Жергілікті әкімшілік пен өлкетанушылар өлкенің тарихын, археологиясы мен этнографиясын, табиғатын, жануарлар, өсімдіктер дүниесін танып білуге мүмкіндік беретін құнды жәдігерлерді жинай білді. Қазақстандағы алғашқы музейлердің негізін қалауға осы коллекциялардың маңызы ерекше болды.
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары қазақ халқының тарихы, археологиясы, этнографиясына қатысты құнды зерттеулер жүргізіп, көптеген мақалалар жариялаған зерттеушілердің бірі Салық Бабажанов болды. 1860 жылдары Ішкі Бөкей Ордасын басқарған уақытша кеңестің кеңесшісі, аудармашы ретінде көп жерлерде болып, елдің тұрмысымен танысты. С.Бабажановтың зерттеулері сол кездегі Астрахань, Орынбор, Санкт-Петербургте шығып тұрған басылымдарда жарияланды. Ішкі Бөкей Ордасында жергілікті әкімшілік жүйесінде қызмет атқара отырып, С.Бабажанов Орыс Географиялық қоғамына этнографиялық маңызы бар материалдар жіберіп отырды. Өлкетанушы-этнограф С.Бабажановтың зерттеулерінің маңызы ерекше болды және зерттеулер «Известия», «Записки», «Этнографический сборник» секілді Орыс Географиялық қоғамының басылымына жарияланып отырды. Өлкетанушы-көне заттарды жинаушы ретінде С.Бабажанов көптеген құнды материалдарды жинады. Этнография бөлімінің жұмысына белсене қатысып, ерекше үлес қосқаны үшін, қазақ халқының тұрмысына қатысты құнды материалдар жариялағаны үшін С.Бабажанов 1862 жылы Орыс Географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды және үлкен күміс медалімен марапатталды. Ол ғылыми еңбектері үшін медальмен марапатталған тұңғыш қазақ болды. С.Бабажанов тапқан, жинаған этнографиялық бұйымдар, археологиялық табылыстар Орыс Географиялық қоғамының музейіне қойылып, кейінірек Эрмитаж музейіне тапсырылады. Өлкетанушы, көне заттарды жинаушы ретінде С.Бабажанов көптеген құнды материалдарды жинады. Қазіргі кездегі Эрмитаж музейіндегі Бөкей Ордасының көне заттарының ішінде С.Бабажановтың жинаған заттары да бар. С.Бабажанов қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен тұрмысын зерттеген алдыңғы қатарлы ғалым болды.
Қазақстан территориясындағы ерте түркілердің зергерлік өнері туындылары жинақтарының тағдыры әр түрлі қалыптасты.
ХІХ ғ. бірінші жартысында Томскінің азаматтық губернаторы П.К.Фролов, Барнауылдағы Тау-кен басқар-масының қызметкері, Петербургтегі Тау-кен Кеңесінің қызметкері Г.И.Спасский көптеген асыл бұйымдар жинап, кейін Императорлық кітапханаға тапсырылып, содан соң Эрмитажға түскен еді. Эрмитаждың інжу-маржаны болған I Петрдің Сібір коллекциясы әр түрлі әшекей бұйымдардан: белбеудің тоғалары, киім әшекейлері, алқалар, білезік, сақиналар, жүзіктер, сырғалар және басқа да зергерлік бұйымдардан құралған еді.
1861 ж. француз ғалымы жүргізген Барнауыл түбіндегі қорғанды қазуға болашақ түрколог, археолог, академик В.В.Радлов қатысып, қазба жұмыстарын жүргізді. В.В.Радлов 1862, 1863, 1865, 1866 жылдардағы Императорлық Археологиялық комиссияның тапсырысымен жүргізілген экспедицияларда Абакан далалары, Алтай таулары, Бараба, қырғыз (қазақ) далаларынан табылған көне заттар туралы деректер жинады.
