Табиғат ресурстарын пайдалану және оны пайдаланудың төлемдерін белгілеу әдістері

Табиғи ресурстарға төлем төлеудің маңыздылығы мен қажеттілігінің халық-шаруашылығын әкімшілдік-әміршілдік әдіспен басқару кезінде, табиғи ресурстарды пайдалануды тегін, олардың құны жоқ, ол халықтың ортақ меншігі деп қабылдаған кездің өзінде де сезіле бастады және өмірге жолдама алды. Бірқатар жылдар барысында сұраныстың талаптарына сәйкес табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем төлеудің белгілі бір жүйесі қалыптасты. Ресми түрде қабылданбаған және жетілдірілмеген  әрі толықпаған ол, шамасы келгенше табиғатты пайдалану сферасында экономикалық қатынаста әлі де қолданылады. Бірақ табиғатты төлемді пайдалануда оны экономикалық тиімді механизм етіп айналдыру үшін әлі талай күш-жігер жұмсау қажет екендігі анық.

Алдымен табиғатты төлемді пайдалану түсініктерін тәртіпке келтіру қажет. Мысалы, әрбір экономикалық категорияны өз атымен атаған жөн: төлемді төлем деп атау керек және оны салықпен шатастыруға болмайды немесе минералды-шикізат ресурстарын жаңғырту мен қорғауға төлем аударуды осы күнге дейін қолданылып келген геологиялық-барлау жұмыстарына қаржы аудару деп айтуға болмайды және т.с.с.

Әртүрлі бұрында болған және қазірде бар төлем түрлері экономикалық категория ретінде  және олардың атқаратын қызметін әртүрлі ғылым өкілдері, әртүрлі катергориядағы мамандар өздерінше, тар мағынада әрі біржақты емес етіп қабылдап жүр. Мысалы, біреулер мұны табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін арендалық (жалдау) төлемі, дифференциалдық жер рентасының бір түрі  десе, екінші біреулері табиғи ресурстарды алмастыруға кеткен шығын дейді, үшіншілері — қалыпты мөлшерден артық пайдаланғаны үшін және табиғи ресурстарды ысырап еткені (жойғаны) үшін салынған айып десе, төртінші біреулер табиғат ресурстарын қалпына келтіруге және оған қоса дифференциалдық жер рентасына шыққан шығын деседі. Бесіншілері – тіркелген төлемдер, алтыншылары – пайдалы компоненттерді жоғалтқаны үшін және толығымен айырып алмағаны үшін салынған айып, жетіншілері кен қорын іріктеп, өндіріп бітіргені және кенге бос жыныстарды араластырғаны үшін салынатын айып, сегізіншілері табиғи ресурстарды пайдаланған кезде  табиғи ортаны қорғауға жұмсалатын шығын, тоғызыншылары – табиғат ресурстарын игерген кезде табиғи ортаны ластағаны үшін төленетін айып, оныншы біреулері – табиғатты пайдалану кезінде табиғи ортаға келтірген зияны десе, он біріншілері – табиғат ресурстарын пайдалану үшін алынатын салық және т.б. деп  түсініп жүр. Біреулер табиғат ресурстарын пайдалану үшін төлем төлеуді салық деп мемлекеттік бюджетке қаржы түсірудің көзі ретінде, екінші біреулер – табиғатты  тиімді пайдаланудың экономикалық ынталандыру тетігі ретінде ғана, үшінші біреулер – жоғарыда айтылған екі функциясын да қоса құптап, яғни оны бюджетті толықтырудың көзі және сонымен бірге табиғат ресурстарын тиімді пйдалануды экономикалық ынталандыру үшін төленетін төлем деп қарап жүр. Осыдан келіп табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлем түрлерін жүйелеп, бір тәртіпке келтіріп бұл түсініктің анықтамасын барынша айқындау қажеттігі туындайды.

Қазіргі кезде табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер жүйесі жоғарыда көрсетілгендей табиғи ресурстардың жекелеген түрлеріне байланысты бейберекет қалыптасуда. Сондықтан қазіргі күнде бар  төлемдер түрлерін табиғат ресурстарының негізгі  түрлері мен  табиғи ортаны қорғау  бойынша топтастырып қарастыру маңызды. Қолданылу мерзімі жағынан біршама ұзаққа созылатын және жалпы қолданылатын төлем  жер салығы, төлем-салық және оны белгілеу әдістері ғасырлар бойы жетілдіріліп келді. Мысалы, патшалық Ресейде помещиктер жердің десятинасы үшін мемлекетке 1 рубль төледі, ал шаруаларға пайдалануға оны 10 рубльге берді.

