Темперамент және мінез жөнінде түсінік туралы қазақша реферат
Темперамент–2,5 ғасырдан бері ғылыми ойды қызықтырған мәселелердің бірі. Оған деген қызығушылықтың төркіні–адамдар бойында болатын дара өзгешіліктер. Әр адамның жан дүниесі өз алдына бір болмыс. Оның қайталанбастығы, бір жағынан, адам тәнінің биологиялық және физиологиялық құрылымы мен дамуына байланысты болса, екіншіден- әлеуметтік ерекше байланыстар мен қатынастарға негіз бола алуында. Темперамент адамның биологиялық сипатынан көрінеді. Адамдар арасындағы көптеген психологиялық айырмашылықтар: эмоция тереңдігі, қарқындылығы, тұрақтылығы, ауыспалы–қозғалғыштығы–бәрі осы темперамент табиғатымен түсіндіріледі. Дегенмен, осы күнге дейін темперамент мәселесінің шешілмеген, талас–тартысты қырлары баршылық. Бірақ проблемаға байланысты көзқарастардың көптігіне қарамай, ғалымдардың бәрінің мойындайтыны: темперамент–жеке адамның әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуының биологиялық, яғни табиғи ірге тасы. Темперамент көбіне адамға тума берілген әрекет–қылығының ұдайы қозғалыстағы (динамика) сипатын бейнелейді. Сондықтан, темпераменттік қасиеттер басқа психикалық құбылыстарға қарағанда тұрақтанған, өзгеріске келе бермейді. Назар аударарлықтай ерекшелік, темпераменттің әрқилы қасиеттері бір–бірімен кездейсоқ қосылмай, заңдылықтар негізінде түрлі темпераменттің белгілі құрылымын түзеді.
Алайда, жеке тұлға ерекшеліктеріне бай келеді, ал солардың бәрі де адам мінезін танытады деу қате. Мінез көрсеткіші–адамның барша жағдайлардағы мәнді сипаты мен тұрақты сақталатын таңдаулы қасиеттері. Егер адам қандайда дау–дамайлы жағдайда дөрекілік көрсетсе, сондай тұрпайылық пен ұстамсыздық осы адамның төл қасиеті деу жөн емес. Жайдары мінезді, көңілді адамның өзі кей жағдайда мұңайып, сылбыр халге түсуі мүмкін. Өмірге келумен бастауын алып, мінез нақты адамның өмір барысында қалыптасады, тұрмыс жағдайларымен айқындалады. Тұрмыс қалпы әр адамның ойлау, сезім, ниет, әрекет сипатын бірлікті анықтап барады. Мұнда адамның бүкіл өмірін жан–жақты қамтыған қоғамдық шарттар мен әлеуметтік жағдайлар маңызды келеді. Дегенмен, мінездің нақты қалыптасуы әр түрлі деңгейде дамыған топтарда (отбасы, достары, сынып, спорт командасы, еңбек ұжымы және т.б.) қалыптасады. Осы топтар сипаты мен оларда ардақталатын адамгершілік, қоғамдық құндылықтарға тәуелді мүшелерінің мінез ерекшеліктері орнығады. Мінез бітістері, сонымен бірге тұлғаның отбасындағы абройы, топтың басқа мүшелерімен арақатынасына байланысты тұрақталып не, аса қажет болса, өзгеріске түседі. Жоғары деңгейлі дамыған топ, ұжым мінездің мәнді де ұнамды бітістерінің қалыптасуына оң әсер етеді. Жақсы мінезді адам қалыптастыра отырып, ұжым өз дәреже, деңгейін арттыра түседі.
Қоғам әсерлері мен ықпалдарын бейнелейтін мінез мазмұны жеке адамның өмірлік бағыт–бағдарын құрайды, яғни оның заттай және рухани қажеттеріне, қызығуларына, наным–сенімдеріне, мұраттарына және т.б. негіз болады. Бағыт–бағдарға сай жеке адам өз мақсаттарын, өмірлік жоспары мен сол жоспарды іске асыруда қажет белсенділік деңгейін белгілей алады. Мінезге орай адамның дүние талғамы, өмір мәні, белгіленген мақсат– мүдделерінің, әрекет қылықтарының себептері ашылады.
