Тарифтік және бейтарифтік реттеу

Тарифтік және бейтарифтік реттеу туралы қазақша реферат

Еліміздің экономикалық дамуының қазіргі кезеңінде экспортты реттеу мәселелері маңызды және өзекті болып табылады. Бұл жайында мынандай фактіге сүйенсек 2002 жылы жалпы ішкі өнімдегі экспорттың үлесі 40% құраса, ал 2003 жылы бұл көрсеткіш 44% құраған.[12]

Осы жағдайда негізгі экспортталатын тауарларға мұнай, газ конденсаты, қара және түсті металл, ауылшаруашылығы шикізатын жатқызамыз. Жалпы шикізат пен алғашқы өңдеуден өткен өнімдердің үлесіне тұтас экспорттың 80% тиеді. Бұндай жағдайды тек қана отандық өнімдердің бәсекеқабілеттілігінің  төмендігімен ғана емес, сонымен қатар экспортты ынталандырудың тиімді саясатының қолға алынбауы арқылы түсіндіруге  болады.

Республиканың қазіргі сауда режимінде экспорт тарифтік (экспорттық баж) және бейтарифтік (лицензиялау, квоталау, тыйым салу тағы басқалар) шаралармен реттелінеді.

Кеден кодексіне сәйкес тауарлардың экспорты мен импорты бейтарифтік реттеу шаралары  сақталған және кеден баждары төленген жағдайда жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің «Жекелеген тауарлардың түріне шығарылатын кедендік баждардың мөлшері туралы» 2000 жылы 5-маусымдағы №841 қаулысына сәйкес белгілі бір тауарлардың экспортына кедендік баждар орнатылған. Осы тауарларға тері, тері шикізаты, тоқыма, жүн, мыс сынықтары мен қалдықтары, қара металл сынықтары мен қалдықтары, қара металлдан жасалған жекелеген заттардың түрі, өңделмеген аллюминий және оның бұйымдары, темір жол мен трамвай локомотивтерінің кейбір бөліктері жатады. Осы тауарларға кедендік баждар отандық өндіріске қажетті шикізаттың республика аумағынан шығуын болдырмау мақсатында белгіленген.

Осыған байланысты айтатын болсақ Бүкіләлемдік Сауда Ұйымы ережелері экспорттық кеден баждарын қолдануға тыйым салмайды, бірақта Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына мүше елдер сыртқыэкономикалық қызметті реттеудің осы механизмінің қолданылғанын қаламайды.

Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін тауарларға қатысты Үкіметтің 1996 жылы 14-қарашадағы № 1389 «Әкелінетін тауарларға кеден баждарының мөлшері туралы» қаулысына сәйкес кеден баждары белгіленген.

Ал экспортты бейтарифтік немесе жанама реттеуге келетін болсақ, бұл кедендік-тарифтік реттеуден тысқары, экономикалық және әкімшілік іс-шаралардың жиынтығын білдіреді. Осы іс-шаралардың бір жағынан шектейтін, екінші жағынан ынталандыратын мағынасы бар.

Қазіргі таңдағы Қазақстанның отандық тауарларды сыртқы рынокқа жылжыту мен дискриминациялық кедергілерді алып тастауға бағытталған белсенді экспорттық саясатты жүргізіп отырғанына қарамастан, экспортты  бейтарифтік немесе жанама реттеу шаралары, көбінесе ынталандыру мағынасындағысы толық күйінде пайдаланылмай жатыр.

Осы жағдайда экспортты ынталандырудың мемлекеттік шараларының тұтас жүйесін қалыптастырудың қажеттілігі туындап отыр. Экономикадағы табысты құрылымды өзгерістердің әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай.  Құрылымды өзгерістердің басты аспектісі ретінде отандық экспорттаушыларға тиімді құқықтық механизмді, сонымен қатар сәйкес қаржылық және ақпараттық инфрақұрылымды, сыртқыэкономикалық қызметті тұтасымен жандандырудың қолайлы жағдайларын жасауды көздейтін экспортқа бағытталған экономикалық өсуді мемлекеттік қолдау табылады.

