Алтын Орда ыдыраған кезде, яғни ХІV ғасырдың соңына қарай «ноғайлы жұртына» жататын ру-тайпалардың үлкен бөлігі маңғыт тайпасының және осы тайпаның билеушісі Едігенің бастауымен Ноғай ордасының негізін қалады. Осы орайда ескере кететін бір мәселе – сол кезеңде Едіге есімді бірнеше тұлғаның болуы. Атап айтсақ, оның алғашқысы Едіге Танашұлы, Әмір-Темір жорықтарына қатысып, Ұлытауда жерленген. Екінші Едіге – Ноғай ордасын негіздеген Едіге Балташықұлы, үшінші Едіге – Әмір-Темірге туыс Барлас Едіге, төртінші Едіге – Тәуке ханға жақын болған Едіге би.
Біз соның ішінде Ноғай Ордасын негізін салған – Едіге Балташықұлы турасында әңгімелейміз. Оның есімі тарихи деректерде 1376 жылдан бастап кездеседі. Ол алғаш Ақ Орда ханы Орысқа қызмет жасады, одан соң Бұқарада Темірден пана тапқан Тоқтамысқа келді. Алайда 1389 жылы Тоқтамыспен жанжалдасып қалған ол Әмір-Темірге қайтып келіп, 1391 жылы соның жағында, Тоқтамысқа қарсы соғысты. Бірақ Едіге Әмір-Темірге бүтіндей беріле қойған жоқ. Жорықтан қайтар жолда ол, өзінің руластарына жаушы жіберіп, оларды Әмір-Темір әскерлері жүретін жолдан аулаққа көшіріп жіберді.
Біздің ойымызша, Едіге мұндай әрекеттерге өзінің маңғыт жұртының мүддесін қорғау мақсатымен барған. Болашақ Ноғай ордасының негізін қалаған маңғыт жұрты бұл кезде, яғни ХV-ХVІ ғасырларда Еділдің батысында көшіп-қонып жүрген атамекендерінен – шығысқа, Жайық пен Ембінің арасына қоныс аударып, осылайша, өздерінің көсемі Едігенің ақылымен осы тұста Кубан далаларын жаулаған Әмір-Темірдің тонаушылық әрекеттерінен сытылып кетті. Мұның өзі о баста Түркістан аймағынан солтүстік Қырым аймағына қоныс аударған маңғыттардың кері көшулері еді.
Осылайша, Едіге бастаған маңғыттар өздерінің ру-тайпаларын топтастыра түсті. Алғаш Алтын Орданың мұрагері болып табылатын Үлкен Орданың және одан төменде орналасқан Алтын Ордадан бөлініп кеткен Астрахан хандығының аймағында аса ықпалды болған маңғыттар (ноғайлар) Едігенің ұлы Нұр ад-диннің кезінде (1426-1440 жж.) дербес мемлекет құрды. Жалпы, Еділ-Жайық аймағындағы маңғыттардың Сараймен теке-тірестерінің ашықтан-ашық күшейе түсуі Алтын Ордада Ұлы Мұхаммед (1428-1430 жж.) билік құрған тұста күшейе түсті. Одан соң қысқа мерзімге билік құрған Кіші Мұхаммедтің (1430 ж.) ұлдары Ахмед пен Махмұдтың тұсында және Жошы ұлысының Еділден шығысқа қарайғы өзбектер мен маңғыттар аймағына билік жасаған, кейініректе Жәнібек пен Керей бастаған қазақ сұлтандарының ата жауына айналған Шайбан тұқымы Әбілқайыр ханның (1428-1440 жылдардың соңы) билігі кезінде мүлдем өршіп кетті.
