Жәңгір хан – батыр, қолбасы, Есім ханның баласы. 1645-1652 жылдары хандық құрды. Бұл кезең қазақ тарихында қазақ-жоңғар соғысының аумалы-төкпелі кезі еді. Бұл соғыс, әсіресе қазақтарға өте ауыр тиді. 1635 жылы Жәңгір ханның еліне қалмақтар шабуыл жасап, Жәңгір айналасындағы адамдармен қолға түсіп қалады. Жеті жылдай тұтқында болады. Қалмақтардың әскери тактикасын молынан игереді. Кейін біраз серіктерімен еліне оралып, Қазақ хандығының билігін өз қолына алады. 1643 жылы Жәңгір хан әскери шеберлігінің арқасында 600 қолымен Батыр қонтайшының 50 мың әскерін талқандайды. Бұл соғыста бір жағынан жиырма мың қолымен Самарқанд билеушісі Жалаңтөс бәһәдүр көмекке келеді. Шайқас тарихта «Орбұлақ шайқасы» деген атпен белгілі. Осы шайқаста Жәңгір хан Цецен ханның ұлы Ғалдамамен жекпе-жекке шығады. Жәңгір жарақат алады. Бұл соғыста күйрей жеңілген жоңғарлар көпке дейін қайта бас көтере алмады. Осыдан кейін Жәңгір хан жиырма жылдай сал болып жатып қалады. Елі үшін істеген осындай ерлігіне сүйсінген халық оны «Салқам Жәңгір» деп атап кеткен.
1652 жылы болған қазақ-жоңғар арасындағы соғыста жоңғарлар қазақтарды ойсырата жеңеді. Өйткені жоңғарлар отты қарумен жарақтанған еді. Жоңғарларға қару-жарақты Ресей патшалығы Сібір арқылы сатып отырған. Ресейдің мақсаты екі ел арасындағы өшпенділікті қайта тұтату болатын. Жәңгір хан осы соғыста қаза табады. Жәңгір ханның елін, жерін қорғаудағы асқан ерліктері, ел басқарудағы саяси қайраткерлігі халық есінен шықпай келеді.