Орта ғасырлардағы Италия мәдениеті

Орта ғасырлардағы Италия мәдениеті туралы қазақша реферат

Әдебиеті

Италия әдебиетінің ежелгі фольклоры сақталмаған. Орта ғасырлардағы Италия әдебиеті Рим империясы құлағаннан кейін 6 – 12 ғасырлар аралығында латын тілінде пайда болды. Осы кезде Рим шіркеуінің өкілдері Дж. да Плано Карпинидің (1182 – 1252), Марко Полоның (1254 – 1324) Орталық Азияға жасаған саяхаттары туралы жол жазбалары дүниеге келген. Ұлттық диалектілерде жазылған әдеби ескерткіштер 12 ғасырдың аяғы мен 13 ғасырдың басында туды.

Италия әдебиетінің біртұтас әдеби тілін қалыптастырушы Данте Алигьери (1265 – 1321) болды. Оның негізгі шығармалары – “Жаңа өмір” (1292) повесі, “Құдіретті” комедиясы (1321), т.б. туындылары дүние жүзі әдебиетінің алтын қорына қосылды. Қайта өрлеу дәуірі кезіндегі Италия әдебиетінде ақын Ф.Петрарка (1304 – 1374), Дж. Боккаччо (1313 – 1375) шығармалары көрнекті орын алды. 15 ғасырда ежелгі дәуірді зерттеуші ғалым-жазушы Дж. Ф.П. Браччолини (1380 – 1459) мен Л. Валланың (1407 – 1457), т.б. латын тілінде жазылған шығармалары жазылды. 16 – 17 ғасырларда Ф.А. Ариостоның (1474 – 1533) “Қаhарлы Роланд” поэмасы, Н.Макиавеллидің (1469 – 1527), П.Аретиноның (1492 – 1556), Дж. Бруноның (1548 – 1600) сатиралық комедиялары, Т.Тассоның (1544 – 1595) “Аминта”, Б.Гваринидің (1538 – 1612) “Сенімді бақташы” атты драмалары жазылды. 17 ғасырда Италияның біршама бөлігін испан басқыншылары жаулап алуына байланысты әдебиетте біраз тоқырау пайда болды. 18 ғасырдың орта шенінен Италияның рухани өмірі қайта гүлденіп, ұлттық мәдениет өркендеу жолына түсті. 1848 – 49 жылғы революциядан кейін туған Р.Джованьолидің (1838 – 1915) “Спартак” романы мен Дж. Кардуччидің (1835 – 1907) саяси жырлары Италия әдебиетіндегі романтизмнен реализмге өту дәуірінің шындығын танытады. 19 ғасырдың аяғында Италия әдебиетінде жаңа романтикалық және символистік бағыт өріс алды. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында Италия әдебиеті дәстүрлі гуманистік бағытынан айныған жоқ. Фашистік билік үстемдік жүргізген жиырма жыл ішінде Италия әдебиетінің көптеген өкілдері әлеуметтік тақырыптар мен реалистік дәстүрден ажырап қалды. Дж. Джерманетто, Ч.Павезе, Э.Витторини, т.б. ақын-жазушылар өз шығармаларында фашистік кезеңнің ауыр зардабын суреттеп көрсетті.

20 ғасырдың 60-жылдарындағы Италия әдебиетінде жаңа ізденістерден туған күрделі шығармалар жарық көрді. Бұл ретте Моравияның әлеуметтік-психологиялық романдарын (“Чочар”, 1957; “Автомат”, 1963, т.б.), Италия Кальвиноның (1923 жылы т.) повестерін, Г. Паризенің (1929) сатиралық романдарын (“Үй иесі”, 1965), т.б. жазушылардың шығармаларын атауға болады. Италия әдебиеті дүниежүзілік мәдениетте көрнекті орын алады. Италия әдебиетінен К.Гольдонидың “Екі қожаға бір қызметші” комедиясы (1948), Э.Амичистің “Апенниннен Анды тауларына” атты әңгімелер жинағы (1959), А.Дантенің “Құдіретті комедиясын” (“Тамұқ” атты бөлімі, 1971); Р.Джованьолидің “Спартагі” (1951, 1972); С. Марчтің “Күн сайын әр не жоғалмағы” (1971), т.б. қазақ тіліне аударылды.