Республикамыздың сыртқы саудасын бейтарифтік реттеу шаралары акцизделетін тауарлардың айналымын реттеуден, тауарларды сертификаттаудан, ішкі рынокты тауарлардың импортынан қорғаудан, экспорттық лицензияларды беруден, сонымен бірге жекелеген тауарлардың экспортын шектеуден немесе тыйым салудан, отандық өнімдерді әлемдік рынокқа жылжытудан тұрады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылы бесінші желтоқсандағы №1243 «жекелеген тауарларды әкелу мен әкетуге шектеулерді енгізу туралы» және 2002 жылы 16-шілдедегі №785 «Орманды пайдаланудың жекелеген мәселері» Қаулыларымен алюминий мен никелден жасалатын бұйымдардың кейбіреуінің, ағаш материалдары, кесілген материалдар және ағаштан жасалған кейбір заттардың экспортына тыйым салынған.

Бұдан басқа егін егу уақытында жанармайдың жетіспеушілігін болдырмау мақсатында 2004 жылы 23-ақпанында Үкіметтің №210 қаулысы қабылданды. Бұл қаулы 1-наурыздан бастап, 1-маусымға дейін Қазақстан Республикасы аумағынан жанармайдың шығарылуына тиым салады.

Осыған сәйкес Қазақстан Республикасының сыртқы сауда режимін ырықтандыру мен отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Үкімет  2003 жылы 31-наурызында №310 « Қазақстан Республикасының Үкіметінің 1998 жылы 31-желтоқсандағы №1376 қаулысына өзгерістерді енгізу туралы» шешім қабылдап, темекі мен темекі өнімдерінің импортын лицензиялауды алып тастады. Бұдан басқа 2003 жылы 3-қыркүйектегі №839 « Қазақстан Республикасының Үкіметінің 30.06.97ж. №37 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы, ветеринарлық дәрі-дәрмектерді тауарлардың экспорты мен импорты кезіндегі лицензиялауға жататындардың тізімінен алып тастады.[30]

Сауда және тарифтер бойынша бас келісімінің ХІ бабына сәйкес Қазақстанның Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіру шегінде экспортқа тыйым салуға немесе экспорттық лицензия, квота түріндегі шектеулерді қолдануға болмайды. Тек қана кеден баждары мен салықтарды басқа да алымдарды қолдануға болады. Осыған байланысты бүгінде қолданылып жатқан бейтарифтік реттеу шараларын Сауда және тарифтер бойынша бас келісімінің ережелеріне сәйкестендіру үшін жұмыстар атқарылуда.

Қазақстанның сыртқыэкономикалық саясаты соңғы жылдарда сыртқы сауда және валюталық операцияларды ырықтандыруға, сыртқы экономикалық байланыстарды нұсқаулық басқарудың жүйесін бөлектеуге бағытталған. Бірақта ашықтықтың күшейуі тек қана белгілі бір артықшылықтарға ие болып қалмайды. Сонымен қатар қауіп туғызады, әсіресе экономикасы өтпелі кезеңдегі елдер мен дамушы елдерге. Осы жағдайда ұлттық өндірушілерді шетелдік бәсекелестерінің басып тастауы, жекелеген салалардың әлемдік жағдаятқа, индустрияльды дамыған мемлекеттердің сауда және қаржы саясаттарына тәуелділігінің өсуі, қаржы жүйесі мен ақша айналымының тұрақтылығына қауіп төну секілді қатерлер пайда болуы мүмкін.

Отандық тауар өндірушілердің негізгі қиындықтарының бірі ретінде айналымдағы қаржының жетіспеуі мен техникалық жарақтану деңгейінің төмендігімен қатар отандық өнімдердің алыс шетел мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен импортталып келетін сол тектес өнімдерге қарағанда бәсекеқабілеттілігінің төмендігі табылады. Сонымен бірге шетелдік тауарлардың бағасы біздікіне қарағанда төмен болып отыр. Осыларға қарамастан біздің кәсіпорындардың қазіргі таңда ірі капиталдық салымдарсыз-ақ өндірістің көлемін артырып, импорттың көлемін 20% дейін қысқартуына мүмкіндіктері бар.

