Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі 1979 жылы 11 мамырда Қазақ ССР Министрлер кеңесінің N219 шешімімен құрылды. Музей өзінің негізін 1967 жылы 17 мамырда жергілікті ұстаз, өлкетанушы А.Әлімов ұйымдастырған Темір бекетінде ашылған мектеп музейінен алады. 1973-1975 жылдары аудандық негіздегі қоғамдық, халықтық музей, 1975-1976 жылдары облыстық өлкетану музейінің филиалы, 1976 жылы аудандық Отырар мемлекеттік тарихи-өлкетану музейі болып құрылды. Қорық музей қорына 4 Республикалық, 130 археологиялық-архитектуралық ескерткіш кіреді. Олардың жалпы көлемі 11000 гектарды алып жатыр. Қорық құрамында ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар, Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышақшытөбе, XII ғ. тән ескерткіш – Арыстан баб әулие кесене-мешіті, т.б. тарихи ескерткіштер бар. 2001 ж. тамыз айында Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасында «Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру және сақтау» туралы келісімге қол қойылды және ЮНЕСКО-ның қаржылай көмегі көрсетілді. Бұл жоба шеңберінде Ғылым және білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Республикалық ғылыми-зерттеу институты, Материалдық мұра ескерткіштерін жобалау институты, Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі бірігіп жұмыс жасады. 2001-2002 жж. ЮНЕСКО Қазақстан-Жапония халықаралық жоба бойынша консервациялау сатысына өтті. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Отырардағы жұмыстар «Ежелгі Отырардың қайта өркендеуі» бағдарламасы бойынша жалғастырылды. Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Қазреставрация, Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі бірлесіп жұмыстар жүргізді. Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейінің әдебиет және өнер бөлімі , Отырар руханияты, Әбу Насыр әл-Фараби музей-кітапханасы ашылды. Қорық музей қорында жәдігерлер саны 22 мыңнан асады. Музей қоры 254 шаршы метрден тұратын бес бөлмеде орналасқан. Музейдің археология, этнографиялық экспозициялары белгілі бір тақырыпқа сай орналасқан. Археология бөлімі I-XVIII ғасырларды қамтиды. Экспозицияда Көкмардан бейітінен табылған темір бұйымдар, мақта, бидай күйінділері, ішкі қабырғаларды көркемдейтін оюлы ағаштардың өртенді қалдықтары Отырар мешітінің алтын жалатылған сәулеттік көркем кірпіштері, сырлы ыдыстар, т.б. көрсетілген.
Этнография бөлімінде XIX-XX ғғ. осы өңірдегі ел арасынан жиналған қазақ халқының тұрмыс-салты, зергерлік өнері, музыкасы, мал шаруашылығы, диқаншылық, құсбегілік, аңшылық, балық аулау кәсіптеріне қатысты құнды жәдігерлер қойылған. Экспозициядан сүйекпен өрнектелген кебежелер, алтын жалатылған күміс кемер белбеулерді көруге болады.