Қазақстан Республикасында төлем-салық алу Жер кодексінде, Жер салығы туралы заңда біршама жетілдірілген түрде белгіленген.

Азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілген бау-бақшалық және саяжай салудан басқа ауылшаруашылғына арналған жерлерге қойылған жер салығының базалық ставкасы 1га-ға есептелген және  балл бонитетпен өлшенетін топырақ сапасының өзгеруі бойынша сараланады. Балл бонитеттің 1-ден 100-ге дейін ауытқуы кезінде кәдімгі  және  оңтүстік қаратопырақты, күңгірт қызыл-қоңыр және қызыл қоңыр жазықтағы далалық және құрғақ далалық  зоналардағы жерлерде, сонымен  қатар тау етегінде қою сұртопырақты (сұр-қоңыр), каштанды (қоңыр) және тау  бөктеріндегі қаратопырақты аумақтарға базалық ставка – 0,25 теңгеден 105 теңгеге дейін белгіленеді (І категориясы). Балл бонитеттің 100-ден жоғары болған жағдайында 1га  жерден алынатын салық ставкасы 105,0 теңге болады (1 кесте).

Бозғылт қызыл, қоңыр, сұр-қоңыр, бозғылт және  кәдімгі сұр топырақты жартылай шөлейт, шөлейт, тау бөктеріндегі шөлді аумақтардағы, сонымен қатар таулы-далалық, таулы-шалғынды-далалық және таулы альпілік топырақтағы таулы аумақтардағы жерлерге бонитет балына қарай белгіленген ставкалары 0,25-тен  25 теңгеге дейін сараланады (ІІ категория). 100 балл бинитеттен асқан  жағдайда 26,00 теңге базалық ставка қойылады (1 кесте).

Елді мекендердің жерлеріне базалық ставка 1 шаршы м ауданға есептелініп белгіленеді (2 кесте), облыс орталықтары қалаларының әрқайсысы бойынша және Ленинск қаласы мен облыстық  маңызы бар қалаларға, аудандық маңызы бар қалаларға, поселкелерге, селоларға (ауылдарға) салықтың базалық ставкасы өзгеріп отырады. Тұрғын-үй емес құрлыстар, ғимараттар, учаскелер алып тұрған жерлерді, сонымен қатар объектілердің  санитарлық-қорғау зоналарына, техникалық немесе басқа да зоналарына салық ставкасы (Алматыда) 15 теңгеден/м2-не (ауылда) 0,25 теңге/м2-не аралығында өзгереді. Тұрғын үйлер, оларға қоса олардың құрлысы мен  ғимараттарына Алматы облысы және аудандық маңыздағы қалаларына қолдану түрінде барлық облыстық маңызыдағы қалаларға шамамен 0,2 теңге /м2-не, аудандық маңыздағы қалаларға – 0,1, поселкелік – 0,07, селоларға (ауылдарға) –0,05 теңге /м2-не белгіленген.

1 кесте 

Ауыл шаруашылығындағы және өнеркәсіптегі, ауылшаруашылығындағы

емес  жер категориялары бойынша салықтың базалық ставкасы

Бонитет балы

І категориялы

ІІ категориялы

Ауыл шаруашылығы мақса-тына арналмаған (өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және т.б. жерлер)

Ауыл шаруашылғына  арналған

1 га-ға салынатын салықтың базалық ставкасы, теңгемен

1-10 0,25-1,25 0,25-0,50 25-250
11-20 1,50-2,50 0,75-2,50 275-562
21-30 2,75-5,00 2,75-5,00 590-825
31-40 7,50-12,50 5,25-7,50 853-1075
41-50 15,00-20,00 7,75-10,00 1102-1338
51-60 22,50-27-50 10,25-12,50 1365-1625
61-70 30,00-42,50 1652-1925
71-80 45,00-57-50 1953-2238
81-90 60,00-75,00 2265-2550
91-100 75,50-100,0 2578-2950
100-ден жоғары 105,0 26,00 3000
61-100   12,75-25,00  

 2 кесте 

Елді-мекендік жерлерге қойылған салықтың базалық ставкасы

Елді-мекеннің түрі

 

 