Өткізу рыноктарын кеңейту жөніндегі қызмет шеңберінде Америка Құрама Штаттарында демпингке қарсы анықтаудың күші жойылды және қазақстандық титан губкасының импортына, уран өнімі мен ферросилицийге қатысты салынған демпингке қарсы баждар алынып тасталды. 2000 жылғы наурызда Еуроодақ елдері Қазақстан Республикасынан феррохром импортына демпингке қарсы тергеуді тоқтатты.

Еуроодақ елдердің ферросилиций жеткізулеріне енгізілген демпингке қарсы баждары алып тастау, қазақстандық болатты еуропалық рынокқа шығаруға экспорттық квотаны ұлғайту жөніндегі жұмыстар жалғастырылуда.

2000 жылы Еуроодақ Қазақстанға демпингке қарсы анықтауға қатысты нарықтық экономикасы бар елдің мәртебесін берді. Америка Құрама Штаттарының демпингке қарсы заңына сәйкес 2002 жылғы наурызда Америка Құрама Штаттарының Сауда министрлігі Қазақстаннаң нарық экономикасы бар ел емес мәртебесін алып тастады.[4]

Сыртқы экономикалық қызметті реттеу саласындағы басқа бағыт экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға мемлекетік бақылауды күшейту болып отыр. «Трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 5 қаңтардағы Заңы халықаралық іскерлік операцияларына мемлекеттік кірістің ысырабын болдырмау үшін трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау шараларын белгілейді. Осы Заңды іске асыру тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) тізбесінде белгіленген тауарлар жөніндегі мәмілелердің мониторингі жүргізу жүзеге асырылады. Тауарлар экспортын және валюта түсімін бақылаудың пәрменділігі мақсатында экспорт көлемін есепке алу, отандық өндірушілердің экспорттық бағаларының әлемдік рыноктардағы бағалардан ауытқуы жөнінде жұмыс жүргізілуде, экспорттаушы кәсіпорындардың қаржы-экономикалық қызметінің барынша мүмкін ашықтығын қамтамасыз ету үшін жағдай жасалуда.

Республиканың экономикалық қауіпсіздігінің мүдделерін және басқа да өмірлік маңызы бар мүдделерін негізге ала отырып, атап айтқанда, ішкі рыноктың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында экспортты шектеу жөніндегі шаралар қолданылады. Бұл лицензиялауды, квоталауды немесе тыйым салуларды, экспортты ерікті түрде шектеуді енгізу жолымен экспортталатын тауардың санын шектеуге арналған шаралар. Мәселен, жылыту маусымында және ауыл шаруашылығы жұмыстары кезеңінде мазутпен және дизель отынымен қамтамасыз етудің дағдарысты жағдайына байланысты 1999-2001 жылдардың ішінде бірнеше рет Қазақстан Республикасының аумағынан мазут пен дизель отынының экспортына уақытша тыйым салу енгізілді.

Мемлекет экспорттық жүктерді тасымалдау үшін көлік дәліздерін салуды және олардың қуаттылықтарын арттыруды қамтамасыз ету жөнінде жұмыс жүргізуде.

Экспорттық бақылауды күшейту жөнінде жұмыс жүргізілуде. Халықаралық міндеттемелерді сақтау мақсатында тиісті заңнама қабылданды, екі ұдай мақсаттағы тауарлар мен технологиялардың тізбесі кеңейтілді.

2001 жылы оған экспорттық операцияларды несиелендіру функциялары жүктелген Қазақстанның Даму Банкі құрылды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігімен бірлесіп, оның мақсаты – тауарлар экспортынан түсетін түсімнің шетелдік валютамен және теңгемен толық әрі уақытша түсуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тауарлар импорты мақсатына қаражатты шетелдік валютамен және теңгемен пайдаланудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ету болып табылатын экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыруда.

