Загрузка...

Психодиагностика тарихы

Загрузка...

Психологиялық ілім-білімдердің ілкі бастау, түп-төркіні ерте замандардан бастау алатыны белгілі. Жан туралы ілім есте жоқ ерте дәуірлерде, ежелгі дүние елдерінде (Үндістан, Қытай, Мысыр, Вавилон, Грекия т.б. ) пайда болып, тіршілік, өмір, жан мен тән, оқыту, тәрбие, т.б. негізгі мәселелер ретінде күн тәртібіне қойылып келген.
Жан мәселесіне қазақ халқы да ерекше мән берген. Мәселен, жанға байланысты ой-пікірлер фольклорда, әсіресе мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Халқымыз жанның заттық қасиеті жоқ болғандықтан, оны танып білу шектеулі екендігін де жақсы аңғарған. Қазіргі психология ғылымында жанды көбіне психика ұғымының синонимі ретінде қарастыратынын да ескеруіміз қажет.
Жан дүниесінің сан қилы теорияларын баяндау – сөз болғалы отырған 10 томдықтың басты мәселесі.
Мәселен, мұндағы бірінші томға кеңестік психологияның іргетасын қалаушылардың бірі, маркстік психологияның Моцарты атанған Л.С.Выготскийдің (1896-1934) жан мәселелерін баяндайтын мәдени-тарихи теориясы беріліп отыр. Бұл ілімнің түрлі аспектілері 1982-1984 жылдары Мәскеудің “Педагогика” баспасынан шыққан автордың 6 томдығында жарияланған. Мұнда көтерілген негізгі мәселелер: 1.Жоғары психикалық функциялардың даму тарихы; 2. Жасөспірім педологиясы; 3. Жалпы психологияның проблемалары. Жоғары психикалық функциялардың даму тарихында – оның проблемалары, талдауы, құрылымы, генезисі, сонымен бірге тілдің қалыптасуы (ауызекі тіл және жазбаша тіл), көптілділік мәселелері қарастырылған.
Тәуелсіз еліміздегі тіл мәселесі, оның ішінде қазақ тілінің даму проблемалары күні бүгінге дейін шешімін таппай отырғаны белгілі. Осы орайда, психология ғылымында қарастырылған тіл мәселелері, көптілділіктің, соның ішінде қостілділіктің балалық шақта қалыптасуы бүгінгі күннің аса өзекті проблемаларының бірі болғандықтан, оқырман қауымға пайдалы болады деп сенеміз. Сонымен қатар Л.С.Выготскийдің “Сөйлеу мен ойлау” проблемаларының түп-тамыры, оның дамуын, қалыптасуын, ара қатынастарын қалыптастыратын еңбектерінің қазақ тіліне аударылуының да өзіндік маңызы бар.
Екінші томға психология ғылымындағы іс-әрекет теориясы, әйгілі кеңес психологтары С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, А.Б. Ананьев және т.б. еңбектерінен үзінділер аударылған.
Іс-әрекет психологиясының теориясы ХХ ғасырдағы кеңестік психология ғылымында басты орында болды. Ол психологияны индивидтердің іс-әрекеті барысында психикалық бейнелердің пайда болуы, қызмет етуі мен құрылымы туралы ғылым ретінде қарастырды. Осы томда А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн, К.А. Абульханова-Славская, А.Н. Ждан, В.В.Давыдов, А.А. Леонтьев, О.К. Тихомиров шәкірттерімен, В.И. Иванников, А.Б. Брушлинский, Б.С. Братусь, Т.В. Габай, Г.А. Суворова сияқты әйгілі психологтардың, сондай-ақ философтар И.Т. Касавин, Г.С. Батишев, В.Н. Сагатовскийдің осы теорияға байланысты идеялары көрініс тапқан.
