Өндірістік қатынастар мен шаруашылық санаттарындағы өзгерістер туралы қазақша реферат
Республиканың агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық реформаға дейін 2100 кеңшар, 400 ұжымшар, 20-дан астам ірі ет комбинаттары, сүт зауыттары, жүнді бастапқы өндеуден өткізетін үш аса ірі фабрика, басқа да көптеген кәсіпорындар жұмыс істеді. Тек тамақ өнеркәсібінде 3 мыңнан астам кәсіпорын болды.
Экономикалық реформадан бұрын ауыл шаруашылығында өнім шаруашылықтың екі санатында ғана өндірілетін. Бұл салада реформа экономиканың басқа салаларына қарағанда екпіндірек, қарқындырақ, шапшаңырақ жүргізілді деуге болады. Бірақ бәрі дұп-дұрыс жүргізілді деуге болмас. Реморманың мәнісі ондағы өндіріс құралдарына мемлекеттік және ұжымдық меншікті (ол кездегі ұжымшарлардағы меншікті мемлекеттік меншік десе де болады) жеке меншікке айналдыру болды. Кейбір шет елдердегідей, бізде де негізінен шаруа (фермерлер) қожалықтары осы саладағы меншіктің иесі, негізгі өнім өндірушілер болады деп саналды. Малды бұрынғы ұжымдар мүшелеріне бөліп беру оңай болғанымен, жерді және ауыл шаруашылық құралдарын (машина-трактор шеберханаларын, автопарктерді, тракторларды, комбайндарды т.б.) жеке адамдардың меншігіне бөліп беру іс жүзінде оңай болмады, олар шартты түрде ғана бөліп берілді. Жер болса бүгінгі күнге дейін негізінен мемлекет меншігінде.
Қысқартып айтқанда, бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарларды жүргізудің тиімсіз пошымы деп санап, революциялық жолмен түбіріне балта шауып, бірер жыл ішінде-ақ күл талқанын шығардық. Н.Назарбаевтың Қазақстан Ремпубликасы тәуелсіздігінің он жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде айтқанындай: «Нарық өзгерістерін бойына дарытпай келген кеңестік ұжымшар-кеңшар жүйесі келмеске кетті». Сөйтіп 2001 жылдың 1қаңтарында республикада мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындарынан небары 82-сі ғана қалды, оның есесіне 105170 шаруа (фермер) қожалығы дүниеге келді, одан басқа 3342 әртүрлі серіктестік, 293 акционерлік қоғам, 1710 өндірістік кооператив, 1302 басқадай құрылымдар, жиыны, 111899 ауыл шаруашылық кәсіпорны болды.
Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегеі агенттігінің анықтамасы бойынша ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына бұрынғы колхоздар, совхоздар және басқа мемлекеттік шаруашылықтар (ұжымдық ауыл шаруашылық кәсіпорындары, акционерлік қоғамдар, серіктестіктер) базасында құрылған өндірістік құрамалар, кәсіпорындар мен ұйымдардың қосалқы шаруашылықтары жатады.
Шаруа (фермер) қожалықтары – адамдардың отбасылық еңбек бірлестіктері болып табылады, олардың жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығына арналған жерлерді пайдаланумен, сондай-ақ осы өнімдерді өңдеу және өткізумен тығыз байланысты.
Жұртшылық шаруашылығына (біздер жұрт шаруашылығы деп алдық) халықтың жеке қосалқы шаруашылықтары, ұжымдық бақтар мен бақшалар, саяжай учаскелері жатады. Сан жағы жетерлік, сапа қандай, нәтиже қандай?
Реформа басталар алдында 272 миллион гектар, ауыл шаруашылығы жері, бау-бақша өсіретін үй маңындағы және саяжайдағы аздаған жерді қоспағанда, 2,5 мың кеңшар мен ұжымшардың қарамағында болды. Сондай-ақ барлық егістік жер де, шабындықтар мен жайылымдар да солардың қолында еді. 2001 жылдың басында республикада қалған 82 мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорнының қолында барлығы 3,2 миллион гектар ауыл шаруашылық жері, 0,6 миллион гектар ғана егістік жер қалды.