Тұрғын-үй емес құр-лыстар, ғимараттар, учаскелерді ұстап тұру үшін, сонымен қатар объектілерді санитар-лық қорғау зоналары, техникалық  және басқа да зоналарға салық ставкасы, теңгемен. Тұрғын үйлер, оларға қоса салынған құрлыстар мен ғимараттар алып тұрған жерлерге салық ставкасы, теңгемен.
   Қалалар:  Алматы 15,00 0,2
                 Астана 3,50 0,2
Ақтау 5,00 0,2
Ақтөбе 3,50 0,2
Арқалық 3,00 0,2
Атырау 4,25 0,2
Тараз 4,75 0,2
Жезқазған 4,25 0,2
Қарағанды 5,00 0,2
Қызылорда 4,50 0,2
Көкшетау 3,00 0,2
Қостанай 3,25 0,2
Павлодар 3,00 0,2
Петропавл 4,50 0,2
Семей 4,50 0,2
Талдықорған 3,50 0,2
Орал 3,00 0,2
Өскемен 5,00 0,2
Шымкент 4,75 0,2
Ленинск 4,00 0,2
Облыстық  маңызы бар қалалар Облыс орталығына қойылған ставканың 85 %-і 0,2
Аудандық маңызы бар қалалар Облыс орталығына қойылған ставканың 75 %-і  

Поселоктар

0,5 0,07
Село (ауыл) 0,25 0,05
Алматы облысы: Облыстық маңызы бар қалалар  

4,00

 

0,0

Аудандық маңызы бар қалалар 3,5 0,2

Елді-мекендер орналасқан жерге салық ставкасының нақтылы өлшемін әрбір жер иелері мен жерді пайдаланушылар үшін көрсетілген базалық ставкаға сүйене отырып жергілікті  органдар анықтайды. Сонымен бірге олар базалық ставканы тек 20 %-ке дейін көтеруіне немесе төмендетуіне құқысы бар.

Осыған ұқсас түрде салықтың базалық ставкасы елді-мекендерден тыс жатқан жерлердегі өнеркәсіп, транспорт, байланыс және басқа да ауыл шаруашы-лықтық емес мақсаттағы жерлерге 1 га-ға есептелініп белгіленеді. Бонитет балдарының өзгеруіне байланысты олар да едәуір сараланады. Мысалы, 0-10 балл бонитеттей жерге белгіленген салықтың базалық ставкасы 25-250 теңге, 91-100-2576-2950 теңге, 100-ден жоғары болса 3000 теңге болады (1 кесте).

Ауылшаруашылықтық немесе құрлыстық мақсатта пайдаланылмаған сауықтыру, рекреациялық мақсаттағы жерлерден, орман және су қорларының жерлерінен салық алынбайды. Ауылшаруашылықтық мақсатта пайдаланылатын жерлерге ғимарат, құрылыстар алып тұрған немесе басқа да өндірістік объектілер орналасқан жерлерге жоғарыда көрсетілген тәртіп бойынша салық салынады.

Орман қорының жеріне  салынатын салық орман пайдалану кезінде ағаш даярланып жатқан жерден, игерілу мақсаттағы іске асырылған ауданның бірін, басқа аудандарға солай салық салуға үлгі етіп ала отырып, орман пайдалану үшін төленетін төлемнің құрамына кіретін түбіршегіне қойылған ағаштың кесімді құнының 5 %-тік мөлшерімен қойылады.

Бүлінген немесе өнімділігі аз жерлерді ауыл шаруашылықтық мақсатта немесе иелікке алған Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары алғашқы 10 жыл пайдалану кезінде, сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін, саяжай салуға, бау-бақша, оған қоса 0,25 га-ғы салынған құрылыстар алып тұрған жерді пайдаланатын тұлғалар салықтан босатылады. Кіріс салығына жеңілдік берілген  жеке тұлғалар, сонымен қатар елді-мекендердегі жалпы пайдаланудағы жерлер, балалардың сауықтыру мекемелері, қорықтар, ұлттық дендрологиялық және зоологиялық парктер, ботаника бағы, зираттар, мемлекеттік табиғат қорғау органдары, тарихи және мәдени ескерткіштер, мүгедектердің ерікті қоғамы ДОСААФ, соғыс ардагерлері және есеп беру кезеңінде түскен кірісінің кем дегенде 50 %-ін мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғауға жұмсайтын, жұмысшыларының жалпы санының  кем дегенде 50 %-ін мүгедектер құрайтын өнеркәсіптік кәсіпорындар мен  ұйымдар жерге салық төлеуден бостылады. Дәл сондай жеңілдіктерді Қазақстан Ұлттық банкі мен оның бөлімшелері пайдаланады.

