КІРІСПЕ
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІНІҢ ДАМУЫ
1.1 XIX ғасырдың II жартысындағы Қазақстандағы орын алған саяси жағдайлар
1.2 Қазақ баспасөзін дамытудағы Ресей баспасөзінің әсері.
1.3 Қазақстан баспасөзі бірінші орыс революциясы кезеңінде
1.4 Большевиктік баспасөз революцияның жаңадан өрлеуі жылдарында
2 XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ
2.1 Қазақ баспасөзінің шығу тарихы
2.2 «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының жалынды жаршылары
2.3 XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың I жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні («Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы негізінде)
ҚОРЫТЫНДЫ
КІРІСПЕ
Бітіру жұмысының өзектілігі. Біз қазақ баспасөзінің дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің сипатына тарихи тұрғыдан тоқталып өттік. Бұл кезең қазақ баспасөзінің енді-енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақ баспасөзінің қызметі орасан зор болды.
Бітіру жұмысының өзектілігі сол – ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің атқарған қызметтері, міндеттері, көздеген мақсаттарының қандай болғандығы жөнінде тарихи тұрғыда қаралып, мәлімет беруінде.
Бітіру жұмысының тарихнамасы. Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келеді. Оған тарих куә [28,б.37].
Ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ баспасөзі 19 — ғасырдың екінші жартысында «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» болып патшалы Ресей үкіметінің үкімімен дүниеге келді. Бұл басылымдар отарлаушы елдің жыртысын жыртып, жырын жырлау мақсатында шығарылғанымен, шын мәнінде, сол шеңбермен тұйықталып қалмай, ұлтымыздың жоғын түгендеу бағытын да едәуір көп еңбек сіңірді. Баспасөз – халықтың қоғамдық — әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени — әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге әсер ететін бірден – бір құрал.
Қазақ баспасөзінің де халықтың саяси ой – пікірін оятып, дүниетанымын байытуға едәуір әсері болды. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт –насихат саласындағы қызметі жөніндегі А. Байтұрсыновтың: “Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды” (Қазақ, 1898, №10) –деуі, газеттің әлеуметтік – қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған. Азаттық жолындағы қозғалыста орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары мен аса көрнекті публицистері баспасөзді күрес құралы етті [45,б.98].
Мысалы, 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары А.Г.Чернышевский мен Н.Л.Добролюбов басқарып, оны шаруалар революциясы идеясын насихаттайтын айбынды органға айналдырды. Қазақ ағартушылары қатарлы орыс баспасөзінің тамаша дәстүрлерінен үлгі өнеге ала отырып, қазақтың бұқарашыл публицистикасы мен журналистикасының негізін қалады [11,б.77].
Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай-ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды.
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың I жартысындағы қазақ баспасөзі патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстандағы мәдениеттің дамуына елеулі әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Газет беттерінде мал шаруашылығы жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып отырды.
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте — бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Бұл газеттер патша үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға қызмет еткенімен, объективтік тұрғыдан қарағанда қазақтың тілі мен жазба әдебиетін қалыптастыруда, ұлттың мәдениеті мен экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дәрежеде айтарлықтай роль атқарды.
Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени — ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық — жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді.
Осы кезеңнің тарихнамасын ашуда жұмысымызға басты бағыт – бағдар берген Ө. Әбдіманов, Х.Бекхожин, Б.Кенжебаев, С.Қозыбаев, М.И.Фетисов, М.Мамажановтардың ғылыми монографиялық еңбектерін жұмысымызға негіз етіп алдық.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері Бітіру жұмысының алдына қояр негізгі мақсаты – қазақ баспасөзінің, дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің тарихи тұрғыдан соны қырларын ашу. Баспагерлер арасындағы рухани сабақтастықты, үндестікті пайымдау. Осы кезеңдегі қазақ баспасөзінің тарихи қызметін анықтау. Міне, осы мақсатты жүзеге асыру үшін бітіру жұмысының алдына мынадай нақты міндеттер қойылды:
-Қазақ баспасөзінін дамытудағы орыс баспасөзінің әсерін көрсету;
-Қазақ баспасөзінің орыс баспасөзінен дәстүрлік жалғастық табу жолдарын анықтау;
-Осы кезеңдегі алғашқы қазақ баспасөзінің шығу тарихын жүйелеу;
-Қазақ баспасөзін дамытушы баспагерлердің мақсатын айқындау:
-Қазақ баспагерлерінің арасындағы рухани сабақтастықты ашу;
-ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің негізгі атқарған міндетін айғақтау, көздеген мақсаты мен
жасаған қызметін ашып көрсету;
-Тарихи тұрғыдан қарастырғанда, осы кезеңдегі қазақ баспасөзінің ішіндегі көтерген жүгі өте ауыр болған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына тоқталу; Қазақ баспасөзінің саяси – қоғамдық және әлеуметтік мәнін ашу;
Бітіру жұмысының жаңалығы. Қазақ баспасөзінің шығу тарихына орыс баспасөзінің тигізген игі әсері ғылыми негізде сараланды. Қазақ баспасөзінің даму қарқыны көрсетіліп, екшелді.
— Қазақ баспасөзінің шығу тарихының негізгі себептері дәлелденді;
— Осы кезеңдегі қазақ баспасөзің атқарған қызметі, көздеген мақсаты,
жаңашыл бағыт – бағдарлары ашылды;
— Қазақ баспасөзінің қоғамдық – саяси және әлеуметтік мәні анықталып,
тарихи талдау жасалды;
Жұмыстың зерттеу әдістері. Бітіру жұмысының негізгі әдіс-тәсілдері – баяндау, салыстыру, қажетті мәліметтерді саралау, ұғымдарды жинақтау, пікірлерді қорыту, ғылыми тұрғыда талдау. Сондай-ақ, тарихи талдау басшылыққа алынды.
Бітіру жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Бітіру жұмысы жоғары оқу орнында қазақ баспасөзінің тарихын оқығанда қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Бітіру жұмысында қазақ баспасөзінің бас баспагерлері А.Байтұрсынов пен М.Дулатов сынды көрнекті тұлғалардың ойшылдық, гуманистік, пәлсапалық көзқарастарын әдебиет тарихында, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзін тарих факультеттерінде арнайы курс, арнайы семинар ретінде пайдалануға болады.
Бітіру жұмысының құрылымы Бітіру жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Дипломдық жұмыс / 60 бет