Темперамент туралы жалпы түсінік туралы қазақша реферат
Темперамент деп психикалық процестер ағысының жылдам, не баяулығы, қимыл – қозғалыстар мен көңіл күйдің түрлі деңгейіне адамның жүйке саласының тыстан берілетін ерекшеліктерінің жиынтығын айтады. Темперамент адамның жеке қасиеттерінің ішінде айрықша белгілермен ерекше көзге түсіп отырады. Темперамент ұғымын жан қуаттарының ағысы (тез немесе өте баяу) қозу, тежеу процестерінің дәрежесі (тез не баяу), көңіл күйінің деңгейі (тұрақты, тұрақсыз) сияқты ерекшеліктерін құрастырады. Осы шарттарды негіз етіп, айтылған ерекшеліктерді еске алып, тнмпераменттерді 4 түрге бөлуге болады. Олар: 1. Сангивиникалық. 2. Холерикалық. 3. Флегматикалық. 4. Меланхоликалық темперамент.
Жоғарыдағы айтылған негізгі шарттарға сүйене отырып, бұл темпераменттердің әрқайсысына мына сияқты сипаттама беруге болады: 1. Сангвиникалық темпераментіндегі адамның жан қуатының ағымы ширақ, дене қимылдары мен бет қимылдары өзгермелі, эмоциялық қозулары әлсіз, көңіл күйі тез ауысып отырады. Жүріс- тұрысы да жылдам, ашулануы да, қуануы да тез, көңіл күйі өзгермелі болады. Мұндай кісі онша кек сақтамайды, қазір біреумен ерегісіп қалса, біраздан кейін ашуы тарап кетеді; 2. Холерикалық темпераменттің өкілінде психикалық әрекеттің ағысы тез және күшті болып келеді. Көтеріңкі, көңілді көзі оттай жайнап, сөйлегенде жұртқа кезек бермейді, былапыт сөзге үйір. Бір сөзбен айтқанда, ұстамсыз, құйындай адам. 3. Флегматикалық темпераментіндегі адам психикасы жай, жайбарақат болады. Дене қимылы, бет қимылы шабан, көрнексіз. Тежеулері бір қалыпты, қимыл – қозғалысы баяу, көңілі тұрақты болып, жайбарақат тіршілікпен жүріп жатады. Бұл адамдар көбінесе өздерінің жүріс – тұрысында сабырлы, мінезді болып келеді. 4. Меланхоликалық темпераментіндегі адамдардың психикасы жай, дене, бет қимылдары баяу, солғын болып келеді. Меланхоликалық кісі жүріс – тұрыстары өте жай, аса сылбыр, қимыл – қозғалыстары көрнексіз, ажарсыз болады, ойын – күлкіні көп жақтырмайды, көпшіліктен аулақ жүреді, жұртпен араласуды қаламайды, өзінен — өзі тұңғиыққа батқандай, үнемі уайым – қайғыға түскендей қалып байқатады.
Темпераменттердің осы 4 түрінің біреуі жақсы, біреуі жаман деп айтуға болмайды. Өйткені, олардың әрқайсысының да ұнамды, ұнамсыз жақтары да бар. Егер сангвиниктің ширақ болуы, көңілінде кек сақтамауы жағымды болса, көңіл күйінің бір қалыпты болмауы өзгеріп, құбылып тұруы, бір бастаған жұмысын аяқтап, ақырына жеткізбеуі жағымсыз жағы болып табылады.
Холериктің өте жігерлі болуы жағымды болса, көңілінің өте қатаң ұйытқымалылығы, ұстамсыз – тұрақсыздығы қолайсыз жағы болып табылады. Флегматиктің сабырлы, салмақты, көңілі тұрақты болуы жағымды болса, қимыл – қозғалыстарының баяулығы, шабан болып келуі жағымсыз жағы болады. Ал меланхоликалық адамның көңілінің тұрақты болуы, қолына алған бір жұмысты аяғына дейін апаруы жағымды жағы болса, өте сылбыр болуы, көбінесе көпшіліктен бөлек жүріп, өзімен — өзі болып, өзінен-өзі жүнжіп кетуі жағымсыз жағы болып табылады. Міне, осы себептен бұл темпераменттердің мынауысы жақсы, мынауысы жаман деп айтуға болмайды. Темпераменттердің осы түрлері шартты түрде сипатталған деуге болады. Өмірде темпераменттердің таза түрін кездестіру қиын, өйткені бұлардың жекелеген элементтерін әр темпераменттен де кездестіруге болады. Жүйке саласының өзгешеліктерін лабораториялық жағдайда зерттеу арқылы ғана бұларды даралап анықтауға мүмкіндік туады.