Барлық осы шаралар мен жұмыстар, дәстүрлі қазақстандық экспорттық тауарларды неғұрлым жылжытуға бағытталған. Экспортты елдің экономикасын дамытудың негізгі факторларының бірі ретінде ұлғайту, қалыптасқан жағдайда өндеуші өнеркәсіпке зиян келтіріп, ұлттық экономиканың құрылымында шикізат кешенінің одан әрі дамуына және күшеюіне әкеледі. Осыған байланысты қазақстандық экспорттың номенклатурасын кеңейту және өңделу дәрежесі жоғары өнімнің есебінен оның құндық көлемін ұлғайту жөнінде тиімді шаралар қажет.

Мемлекеттік реттеудің нысандары мен әдістерін (көбінесе, жанама нысандары арқылы) таңдау елдің экономикасының қазіргі жағдайдағы экспортқа бағдарлануын дамытуға мемлекеттің ықпал ету мүмкіндігін айқындайды. Сонымен бір мезгілде, осы шараларды қолданудың негізгі бағыттарын белгілеу үшін қазақстандық экспортты тежеуге ықпал ететін факторларды анықтау қажет. Оларға:

отандық өнеркәсіп, ең алдымен өңдеуші өнеркәсіп өнімінің бәсекелесу қабілетінің төмендігі;

өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының көпшілігінде перспективалы экспортқа бағдарланған жобалар мен зерттеулерді инвестициялау үшін ішкі ресурстардың болмауы;

тұтынушылық және экологиялық сипаттамаларға, сондай-ақ өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің рыноктарында сатылатын өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың едәуір күшеюі жағдайында экспорттық өнімнің сапасын сертификаттаудың және бақылаудың отандық жүйелерінің жеткіліксіз дамуы;

қазақстандық экспортты қамтамасыз ететін көлік инфрақұрылымының жетілмегендігі;

отандық кәсіпорындар менеджерлерінің көпшілігінде экспорт саласындағы арнайы білім мен жұмыс істеу тәжірибесінің жеткіліксіздігі, олардың сыртқы рыноктардағы іс-әрекеттерінің үйлестірілмеуі;

кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте дәстүрлі өндірістік байланыстардың үзілуі;

шет елде қазақстандық экспортаушыларды кемсітушілік элементтерінің сақталуы жатады.

Осыған байланысты, басты міндет – оның тиімділігін арттыру мақсатында жанама реттеу шараларын қоланудың негізгі бағыттарын әзірлеу болып табылады. Экспорттық операцияларды несиелендіру мен сақтандыруды кеңейту, әлемдік саудадағы өзгермелі жағдайларға сәйкес жаңа рыноктарға жылжуда ақпараттық қолдау мен жәрдемдесудің мемлекеттік саясаты арқылы басты міндетті шешу көзделеді.

Өнеркәсіп саясатын, агроөнеркәсіп кешенін, көлікті және ел экономикасының басқа да секторлардың дамыту стратегиясын жүзеге асырудың нәтижесінде экспорттық құрылымын әртараптандыру қосылған құнының дәрежесі жоғары өнімнің үлесін ұлғайтуға, тауарлар мен қызмет көрсетулер экспортының номенклатурасын кеңейтуге әкелуі тиіс.

Бұл ретте, экспорттық тұрақты өсуіне жәрдемдесу мына бағыттардағы шараларды әзірлеу мен іске асырудың есебінен жүзеге асырылатын болады;

Қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қазіргі рыноктарға тұрақты қатысуына және жаңа рыноктарды ашуына қол жеткізу;

Дәстүрлі қазақстандық экспорттық тауарларды жеткізуді ұлғайту;

Дәстүрлі емес, жаңа тауарларды сыртқы рыноктарға жылжыту.

Экспорттың өткізу рыноктарын кеңейтуге саяси және экономикалық шаралармен, дипломатиялық рәсімдермен және сыртқы рыноктарда қолдаудың нысандарымен қол жеткізілетін болады:

Сауда жөніндегі екі жақты және көп жақты келісімдер жасасу;

Қазақстандық тауарлардың жолындағы орын алып отырған кемсітушілік кедергілерін алып тастау;

Сыртқы рыноктарда қазақстандық тауарларға сөзсіз негізде неғұрлым қолайлы жағдай режимін ұсынуға қол жеткізу;

Қазақстандық экспорттық тауарларды дамыған елдер преференцияларының бас жүйесіне енгізу, ол преференциялар мен техникалық көмек беру тетігін дәстүрлі емес тауарларды жылжыту және шет елдердің рыноктарына Қазақстанның қатысуын орнықтыру үшін пайдалануға мүмкіндік береді;

Экспортты дамыту үшін перспективалы елдерде Қазақстан елшіліктерінің қызметін жандандыру;

Экспорт бойынша шығындарды азайту мақсатында өнімдерді тасымалдау кезінде икемді тарифтік саясат жүргізу.