Үшінші томға З.Фрейдтің психоаналитикалық тұжырымдамасынан үзінділер енген. Осы томға Фрейд ілімін ары қарай дамытқан неофрейдистер Э.Эриксон, Ф.Фромм, К.Хорни, т.б. еңбектері де енген. З.Фрейдтің “Психоанализге кіріспе түріндегі лекциялары”, “Психоанализ очерктері”, “Мен және ол”, “Түс көрулер”, т.б. еңбектері аударылған.
Төртінші томда ақыл-ой әрекетін кезеңдеп қалыптастырудың теориясын жасаған кеңестік ғалымдар П.Я. Гальперин, Н.Ф.Талызина, т.б. еңбектерінен үзінділер аударылған.
Ақыл-ой әрекетін кезеңдеп қалыптастыру теориясының негізін кеңес психологиясының көрнекті өкілдерінің бірі П.Я.Гальперин жасады. Ақыл-ой әрекетін қалыптастыру теориясы психикалық үдерістер жайлы түсініктерді, теориялық, эксперименттік және қолданбалы аспектілерді талдап саралайды.
П.Я.Гальперин өзінің “Бағдарлаушы іс-әрекет психологиясының пәні” деген еңбегінде психикалық бейнелеудің формаларын және олардың физиологиялық негізін кеңес физиологы И.П. Павловтың бағдарлаушы рефлекс идеясына сүйеніп, әр түрлі негіздегі тұжырымдарымен түсіндіреді.
Бесінші томда гуманистік психологияның ХХ ғасырдағы көрнекті өкілдері К.Роджерс, А.Маслоу, Г.Олпорт, Г.Айзенктің көзқарастары баяндалған. Бұл томда К.Роджерстің “Кеңес беру өнері мен терапия” деген еңбегінен жеке тұлғаны зерттеу тәжірибесінен үзінділер келтірілген.
Алтыншы том “Дамытып оқытудың мәселелері: теория және практика” деген атаумен беріліп отыр. Бұл томда жас және педагогикалық психологияның негізгі мәселелерінің бірі, бала психикасының дамуы, оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық байланыстары қарастырылады. Осы мәселе баланың тұлғалық және интеллектілік қабілеті дамуының білім жүйесіндегі негізгі мақсаттары және міндеттерімен байланысып жатады.
Томда В.В. Давыдовтың “Оқытудағы жалпылаудың түрлері” атты еңбегі мен А.М. Матюшкиннің “Ойлау мен оқытудағы ситуациялық жағдай ” атты кітабынан үзінділер алынған.
Жетінші том “Қазіргі кездегі когнитивті психология” деп аталады. Психологияның бұл саласында когнитивті психологияның зерттеу пәні болып табылатын танымдық үрдістерді зерттеу ерекше орын алады. “Когнитивті” ұғымы қазақ тіліне аударғанда “танымдық” деген мағынаны білдіреді.
Осы томға қазіргі кездегі батыстық когнитивті психологияның өкілдері Д.Брунер, У.Найссер, Ж.Пиаже, Р.Солсо, Дж.Р.Андерсон, Л.Фестингердің еңбектерінен жеке тараулар мен фрагменттер, сонымен қатар ресейлік авторлардың жұмыстарынан жекелеген еңбектер енгізілген.
Сегізінші том “Жеке тұлғаның қазіргі теориялары” деген атпен беріліп, онда А.Адлердің “Балаларды тәрбиелеу” және “Жеке-даралық психологияның тәжірибесі мен теориясы” – баланың жеке тұлғасы, оны тәрбиелеу мәселелері, балалар психикасындағы невроздар, оларды емдеу мәселелеріне арналған еңбектерінен үзінділер алынған. Сонымен қатар жеке тұлғаның психологиялық ерекшеліктерін анықтауға арналған сұрақнама мен өз тәжірибесінен мысалдар және бұған түсініктемелер беріліп отыр. Осы томға З.Фрейдтен кейін психоанализді әрмен қарай дамыта түскен, архетип, ұжымдық бейсана ұғымдарын ғылымға енгізген К.Г.Юнгтің “Санадан тысқарының мәселесі” деген еңбегінен де үзінділер аударылған.