Физиолог И.П.Павловтың айтуынша, осы айтылған төрт темпераменттің қосындысынан тағы да темпераменттің бірнеше түрін шығаруға болады. Ол жеке темпераменттердің түрлерін 24-ке жеткізуге болады дейді. И.П.Павловтың жоғары жүйке қызметінің типтері туралы ілімі (1924) темперамент мәселесін ғылыми жолмен түсіндіруге жағдай жасады. Ғалым организмнің (иттің) жүйке саласындағы негізгі үш қасиетінің қызметімен байланыстырады:
1. Негізгі жүйке процестері (қозу, тежелу) күшті, әлсіз болуы. Мысалы, иттің жүйке саласының күшті екенін айыруда, шартты рефлекс ретінде өте күшті тітіргендіргіштердің әсерін байқаған. Кейбір реттерде өте күшті дыбыстардың әсерінен шартты рефлекстер пайда болған, енді біреулерінде мұндайда жағымсыз сезімдер пайда болып, шартты рефлекс жасалмаған. И.П.Павлов күшті қоздырғыштармен шартты рефлекс тудырған иттің жүйке саласы күшті деп, ал рефлекс туғызбайтындарды жүйкесі әлсіз деп есептеген.
2. Қозу және тежеу жүйке процестерінің бір – бірімен тепе – теңдігі. И.П.Павлов иттердің жүйке саласындағы қозу мен тежелу бір – бірімен тепе – тең бе, не тежелу, қозуынан басыңқы ма, не керісінше бұлардың қайсысы күшті, осы мәселеге қатты назар аударған. Тәжірибеде иттердің тежелу процестерінің тепе – теңдігі түрліше болған. Кейбіреулерінің қозуы мен тежелуі тең болса, енді біреулерінің қозу процестері басымырақ болған.
3. Қозу және тежелу жүйке процестерінің жылдамдылығы. Мұны анықтау үшін И.П.Павлов иттердің шартты рефлекстері пайда болуында бір шартты қоздырғыштан, екінші шартты қоздырғышқа тез ауыса алуын зерттеген. Егер иттер бір шартты қоздырғыштардан, екіншісіне тез көшіп, соларға да шартты рефлекс пайда болдырса, оны И.П.Павлов жылдам ауысады деп, шартты қоздырғыштарға тез ыңғайлана алмағандарын «шабан ауысады» деп белгілеген.
Міне, осы жоғарыда айтылған үш негізгі жүйке саласының белгісіне сүйене отырып И.П.Павлов хайуанаттардың жүйке саласын негізгі төрт түрге бөлген. Олардың үшеуі күшті типтер де біреуі әлсіз тип. Үш күшті типтің екеуінің қозу мен тежелу процестері тең, ал біреуінің қозу, тежелу процестерімен тең емес, яғни қозуы тежелуінен басымырақ.
1. Қозу мен тежелу процестері тең, күшті және жылдам қимылдағыш тип, басқаша айтқанда, оны Павлов ширақ тип деп атайды. Жүйке саласының осы типі жоғарғы айтылған темпераменттің сангвиника дейтін түріне сәйкес келеді.
2. Қозу, тежелу процестері тең, бірақ, олары баяу алмасады. Мұны И.П.Павлов, баяу тип деп атайды. Жүйке саласының бұл типі флегматикке сәйкес келеді.
3. Қозу мен тежелу процестері тең емес, қозуы басым, күшті, ұстамсыз тип. Бұған темпераменттің холерика дейтін түрі сәйкес келеді.
4. Қозу, тежелу процестері қай жағынан да өте әлсіз тип. Бұл тип меланхолик темпераментінің физиологиялық негізі болып табылады.
Темперамент туралы теориялар
Темперамент туралы ілім ерте кезде пайда болған. Ежелгі Греция ғалымы және дәрігер Гиппократ бұдан екі жарым мың жыл бұрын, темперамент туралы теорияның негізін салды.
Гиппократ өзінің дәрігерлік тәжірибесінде адамдардың қимыл — әрекеттерінің бірдей еместігін, олардың жүріс – тұрысына, психикалық әрекеттерінің ағысы да, көңіл күйінің барысы да әртүрлі екендігін байқап, бұлардың не себептен осылайша болғандығына ерекше назар аударған. Ол адамды әр темпераментке бөлген. Денеде болатын 4 түрлі сұйық заттарды: қан, шырыш (шайыр), қара және сары ет, осыларды әр түрлі пропорцияларына сәйкес түсіндірген.
Гиппократтың пікірінше, адамның тәнінде заттардың біреуінің көп, кейбіреулерінің аз болуы – олардың бірімен-бірінің пропорциясы бұзылса, бірі екіншісінен артық, не кем болса, белгілі темпераменттің төрт түрінің біреуіне жататын болған. Мәселен, сангвиник темпераментіндегі адамдардың қаны басым келеді. Мұндай адамдар тез қозғыш, тез тыныштанғыш болып табылады. Меланхолик темпераментіндегі адамның тәнінде қара өт басым болады. Мұндай кісі өте тұйық, жігерсіз келеді. Холерик темпераментінде сары ет басым болады. Олар жігерлі болып қимыл-қозғалысы күшті, ұстамсыз, ерекше пысық келеді. Ал флегматик темпераментінде төрт түрлі сұйықтық ішінен шырыш дейтіні көбірек болады. Бұлар тез қозбайды, бірақ істі аяғына дейін жеткізе алады. Әрине, Гиппократтың темпераменттердің әр түрлілігі де денедегі сұйық заттардың пропорциясына байланысты деуі ғылыми жағынан дәлелсіз. Кейінгі кездерде темперамент жайында басқа да теориялар шыға бастады. Соның бірі – белгілі неміс философы Қант адам темпераментін екі топқа бөледі: 1) сезім темпераменттері. Бұған ол сангвиникалық меланхолика темпераменттерін ендіреді; 2) әрекет темпераменттері. Бұларға Қант холерик және флегматик темпераменттерін жатқызады. Қант адам сезімдері мен әрекеттерін сипаттауға байланысты ол темпераменттерді адамның мінезімен қосарластыра қарайды, яғни мінез бен темпераменттің арасына теңдік белгісін қояды.
