Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» туралы қазақша реферат
Жүсіп Баласағұн шамамен 1015-1016 жылдары Шу өзенінің бойында Баласағұн қаласында туған. Ол – ғылымның әр түрлі салаларын – тарих, математика, астрономия, т.б. ғылымның түрлерін, араб, парсы тілдерін, игерген ғұлама ғалым. Ж. Баласағұнның есімін әлемге белгілі еткен оның «Құтты білік» дастаны болды. Бұл шығарманы Баласағұнда бастап, Қашқарға келіп 18 айда 54 жасында 1070 жылы жазып бітірген. «Құтты білік» Қарахан әміршісі Табғаш Қара Боғраханға тарту етеді. Оған хан Хас хаджиб деген атақ береді. Бұл аристократтық атақ «бас кеңесші» немесе бас уәзір деген ұғымды білдіреді. Бұл туынды Қарахан мемлекетінде өмір сүрген түркі тайпаларының бәріне түсінікті түркі тілінде жазылған. Қарахан мемлекеті Қарлұқ мемлекетінің заңды жалғасы – Х ғасырда құрылған мемлекет. XI ғасырдың орта кезеңінде Қарахан мемлекетіндегі өлкелер,уәлаяттар арасында соғыс, тартыстар жүріп жатады да, ел тыныштығы кетеді. Ел басқаратын адамдар арасындағы қарым-қатынастар қайшылыққа толы болып, елді басқарудың қиыншылықтары көбейеді. Халықтың тұрмыс жағдайы төмендеді. Осы кезде солардың шешіміне жауап беретіндей мәндегі туынды — «Құтты білік» жазылды.
«Құтты біліктің» зерттелуі, аударыуы туралы қазақша реферат
«Құтты біліктің» үш нұсқасы бар. Бірінші – Вена немесе Герат нұсқасын 1439 жылы Герат шаһарында ұйғыр әрпімен Хасан Қара Сейіл деген кісі көшірген. «Құтты білік» ғылымы әлеміне XIX ғасырдың бас кезінде мәлім болды. Оны алғаш рет Австрияның Стамбулдағы елшісі Иозеф Хаммер-Пургшталл жергілікті Әбдірзақ Шайхзада деген түріктен ұйғыр әрпімен жазылған қолжазбасын сатып алып Вена кітапханасына тапсырады. Екіншісі – Каир нұсқасы араб әрпімен көшірілген, 1896 жылы неміс ғалымы Б.Морис тапқан. Наманган нұсқасын 1913 жылы өзбек ғалымы А. Ваитова тапқан. Араб әрпімен жазылған бұл ңұсқасы толығырақ деп есептелінеді. Бұл еңбекті зерттеп, өзбек тіліне аударып жарыққа шығарған өзбек ғалым Каюм Каримов. Венгер түркологы Вамбери неміс тілінде түркі дастаны туралы мәліметтер беріп, толыққа жуық аударылып шықты. Академик В.В. Радлов еңбегінен кейін ғана ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. 1911 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Қ. Халидовтың «Тауарих хамса» атты кітабында «Баласағұн», «Құтты білік» деген сөздердің мағынасына түсініктемелер беріледі. 1947 жылы дастанның ғылыми тұрғыдан бір ізге түсірілген желісі жасалынып шықты. 1970 жылы Ленинградта өткен 4-түркология конференцияда жүйелі, жан-жақты зерттеу қажеттілігі аталып көрсетілді. С.Е. Малов үзіділерін тұңғыш рет орыс тіліне аударса, Н. Гребнев 1971 жылы еркін аудармасын жасап, ол «Бақытты болу ғылымы» деген атпен жеке кітап болып жаияланды. Үш қолжазбаның мәтіндерін сын елегінен өткізіп, елеулі еңбек еткен ғалым — В.В. Арат. Дастанның толық мәтінін 1983 жылы С.Н. Иванов аударып «Благодатное знание» деген атпен шығады. Баласағұн шығармашылығы, ол туылған дәуірді зерттеуге көптеген ғалымдар өз үлестерін қосты. Бұл дастанды қазақ тіліне аударған және зерттеу жүргізген ғалымдар А.Егеубаев, Б.Сағындықов, Ә.Құрышжановтар болды. 1986 жылы А.Егеубаев аударып, жеке кітап етіп шығарды. Бұл еңбек 2007 жылы қайта басылып шықты. Ғаымдар А.Егеубаевтың бұл аудармасын түпнұсқаға мейлінше жақын деп есептеп жүр. Ә.Құрышжановтың аударуымен қазақ тілінде 2005 жылы да жарық көрді. Әдеби тұрғыдан зерттеуге қазақ ғалымдарынан А.Егеубаев «Кісілік кітабы», «Құлабыз», М.Мырзахметов «Абай және Шығыс», атты еңбектерінде жазып, өз үлестерін қосты.
Мысалы:
Тәңірі адамдарды жаратты, үздік етті,
Оған өнер, білім, ақыл, ой береді.
Көңіл берді әрі тілін сайратты.
Ұят берді: мінезі мен қылығы сынық.
Білім берді: адам бұл күндері биікке көтерілді.
Ақыл берді: осының арқасында түйін шешіді.
Құдай кімге ақыл, ой, білім берсе,
Мың сан ізгілікке қол созады.