Осы экспедицияларда жинаған көне жәдігерлер коллекциясын В.В.Радлов Императорлық Археологиялық комиссияға тапсырды. Аталған коллекциялар Мәскеу көпшілік музейіне берілген болатын.
1868 ж. В.В.Радлов Сібірден Орта Азияға саяхат жасайды. Экспедицияда жинақталған материалдар камералды өңделіп, басылымдарда жарияланып отырды. 1884 жылы В.Радлов Қазаннан Петербургке қоныс аударады. Өлкенің тарихы археологиясын мен этнографиясын, халық тарихын жан-жақты зерттеген В.В.Радлов білгір маман ретінде 1885-1890 жылдары Азия музейінің, 1894-1918 жылдары Санкт-Петербургтегі антропология және этнография музейінің директоры болды.
Бұл музейлер жұмыстарының жақсарып алға жылжуына және қор, экспозицияларындағы Қазақстан, Орта Азия халықтарының тарихына байланысты тақырыптары мен құнды заттардың көрсетілуіне, зерттелуіне, музей жұмысының алға жылжуына үлкен ықпал етті.
1863 жылы Мәскеу университетінің жанынан құрылған жаратылыстану, антропология және этнография қоғамы Мәскеуде көптеген көрмелер ұйымдастырды. Алғашқы ұйымдастырылған көрмелердің бірі 1867 жылы Түркістан өлкесінің тұрғындарының тұрмысы туралы этнографиялық көрме болды. Бұл көрмеде жаратылыстану, антропология және этнография қоғамының көмегімен Түркістан өлкесінің жергілікті халқының тұрмысы мен мәдениетін сипаттайтын коллекциялар көрсетілді. Ақмола, Орынбор облысының қазақ-тарының киімдері, тұрмыстық заттары Н.А.Крыжановский, М.Ф.Баллюзек, полковник Ш.Уалихановтың коллекциялары негізінде ұсынылды.
Революцияға дейінгі Қазақстанда Орыс Географиялық қоғамының Орынбор бөлімі 1868 ж. құрылып, сол кездегі қоғам өмірінде ерекше орын алды. Бұл бөлімнің мүшелері Ы.Алтынсарин, Г.С.Карелин, Л.Н. мен В.Н. Плотниковтер, Б.Дауылбаев, тағы басқалар болды.
Орыс Географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің белсенді мүшесінің бірі Б.Дауылбаев болды. Ол Қазан университетінің музейін ұйымдастыру үшін этнографиялық материалдар жинауға қатысты.
Қазақ өлкесі революциялық халықшылдар қозғалысымен тарихи байланыста болды. Демократиялық зиялылар мен саяси қуғындағылардың еңбектері қазақ елінің тарихын, өмір салтын көру, таныстыруда өзіндік көзқарастар қалып-тастырды. 1872 жылы Мәскеуде болған Политехникалық көрмеде Д.Л.Иванов, А.П.Федченко, И.И.Краузе Түркістан бөлімін ұйымдастырды. 1872 жылы Мәскеуде Жараты-лыстану, антропология және этнография әуесқойларының қоғамы ұйымдастырған Политехникалық көрме үлкен құнды этнографиялық материалдар берді. Бұл көрме үшін жиналған қазақтардың материалдық мәдениетіне байланысты экспонаттар кейін Дашков музейіне берілді.
Санкт-Петербург Ғылым Академиясының 1836 жылы Бірінші Петрдің Кунсткамерасының негізінде құрылып, 1878 жылы Антропология және этнография музейі болып қайта құрылған музейде Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдерде қор-лары арнаулы ұйымдастырылған экспедиция коллекция-ларымен толықтырылды. Мұнда К.В.Шенников, С.М.Дудин-нің Ақмола, Семей облыстарының қазақтары бойынша коллек-циялары болды. Ресей Ғылым Академиясының антропология және этнография қорында қазақ халқының материалдық мәдениетін сипаттайтын осы коллекциялар еді.
