Жеткіншектік кезеңдегі агрессивтіліктің көріну спецификасы жəне себептері туралы қазақша реферат
Қазіргі кездегі біздің қоғамда қатал əрі тұрақсыз əлеуметтік, экономикалық, экологиялық, идеологиялық жағдайлар белең алуда. Өсіп келе жатқан балалардың жеке тұлғалық дамуы мен əрекет-қылығындағы түрлі ауытқулардың өсуі осы жағдайлармен тікелей шарттас. Олардың ішінде тек прогресс түрінде дамып келе жатқан балалар бойындағы алыстық, бөтендік, жоғары дəрежедегі мазасыздық, рухани бос болу ғана емес, сонымен қатар қатыгездікті, қаталдықты, агрессивтілікті де атауға болады.
Бұл процесс жеткіншектік шақта өзінің аса айқын көрінісін табады. Алайда қоғамға толықтай қатысты жеткіншектердің агрессивтілік мəселесі ата-аналар мен педагогтардың терең мазасын тудырса, тура солай зерттеушілердің ғылыми-практикалық қызығушылығын өсіруде. Жеткіншектердің агрессивті əрекет-қылығының алғышарты болып табылатын келесідей психологиялық ерекшеліктерді атап өтуге болады:
- интеллекттің жеткіліксіз түрде дамуы;
- өзін-өзі бағалау дəрежесінің төмендігі;
- төмен деңгейдегі өзін-өзі басқару;
- коммуникативті дағдылардың дамымауы;
- түрлі себептерге байланысты (сырқат ауру, травма, жарақаттар) туындайтын жүйке жүйесіндегі аса жоғары қозғыштық;
- ойын іс-əрекетінің дамымауы;
- құрдастармен қатынастың бұзылуы.
Жеткіншектік ортадағы агрессивті тенденцияның өсімі біздің қоғамдағы əлеуметтік мəселелерінің өзектілігін көрсетеді. Ақырғы жылдары біздің қоғамда жастар арасындағы қылмыс, əсіресе жеткіншектер арасындағы қылмыс саны өсті. Топтар арсындағы төбелестер жиіледі. Олардың көбі аса қатал міңездемеге ие.
Жеткіншектік шақ жас шақтарының ішіндегілердің аса кризистілерінің бірі болып табылады. Бұл жыныстық жетілуге байланысты күшті физиологиялық перетурбация арқылы жиі күрделене түсетін жеке тұлғаның барлық компоненттерінің толыққанды дамуымен түсіндіріледі. Жеткіншектің бойына тəн жеке тұлғалық ерекшеліктердің ішінде əсіресе ересектік сезімінің жəне «Мен-концепциясының» қалыптасуымен ерекше байқалады. Ересектік сезімі – өзін-өзі танудың ерекше формасы. Ол қоршаған орта адамдарының жеткіншекке қатынасы кішкентай балаға сияқты емес, ересек адамға сияқты болуын қалауынан өз көрінісін табады. Ол өзінің ересек позициясында тұрып, ересектермен қатынаста тең құқыққа ие болуын қамтамасыз етуге тырысады. Сонымен қатар бұл сезім өзбеттілікке ұмтылыстан, өз өмірінің кей қырларын ата-анасының араласуынан шектеуге деген қалаудың болуынан көрініс табады. Бұл сырт келбетке, қатынасқа, оқуға қатысты болып келеді. Ересектік сезімі кіші жеткіншектің жаңа түзілістерінің ішінде бастыларының бірі. Ал жеткіншектік шақтың аяғына қарай, шамалап 15 жаста, жеткіншек өзінің жеке тұлғалық дамуында тағы бір қадам жасайды. Өзін іздегеннен кейін – «Мен» образдарының, өзі жайында түсініктердің іштей келісімді жүйесі – «Мен-концепциясы» қалыптасады. Əдетте жеткіншек бойында қызулық жəне қозғыштық сияқты ерекшеліктер кездеседі. Физиологтар мұны осы жас шағына тəн жыныстық жетілуге байланысты дейді. Бұл кезенде қыздарда көңіл-күй өзгерісі, көп жылау, өкпелегіштік қасиеттер байқалады. Ұлдар болса қозғалғыш əрі тынымсыз болады.
Жеткіншектік шақта агрессивтілік қатыгездік жəне садизм сияқты ауытқулар байқалады. Мұндай əрекет-қылық жеткіншектің психикасының
тұрақсыздығы жəне тəрбиесіндегі дефекттермен байланысты. Балаларды зерттеу практикасы мұндай əрекет-қылықтың негізінде отбасы тəрбиесінің дұрыс болмауынан деп көрсетті.
Қазіргі заманғы жеткіншек өз агрессиясын екі əдіс арқылы жүзеге асырады:
- · агрессияны ашық түрде көрсету, таяқ жеу жəне өмірлік тəжірибе алу – осы жолмен жүре отырып, ол не бедел (авторитет), престиж, өзін-өзі жүзеге асыруға жетеді, немесе психикалық тұрғыдан бұзылады, тіпті суицидке дейін де жетуі ықтимал;
агрессияны тығады, басады, тұншықтырады. Өмірде ерекше ештемеге жетпесе де, энергиясының бір бөлігін жоғалтады. Бастырылып тасталған энергияның сырт көрінісі невроз түрінде де немесе басқа бір психосоматикалық сырқат түрінде байқалады.