Тоғызыншы томда ХХ ғасырдағы кеңес және шет ел психологтарының (С.Л.Рубинштейн, Л.Леви-Брюль, А.В. Брушлинский, О.К. Тихомиров, т.б.) ойлау психологиясы саласында классикалық болып табылатын еңбектерінен үзінділер берілген. Ойлау психологиясына қатысты еңбектерде, ойлау әрі үдеріс, әрі іс-әрекет ретінде, оның сатылары мен әр түрлі теориялары, ойлаудың генетикалық түп негізі, ойлау мен сөйлеудің ара қатынасы, ойлауды экспериментті тұрғыдан зерттеу мәселелері сөз болады.
Осы томдарға енген аударма материалдардың ішінде өзінің теориялық жаңалығы, практикалық маңызымен қазіргі қазақ халқының тыныс-тіршілігіне бір табан жақын тұрғаны З.Фрейдтің психоанализ ілімі мен америкалық гуманистік (ізгілік) психология өкілдерінің (К.Роджерс, Г.Олпорт, А.Маслоу т.б) түйін-тұжырымдары. Мәселен, гуманистік психологияның (мұның идеясын кезінде әл-Фараби, Өтейбойдақ, Асан қайғы, Абай, т.б. айтқан – Қ.Ж.) түсінігінде адам-табиғатынан қайталанбас белсенді тұлға, әркімде де алдына қойған мақсатына жетуге мүмкіндік бар, оның үнемі өзін-өзі жетілдіре түсуге мүмкіндігі мол, өйткені “үмітсіз – шайтан” дегендей, онда болашақтан үміт үзбейтін, ілгері қарай ұмтылушылықтың табиғи негізі бар дейтін оптимистік идеялар ұсынылған.
Бұл түйіндер полиэтностық Қазақстан үшін аса маңызды. Елімізді 130-дай этнос өкілдері мекендейді, олардың тұлғалық психологиясының қалыптасу жолы да бірдей емес. Осы мемлекетті құрайтын қазақтардың өзі де біркелкі емес. Олардың бірі – ада қазақ (мәңгүрт), екіншісі – шала қазақ, үшіншісі – жаңа қазақ (байлар), сондай-ақ, орта тап, кедей-кепшік болып кете береді. Бұлардың өмір жолы, мақсат-мүддесі, талап-тілегі әр түрлі. Формасы – қазақ, ішкі жан дүниесі қазақ емес жандардың да қалаған мақсатқа сай өзін-өзі жетілдіре түсуге, өзін айналасындағыларға таныта алуға ұмтылатыны сөзсіз. Осы айтылғанға орай, бізде гуманистік психология ұсынған проблемаларды зерттеу аса тиімді болмақ.
Ол үшін еліміздегі әр түрлі этнос өкілдерінің, әсіресе қазақ халқының психологиясын зерттейтін мемлекеттік бюджет негізіндегі ғылыми-зерттеу институтын ашуымыз қажет. Осы институт қазіргі қазақ қоғамында қандай тұлғалар өсіп, жетіліп келеді, олардың рухани құндылықтары қандай, ұлттық психология болмысының деңгейі, ұлт болашағына сенімділігі т.б. осы секілді мәселелерді зерттейтін болса, көп нәрсенің ақ-қарасы ашыла түсер еді.
Бірер сөз осы басылымда кездесетін әттеген-айлар жайында.
Мақаланың басында айтқанымыздай, психологиялық ой-пікірлердің даму тарихы ұлан-ғайыр кезеңді қамтып отырғаны хақ. 40-50 мың жыл тарихы бар адамзаттық өркениеттің қай дәуірінде болсын жан мен тән мәселесі елеулі орын алған. Бірақ тарих әлемінде бұлардан жөнді із қалмаған. Бізге жеткен екі жарым мың жыл бұрын жазылған Аристотель еңбектері басылымға кірмей қалған.

Загрузка...