Жоғарыда аты аталған Радлов, Даль және Левшин үшеуінің ішінен Даль сынды ғалым туралы бұл жұмыста толығымен жазбауға да болады. Оның бітірген негізгі жұмысы төрт томдық орыстың түсіндірме сөздігі екенін бәріміз білеміз. Тек сол Орал өңіріне келіп «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырын хатқа түсірген орыстың ұлы ақыны А. Пушкинмен танысқан. Және осы өңірдің табиғатын, оның халқының мәдениеті мен тұрмысын зерттеуге, географиялық суретке түсіруге азын-аулақ ат салысқан. Сонда да болса В.И. Порудоминский және Н.Г. Евстратов бірлесе отырып «Даль и Западный Казахстан», (Уральск, 1957) деген кітапша жазып та тастаған. Саны бар сапасы жоқ бірдеңе. Әйтеуір орысқа еңбегі сіңгеннен кейін Қазақстанға да телу керек болғаннан туындаған тіршілік.
Енді оның өмірбаянына аз да болса көз салып өтейік. Сонда сөзіміз де дәлелді бола түсетіндігі айдан анық.
Даль Владимир Иванович (бүркеншік есімі Казак Луганский) (22.11.1801, Ресей, Луганск қ., қазіргі Ворошиловград — 4.10.1872, Мәскеу) — орыс жазушысы, лексикограф, этнограф. Санкт-Петербург ҒА-ның жаратылыстану ғылымдары бойынша корреспондент мүшесі (1838), Орынбор өлкесінен жинаған өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің коллекциясы үшін Санкт-Петербург ҒА-ның құрметті мүшесі (1863) болып сайланған. Теңіз корпусын (1819) Дерпт (қазіргі Тарту) университетін (1929, дәрігер мамандығы бойынша) бітірген. Қазақстандағы, Орал қаласында, Орынборда дәрігер, кейіннен жергілікті әкімшілік кеңсесінде қызметкер (А.С. Пушкинмен осында танысады) болады. Санкт-Петербургте, Төменгі Новгородта қызмет істейді. Ауыр жараланып хал үстінде жатқан Пушкиннің жанында болған. Алғаш 1830 ж. “Цыган қызы” этнографиялық очеркін жариялайды. Дальдің бұл жанрдағы шығармалары 1830 — 40 ж. көпшілікке кеңінен танымал болады. 1832 ж. ол өзінің өңдеуімен “Орыс ертегілері. Бірінші бесеуі”, ал 1833 — 39 ж. 4 кітаптық “Аңыздар мен қауесеттер” жинақтарын бастырады. В.Г. Белинский Дальдің “Петербург аула сыпырушысы” (1844), “Денщик” сияқты очерктеріндегі халықтың тұрмыс-тіршілігін, ой-өрісін жақсы білетіндігін, оның демократиялық шыншылдығын өте жоғары бағалайды. Сондай-ақ ол “Бедовик” (1839), “Павел Алексеевич Игривый” (1847) повестерін, “Жауынгердің тыныс сәті” (1843), “Теңізшінің тыныс сәті” (1853) әңгімелерін жазған. Дальдің “Орыс тілінің ерекшеліктері туралы” (1852) еңбегінде орыс тіліндегі диалектілер тұңғыш рет топталып, оларды зерттеудің үлгісі жасалды. 1861 — 62 ж. 30 мың мақал-мәтел, бірқақпай әзілдерді қамтыған “Орыс халқының мақал-мәтелдерін” жариялады. Даль өз өмірінің 53 жылын “Қазіргі великорусь тілінің түсіндірме сөздігін” (1 — 4 т., 1863 — 66) жазуға арнап, 200 мыңдай сөзге жан-жақты түсінік береді. Бұл еңбегі үшін оған Ресей ҒА-ның Ломоносов атындағы сыйлығы және құрметті академик атағы беріледі (1863). Ол өзінің жинаған көптеген өлең, ертегі сияқты фольклорлық мол қазынасын белгілі ғалымдарға берді. Дальдің қазақ ауылдарын аралап, олардың тұрмыс-тіршілігі туралы жазған “Бикей мен Маулена” повесінің демократиялық сарынын сыншылар атап көрсетті.
Байқап отырғандай-ақ оның Қазақстанға анау айтып сіңірген еңбегі жоқ. Бір повесть жазды екен деп өзеурегеннен ештеңе шықпайды. Сондықтан Дальдің Қазақстанға қатысы тым артықтау айтылған. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы оның жазған повесі қазақшаға аударылыпты ма? Жоқ. Ал қандай еңбегі көп оқылады деген сұраққа жауап табу оңай. Ол Дальдің атақты төрт томдық түсіндірме сөздігі. Сондықтан Дальді амалсыздан бүге-шігесіне дейін ажырата жазып кетіп отырмын.
Ендігі кезек Левшиндікі. Бірақ оған дейінгі орыс ғалымдарының да не істегендері мен не тындырғандары жайында сөз етейін. Әйтпесе жұмыс жарым-жартылай болуы мүмкін.
Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейiн (1731) оны ғылыми тұрғыда зерттеу iсi неғұрлым кең түрде және жедел қарқынмен қолға алынды. 1725 ж. құрылған Ресей ҒА Қазақстан өлкесiн географиялық, геологиялық және этнографиялық тұрғыда зерттеу үшiн 1733 жылдың өзiнде-ақ экспедиция ұйымдастырды. 1733 жылдан 1771 жылға дейiн Бат. Қазақстанға ҒА-ның көптеген экспедициясы келiп қайтты, бұл экспедицияларды С.П. Крашенинников (1711 — 1755), И.Г. Гмелин (1709 — 1755), И.И. Лепехин, П.С. Паллас, И.П. Фальк, П.И. Рычков, т.б. басқарды. Орынбор тұрақты экспедициясы құрылды, оған И.К. Кирилов, П.И. Рычков, В.Н. Татищев (1686 — 1750) сияқты белгiлi орыс ғалымдары жетекшiлiк жасады. “Ерте заманнан бергi Ресей тарихы” т.б. еңбектерiнде В.Н. Татищев қазақтардың тарихына зор көңiл бөлдi, олардың этногр. тегi, тұрмысы, мәдениетi мен әдет-ғұрпы жөнiндегi мәселелердi тұңғыш рет ғылыми әдебиетте баяндауға талпынды.