Неміс психологі В.Вундт та темпераменттерді екі топқа бөлді: 1) эмоциясы күшті темпераменттер; 2) әлсіз эмоциялы темпераменттер. Біріншісіне холерик және меланхолик темпераменттерін жатқызады. Өйткені, холериктің эмоциясы күшті болады да және тез әрекет етеді, ал меланхоликтің жан дүниесінің ауысып отыруы өте шабан, жай болып келеді.
Эмоциялы әлсіз темпераменттерге сангвиник және флегматик темпераменттер жатады. Сангвиниктің қозулары, сезімдері күшті, әрекеттері жылдам болып отырады. Ал флегматиктің эмоциялары күшті, бірақ олардың әрекеті шабан болып келеді. Вундттан кейін кейбіреулердің теориялары адмның темпераменттерінің негізіне, адамның көңілінің жағымды, я жағымсыз болуын қояды. Олар адамның темпераменттерін шаттық, көңілді темпераменттерге және уайым, мұңды темпераменттерге бөледі. Әрине, бұл жоғарыда айтылған пікірлердің барлығы бір беттілк қате теориялар. Бұл теориялар Гиппократтың теориясын өзгертіп осы уақытқа дейін қолданылып келеді.
ХХ ғасырда темперамент туралы теориялық пікір айтқан ғалымның бірі Э.Кречмер (1888 – 1964). Ол «Тән құрылысы және мінез» атты еңбегінде темперамент түрлі адамның дене құрылысымен конституциясымен байланысты болады деді. Кречмер адамдарды бөледі. Олар: пикник, атастик, астеник. Кречмердің сипаттауынша пикниктердің денесі төртпақ, қол, аяғы мен мойны қысқа, бұлшық еттері нашар, сүйектері борпылдақ, іші мен бөксесі үлкен, көкірек бездері шығыңқы, беті жұмсақ, ажарлы, денесі семіз келеді; Атлетиктер бойы ұзын, бұлшық еттері жақсы жетілген, жауырын мен бөксесі оңтайлы, мойны ұзын, дене құрлысы пропорциялы болып келеді. Астениктер (лептозондар) арық, беті сопақ, аяқ-қолы, мойыны ұзын, денесінің терісі, сүйектері бос болып келеді.
Адамның дене құрылысын осылайша сипаттай келе, Кречмер темпераменттерді екіге бөледі.Пикниктердің темпераментін Кречмер көбінесе – сиклотиник, ал атлетик пен астениктің темпераменттері – шизотимик деп атайды.Сиклонитик және шизтимикті ол сау адамдардың темпераменттеріне жатқызады. Сау адамдар мен ауру адамдардың ортасында ауруға шалығайын деп тұрған адамдардың темпераментін Кречмер сиклойд тепераментіне, ал астеник, атлетиктердің темпераментін – шизойд иемпераменті деп атаған. Оның айтуынша, сиклойдтардың және шизойдтардың өзіне тән аурулары болады. Мәселен, сиклойдтар көбінесе кем ақылдың – депрессивтік психоздармен ауырады. Кречмердің сипаттауынша сиклойдтар өте жігерлі, әрекетсіз, уайымшыл, бірақ тез көнгіш, ақ көңіл, өтн жұмсақ, жүйесіз қимылдайтын басқа адамдардың уайым – қайғысына ортақтасып, айналасындағы дүниеге, жағдайдың өзгеруіне ыңғайланғыш болып келеді. Шизойдтер – жай, қщзуы өте шабан, тұйық, жабық адам, бірақ табанды, тұрақты болып келеді. Маникалдың депрессив психозымен ауырған адамдардың мінезі жеңіл, тұрақты, өте сезімді, көңілі аумалы болып келеді. Шизофренмен ауырған адамдардың көңіл күйі түсінкі,өз жағдайын ойлай беретін, қайғы – қасіретке бейім адамдар.
Кречмер темперамент балаға ата – анасынан балаларға тұқым, нәсіл арқылы отырады, олар өзгеріске түспейді, баланың туысынан темпераменті қандай болса, сол темпераменттерді үлкейген кезде де сол бойынша қалады дейді. Әрине, темперамент жөнінде осылайша кесіп айту дәл болмайды, темпераменттер түрлі жағдайлардың әсерімен өмір сүру барысында аздап өзгеріске түсіп отырады.