Қазақстанның Ресей құрамына енуі өлкені жан-жақты зерттеуді талап етті. Өлкеде қалыптасып келе жатқан зиялылар оның ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, саяси айдаудағылар зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Қазақстан аумағында ғылыми экспедициялар, мұражайлар ашылған жағдайда оларды халықшылдардың қызметімен байланыстыруға болатын еді.
XIX ғ. екінші бөлігінде патша өкіметі отаршылдық мақсатта көптеген жергілікті өлкетану қоғамдары мен бөлімшелерін ашты. Жергілікті өлкетану қоғамдарының міндеттері географиялық, статистикалық және жаратылыс-тарихи материалдарын жинап, өңдеу және тарату, ғылыми экспедицияларды жарақтандыру болды. Алға қойылған міндеттер барлық аудандарда бірдей дәрежеде жүзеге асырылмағанмен, олар ғылыми даярлығы бар адамдарды біріктірді. Өлкетану қоғамдарының жанынан шағын кітапханалар, өлкетану карталары, этнографиялық экспо-наттар коллекциялары құрылды. Қазақстанда музейлердің алғашқы топтамаларының қалыптасуына осы іс-шаралар да өзінің үлкен ықпалын жасаған болатын.
Өлкетану қоғамдарының жұмысында екі ағымның өкілдері болып, өз істерін өрбітті. Бірі – патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізуші генералдар, губернаторлар, шенеуніктер, дін қызметкерлерінің бір бөлігі болса, екіншісі – оларға қарама-қарсы прогресшіл пиғылдағы зиялылар еді.
Орынбор, Орал, Семей, Солтүстік Қазақстан, Ташкент, Жетісуда орталықтары болды және ғылыми қоғамдардың дамуы көптеген қазақ зерттеушілерінің қалыптасуына әсер етті.
1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуымен Ташкент ірі ғылыми орталыққа айналды. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік бөлігін зерттеу мақсатында 1897 жылы Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімі құрылды.
XIX ғ. ғылым тарихына, олардың жеке салаларына, ғылым мен техниканың, табиғат пен адамның өзара байланысына арналған музейлер пайда бола бастады. Сол кезеңде әлемде өндірістік және сауда қызметін реттеу мақсатында ғылыми жаңалықтарды көрсететін ұлттық және дүниежүзілік көрмелер ұйымдастырыла бастады. Көрмеледе көрсетілген экспонаттар соңында музейлер құруға негіз болды. 1851 ж. Лондонда Гайд-паркте ағылшын кәсіпкерлері бірінші дүниежүзілік өндірістік көрме ұйымдастырды. Бұл көрмеде 17 мың экспонаттар көрсетілді, көрмеге машиналар, құрал-жабдықтар, көркем қолөнер бұйымдары, т.б. экспонаттар қойылған болатын. Көрме 120 күн болды және өз уақытының талабына сай үлкен жетістікке жетті. Әлемдегі мұндай музей саласындағы өзгерістер, жаңалықтар Ресей және Қазақстандағы музейлердің де қалыптасуына ықпал етті. Осы көрмелерді негізге ала отырып, ұлттық өндірістік көрмелер негізінде ғылым мен техника музейін құрудың Мәскеу политехникалық музейінің үлгісін де айтуға болады. Оны құруға мұрындық болған 1870 ж. Мәскеу университетінің жаратылыстану, антропология, этнография әуесқойлары қоғамы болды.
Музей экспозициясының негізгі материалдары 1872 жылғы Политехникалық көрменің материалдары болды. Бұл көрмеде келушілерге 10 мыңнан аса ресейлік, 2 мың шетелдік экспонаттар көрсетілген болатын. Соның ішінде қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетінің заттары да көрсетілді.
XIX ғ. екінші бөлігіндегі ауылшаруашылық өнімдер, отарлардан алынған тауарлар, т.б. негізінде дүниежүзілік көрмелерін ұйымдастыру үлкен табысқа жетті. Көрмелер жабылғаннан кейін қалған коллекциялар музейлердің жаңа түрлерінің ашылуына себеп болды.
Музей құрылысының нәтижелі дамуына XIX ғ. екінші бөлігінде өткізілген 1851, 1867, 1871 жылдардағы Лондондағы өндірістік көрмелер, 1867, 1876, 1878, 1889 жылдардағы Париждегі көрмелер, 1870 жылғы Санкт-Петербургтегі, 1872 жылғы Мәскеу көрмелерінің әсері қомақты болды. Музейлердің жаңа түрінің дамуы, өнеркәсіптік, өнер музейлерінің дамуы өріс алды.
1851 жылғы Лондонда өткен бүкіләлемдік өндірістік көрме нәтижесінде 1852 жылы жаңа музей концепциясына сай алғашқы ағылшын музейі құрылды. Қолданбалы өнер туындыларына негізделген музейдің жаңа түрінің құрылуы құнды жәдігерлерге бағытталды. Жаңа бағыттағы музей қорлары өндірістік көрмелердің материалдарымен, сатып алған және сыйға берілген бұйымдардан жинақталды.
Әлемдегі музей саласының дамуының ерекшелігі Ресей музейлерінің де осы бағытты игеріп дамуына әсер етіп отырғаны белгілі. Өз кезегінде Ресейде ұйымдастырылған көрмеде қазақ халқының қолданбалы өнер, тұрмыс-салтын бейнелейтін құнды заттар да көрсетілді және бұл сол кездегі музей саласының даму сипатына сай жүрді.
XIX ғ. екінші жартысында Ресейдің Антропология және этнография музейіне Орталық Азия аудандарынан көптеп құнды жәдігерлер түседі. Соның бір мысалы ретінде сол кезеңдегі қазақ даласының тұрғындарының болашақ император II Николайға Шығысқа саяхаты кезінде сыйлаған құнды заттар жинағын атауға болады. Аталған коллекцияның негізін қазақтардың әскери құрыштан құйылған балталары, қазақтың ел басқарған би, батырлары таққан тері белбеулер, ұзатылған қыздың сәукелелері, бақсының қобызы құрайды. Музей қорында қазақ, қырғыздардың киіз үйлері де бар.
Қазақстандағы музей ісі өлкетанудың дамуымен тығыз байланыста дамыды. Өз кезегінде өлкетанудың дамуы сол замандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құрулармен, ішкі рыноктарды кеңейту, аймақтар туралы нақты білімдер, табиғат, климат, елдің тарихи-мәдени ерекше-ліктерінен туындаған болатын.
XIX ғ. Қазақстандағы алғашқы музейлердің пайда болуы сол кездегі саяси-әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге байланысты болғаны белгілі. Арнаулы мақсаттарға негізделіп жұмыс жүргізген статистикалық комитеттер, ғылыми архивтік комиссиялар, жеке ғалымдар мен зерттеушілер, әр түрлі шенді зиялылар қазақ халқының материалдық және рухани туындыларын, археология, табиғат, жануарлар дүниесіне, этнографияға байланысты жәдігерлерді жинады. Сол кездегі музейлер қоры өлкетанушылардың жеке коллекцияларының негізінде көбейіп, дамып отырды.