Айта кетер бір маңызды мәселе, Жошының бесінші баласы Шайбаннан тараған тұқымның Жошының үлкен ұлы Еженнен тараған ұрпақ билейтін Ақ Орда аймағында таққа отыруға ешқандай құқығы жоқ еді. Басқасын былай қойғанда мұның өзі үлкен ұлға билік беретін Шыңғыс ханның «Жасақ» заңын көпе-көрнеу бұрмалау болатын еді. Алайда оңтүстіктен басталған Әмір-Темірдің жорықтары Ақ Орда ұлысын күйретіп, Ежен ұрпақтарының билікке барар жолдарын мүлде кесіп тастады. Мұның өзі Шайбан ұрпақтарының, дәлірек айтар болсақ, Мұхамед Қожа, Әбілқайыр, Жұмадық тәрізді ықпалды тұлғалардың Ақ Орда аймағында таққа таластарын өршітті. Маңғыттар (Бешулы-маңғыт, Исаби-маңғыт, Қара-маңғыт, Шигасан-маңғыт) билеушісі Нұр ад-динұлы Уақастың және оның ықпалындағы өзбек тайпаларының (татар-өзбек, алшын, байұлы, қаңлы-кіштек, құрық-қаңлы, қатаған, керейт, қара қыпшақ, сары қыпшақ, қоңырат, ақбұт-найман, қара найман, кигачлы-найман, кушу-найман, тараклы-найман, урман-найман, қостамғалы-тама, ябы-тама, бағалы-уйшун, телеу, ұйғұр) қолдауымен Әбілқайырды таққа отырғызды.
Дәл осы уақытта, яғни 1430 жылдардың басында Әбілқайырдың беклербегі Уақас (Еуропа деректерінде Ваккас) Алтын Орданың мұрагері Үлкен Орданың тағының мұрагерлері Махмұд пен Ахмедті талқандап, шығыстағы Ноғай ордасының күшеюіне жол ашты. Оның ұлдары Мұса би мен Жаңбыршы (Ямгурши-мирза) би Жошы ұлысының сол қанатындағы бұрынғы Ақ Орда аймағында Ноғай ордасын орнықтырды. Бірақ Ноғай мырзалары қанша қуатты болса да, Шыңғыс тұқымына жатпайтындықтан, Әбілқайыр хандығын мойындауға мәжбүр болды. Маңғыттардың қолдауымен Әбілқайыр өзінің қарсыласы Мұхамед Қожаның солтүстіктегі астанасы Тара (Тюмень) қаласына басып кіріп, дара билігін орнатты. Бұл мемлекет, негізінен, өзбектер мен маңғыттардан құралғандықтан тарихи әдебиетте кейде «Маңғырт жұрты» немесе «Көшпелі өзбектер ұлысы» деп те аталады. Бірақ Ақ Орда тағының заңды мұрагерлері Жәнібек пен Керей бастаған сұлтандар, негізінен, маңғыт мырзаларының қолдауымен күшпен құрылған Әбілқайыр мемлекетін мойындамады. Сондықтан да олар бастаған тайпалар бұл мемлекет аумағынан көшіп, Моғолстан өңіріндегі, Шу мен Талас өзендері аралығындағы дулат бауырларының атамекеніне қоныстанды. Өздерінің соңдарына түскен Әбілқайыр жорықта опат болған соң, Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды.
ХVІ ғасырдың басында аталған маңғыт билерінің, әсіресе Мұса бидің тәуелсіз саясатының арқасында Ноғай ордасы өзінің аймағы, әскері, әкімшілігі бар дербес саяси құрылымға айналып, енді маңғыт әмірлері тіптен «осы өңірге хан боламын» дегендердің тағдырын шешетін күшке айналды. Мысалы, 1470 жылы олар Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидің таққа отыруына тікелей себепкер болды. Мұса би бастаған маңғыт мырзаларын ептілікпен өзінің ықпалында ұстай білген Мұхаммед Шайбани алғашқы қазақ ханы Керейдің және оның ұлы Мұрындықтың ұзақ жылдарға созылған табанды шайқастарының нәтижесінде ығысып, Мәуереннахрға қоныс аударуға мәжбүр болды. ХVІ ғасырда Ноғай ордасының негізін қалаған маңғыттардың едәуір бөлігі Қырым түбегінен солтүстіктегі аймақтарға қоныс аударды. Осында топтасқан маңғыттар Мансұрұлы әулетінің билігін орнықтырды. Маңғыт билерінің ықпалдарын Қазан, Астрахан және Сібір жұрттары да айқын сезінді.