Жоғарыда аталған төлемдерден басқа топырақ құнарлығын төмендеткенде және  жер бетін, жалпы жерді бүлдіргенде орнын толтыру мен айыптық төлемдер бар. Жерді бүлдіргені үшін орнын толтыру төлемінің шамасы оны қалпына келтіруге шыққан шғынмен анықталады, ал топырақтың құнарлылығын өзгерткені үшін төлемнің  арнайы әдістемесі бар.

Бірқатар жылдар бойы су ресурстарын пайдалануға байланысты төлемдер бар. 1920-30-шы жалдары салықтық сипаттағы жарна алынатын, ал 1937-57 жж. бюджетке  түсетін жер  бетіндегі су көздеріне құйылған ақаба суғатөлем және айып белгіленді.

Суға төлем төлеу мынадай тариф жүйелерімен жүзеге асырылады:

  1. Суды қайтарымсыз пайдаланғаны үшін қойылатын тариф. Төленетін төлем мөлшері 1 м3 тұтынылатын суға белгіленеді және нақты  кәсіпорын үшін су шаруашылық жүйесінен су алу орташа тарифінің негізінде 1,25 коэффициентпен қоса есептелінеді.
  2. Су шаруашылығы жүйесі қызметінің тарифі. Өз  қажеттілігі үшін су шаруашылығы жүйесінен алынатын суға төлемді кәсіпорындар мемлекеттік бюджетке аударады.

Су ресурстары үшін төлемді анықтаудың әдістемелік нұсқаулары (Алматы, 1991ж) су пайдалану төлемдерінің екі құрамды бөлігін ажыратады: су ресурстарын пайдалану (алу) құқығы үшін төлем; су ресурстарын қорғау мен жаңғырту үшін төлем. Қазақ КСР-ы бойынша су ресурстарын пайдалану құқы үшін және су ресурстарын қорғау мен жаңғырту үшін  төлемдердің экономикалық нормативтері төмендегідей мөлшерде белгіленді:

 

 

Су көздері

Шеткі шығын,

сом/м3

З

90% пен қамтамасыз ете-тін су ресурс-тары,

км3/жыл

1989 ж. алынған судың жиынтық көлемі,

км3/жыл

Пайда-лану коэф-фици-енті

 

 

 К

Пайдалану құқы үшін төлем нормативі,  рубль/м3

Р

Су ресурстарын қорғау, жаңғырту төлемінің нормативі, рубль/м3 Р

Жер бетіндегі су көздері

0,116

77,0

33,5

0,4

0,046

0,015

Жер асты сулары

0,116

14,8

2,59

0,17

0,190

0,045

Одақтас республикалар теңіздері бойынша теңіз суын пайдалану құқығы үшін төлем нормативі

Атауы

Шеткі шығын

руб/м3

Теңіз суын пайдаланудың артықшылық коэффициенті, км.

Төлем нормативі, руб/м3

Каспий

0,0067

0,08

0,00054

Арал

0,0069

0,085

0,00059

Су пайдаланудың тарифы шын мәнінде су рентасын ескере отырып су ресурстарын қорғау мен жаңғырту үшін төленетін төлем болып табылады. Олар су көздері мен су  тоғандарындағы барлық шаруашылықтық шығындарды ескереді.

Суды төлемді пайдалану су ресурстарын пайдалану  көлемін қысқартуға сөзсіз әсерін тигізеді. Бірақ, тек суға  қойылған тарифтің мөлшері ұтымды болған жағдайда ғана оның ынталандыру рөлі білінеді. Жоғарыда көрсетліген су тарифтері мөлшерінің аздығы, тек  өткен жылдардағы су шаруашылық жүйесінің шығындары бойынша белгіленгендігінен емес, сонымен бірге  бұл  тарифтер су ресурстарын пайдаланудағы көптеген басқа да негізгі факторларды ескермегендігінен.  Мысалы, суға белгіленген тариф ауданның сумен қамтамасыз етілу дәрежесін ескермейді, өзен бассейндері бойынша сараланбайды, геологиялық барлауға, қорын бағалауға кететін шығындарды, су бассейндерінің жағдайын бақылау мен режимін зерттеу шығындарын ескермейді, пайдаланылатын судың сапасын сараламайды.