Тұтас алғанда, саудадағы әріптес елдерді таңдауда икемді саясат қажет: өткізу рыноктарын әртараптандыру, Еуропа мен Азия елдерінің жақын рыноктарын толығырақ пайдалану, үшінші елдер арқылы транзитті барынша азайта отырып, аймақтық одақтармен өзара іс-қимылды күшейту.[35]

Елдің экспорттық әлеуетін дамыту үшін халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың түрлі нысандарын оңтайлы пайдалану ұлттық экспорттық стратегияның маңызды элементі болып табылады.

Әлемдік практикада экономикалық ынтымақтастықтың түрлі нысандары пайдаланылады. Соңғы жылдары шетелдік инвестицияларды тарту және бірлескен кәсіпорындар, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар құру, өтемдік негіздегі ынтымақтастық, несиелік келісімдер, алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу, лицензиялық сауда халықаралық лизинг, инжиниринг, жағалаудағы және шекара маңындағы сауда, еркін экономикалық аймақтар құру, екеуден көп елдердің қатысуымен өтемдік тасымалдаулар және тағы басқалары сияқты нысандар кеңінен қолданылуда.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта шетелдік әріптестер инвестициялардың ресурстық базаны дамытуға және отынэнергетикалық кешеннің қуаттарын жаңғыртуға жұмсалуын жүзеге асыруға көбірек мүдделі болғандықтан, бірлескен кәсіпорындардың әсіресе өндеуші өнеркәсіп саласындағы тікелей өндірістік қызмет саласына неғұрлым кеңінен қатысуы үшін жағдай жасау маңызды міндет болып табылады.

Сондай-ақ экспорттық қызметте географиялық басымдықтарды байыпты анықтау, сондай-ақ Қазақстан мен шет елдердің өзара мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады.

Дәстүрлі қазақстандық экспорттық тауарларды жеткізудің ұлғаюы оларды жеткізу географиясын кеңейту, қазақстандық экспорттаушылар тарапынан демпингті, сондай-ақ сауда әріптестері – елдердің тарапынан кемсітушілік шараларын болдырмау арқылы жүзеге асырылады. Алайда, мемлекетік мониторинг пен шикізаттық экспортты қолдау қажеттігі қалады. Бұл үшін:

─   Шет елге шығарылатын шикізаттық тауарлар мен шала өнімдерді қайта өндеу тереңдігін ұлғайту және сапасын жақсарту;

─   Оларды сыртқы рыноктарға тиімді жылжыту үшін мұнайдың, металдардың сапасын халықаралық сертификаттауды жүргізу;

─   Тауарлар экспорты мен валюта түсімін бақылаудың пәрменділігін арттыру үшін әлемдік тәжірибеге сәйкес экспорттың көлемі мен бағаларын есепке алуды жақсарту;

─   Экспорттаушы кәсіпорындардың қаржы-экономикалық қызметінің барынша ықтимал ашықтығын қамтамасыз ету;

─   Кен өндіру салаларында қазақстандық құрамдас бөліктің қатысуының басымдығын көздеу;

─   әлемдік бағалардың өзгерулеріне жедел ден қою үшін сауда-саяси ахуалын және әлемдік рыноктың конъюнктурасын дамытудағы үрдістерді зерделеу және талдау жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу қажет.

