Жер шаруашылығының жағдайы туралы қазақша реферат
Жер шаруашылығының, өсімдік шаруашылық жағдайына көз жіберелік. Өнім алу үшін пайдаланылып отырған ауыл шаруашылық жер, егістік жер, егін егілген жер көлемдерінің қаншалықты азайып кеткенін жоғарыда нақты деректермен көрсеттім. Егін егілген жердің көлемі ғана емес, сондай-ақ дақылдардың әр гектардан алынатын түсімі де кеміп кетті. Өндіріс екі жағынан да күйзеліске ұшырап отыр. Соның нәтижесінде өсімдік шаруашылығындағы басты өнім – астық өндіру болса, оның тазартылғаннан кейінгі көлемі 1990 жылғы 28,5 миллион тоннадан 2000 жылы 11,6 миллион тоннаға , яғни 2,5 есеге дейін азайды. Дәнді дақылдардың егістік көлемі осы жылдары 23,4 миллион гектардан 12,4 миллион гектарға дейін, әр гектардан алынған түсім 12,2 центнерден 9,4 центнерге дейін кеміді. Әрине бөліп алынған екі жылдың түсімін салыстыру қаншалықты дұрыс, өйткені Қазақстан жағдайында бір жыл жанбырлы болса, енді бір жыл құрғақшылық болып келетіні белгілі деуге де болады. Кейде екі, кейде үш жылдан кейін бір жыл қатты құрғақшылық болып, бір гектардан алынатын түсім өте аз болады. Мәселен кейінгі 12 жыл ішінде (1990-2001 жылдары) үш жыл (1991, 1995, 1998 жылдары) қатты құрғақшылық болғандықтан бір гектардан 5,0-5,6 центнер ғана түсім алынды. Бірақ астық көлемінің кейінгі жылдары азайып кеткенін тек ауа райының қолайсыздығымен түсіндіруге болмайды.
Дәнді дақылдардың бидайдан басқа түрлерінің көбінің егістік жері қатты қысқарды. Бидай егістігі 14 миллион гектардан 10 миллионға дейін қысқарса, арпа 6,6 миллионнан 1,7 миллион гектарға дейін, қара бидай 772 мыңнан 31 мыңға, дәндік жүгері – 129 мыңнан 79 мыңға, тары – 781 мыңнан 138 мыңға, қарақұмық – 208 мыңнан 52 мыңға, күріш – 124 мыңнан 78 мың гектарға дейін қысқарды. Негізінен тек бидай ғана егу жерді тиімді пайдалану тұрғысынан да, экономикалық жағынан да дұрыс емес. Жемшөптік, жарма жасайтын дақылдар тек ішкі қажетті қанағаттандырып қана қоймай, сыртқы сауда үшін де өндірілуі қажет.
Дәнді дақылдардың жалпы түсімі 2000 жылы 1990 жылға қарағанда 2,5 есе азайса, соның ішінде басты дақыл бидай 1,8 есе, ал қара бидай 17 есе, тары 15 есе, арпа 5 есе, қарақұмық 4,7 есе, күріш 2,7 есе азайды.
Техникалық дақылдардың егіс көлемі 1990 жылғы 439,9 мың гектардан 2000 жылы 631,1 мың гектарға дейін, өсті бұл майлы дақылдардың көлемінің осы мезгілде 266,5 мыңнан 448,2 мың гектарға дейін, оның ішінде күнбағыс егіс көлемінің 136,9 мыңнан 313,9 мың гектарға дейін өсуі есебіне болған. Техникалық дақылдардың ішіндегі ең басты дақыл мақтаның егіс көлемі 1990 жылғы 119,7 мың гектардан 2000 жылы 151,8 мың гектарға, яғни 26,8 пайызға дейін ұлғайғанымен оның бір гектардан алынатын түсімінің сол жылдардағы 27,1 центнерден 18,7 центнерге дейін төмендеуі салдарынан мақтаның жалпы түсімі 1990 жылғы 324 мың тоннадан 2000 жылы 287 мың тоннаға дейін азайды. Мақтаның бір гектардан алынатын түсімінің 2000 жылғы төмен көрсеткіші кездейсоқ, тек бір жылға тән құбылыс емес. Мақтаның әр гектардан алынатын түсімі үнемі төмендеп келді, ол 1998 жылы 14,1 центнерге дейін құлдырады. Бір гектардан алынатын түсімнің кеміп кетуінің себептері көп. Оның бірі су тапшылығы жағдайында мақтаның егіс көлемін кемітіп, соның нәтижесінде сумен қамтамасыз ету деңгейін көтеріп, әр гектардан алынатын өнімді өсірудің орнына, керісінше егілетін жер көлемі ұлғайтылуда. Тыңайтқыш қолданудағы, мақта өсірудегі басқа да технологиялардың сақталмауы түсім деңгейіне әсерін тигізді.
Қант қызылшасының Қазақстан жағдайында маңызды дақыл екендігі баршаға белгілі. Солай бола тұра оның жалпы түсімі 1990 жылғы 1044 мың тоннадан 2000 жылы 273 мың тоннаға дейін, яғни 4 еседей азайып кетті. Бұл, біріншіден, оның егілетін жер көлемінің осы дылдары 43,6 мың гектардан 22,5 мың гектарға, яғни екі еседей кеміп кетуінен болса, екіншіден оның әр гектардан алынатын түсімі 239 центнерден 154 центнерге дейін төмендеуінен болып отыр. Қант қызылшасының жағдайы 1994 жылдан бері оңбай тұр, сол жылы оның жалпы түсімі 400 мың тоннаға дейін азайған еді, ал 1997 жылы тіпті 100 мың тоннаға дейін құлдырады.