1876 жылы Санкт-Петербургте өткен шығыстанушы-лардың Халықаралық көрмесінде көрсетілген сұлтан Ш.Уалиханов тапсырған қазақтың қолөнер туындылары, Абылайхан мен Уәлиханға (Ш.Уалихановтың атасы) қатысты қымбат бағалы тастармен безендірілген алмас қылыш, ер-тұман, ханның жеке қару-жарағы, білте мылтықтары болған. Қазақтың қолөнер туындыларымен еуропалықтарды алғаш рет таныстырған көрмеде келушілерді қызықтырған жәдігерлердің ішінде бағалы тастарды ұқсататын, станок, егістікке су көтеретін шығырлар, күнделікті тұрмысқа керек құрал-саймандар, Ш.Уалихановтың інісі М.Уалихановтың қолынан шыққан бұйымдар болды. Сол көрмеде кейбір деректерге қарағанда Абылайдың киім-кешегінің бірден-бір үлгілері, алтын тағы көрсетілген дейді.
Орыс географиялық қоғамының мүшесі А.Жантөрин 1876 ж. Петербургте өткен ориенталистердің үшінші Халықаралық конгресіне қазақ халқының тарихы мен мәдениетін сипаттайтын коллекцияларды жинақтап жіберді.
XIX ғ. 80-ші жылдарының соңында Мәскеу, Санкт-Петербург музейлерінде қазақ халқының материалдық мәдениетін көрсететін жинақтар шоғырлана бастады. Орыс Географиялық қоғамының, Жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойлары қоғамының мүшелері әр түрлі экспедицияларға қатысып, елдің мәдени тарихы туралы мәліметтер, заттай коллекциялар жинақтады. Сол кездегі әр түрлі ғылыми қоғамдар ұйымдастырған көрмелерінің музей қорларының жинақталуында үлкен маңызы болды. 1891 жылы Ресей Географиялық қоғамына Ақмола облысы Көкшетау уезінен полковник Шыңғыс Уалихановтан қазақтардың тұрмысына қатысты заттар халықаралық көрмеге қоюға берілді.
1892 жылы Омбыда Қазақстан облыстары, уездерінің жинақтауымен ұйымдастырылған көрме қазақ халқының қолөнер түрлерін, этнографиясынан мол материалдар көрсетумен ерекшеленді. Омбыға патша мұрагері Николай Александрович Романовтың келуіне байланысты әр облыстан ұйымдастырылған көрме қазақ елінің мол этнографиялық материалын көрсетті. Қазақстанның әр облысынан ұйымдас-тырылған көрмеде қазақтардың баспана, киім түрлері, үй шаруашылығы, аңшылық, құсбегілік, т.б. туралы ерекше құнды материалдар көрсетілді. Көрмеге Семей, Омбы, Ақмола, т.б. облыс, уездерден қазақ халқының тұрмыс-салтын бейнелейтін заттар қойылды. Көрмеде қазақтардың ас, тамақ түрлері, қолөнер, кәсіпшілік түрлерінің туындылары, алаша, әйелдер, ерлер киімдері, ағаш ыдыстар, батырлардың темір сауыттары, белбеулер, дулыға, қалқан, сауыт, найза, қылыштар, оқшантайы мен садақ, көне ертұмандар, киіз қалпақтар қойылып, көрсетілді.
Семей облыстық статистика комитеті көрмеге музейге алынған қазақ халқының тұрмысын бейнелейтін мылтық, қару-жарақ, сауыт-сайман, аяқ-таба, қобыз, сырнай, керней, домбыра, үй жиhаздарын қойды.
Көрме материалдарының ішінде өлкенің жануарлар дүниесін, пайдалы қазбаларын бейнелейтін коллекция, археологиялық материалдар түсіндірме материалдармен беріліп, музей заттарының көрушілерге түсінікті түрде жеткізудегі этикетаждардың құндылығын көрсетті. Бұл көрме туралы 1888-1902 жылдар аралығында Омбы қаласында шыққан «Дала уалаятының газеті» 1892 жылғы 1-7 санында көлемді материал жариялады.