Дәстүрлі емес, жаңа тауарларды сыртқы рыноктарға жылжыту үшін:

─   өндеуші өнеркәсіпте жаңа жұмыс орындарын кұруға қабілетті өсу нүктелері болатын қара, түсті, асыл және жерде сирек кездесетін металдарды, мұнай мен газды өңдеу салаларындағы үшінші, төртінші және бесінші қайта бөлістерді дамытуды инвестициялау;

─   агроөнекәсіптік өндірістің салаларында бәсекеге қабілетті өнім өндіруді дамыту;

─   тауарлардың экспортқа бағдарланған жаңа түрлерін өндіруді дамыту;

─   қосылған құны жоғары өнімдер экспортын несиелендіру мен сақтандырудың тетіктерін қалыптастыру (соның ішінде экспорттық-импорттық сақтандыру құрылымдарын құру);

─   сыртқы рыноктарға жылжыту үшін әлемдік стандарттарға сәйкес дайын өнімнің негізгі түрлерін сертификаттауды және стандарттауды қамтамасыз ету.

Азық-түліктің экологиялық қауіпсіздігін білдіретін эко-жапсырмалар түріндегі таңбалауды ерікті түрде пайдалану;

─   бірінші кезекте өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың басым бағыттары бойынша франчайзингтік қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар құру;

─   ақпараттық қолдау жүйесін қалыптастыру (ақпаратты клиент үшін қолайлы нысанда тиімді және жедел беруді қамтамасыз ететін ақпараттық-консультациялық қызметтердің желілері);

─   маркетингтің деңгейін көтеру, жарнамалық қызметті жетілдіру (көрмелік-жәрмеңкелік іс-шаралар, сыртқы рыноктардағы жағдаймен танысу және іскерлік байланыстар орнату үшін сауда делегацияларының сапарлары, оларды халықаралық кездесулердің, келіссөздердің және өзге де іс-шаралардың барысында көрсету жолымен неғұрлым басымдықты экспорттық жобаларды дипломатиялық қолдауды қамтамасыз ету). Қазақстандық өнімдерді экспортқа жылжытудың перспективалы нысаны әртүрлі көрмелік іс-шараларды, соның ішінде келісім-шарттар жәрмеңкелерін, халықаралық байланыс күндерін, идеялар мен технологиялар көрмелерін өткізу болып табылады;

─   қазақстандық экспорттаушылардың сыртқы рыноктарға шығуы және тұтас алғанда, олардың қызметін үйлестіру кезінде келісілген іс-қимыл жасау үшін экспорттаушылар қауымдастықтарын құру;

─   экспорттық өндірістің негізінде мүлде жаңа технологиялар құру және қолдау жолымен ғылымды көп қажетсінетін және жоғары технологиялы өнімдерді игеру.

Бұл үшін жоғары технологиялы салаларға қолданылатын ынталандырулар жүйесін жасау, сондай-ақ:

─   Жыл сайынғы сатулардың жалпы көлемінен зерттеулерге және дамуға жұмсалатын шығыстар;

─   Ғылыми және техникалық қызметкерлердің жұмыс күшінің жалпы санына пайыздық құрамы;

─   Отандық ғылыми-зерттеу институттарын тарту арқылы жоғары технологиялы өндірістерді, материалдар мен өндірістердің жаңа түрлерін әзірлеу жөніндегі ғылыми-зерттеу, тәжірибелікконструкторлық жұмыстарға таза кірістерден міндетті түрде жыл сайын қаражат бөлу бойынша белгілі бір сандық шарттарды қанағаттандыруға тиіс болатын кәсіпорындарды іріктеудің өлшемдерін анықтау қажет. Өнеркәсіптің құрылымын реформалау және экспортты әртараптандыру мақсатында олардың базасында ғылыми әзірленімдерді іске асыру жөніндегі еншілес кәсіпорындар мен өндірістер құруды ұсыну.

Дайын бұйымдар экспортын кеңейту тауарлардың бәсекеге қабілетті екенін көрсетілуін қамтамасыз етуді талап етеді, ол орауыш материалдар шығару жөніндегі өнеркәсіптің отандық салаларын дамыту проблемаларымен тікелей байланысты. Орауыш материалдардың қымбат тұратын импортына жол бермеу үшін неғұрлым бәсекеге қабілетті ретінде, әсіресе тамақ саласында оларды дайындау, атап айтқанда, тамақ азық-түліктерінің асептикалық және вакуумдық орауыштарын дайындау жөніндегі қазіргі заманғы технологияларды енгізу қажет;

Сауданың жаңа түрлерін, соның ішінде электрондық сауданы дамыту үшін жағдайлар жасау жөнінде бірқатар міндеттерді шешу қажет.