Алайда Мұса биден кейін Ноғай ордасының әлсіреу кезеңі басталды. Сарайшықты өзінің резиденциясына айналдырған әз-Жәнібек өзіне қарасты тайпаларды ноғайлар арасынан қазақ арасына көшіріп алды. 1472 жылы Мұрындық ханның тұсында Қасым сұлтан бастаған қазақ әскерлері Ноғай аймағына басып кірді және Мұрындық хан Сарайшықты тағы да өзінің астанасына айналдырды. Ноғайларды қазақтарға қарсы күресте әлсірете түскен, олардың ұзақ жылдар бойы сенімді әріптесіне айналған Мұхамед Шайбанидің Иран шахы Исмайл Сефевидің қолынан қаза табуы болды. Осындай жағдайда 1519 жылдан бастап Қасым хан маңғыттарды бағындыруға біржолата кірісті. Ол Қазақ хандығының батыстағы шекарасын Жайық өзеніне дейін жылжытты.
Бірақ мұндай жетістікті одан кейін Қазақ хандығын билеген Тахир қолда ұстап тұра алмады. Оның әлсіздігін пайдаланған Мұса мен Алшағыр бидің балалары Қазақ хандығын Қыпшақ даласынан қайта ығыстырып шығарды. Тахир хан Жетісуға барып тығылды. Мұның өзі Ноғай ордасын қайта күшейтті. Ноғай ордасының айбаты 1530-1540 жылдары барынша артып, ол енді Қазақ хандығын ғана емес, Башқұрт жерін де өзінің ықпалында ұстады. Алайда мұндай өрлеу ұзаққа созыла қойған жоқ. ХVІ ғасырдың орта шенінде ноғай мырзаларының билікке таласқан қырғындары қайта басталды және нәтижесінде Исмайыл жеңіске жетті. Дегенмен де ол енді түрлі топтарға бөлініп кеткен ноғай тайпаларының басын бір мемлекетке біріктіре алған жоқ. Оның қол астындағы жұрт Үлкен Ноғайлы деп аталса, ал солтүстік батыс Кавказда Кіші Ноғайлы жұрты пайда болды. Бұл, шынында да, қуатты Ноғай ордасының бөлшектенуі және күйреуі еді.
Бір орталыққа бағынудан қол үзіп кеткен ноғайлар көрші жұрттардың аймақтарына бытырай қоныс аударды. Ноғай жұртының орнында енді ұсақ-ұсақ Едисан, Едишкул, Буджақ тәрізді майда ордалар қалды. Ал ноғай көшпелілері болса тағы да, топтасып, қарақалпақ этносын құрады. Ұзақ жылдар қатар өмір сүрген шығыстағы қазақтар да көрші ноғайлардың кейбір этноқұрылымдарын қабылдады. Он сан коғайлардың Алтыұл ұлысының үлгісімен қазақтарда Алты сан Алаш қауымдастығы қалыптасты. Ноғай көсемдерінің бірі – Жаңбыршы бидің жауынгер ұлының Алаш атанғанын да білеміз. Бір бөлігі ноғайларға кірген керейт, тама, телеу тайпалары ноғайлардың едисан (жетісан) тайпалық одағының үлгісімен қазақтың Жетіру одағының қалыптасуына түрткі болды. Қазақ пен ноғайдың рухани жақындығының жарқын көрінісі болған, екі жұртқа ортақ «Ноғайлы жырлары» әлі де талай ұрпақты ерлік пен елдікке тәрбиелей береді.
Қорытынды
Тарихшылар ұзақ жылдардан бері Моғолстанды 14 ғасырдың орта шеңінде қазіргі Оңтүстік Батыс Қазақстанның және Қырғыстанның жерінде құрылған, яғни Жетісу мен Тянь-Шянь өлкесін қамтыған, Шағатай мемлекетінің құлауы нәтижесінде пайда болған орта ғасырлық мемлекет деп келеді. Ол 16 ғасыр ортасына дейін өмір сүрді. М.Х. Дулатидің өзі Моғолстаның мемлекетінің шекарасын былай көрсетеді: «… қазір Моғолстан атап жүрген територрия өзінің ұзындығы және ені жөнінен 7-8 айлық жолды құрайды. Оның Шығыс шекарасы Қалмақтар жеріне-Барскөлге, Емілге және Ертіске жалғасады.