Қазақстан Республикасының су кодексіне сәйкес жалпы су пайдалану тегін, ал арнайы су пайдалану төлемді. Су ресурстарын пайдалану төлемдері: су ресурстарын қорғау мен  қалпына келтіру; су ресурстарын пайдаланғаны үшін; су ресурстарын ысырап еткені үшін айып төлем; шектен  артық су пайдаланғаны және су көздерін ақаба сулармен ластағаны үшін төлемдер түрінде қолданылады.

Қазақстан Республикасында су ресурстарын (жер беті және жер асты су көздері) қорғау мен қалпына келтіру төлемінің ставкасы бассейндер мен облыстар бойынша сараланып белгіленеді және оны  әр жылда бір рет ҚР Министрлер кабинеті бекітеді (3 кесте).

Су пайдаланушылар (гидроэнергетика, су көлігі, балық шаруашылығы) үшін төлемнің ставкасы су ресурстарын қорғауға, қалпына келтіруге кеткен жалпы  шығыннның 12 %-інің мөлшерінде белгіленеді және салалар бойынша өндірген өнімдеріне қарай пропорционалды бөлінеді.

Су ресурстарын белгіленген шекті шамада пайдаланғаны үшін төлем ставкасы су ресурстарын қорғау, қалпына келтіру төлем нормативінің 10 %-ке дейінгі шамасында анықталады және оны облыстық әкімшілік белгілейді.

Су ресурстарын тиімсіз пайдаланғанда (су басып кетуге, жердің батпақтануына және тұздануына, құрылыс жүргізілген территорияларды су басуға, су қоймаларының, шағын өзендер мен бұлақтардың кеуіп кетуіне әкеп соқтыратын су пайдаланушылардың әрекеті), көрсетліген тәртіпті бұзғаны үшін барлық су пайдаланушылардан айып төлем алынады. Бұл төлемдер бюджеттен тыс табиғат қорғау қорына аударылады.

Орман кесуді тиімсіз пайдаланғаны үшін, оны  шамадан тыс кескені үшін орман таксасынан еселенген түрде қойылған айыптық төлемдер алынады.

Қазіргі кезде орман ресурстарын пайдалану Қазақстан Республикасының Орман кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған кодекске сәйкес орман пайдаланудың шекарасы мен түрі анықталады.

Орман ресурстарынына белгіленетін төлемдер: орман ресурстарын қорғау және  жаңғырту; орман ресурстарын пайдаланғаны үшін; орман ресурстарын шектен артық пайдаланғаны үшін айып; орман ресурстарын ұқыпсыз, тиімсіз  пайдаланғаны үшін айып төлемдер.

Орман ресурстарын қорғау мен жаңғырту үшін төлем орман шаруашылығын қаржыландыруға қор құру мақсатында орманды пайдаланушылардан алынады. Орман ресурстарын қорғау мен жаңғырту төлемінің құрамына: кесуге берілген ағашқа; қосалқы орман өнімдеріне; орманды жанама пайдалану төлемдері кіреді. Төлемнің бұл түрінің  нормативтері (ставкалары) ресурстарды пайдаланудың көлеміне қатысты, орманның әрбір түрі бойынша, оларды қалпына келтіруге, өсіруге,  қорғауға кеткен шығынның шамасымен анықталады. Төлемді анықтағанда орманның қоғамдық-пайдалылығы, табиғат қорғау қызметі ескеріледі.

                                                                                                      3 кесте  

Қазақстан Республикасы ормандарынан кесуге

берілген өсіп тұрған ағашқа ең төменгі ставкалар 

   

Орман ағаштары

Бағасы

Отындық ағаш (қабығымен)

ірі

орташа

ұсақ

(қабығымен)

1 Қарағай

256

183

91

35

2 Балқарағай

4661

329

164

40

3 Сағыз қарағай

204

146

73

26

4 Шырша

333

238

119

45

5 Саымрсын, Сібір шыршасы

231

165

82

26

6 Ағаш тектес арша

308

220

110

45

7 Емен, үйеңкі

461

329

164

70

8 Қайың

92

66

35

26

9 Кктерек, боз тал, терек, тұраңғы

82

58

29

18

10 Қара қандағаш, шегіршін, жөке

92

65

33

24

11 Грек жаңғағы, пісте

560

400

200

60

12 Өрік, ақ акация, алша, долана, шие, жиде, шетен, мойыл, қызыл шие, алма ағашы

330

235

115

40

13 Жайылма арша, жайылма самырсын, қара арша

60

30

14 Сары акация, қызыл зерек, жыңғыл, ырғай, үйеңкі, шырғанақ,  қарақат, тобылғы, тал, қызыл тал

35

21

15 Сексеуіл

35

21

Орман ресурстарын пайдаланғандағы төлемдер аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қаржыландыру мақсатында алынады. Төлемнің ставкаларын облыс әкімшілігі орманның таралуына, қалпына келу мүмкіншілігіне, пайдалану қолайлылығына орналасқан жеріне және басқа да факторларға сәйкес саралайды.