XIX-XX ғ., басында Қазақстан музейлерінің құрылуына жергілікті әкімшілік пен өлкетанушылардың жинақтау қызметі ерекше әсер етті.
1896 жылы Санкт-Петербургтегі Антропология-этногра-фия музейіне Қысқы сарайдан Ақмола облысы қазақтарының патшаға сыйлаған айбалта, мылтық, пышақ, адалбақан, т.б. он үш заттан тұратын коллекция берілді.
Өлкедегі құнды материалдарды жинаумен айналысқан әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан, халықтың материалдық, рухани мәдениеті туындыларын шын бағалаған өлкетану-шылар болды.
XIX ғ. 90-шы жылдары В.В.Радлов Санкт-Петербургтегі Антропология және этнография музейінде Орта Азия мұсылман халықтары бөлімін құруға үлкен ықпал етті. Бұл бөлімде уақыт өте келе үлкен, өте бай коллекция шоғырланды. В.В.Радлов музей қорының жоспарлы толықтырылуына, Орта Азия, Қазақстан жинақтарының ұлғаюына ықпал етті.
Орыс Географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің, Торғай статистикалық комитетінің мүшелері Н.Бекчурин, Д.Беркінбаев, С.Жантөрин, т.б. 1897 ж. халық санағына, музейлер құруға бүкіл Ресейлік көрмелерге экспонаттар жинауға қатысты. Ырғыз уезінің бастығының көмекшісі ретінде Д.Беркінбаев Нижний Новгородта 1896 жылы өткен көрмеге 700-ден аса құнды экспонаттар жинады. Ол жинақтардың ішінде қазақтардың музыка аспаптары, киім, әшекейлері, киіз үй отаулар, арнаулы өңделген тері бұйымдар, әйелдер, ерлердің ат егерлері болды.
Қазақ даласында құнды заттар жинау үшін жеке адамдарға 1898 жылы В.В.Радлов құрастырған «Инструкция для собирания этнографических предметов, относящихся до быта киргизов» деп аталған нұсқау дайындалды. Бұл шаралар жер-жерлерден музейге құнды жәдігерлер жинау үшін жергілікті өлкетанушылар, дәрігерлер, мұғалімдердің, т.б. басшылыққа алып, жұмыс жүргізуге көмек ретінде жасалды.
1898 жылы Семей облысы Лепсі уезінің бастығы Е.Н. де Лазари жинаған 88 заттан құралған коллекциясында қазақ халқының тұрмысына қатысты бау, басқұр, кілем, кесеқап, торсық, піспек, кесе, ожаулар, ұршық, ұсталық көрік, әйелдер және ерлер киімдері, бас киім, аңшының белбеуі, әшекейлер, наным-сенімге байланысты заттар, тәспі, шырағдан, балалар ойыншықтары, музыка аспаптары болды. Лепсі уезінің бастығы К.Н.де Лазари Антропология және этнография музейінің тілшісі ретінде қазақ халқының құсбегілік өнеріне қатысты заттар, ертұмандар, аттың әбзелдері, қазақ қалыңдығының сәукелесі бар жинақ ұсынды.
Жергілікті өлкетанушы тұрғындар қазақ халқының тұрмысына қатысты құнды заттарды музейге жинақтауға белсене қатысты. Музей қызметкерлерінің үндеуін қолдаған жергілікті тұрғындар Торғай облысының Ақтөбе уезінің тұрғыны А.Д.Беркімбаев 1898 жылы Торғай облыстық басқармасының бас кеңесшісі И.Краф, дәрігер К.А.Бели-ловский арқылы музей бөліміне Л.Д.Беркімбаев пен Х.И.Имамбаев жинақтаған бай, көп санды коллекция берді. Музей бөліміне түскен 150 заттың ішінде киіз үй, тері ыдыстар, салтанатты киімдер, тұрмыс заттары, киіздер мен шилер, ең маңыздысы – сердолик, інжу-маржанмен әрленген қалыңдықтың киімі, алтын-күміспен әшекейленген көне белдік болды. Коллекцияның сирек және құнды болуына байланысты музей бұл заттарды жинақтаған Л.Д.Беркімбаевты күміс медальмен марапаттау, М.Имамбаевқа алғыс жариялау туралы ұсыныс жасады. Санкт-Петербургтегі Антропология және этнография музейіне жіберілген бұл заттардың барлығы музей экспозициясында көрсетуге қойылды. Музей қорын жинақтап, дамытуға қазақ мұғалімі Ақмола облысынан Хасан бай, сұлтан Мұхаммед Құдаймендиев те белсене атсалысты.
