Жеке адам туралы түсінік

Жеке адам туралы түсінік туралы қазақша реферат

Жеке адам — әлеуметтік қатынастармен санала іс — әрекетті жүзеге асырушы, нақты қоғамның мүшесі, өзін басқалардан ажырата білетін, өзінің кім екенін түсінетін есі кірген ересек кісі. Адам қоғамнан тыс, тәуелсіз өмір сүре алмайды. Өйткені тәні де, жаны да айналасындағылармен қарым – қатынас жасау үстінде, тек әлеуметтік әсер жағдайында ғана адам кісілік мән – мағынаға ие болады. Адам санасының дамып, өсіп жетілуі оның ортасымен ( от басы, мектеп тағыда басқа ) тығыз байланыста. Әлеумет әсері тимейтін, әлеуметтік құрықтан шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Сондықтан адам психологиясын дұрыс ұғыну үшін, ең алддымен, оның әлеуметтік жағдайын, яғни оның қандай ортаның өкілі екендігіне, сондай – ақ оның қандай көзқарасы, наным – сенімі, бағыт – бағдары, білімі мен іс – тәжірибесі, икем –биімділігі, нақты кәсібі, білімі бар екендігіне назар аударуымыз қажет. Осы айтылғандар жөнінде мағлұмат алғанда ғана біз оның психологиясы жайлы азды – көпті пікір білдіруге мүмкіндік аламыз. Ер жетіп, ес білетін кісінің өмір жолын, ұстаған бағытын білдіретін мотивтер ( түрткі, себеп ) көп.

Адамдарды зерттейтін ғылымдар ішінде психологияның алатын орны айрықша және ол – адам саны ғылымдары жүйесіндегі жетекші пән. Психология адамның даралық сипаттарын қарастырып, оның кісілік қасиеттерін өрістетуді мақсат етіп қояды.

Табиғаттағы ақыл – ой мен сана иесі – адамның өзіндік сипат – белгілері – оның еңбектену әрекеті нәтижесінде материалдық игіліктерді өндіретіндігі, дыбысты анық сөйлеу тілі арқылы қарым – қатынас жасап, әлеуметтік ортада тіршілік ететіндігі. Осындай белгілермен байланысты адам хайуанаттар дүниесінен ерекшеленіп, эволюциялық дамудың ең жоғары сатысына көтеріледі. Өзін қаршаған ортаға белсенді түрде ықпал етіп, дүние сырын танып білу иесі (субектіге) айналады.

Адам бойындағы даралық қасиеттер оның өзгелерге қарым қатынасынан байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа туған нәресте де, ересек адам да, ақыл – иесі ауысқан жынды да дара адам (индивид) болып саналады. Осындай ерекшеліктермен қатар қалыпты дамыған, өмір тәжірибесі мен өзіндік қасиеті, әлеуметтік ортада өз орны бар адам жеке адам деп аталады. Жеке адамның азаматтық, кісілік, тұлғалық қасиеттері болады. Жеке адам қоғамдық өмірде тіршілік етіп, өзге адамдармен қарым – қатынас жасайды. Осындай іс — әрекеттеріне сәйкес жеке адамның тұлғалық сипаттары сомдалады, қадір – қасиеттері қалыптасады.

Жеке адамның кісілік қасиеттері мен даралық ерекшеліктері оның іс — әрекеттегі белсенділігінің өрістеуіне ықпал етеді. Адамның белсенді қимыл — әрекетіне оның мінез – құлқына, ниет – тілегі мен бағыт – бағдарынан айқын байқалады. Ниет – тілектердің мәні адамның тіршілігіне, іс — әрекет түрлерінен, әлеуметтік ортада атқаратын қызметі мен ісінен айқын көрінеді. Сөйтіп, жеке адамның ішкі дүниесінің сыры, жан сарайы, психикасының даралық ерекшеліктері сыртқа байқалып тұрады.

Сыртқы нәрселер мен тіршілік ететін орта әлеуметтік жағдай мен ыңғайласып, адамға жанама түрде әсер етеді де оның психикасын дамытады. Адамның тіршілік ортасы үнемі өзгеріп те, өзгертіліп те отырады. Жеке адам бойындағы сапалық ерекшеліктері мен оның психологиялық дара өзгешелігін білдіретін қасиеттер – темпераменті мен мінезі, психикалық процестерді басынан кешіруі, сезі күйлері мен іс – қимылы және қабілеті бірдей адамдар жоқ. Даралық сапалар тарихи қалыптасып, жеке адамның кісілік қасиеттерін құрайды. Әрбір адамның мінез құлық ерекшеліктері де әлеуметтік ортада дамып жетіледі. Сондықтан, біз жеке адамды қоғам мүшесі ретінде санап, оның әлеумет өміріне ықпал етіп, отыратын белсенділік әрекетін де ескереміз. Мінез бітімі, темперамент ерекшеліктері, ақыл – ой сапасы, қызығуының баста бағыты әрбір дара адамның өзіндік психологиялық тұрақты бейнесін жасайды. Әр түрлі құбылмалы жағдайларда адамның бір қалыпты бейнесін осындай тұлғалық қасиеттері көрсетеді. Сондай – ақ, мұндай, тұрақты қасиеттер жеке адамның жан дүниесі құрылымындағы даралық тұлғаны да бейнелейді. Адам бойындағы тұлғалық қасиеттер қоғамдық тәрбие нәтижесінде өзгеріп те, жаңа сапаларға ие болып та отырады.

