
  2. Смирнов В.П. Новейшая история Франции. М., 1979. -219 б.
  3. Торез М. Избранные произведения, т.1. М.,1959. -339 б.
  4. Malimetter.kz және TurboReferat.kz сайты
  5. Бийу Ф. Когда мы были министрами. М., 1974. — 97 б.
  6. Конституции буржуазных государств Европы. М., 1957 – 945 б.
  7. Макаренкова Е.М. Французская социалистическая партия в годы ІҮ республики. М., 1973. -281 б.