Қаратау сiлемдерiндегi ашель кезеңiнiң тұрақтары көп. Ең көрнектiлерi Бөрiқазған мен Тәңiрқазғаннан табылған бұйымдар төрт топқа: бiр жақты, екi жақты шапқыш құралдар; зiл мен сындырғыштар; домалақ iрi бұжыр тастар топтарына жатады. Мұндай шапқыш құралдар Оңт.-Шығыс Азия мен Африканың шелль-ашель кезеңiндегi бұйымдарға өте ұқсас. Түркiстан қ. маңындағы Қошқорған, Шоқтас ескерткiштерiнен табылған тас құралдардың жас мөлш. б.з.б. 500 мыңжылдықтан әрi асады. Ашель кезеңiнiң ескерткiштерi Орт. Қазақстаннан (Құдайкөл, Жаманайбат, Обалысан, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Қозыбай), Маңғыстаудан (Шақпақата, т.б.), Мұғалжар тауларынан (Жалпақ, Мұғалжар, т.б.) да табылған. Екi жақты шапқыш (бифас) құрал, әсiресе, соңғы аталған өңiрдегi бiрнеше орындардан зерттелдi.
Мустье кезеңiне жататын тұрақтардың ең маңыздылары Қаратаудан (Уәлиханов атындағы тұрақ, Шақпақ, т.б.), одан соң Бат. Қазақстаннан (Шақпақата, Құмақапа, Аққыр, т.б.), Сарыарқадан (Бұрма, Семiзбұғы 2-10, Аққошқар, т.б.), Шығ. Қазақстаннан (Бөдене-1, т.б.), Жетiсудан (Ақтоғай, т.б.) табылған. Кейiнгi палеолит жұрттарында бұрынғысынша, ұсақ малта тастардан жасалған шапқыш құралдар, салмақты қырғыштар, үш бұрышты қалақшалар көп, олар дөңгелек тұрпатты өзектастардан омырылып алынған. Омыру техникасы жетiлдiрiлген, көп қырлы призма пiшiндес өзектастар да табыла бастады. Соғып түзету техникасы кең қолданылған, ол жүзi жұқа құралдар — найза, сүңгi ұштарын жасауға мүмкiндiк берген. Бұл кезеңде палеогеогр. жағдай қолайсыздау болғанымен, Қаратау жотасынан (Уәлиханов атынд. тұрақтың жоғ. мәдени қабаттары, Ащысай, Ұшықтас, т.б.), Шығ. Қазақстандағы Ертiс өз-нен (Қанай, Свинчатка, Пещера, Шүлбi, т.б.), Сарысу өз. өңiрi мен Солт. Балқаш өңiрiнен (Семiзбұғы, Тораңғы, Баршын, Батпақ, т.б.) табылған тас бұйымдар осы кезең туралы мейлiнше толық мағлұмат бередi.