Орта Азия мен Қазақстан халқының этнографиясы бойынша этнографиялық коллекциялар жинақтаған суретші С.М.Дудин болды.
1899 жылы С.М.Дудиннің Семей облысында жинақтаған 17 заттан тұратын коллекциясына қазақ тұрмысын бейнелейтін өрнекті кебеже, адалбақан, ағаш аяқтар, тостағандар, ерлер бас киімі, оқшантайы, кісе белбеу, әйелдер әшекейлері, сырғалар, жүзіктер кірді. Ақмола, Семей облыстарының қазақтарын зерттеген экспедицияда қазақ өрнектерінің альбомы, көп фотосуреттер жасалды.
XIX ғ. екінші бөлігі–XX ғ. басында қазақ жеріндегі қазақ халқының этнографиясын зерттеу, музей заттары, құнды жәдігерлерді жинауда В.В.Радлов жасаған «Ережеге» сай жергілікті өлкетанушылар, елдің тарихи көне жәдігерлерін жинақтаушылар белсене атсалысты. Осының негізінде Антропология және этнография музейі қазақ халқының тұрмысына, салтына байланысты құнды жәдігерлермен толықты.
XIX ғ. соңында Қазақстанда Орыс Географиялық қоғамының үш орталығы Орынбор, Батыс Сібір (Омбы), Ташкент болды. Орыс Географиялық қоғамының бөлімдері музейлер мен кітапханалар құрған болатын. Музейлердің ашылуына әр түрлі ғылыми экспедициялар, өлкетанушылар-дың қызметі түрткі болған еді. Статистикалық комитеттер музейлер, кітапханалар, ғылыми мекемелер құруда алдыңғы қатарлы орын алды. Қазақстанда 1913 ж. үш музей болды. Орынбор, Семей және Жетісу музейлері еді. Өздерінің экспозицияларының сипатына қарай олар өлкетанушылық болатын.
Орыс Географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімше-сінде А.Н.Седельников ерекше орын алды. 1901-1919 жж. бөлімде жұмыс істей отырып, Омбы өлкетану музейінде 1904 ж. сақтаушы болып қызмет атқарды, көптеген жылдар кітапхана меңгерушісі болды. Өзінің ғылыми қызметі кезінде Сібір мен Қазақстанның тарихы, ботаника, география, архео-логия, этнография бойынша ондаған еңбектер жариялады.
С.М.Дудин 1900-1908 жылдары жыл сайын Түркістан өлкесіне экспедицияға шықты. Ресейдің Мемлекеттік этнография музейі қорындағы «Дудиннің коллекциясы» деп аталған бөлігінің 10 коллекциясы Орта Азия халықтары бойынша, оның 3 коллекциясы қазақ халқына байланысты материалдар болды. Сонымен бірге 15 фотоколлекциясында (1500 сурет) елдің баспана, тұрақ, қоғамдық құрылыстары, мешіт, медіреселер, базарлар, арба, киімдер, ат әбзелдері, т.б. тұрмыс көріністері бейнеленген. С.М.Дудиннің коллекция-лары елдің тұрмыс-мәдениетін нақты бейнелеуімен ерекшеленді. С.М.Дудинннің коллекцияларының құндылығы әрбір экспонаттар бойынша мәліметтердің болуы және қысқаша болса да жақсы аннотациялануы еді. Экспедиция барысында жинақтаған этнографиялық заттарында әр заттың орысша және жергілікті халық тіліндегі атауы, этникалық сипатын, иесі туралы мәліметтер қамтылған. Бұл мәліметтер далалық сипаттамаларда да берілген.