Қанттан кейінгі Қазақстанда тағы да бір жетіспейтін, халық тапшылық зардабын көріп жүрген өнім — өсімдік майы. Бұл мәселеге реформа басталғаннан бергі жылдардағы көрсеткіштерге қарасаңыз басты майлы дақыл – күнбағыстың егіс көлемі қатты ұлғайғанын көресіз, бірақ әр гектардан алынатын да, жалпы түсім де аз. Оның егіс көлемі 1990 жылғы 136,9 мың гектардан 2000 жылы 313,9 мың гектарға, яғни 2,3 есеге дейін ұлғайғанымен, әр гектардан алынған түсім осы жылдары 9,2 центнерден 4,0 центнерге дейін, жалпы түсім 126 мың тоннадан 105 мың тоннаға дейін төмендеді. Осы жылдары бірнеше облыста күнбағыстың егіс көлемін ұлғайтып, сол арқылы өсімдік майын өндіру проблемасын шеше қою ұмтылысы болды. Бірақ одан ертеден белгілі өзіндік табиғи ортасы бар: бұрынғы Шығыс Қазақстан , Семей, Павлодар облыстары. Сол аймақтарда ауыспалы егістікті қолдана, қажетті технологияны пайдалана отырып, күнбағыстан мол өнім алуға болады.
Техникалық дақылдарды талдауды темекі көлемінің 1990 жылы 4,6 мың тоннадан 2000 жылғы 16,2 мың тоннаға дейін яғни 3,5 есеге өскенін, ал оның егіс көлемінің 2,6 мың гектардан 7,3 мың гектарға дейін, яғни 2,8 есе өскенін айтумен аяқтайық. Американдық темекі компаниясының келуі, саланы қолына алуы айтарлықтай нәтиже бергенін осы деректерден де байқауға болады.
Елде өнірілетін картоп көлемі 1990 жылғы 2324 мың тоннадан 2000 жылы 1693 мың тоннаға дейін азайды. Халықтың тамаққа тұтынатыны бар, тұқымға сақтайтыны бар, сақтау кезінде бұзылатыны бар, негізінен картоптың жалпы түсімі 2,5 миллион тоннадай болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда оның өндіріліп жүрген көлемі азырақ екені айқын.
Халыққа қажетті өнімнің бірі – көкөніс. Оның жалпы түсімі 1990 жылғы 1136 мың тоннадан 2000 жылы 1544 мың тоннаға дейін өсті. 1998 жылдан бастап кейінгі үш жылда көкөніскөлемінің тұрақты өсуі байқалып отыр. Оның көп түріне сұраным қанағаттандырылуда және бағасы да онша қымбат емес.
Бақша өсімдіктерінің жалпы түсімі 1990 жылғы 301 мың тоннадан 2000 жылы 421 мың тоннаға дейін өсті. Мұнда да кейінгі үш жылда өнім көлемі тұрақты өсуде. Дегенмен, бақша өнімдеріне жұрт сұранысы әлі де болса жергілікті өндірілетін өнім есебінен толық қанағаттандырылмай отыр. Өзбекстан мен Қырғызстаннан әкелініп сатылатын өнім көлемі едәуір.
Өсімдік шаруашылығына жасалған талдаудан егістік жер көлемінің, көптеген дақылдардың егіс көлемінің, әр гектардан алынатын және жалпы түсімнің елеулі түрде азайып кеткенін көрдік. Егін шаруашылығын бұрынғы пайдаланып келген жер көлемінде игерудің техникалық, қаржылық мүмкіндіктері жоқ екені және барлық өнім түрлерін бұрынғы одақтың еңбек бөлісіне, саланың сол кезде қалыптасқан мамандануына сай жүргізудің ендігі жерде қажеті жоқ екендігі де түсінікті. Тек айта кетерлік бір мәселе – айналымдағы, әр гектар жер нарықтық экономика жағдайында тиімді, өнімді пайдаланылуы қажет екендігі. Шаруашылықтың экстенсивті түрінен интенсивті түріне көшу деген қағида өзгермек емес. Осы тұрғыдан қарағанда жер шаруашылығында тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғайтын заттарды пайдалану керектігін естен шығармау керек.
1990 жылы 9.332 мың гектар ауыл шаруашылық жеріне минералдық тыңайтқыш қолданылады. Сол жылы енгізілген минералдық тыңайтқыштардың 100 пайыздық қоректік заттарға есептегендегі көлемі 672 мың тонна болған екен. Бұдан басқа 688 мың гектар жерге 22,4 миллион тонна органикалық тыңайтқыштар қолданылды. 2000 жылы 11,5 мың тонна минералдық тыңайтқыштар (оларды 100 пайыздық қоректік заттарға есептегенде) 86,5 мың гектар жерге енгізілген екен, сонда 1990 жылға қарағанда тыңайтқыш көлемі 58 есе, тыңайтқыш енгізілген жер көлемі 108 есе кеміп кетіпті. 2000 жылы 175,7 мың тонна ғана органикалық тыңайтқыш қолданылыпты, ол 1990 жылғы осындай тыңайтқыштың небары 1,5 пайызын ғана құрайды. Сонда қазіргі кезде біз жерді қалай пайдаланып жатқанымыз белгілі болып қалды емес пе? Топырақтан өсімдік өнімдері алып шығатын қоректік заттардың тым құрығанда біраз көлемін тыңайтқыш арқылы қайтарып беріп отыру жер шаруашылығының өзгермес заңдарының бірі ғой. Дақылдар түсімінің кемуі өз алдына, топырақ құнарлығының болашағын ұмытуға бола ма деген сұрақ туындайды.