Мінезді дұрыс түсінуде адам үшін маңызды болған қоғамдық құндылықтар мен жеке талғамдар арақатынасы шешуші мәнге ие. Әр қоғамның өзіне сай маңызды да мәнді міндеттері болады. Міне осы міндеттерді іске асыру барысында мінез қалыптасады. Кейін солар тұрғысынан тексеріледі, бағаланады. Сондықтан да мінез қандай да адам қасиетінің (төзімділік, өжеттік т.б.) көрінісі ғана болып қоймастан, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке болған бағыт–бағдар сипатын аңдатады. Осыдан мінездің тыңғылықтығы, біркелкілігі адамның өмірлік бағыт–бағдары негізінде нақты бір қалыпқа келеді. Мінез қалыптасудағы басты шарт- өмірлік мақсат, мұраттың нақтылығы. Мақсаттың болмауы не оның шашыраңқылығы-босбелбеулік, мінезсіздіктің белгісі. Солайда болса, жеке адам мінезі мен оның бағыт–бағдары екіталай нәрсе. Алдыңызға ақ көңіл кейіппен келген адамның бірі–ізгі ниетті де, ал екіншісі–жауыз болуы мүмкін. Жеке адам бағыт–бағдары оның барша әрекет–қылығына із береді. Әрдайым қылық “осылай болсын” деген ниеттен ғана емес, адам қатынастарының біртұтас жүйесіне негізделеді, ал бұл жүйеде қандай да қасиет басымдау болумен адам мінезіне белгілі сипат ендіреді[17].
Қалыпқа түскен мінезде адамның наным–сенімдер жүйесі жетекшілік етеді. Тиянақты көзқарас–наным адамның өз іс-әрекетін ұзақ мерзімді бағыт –бағдарға сай белгілеп, мақсатқа жетуде жігеріріліктің, орындап жатқан ісінің дұрыс та маңызды екеніне сенімділік туғызады.
Мінез ерекшеліктері адам қызығулармен тығыз байланысты, бірақ оның бұл қызығулары мәнді әрі тұрақты болуы шарт. Ал қызығулар үстірт, тұрақсыз болған жағдайда, дербестігінің кемдігі мен тиянақтылығы болмағанынан жеке адам електегіш келеді. Қызығулар ұқсастығы мінез теңдігін аңдатпайды. Мысалы, өнертапқыштар арасында көңілді не мұңды, кішіпейіл не өзімшіл тұлғаларды айыруға болады.
Мінез адамның қолы бос уақытындағы (досуг) өзі қалап шұғылданған істерінен де танылуы мүкін. Мұндай қызығулар тұлға мінезінің жаңа, ерекше қырларынан хабардар етеді. Мысалы, ұлы ғалым–химик Ебней Бөкетов қолы босаса, аудармашылықпен айналысып, орыс, батыс, қаламгерлерінің небір әйгілі көркем шығармаларын қазақ оқырманына жеткізген; атақты тіл ғалымы Әбдуәли Хайдари демалыс уақытында қазақы ер–тұрман, қамшы және т.б. заттарды оюлап, жолдастарын таң қалдырған; ғұлама–түркітанушы академик Рахманкүл Бердібай қолы босаса, күйшілік өнермен айналысады. Адамның рухани немесе заттай қажеттіліктерінің қайсысының басым болуына қарай оның тек ой, сезімдерінің ғана емес, сондай–ақ іс-әрекетінің де бағыт–бағдары айқындалады. Бұл арада аса маңызды нәрсе–іс-әрекеттің алға қойылған мақсатқа тікелей сай болғаны, себібі адам не істеп жатқаны немесе не істейтініне қарай бағаланбайды, әңгіме сол істі қалай орындайтынында. Осыдан мінез қалпы адамның бағыт–бағдары мен іс- әрекет кейпінің бірлігінен келіп шығады