Жеке адамның тұлғалық сипаттарында ерекше байқалатын екі түрлі ерекшелік бар. Оның бірі — әрбір адамның құрылымы мен жеке басындағы даралық сипаттар. Бұл – адамдардың типтік мақсаттарыен байланысты теориялық мәселе. Екіншісі – сол типтерден туындайтын және жеке басқа бағынышты азаматтық ерекшеліктер. Бұл мәселе осы заманғы психологияда айрықша маңызды деп саналатын биологиялық және әлеуметтік факторларға негізделе отырып қарастырылады. Биологиялық фактор – адамға туа берілетін табиғи анатомиялық және физиолигиялық қасиеттер, ал әлеуметтік фактор – адамның жетілуіне тіршілік ортасының, қоғамның, тәлім – тәрбие істерінің әсері. Осы екі фактор адамның психикалық дамуында бірін – бірі толықтырып отырады.

Адамның өзіндік психологиялық сипатын зерттеуде ерекше орын алатын іс-әрекет түрі – оның белсенділігі. Белсенділік іс-әрекетпен, оның бағдар – мақсатымен, өмір – тіршілігімен тығыз байланысты. Іс-әрекеттің белсенді болуы жайында психологияда әр алуан көзқарастар мен пікірлер бар. Соның бірі – Австрия ғалымы З.Фрейдтің пікірі. Ол адамның белсенділігі инстиктті әрекеттеріне, соның ішінде жыныстық еліктеу мен өзін — өзі сақтау инстиктіне байланысты дейді. Адам мұндай инстинкттерге шек қойып, оларды тежейді, өз бойындағы күш қуатын сақтап, оны басқа мақсаттарға, мәдени қажеттіліктерін өтеуге жұмсайды. Сөйтіп, өзінің мінез құлқын саналы түрде басқарады. Алайда, З.Фрейд пен оны жақтаушы зерттеушілер адамның белсенділігі сол жыныстық еліктеудің шеңберінен шыға алмайды деп, «Эдип комплексі» дейтін мәселе көтеріп, ерте замандағы грек жазушысы Софоклдың «Эдип патша» атты шығармасының сырын уағыздайды.

Ғылыми зерттеулерінде кемшіліктер болғанымен де, З.Фрейдтің адам бойындағы белсенділік әрекеттің табиғи әрі биологиялық құбылыс екендігін дәлелдеп беруінің өзі – айтарлықтай жаңалық. Дегенмен, оның белсенділік әрекеттің қозғаушы күші жыныстық қатынастарға сәйкес дамиды дейтін. Пікірін көптеген шетелдік психологтар орынсыз деп санады. Атап айтатын болсақ, А.Кординер, Е.Фромм, К.Хорни т.б. Фрейд көзқарасының кемшілігін ашып көрсете алмаса да, өздерінше «жаңа Фрейдизн» деген ағымды тудырды.

«Жаңа Фрейдизн» ағымы адам тіршілік еткен ортасына тәуелді болып, сол ортаға бейімделгіш келеді деп санады. «Жаңа Фрейдшілдердің» ойынша, тіршілік ортасына бейімделген адам әлеуметтен өзінің ғашығын іздейді, соған ұмтылады, билік үшін күресте беделге ие болады, адамдар тобының ырқына көніп, мақсатына жетуге талпынады. К.Хорни адам қоғамынан аулақ болып, ғашығымен мұңдасып, оңаша сырласқысы келеді дейді. Сөйтіп, «жаңа фрейдшілдер» адамның белсенділігін асыра дәріптеп, оған мистикалық өң береді. Ал шын негізінде адамның белсенділік іс-әрекеттері ғылыми – материалистік тұрғыдан қарастырылуы тиіс болатын. Белсенділік әрекет адамның қажеттіліктерін қанағаттандырып, мұқтаждықтарын өтеу әрекеттерімен ұштасады.

«Қажеттілік» дегенді қалай түсінеміз? Қажеттілік – адам белсенділігінің негізгі себебі және іс — әрекетке итермелеуші күш. Қажеттілік қоғамдық тәлім – тәрбие ықпалымен қалыптасып, адамның материалдық, рухани, қоғамдық мұқтаждықтарын қанағаттандырады. Мұдай қанағаттандыру қоғамдық – даралық сипатта болып, қажеттілік тектік белгісіне орай табиғи және рухани – мәдени, ал сол заттарды ұстап – тұтыну сипатына қарай материалдық және рухани қажеттіліктер болып бөлінеді. Материалдық – заттық қажеттіліктерге тамақ, киім-кешек, тұрғын – үй, тұрмыс заттары жатады. Рухани қажеттілік адамның басқа адамдармен әңгімелесіп пікір алысу, білімін көтеріп, кітап, газет – журнал оқуы, өнер түрлерін үйренуі т.б. мұқтаждықтарын қанағаттандыру арқылы жүзеге асады. Қажеттіліктер тегі мен адам санасының тарих дамуына орай және оларды тұтыну обьектісіне сәйкес түрлі – түрлі болып бөлінеді.