Сауда операцияларын көптеген елдердің мемлекеттік экономикалық инфрақұрылымында берік позицияға ие, электрондық коммуникациялық желілер арқылы жүзеге асыру электрондық сауданы дамыту үшін құқықтық жағдайлар жасауды, электрондық сауданы басқарудың халықаралық танымал жүйелерін енгізуді және электрондық сауданы дамыту жөніндегі халықаралық жобаларға қатысуды көздейді.

Тұтас алғанда, жаңа экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау шаралары қаржы лизингінің тетіктерін пайдаланумен, өндірістік ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз етумен, шикізаттың отандық экспорттаушыларының кірістерін Қазақстанның аумағындағы қосылған құны жоғары тауарлардың өндірісіне инвестициялауға қайта бағдарлау үшін қолайлы инвестициялық ахуал және жағдайлар жасаумен байланысты. Елде экономикалық ахуалдың жақсаруына және отандық экспорттаушылардың нығаюына қарай олардың шетелдік инфрақұрылымын (өткізу ұйымдары, дилерлік желілер, сервистік орталықтар) құруға жәрдемдесетін шаралар қабылдануы мүмкін.

Өнімнің сапа, қауіпсіздік немесе мөлшерлері сияқты сипаттамаларымен байланысты реттеудің техникалық шаралары қазақстандық тауарлардың экспортын дамыту үшін ерекше маңызға ие болуда. Олар өзіне, сондай-ақ тауарды орау және таңбалау, сертификаттау жүйесі бойынша және тағы сондай сияқты талаптарды қамтиды. Ол үшін:

Қазақстандық кәсіпорындарда сапа жүйелерін әзірлеу және енгізу;

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалар шеңберінде мүдделі, құзыретті ұйымдарды тарту арқылы жаңа стандарттар әзірлеу және экспорттық тауарлардың негізгі түрлеріне қойылатын халықаралық талаптарға сәйкес қолданылып жүрген стандарттарды үйлестіру;

Елдер арасындағы тауар айналымының көлемін одан әрі ұлғайту және мемлекеттер кәсіпкерлерінің арасында ынтымақтастықтың тікелей өзара тиімді байланыстары мен нысандарын орнату үшін алғышарттар жасау мақсатында стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер жасасуды қамтамасыз ету;

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі ұлттық органдарымен кооперация, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге қатысу негізінде стандарттау, метрология және сертификаттау саласында бірыңғай кеңістік құру жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру қажет.

Қазақстандық тауарларды сыртқы рыноктарға жылжыту үшін мемлекеттік емес (коммерциялық) қызметтер: коммерциялық конъюнктуралық ақпарат орталықтарын, маркетингтік және консалтингтік ұйымдар және тағы сондай сияқты құруға жәрдемдесу орынды.

Қазіргі уақытта, Қазақстанға қолайлы сауда режимін қалыптастырумен қатар технологиялық инновацияны арттыруды және өнімділікті арттыру мен жоғары қосылған құнды қамтамасыз ететін өнеркәсіп құрылымын құруды талап ететін тауарлар экспортының халықаралық бәсекелестік қабілетін нығайту қажет.

Осыған байланысты, мемлекет тарапынан осы салалардың кәсіпорындарына технологиялық сияқты, сондай-ақ басқарушылық проблемаларды да шешуге мүмкіндік беретін белгілі бір жағдайлар мен инвестициялық ахуал жасау талап етіледі. Экономиканың нақты секторы үшін қолайлы инвестициялық  ахуал жасау мақсатында шетелдік күрделі қаржы жұмсалымдары мен шикізат салаларынан түсетін экспорттық валюталық кірістерді неғұрлым тиімді және атаулы пайдалану мәселелерін шешу қажет.