Өсіп тұрған  ағашты кесуге бергенде төлем оның таксалық құны бойынша анықталады (4 кесте). Орманды жанама пайдалану және қосалқы орман өнімдері үшін төлемді облыстық әкімшілік белгілейді.

Ағаш ресурстары үшін төлемнен түскен қаржы түгелімен республикалық бюджетке, ал орманды жанама пайдаланудан және қосалқы өнімдерден түскен қаржы облыстық бюджетке түседі.

Минералды-шикізат ресурстары үшін төлемдер мәселесі жоғарыда қарастырылған табиғат ресурс түрлерімен салыстырғанда біршама  күрделі және толық зерттелмеген. Таяу  уақытқа дейін  минералды шикізат ресурстарына төлем  ұғымы мүлде қолданылмай келді. 1967 ж. бастап ресми түрде өнеркәсіптің тау-кен өндіріс салаларындағы кен өндіруге өзіндік құнының жеке элементі болып қосылатын геологиялық-барлау жұмыстарына (ГБЖ) аударылатын қаржы болды. ГБЖ қаржы аудару ставкасы белгілі бір кезеңде пайдалануға жобаланған тиісті кеннің баланстық қорына кеннің осы түрін іздеуге және алдын-ала барлауға жұмсалған шығындарды бөлу арқылы анықталатын. Бірақта, бұл ставка пайдалы қазбалардың тек кейбір түрлеріне ғана қолданылды және ГБЖ-ға – кеткен шығындарды толығымен қайтара алмады. Сондықтан ставкалар мезгіл-мезгіл қайта қаралып, олардың мөлшері ұлғайтылып отырылды. Егер өткен варианттарда пайдалы қазбаларды іздестіру мен барлауға кеткен нақты шығынның тек 60 %-ін геологиялық-барлау жұмыстарына бөлінген қаржылар өтеген болса, 1991 ж. 1 қаңтарынан бастап енгізілген көтерме ставка арқылы геологиялық-барлау жұмыстарына кететін шығынның 90-нан 100 %-ін қайтару көзделді. Бірақ, жаңа ставка бойынша кәсіпорындардан алынған қаржы минералдық шикізат базасын өндіріске дайындауға әлі де жеткіліксіз болды.

Қазақстан Республикасындағы қазіргі ГБЖ-ға қаржы аудару ставкалары КСРО кезіндегі ГБЖ-ға қаржы аудару ставкаларын белгілеу және қолдану тәжірибесін ескеріп ҚР Министрлер кабинетінің 1992 ж. 3 маусымдағы шешімімен енгізілді. Жаңа ставкалар пайдаланылатын қордың тоннасына шикізаттың сатылу бағасынан процент есебінде  белгіленді. Мысалы, темір кеніндегі 1т темір үшін-2,4%, марганец концентратындағы марганец үшін -2,3 %, хром кені-2,4%, қорғасын-мырыш кеніндегі қорғасын мен мырышқа-6,7 %, кендегі мысқа-7,9 %, мұнайға – 8 %, газға-8 %, көмірге-0,9 % есебінен белгіленді. ГБЖ-ға қаржы аудару төлемінің қызметі пайдалы қазба кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға дайындау үшін шыққан шығынның орнын толықтыру болып табылады. Шындығында бұл аудармалар минералдық шикізат ресурстарын қорғау мен қалпына келтіру төлемі  болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда,  олар минералды-шикізат базасын дайындауға жұмсалған қоғамдық-қажетті еңбек шығынын көрсетеді және пайдалы қазбаларды барлау және дайындау бағасы іспеттес болады.