Саланың тірегі, іргетасы, негізгі өндіргіш күші болады деп саналған шаруа фермер) қожалықтарының қолында не бар, олар қанша өнім беріп отыр?
Саны 105 мыңнан асқан фермерлеріміздің қарамағында 2000 жылы 29,8 миллион гектар ауыл шаруашылық жері (шаруашылықтың барлық санаты бойынша жердің 32 пайызы), 6,1 миллион гектар егістік жер (31,8%), барлық дақылдар егістігінің көлемі 4,8 миллион гектар (29,9%), оның ішінде дәнді дақылдар 3,7 миллион гектар (29,9%), техникалық дақылдар егісі 347,4 мың гектар (55%), картоп-көкөніс-бақша егісі 58,6 мың гектар (19,4%), жемшөптік дақылдар егісі 719 мың гектар (25,5%) болды. Сол жылы шаруа қожалықтары 4,3 миллион тонна астық (барлық өндірілген астықтың 37%), 228 мың тонна шитті мақта (79,4%), 153 мың тонна қант қызылшасын (56%), 74 мың тонна күнбағыс дәнін (70%), 191 мың тонна картоп (11,3%), 344 мың тонна көкөніс (22,3%), 202,3 мың тонна бақша өнімін (48%) өндірілді. Сөйтіп шаруа қожалықтары астық, мақта, қант қызылшасы, күнбағыс, бақша өнімін өндіруде айтарлықтай табысқа жетті.
Мал шаруашылығын алып қарасақ, 1990 жылы шаруа қожалықтарында мал мен құс жоқтың қасы болатын, тек бір мың шақты ірі қара, 51 мың қой мен ешкі, 800 шошқа, 900 жылқы бар-тын. 2000 жылы да шаруа қожалықтарында шаруашылықтың барлық санатындағы ірі қараның 5,3 пайызы, қой мен ешкінің 8,5 пайызы, шошқаның 3,3 пайызы, жылқының 8,5 пайызы, құстың 1 пайызы ғана болды. Сондықтан фермерлер республикада өндірілген еттің жалпы көлемінің 6,3 пайызын, сүттің 4,1 пайызын, жүннің 8,3 пайызын, жұмыртқаның 0,7 пайызын ғана өндірді. Бір сөзбен айтқанда шаруа (фермер) қожалықтарының мал шаруашылығындағы үлесі тым аз, жоқтың қасы.
2000 жылы олардың үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 18,6 пайызы, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің 31,5 пайызы, мал шаруашылығы өнімінің 4,8 пайызы келді.
Жоғарыда айтқандай, мемлекеттік және беймемлекеттік 6729 әртүрлі ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарының қарамағында 2000 жылы 63,2 миллион гектар ауыл шаруашылық жері (яғни шаруашылық санаттарының барлық түріндегі жердің 67,9%), 13,1 миллион гектар егістік жер (68,2%) 10,8 миллион гектар барлық дақылдардың егіс көлемі (66,7%), оның ішінде дәнді дақылдар егісі 8,6 миллион гектар (69,4%), техникалық дақылдар егісі 225,4 мың гектар (35,7%), картоп-көкөніс-бақша егісі 23,8 мың гектар (7,9%), жемшөптік дақылдар егісі 2,0 миллион гектар (70,4%) болды. Сол жылы ауыл шаруашылық кәсіпорындары 7,2 миллион тонна астық (барлық өндірілген астықтың 62,1%), 41 мың тонна шитті мақта (14,3%), 92 мың тонна қант қызылшасын (33,7%), 22 мың тонна күнбағыс дәнін (21%), 71 мың тонна қант картоп (4,2%), 92 мың тонна көкөніс (6%), 25,7 мың тонна бақша өнімін (6%) өндірді. Сөйтіп олар негізінен астық пен қант қызылшасын өндіруде өз орнын тауып отыр.