1902 жылы өлкетанушылар А.С.Берг Сырдария облы-сының Қазалы уезінде, К.А.Белилов Торғай облысында қазақ халқының мал, егін шаруашылығы, қолөнеріне қатысты құнды жәдігерлер жинақтады.
1906 жылы П.Н.Бекетованың Семей облысы, 1908 жылы Ф.Ф.Караваеваның Ақмола облысы қазақтары бойынша жинаған коллекциялары да музей қорларының толықтыры-луына негіз болды.
К.В.Щенниковтың жинақтаушы қызметі XX ғасырдың алғашқы жылдарынан басталады.
1908-1909 жылдары К.В.Щенников Ақмола облысының Петропавл, Атбасар уезінде, 1910 жылы Семей облысының Павлодар уезіндегі экспедиция нәтижесінде жинаған коллекциясында қазақтардың мал шаруашылығына қатысты ыдыстар, тұмылдырық, тұрмыс, кәсіпке қатысты ағаш келілер, ұршық, тоқу құралдары, оймақ, кесеқап, киіз үй бұйымдары, музыка аспаптары, әйелдердің күміс әшекейлері, балалар ойыншықтары болды. Бұл сапарларында үш жүздей қазақ халқының өмір салтын бейнелейтін әр түрлі заттар жинады.
1910 жылы Ақмола облысында Картусова, мектеп мұғалімі Н.Нұрсейтов Ақмола облысының Петропавл уезінде құнды этнографиялық материалдар жинақтады. Семейде құнды жәдігерлерді жинақтаумен қатар, 1911 ж. ағайынды Белослюдовтар музейге өздерінің үй музейлерінен 500 заттан тұратын коллекциясын табыс етті.
1914-1915 жылдары Семей облысында К.М.Рычков жинаған құнды, қазақтардың материалдық мәдениетін бейнелейтін құнды этнографиялық материалдар болды. Аталған заттар қазақ халқының мал, егін шаруашылығы, қолөнері, тұрмысына байланысты құнды мәліметтер берген жәдігерлер болды.
Өлкедегі құнды материалдарды жинаумен әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан, халықтың материалдық, рухани мәдениеті туындыларын шын бағалаған өлкетанушылар болды.
Бақылау сұрақтары
- XIX ғ. өлкетану қоғамдары мен статистикалық комитеттер, ғылыми орталықтардың құрылудағы басты себептер.
- XIX ғ. өндірістік көрмелердің музей коллекцияларын дамытудағы орны.
- Ресейдің Антропология және этнография музейіндегі қазақ халқының бай тарихына байланысты жәдігерлер туралы айтыңыз.
- Қазақ жерінде XIX ғ. 30-шы жылдары алғашқы музейлердің қалыптасуы.
- XIX ғ. музей жинақтарының негізгі бағыты туралы айтыңыз.
- Орынбор губерниялық музейінің ашылуындағы В.И.Дальдің қызметі.
- Орынбор Ғылыми архивтік комиссиясының қызметі.
- XIX ғ. екінші бөлігінде Семей мұражайының құрылуы.
- Абай Құнанбаев пен әкесі Құнанбайдың музей қорын толықтырудағы еңбегі.
- Ағайынды Белослюдовтардың музей үйі және Семей музейін дамытудағы қызметі.
- Жетісу музейінің құрылуы.
- Н.В.Хлудовтың қызметі.
- Қазақстанда алғашқы музей қорларын құрудағы жергілікті өлкетанушылардың қызметі.
- Қазақ даласында музейлік маңызы бар заттарды жинақтауда 1898 жылғы нұсқаудың маңызы туралы айтыңыз.
- Л.Д.Беркімбаев, Х.И.Имамбаев жинаған құнды жәді-герлер коллекциясының маңызы.