1994 ж. 6 қазанда ҚР Министрлер Кабинетінің шешімімен 1993 ж «Жер қойнауын қорғау және минералды-шикізат базасын қалпына келтірудің республикалық қорын құру туралы», шешіміне енгізілген толықтыруларда алғаш рет геологиялық ақпаратты пайдаланғаны үшін оның ішінде  шет ел инвесторларына да төлем енгізілді.

Минералды шикізаттың кейбір түрлері бойынша ренталық төлем мен өндірістік қорлар үшін төленетін төлемдердің қосындысы тіркелген төлемдер болып табылды.

1991 ж. ренталық төлемдер «Газпром» концернінің газ өндіретін кәсіпорындары сататын мұнай мен газға, 1т мұнай үшін 12,45 руб., 1000м3 газ үшін 6,46 руб. және «Газпром» конценрнінің мигистральды газқұбыры транспорттық кәсіпорындары сататын 1000 м3 газ үшін 1,89 руб. мөлшерінде белгіленген болатын.

Нарықтық қатынастары дамыған көптеген елдерде мемлекет меншігін экономикалық тұрғыда іске асыру жер қойнауы байлығын мемлекеттік емес, оның ішінде шетел компанияларына «роялти» немесе «концессиялық төлем», сияқты әлеуметтік төлемдер белгілеу түрінде жүргізіледі. Рентаның негізгі бөлігі меншік иесіне тиеді, ал қалған бөлігі, яғни жер қойнауын пайдаланушыға тиген бөлігіне (өндіруші компанияның пайдасына) салық салынады. АҚШ-та нашар табиғат жағдайында жұмыс істейтін өндіруші компонияларға кей жағдайда арнайы жәрдем ақша төленеді. Әдетте, капиталистік елдерде, көбінесе, ренталық  төлемдер минералды-шикізат ресурстарын пайдалану құқығы үшін төлеммен бірге анықталады және бірге алынады.

Таяу Шығыс елдерінде негізінен мұнай мен газ ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер пайдалану құқығы үшін, ренталық төлем, пайдаға салынатын салық болып бөлек-бөлек алынады. Солай  бола тұра өндіруші компанияға қалатын пайданың соммасы банкі процентінің мөлшерінен біршама артықтау болатындай төлемдер мен салықтың мөлшері есептелінеді. Бұл мұнай өндіруші компанияларды экономикалық ынталандыру мақсатында жасалады. Екінші жағынан өндіруші компанияларды ынталандыруға себепші болатын тағы бір нәрсе, ол сол елдер басқалармен салыстырғанда мұнай газ өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етілу мүмкіншілігіне ие болады.

Табиғи ресурстарға төлем төлеу Шығыс Европа елдерінде бірдей дерлік жүзеге асырылған. Венгрия, ГФР, Польша, Румыния, Чехия, Словакияда жер учаскелерінің сапасына байланысты сараланған төлем қолданылады. Венгрияда 1966 ж. бастап төлемдер екі түрде: бір жолғы – жер учаскесін пайдалануға алған кезде, жыл сайынғы – жер учаскесін пайдаланғаны үшін. Жыл сайынғы төлемдер, пайдаланылатын жер учаскесінің құнының шамамен 5,0%-іне тең. Төлемдер өндіріс шығындарын құрайтын статья ретінде қарастырылады және шығарылған өнімнің өзіндік құнына кіреді.

Польшада ауылшаруашылық жерлерін пайдалан-ғаны үшін ауылшаруашылық кооперативтерінен алынатын төлем жерге жекелеп салық салу формасында жүзеге асырылады.

Құрылысқа берілген жерлерге төлем белгіленеді. Мысалы, Румынияда ауылшаруашылық айналымнан жерді алғаны үшін төлем топырақтың  құнарлылығына байланысты сараланады және толығымен өнеркәсіптік объектінің құныныа қосылады. Чехияда жер үшін төлем 75-200 жыл ішінде пайдаланылатын жер учаскесінен түсетін кірістің мөлшерінде анықталады.

Төлемді табиғат пайдалану принципін қолданатын бұл елдердің нәтижелерін теоретикалық талдау және оларда жинақталған тәжірибелердің нәтижелері көрсеткендей, әр елдің экономикалық даму ерекшелігін ескере отыра  төлем қолдану, елдің табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға жәрдемдесетін, өндірістің тиімділігін арттыратын қажетті бір элементі болып табылады. Бұл жағынан алғанда табиғи ресурстарды пайдалану мен табиғи ортаны қорғау төлемдері экономиканы басқару шаруашылықтық механизмінің тиімді тетігі болады.