Ауыл шаруашылығының келесі, үшінші санаты – жұрт шаруашылығы. Реформаға дейін 1990 жылы бұл санаттың қарамағында картоп, көкөніс, бақша өсіретін жарты миллион гектардай ғана жер болды. Аталған үш дақыл өсірілетін егіс көлемінің 131,9 мың гектары, яғни 41 пайызы осы санатта еді. Басқа дақылдар өсіруде бұл санаттын үлесі жоқ десе де болғандай-ды. Оның есесіне жұрт шаруашылығының қарамағында ірі қараның 30,9 пайызы, сиырдың 46,9 пайызы, қой мен ешкінің 18 пайызы, шошқаның 21 пайызы, жылқының 31,4 пайызы, құстың 33,4 пайызы болып, еттің 33,3 пайызын, сүттің 45,7 пайызын, жұмыртқаның 31,6 пайызын және жүннің 27,4 пайызын өндірді. Қысқасы, бұл санатты мал шаруашылығындағы үлесі өте үлкен-ді.
2000 жылы да бұл санаттың қарамағындағы жер өте аз болды. Мұндағы жалпы жердің көлемі 406 мың гектар ғана, одан ауыл шаруашылық жері 347 мың гектар. 252 мың гектар егістік жері, 31 мың гектар шабындық пен жайылым ғана бар. Сондықтан да шаруашылықтың бұл түрі тек үш дақыл өнімін өсіруге ғана маманданған. 2000 жылы мұнда 1.431 мың тонна картоп (яғни барлық өндірілген картоптың 84,5 пайызы), 1.108 мың тонна көкөніс (71,7%) және 193,7 мың тонна (45,9%) бақша өнімдері өндірілді. Мал шаруашылығындағы бұл санаттың үлес салмағы бұрынғыдан да арта түсті. 2000 жылдың аяғында онда ірі қараның 86,3 пайызы, сиырдың 89,2 пайызы, қой мен ешкінің 82 пайызы, шошқаның 87 пайызы, жылқының 84 пайызы, қөұстың 50,3 пайызы шоғырланды. Соның нәтижесінде республикада өндірілген еттің 87,2 пайызы, сүттің 90,9 пайызы, жұмыртқаның 49,1 пайызы, жүннің 80,8 пайызы осы санатта өндірілді. Қорыта айтқанда бүгінгі күні мал шаруашылығы өнімдерін өндіру түгелге жуық жұрт шаруашылығы қолында десе болғандай.
Ауыл шаруашылығының жалпы өніміндегі жұрт шаруашылығының үлес салмағы 1990 жылғы 28 пайыздан, 2000 жылы 60 пайызға дейін өсті, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша, тиісінше, 13 пайыздан 34 пайызға дейін, мал шаруашылығы өнімдері бойынша 44 пайыздан 87 пайызға дейін көбейді.
Тағы да бір көңіл бөлерлік жәйт – ауыл шаруашылығындағы басты өндіріс құралы – жердің осы үш санатқа қалай бөлініп отырғандығы. Реформаға дейін оның бәрі тек мемлекеттік шаруашылықтар – кеңшарлар мен ұжымшарлардың қолында, солардың пайдалануында болатын. 2000 жылдың аяғында, ауыл шаруашылық жердің 93 миллион гектары ғана, егістік жердің 19,2 миллион гектары ғана, екпелі жердің 16,2 миллион гектары ғана жоғарыда аталған барлық үш түрлі шаруашылық санаттарының қолында екен, қалған жерлер запастағы жерлер деп аталатын болыпты. Сонымен бұрын пайдаланылып келген ауыл шаруашылық жерінің бүгінде тек 34 пайызы ғана, егістік жердің 54,8 пайызы ғана, екпелі жердің 46,3 пайызы ғана пайдаға асып отыр. Неге? Себебі көп те және белгілі. Ол жерлерді игеріп, жыртып, басқадай да өңдеп, бұрынғы көлемде егін егуге қолда техника да, жанар-жағар май да, тыңайтқыштар да, тұқым да жоқ, ең бастысы соларды сатып алатын қаржы жоқ. Тіпті соның бәрі қолда бола қалғанда оны ұқсатуға, өндеуге, сатуға шығаруға тағы да қаражат жоқ. Оның үстіне 181 шабындықты шабатын құрал мен қаражат және одан түсетін шөпке сұраным жоқ. Бүгінде жаятын малдың жоқтығынан миллиондаған гектар жайылымдықтардың шөбі тұнып тұр.