Тас дәуіріндегі Қазақстан

Тас дәуіріндегі Қазақстан туралы қазақша реферат

Археологиялық кезеңдестірілуі: палеолит, мезолит, неолит. Мезолиттегі микролиттік индустрия. Пайдаланушыдан өндірушіге өту.  Еңбек құралдарының дамуы, техногенез. Бірінші және екінші энергетикалық революция: отты қолдана бастау және доместикация. Палеолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері. Мезолит, неолит, энеолит дәуірілерінің Қазақстан террториясындағы археологиялық мәдениеттері.

Тас дәуірі — адамның және адам болмысының басты қасиеттерінің қалыптасу кезеңі. Адамның пайда болу мәселелерін зерттеу орасан көптеген теориялар туғызды, олардың ішінен екі негізгі концепцияны жеке қарастыруға болады-философиялық — діни (адамды құдай жаратты) және материалистік, бұған сәйкес адам табиғи эволюция мен еңбек қызметінің нәтижесінде жануарлардан (приматтардан) шықты.

Тас ғасыры бірнеше кезеңнен тұрады: палеолит (ерте тас ғасыры) 2,5-2 млн. жыл бұрын басталады, ол өз кезегінде төменгі (ерте) палеолит (2,5млн.-140м.ж.бұрын), орта (120-40м.ж.бұрын), жоғарғы (кейінгі) палеолитке (40-12м.ж. б.з.д.) бөлінеді. Палеолит: Олдувай, Ашель, Мустье, Солютре, Ориньяк және Мадлен кезеңдерінен тұрады.

Мезолит (орта тас ғасыры) б.з.д.12 м.ж.-6 м.ж. арасын қамтиды. Жаңа тас дәуірі (неолит) б.з.д.6-4 м.ж. деп шамаланады. Тас дәуірінен қола дәуіріне өтпелі кезең энеолит (мыс — тас ғасыры лат. аeпeus-мыс) б.з.д. 3 м.ж.  деп аталады. Алғашқы мемлекеттер мен жазудың пайда болуына дейінгі тарихтың бүкіл кезеңін алғашқы қауымдық  құрылыс (сонымен қоса, «тарихқа дейінгі» деген термин де қолданылады) деп атау қалыптасқан.

Біздің елімізде палеолиттік мәдениеттің екі таралу аймағын бөліп көрсетуге болады: Сарыарқа мен Қаратау жотасы (Бөріқазған, Тәңіріқазған, Қазанғап және т.б.) . Еңбек құралдары негізінен түрлі формадағы дөрекі және үлкен шапқылар (бифастар-екі жақты, унифастар-бір жақты) болды. Біртіндеп анағұрлым кішірек және едәуір жақсы өңделген құралдарға-микролиттерге көшу байқалады. Палеолитте адамдар отты пайдалануды үйренді. Аңшылық палеолит кезеңінің шаруашылығында басты рөл атқарады. Аң аулаудың тәсілдері әртүрлі болды: от арқылы қамалау,тұзақ ,шұңқырлар, т.б. аң аулау құралдарының дамуына ірі жануарлардың қырылуы үлкен серпіліс берді, өйткені, аң аулаудың объектілері ұсақ және жылдам жануарлар болып қалды, ал оларды найзамен аулау жеміссіздеу болды. Қолайлы жерлерде алғашқы адамдар сүйектен жасалған үшкір сүңгір (гарпун) мен қарапайым ілмектер (күршектер) көмегімен балық аулаумен айналысты.

Кейінгі палеолите тұрғын-жай ретінде адамдар әлі де үңгірлерді пайдалана берді, сонымен қатар жасанды тұрғын-жайлар — жер үстіндегі кепелер мен жертөлелерді де сала бастады.

Жоғарғы палеолит мәдениетіне, сондай-ақ, адамдардың алғашқы қабірлері де жатады, бұл сол заманда тән және жан туралы түсініктердің пайда болуы туралы мәлімет береді. Табиғат пен адам — адамдардың ертеректегі діни түсініктерінде бірге жүрді және бұл барлық түрлерінде — тотемизм, фетишизм, анимизм, магияда да көрініс тапты. Тілдің дамуы адамның шаруашылық қызметінің дамуымен қатар жүрді.

Мезолит (грекшеден «мезос»-орта) климаттағы өзгерістермен белгілі, бұл бәрінен бұрын мұздықтардың кейін шегінуімен байланысты. Бұл кезде қазіргіге жақын флора мен фаунаның құрамы қалыптаса бастады. Сондай-ақ, бұл уақытта «мамонттық» фауналық кешеннің жойылып кетуіне байланысты өмір сүру қажетін қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін іздестіру жүріп жатты. Кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының элементтері, басқаларда балықшылық пен терімші-аңшылық шаруашылықтары пайда болды. Мезолите садақ пен жебелер кеңінен қолданылды, еңбек құралдарын даярлау техникасында өзгерістер болды.

Жаңа тас ғасырындағы адамдар бұрынғы адамдардан барлық жағынан жоғары тұрды. Олар мата тоқып, киім тігуді үйренді. Керамикалық ыдыстарға өрнектер сала білді. Жаңа тас ғасыры (неолит) б.з.б. 5-3 мың жылдықтар аралығын қамтиды. Неолиттің тұрақ-қоныстары қазақстанда көптеп кездеседі. Жаңа тас ғасырындағы аңшылардың негізгі аулайтын аңы аша тұяқты, жайылымын жиі өзгертіп отыратын аңдар болды. Неолит заманының аңшылары аңдардың соңынан жылжып-көшіп отырған, сондықтан көпшілік мекен-жайлары уақытша болған.

Энеолит сөзі – мыс-тас ғасыры дегенді білдіреді. Бірақ металл тасты қолданыстан мүлдем шығарып тастаған жоқ. Тас сол кезде де ең негізгі құрал ретінде пайдаланылды. Мыс-тас ғасыры қоғамында екі ірі өзгеріс орын алды: еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру үстемдігі қалыптасты. Қазақстан аумағында энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы. Ботай тұрағы б.з.б. 3-2 мыңжылдықтармен мерзімделеді. Бұл тұрақ 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылды. Үйлердің қабырғалары жануарлардың терісімен қапталған және ортасына ошақ орнатылған. Жылқы сүйектері өте көп табылды. Ботайлықтар жылқы малын қолға үйреткен. Сондай-ақ бұланның, еліктің, аюдың, иттің, қабанның және т.б. сүйектері де кездеседі.

Энеолит дәуірінде Қазақстан территориясында жылқыны қолға үйрету және топтап бағу жүзеге асқан, бұл Солтүстік Қазақстан территориясындағы археологиялық қазбалардан белгілі (Ботай мәдениеті). Ботайлықтар-Еуразия өніріндегі алғашқы жылқы өсірушілер. Жайық-Ертіс арасындағы энеолиттік қоныстардан орасан көп жылқы сүйектері табылды.