Жалпы, Моғолстанға үстемдік жасаған дулат әмірлері туралы айтқанда дулат тайпасының өзі туралы да бірер сөз айтпасқа болмас. Бұл тайпаның біртіндеп Қазақ хандығы құрамына өткені жайлы қазақ халқын құраған тайпалардың бірі екенін дәлелдеуді қажет ете қоймас. Қазір біз пайдаланып отырған, өзбек ағайындар 1996 жылы шығарған «Тарих – и Рашидидің» басылымында осы тайпаға мынадай түсінік берілген. «Дуглат – племя монгольского происхождения, длительное время играла видную роль в политической жизни Моголистана и Кашгарии» (66). Дулаттар және қазақтардың құраған басқа түркі тайпалары мекендейтін өлкенің дәл «жүрегінде» орналасқан кезінде Яссы, Йассы атанған қала 16 ғасырда Түркістан аталуы тегін болмса керек.
Бұл аймақты түркі тілдес халықтар мемкендегендіктен қала 16 ғасырда осылай атанды.
Жалпы қазақ халқын құраған тайпалардағы түркіленген монғолдар үлесін асыра көрсетуге құштарлық тарихи шындыққа жеткізе қоймайды. Біздің түріктік тегіміз сонау кеңестік дәуірде мойындалған ақиқат екенін ескертеміз.
Моғолстан жерінде ұзақ жылдар бойы Әмір Темір жіне оның ұрпақтарының жүргізген жорықтары қарапайым еңбекші бұқараның жағдайын әбден қалжыратты. Ал оңтүстік-шығыс аудандарында мал шаруашылығы үлкен күйзеліске ұшырады. Сөйтіп Темір және оның мирасқорланының Моғолстан жеріне жүргізген шапқыншылықтары оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуын ұзақ жылдар бойы қалпына келместей етіп ойсыратып тастады.
Моғолстан өз халқы мен жерін қорғай алмауында мынадай нақты себептер байқалды. Біріншіден, Моғолстан мемелекетінің жергілікті этникалық жағдайға байланысты құрылмағандығы, яғни оның жаугершілік саясаттың арқасында құрылған мемлекет болғандығы. Сол себепті 15 ғасырдың екінші жартысында Моғол мемлекеті ыдырап кетті.
Екіншіден, Моғолстанның алып жатқан жер аумағы тарихи-экономикалық дамуы жағынан әр түрлі боды. Бір жағында қалалық өмір мен отырықшы жер кәсібімен айналысқан ел болса, екінщі бір жағында жартылай көшпелі, жартылай жер өңдеумен айналысқан халықтар өмір сүрді. Бұлар тек күшпен ғана Моғол хандығының қол астына қарады.
Үшіншіден, Моғолстан халқының этникалық құрамы да әр түрлі болғандықтан, олардың тілі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, діни наным-сенімі әр басқа болды және жер жағдайына байланысты өздеріне тән тарихи дамудың жаңа қалыптасып келе жатқан кезі еді. Моғолстан сияқты күшпен құрылған мемлекеттің ұзақ өмір сүруі мүмкін емес-ті, ондай мемлекеттің қашан да болмасын құрауы, құруы заңды тарихи құбылыс. Моғолстан хандығы 15 ғасырдың 60-70 жылдарында мардымсыз ғана өмір сүрді.
Төртіншіден, Моғолстанның ыдырауына феодалдық өзара қырқысулар, бір орталықтан басқарылған күшті өкімет билігінің болмауы және феодалдық езгіге қарсы күшейе түскен халық наразылығы да қатты әсер етті.
Бесіншіден, Моғолстан мемлекетінің ыдырауына қалмақтардың Жетісуға жасаған шабуылы, Орта Азиядағы Шайбани әулетінің және Темір әскерлерінің кескілескен күресі де ықпал етпей қойған жоқ.
Алтыншыдан, 15 ғасырдың екінші жартысында Жетісудағы қазақ тайпаларының ұлы жүзге бірігуі аяқталып, сонымен бірге қазақтар мен қырғыздардың жеке-жеке халық болып қалыптасуы, жергілікті халықтың өз тәуелсіздігі мен экономикалық және саяси жағынан дербес даму жолға түсуі, Жетісудың батыс жағында жеке Қазақ хандығының құрылуы, осы өңірлерді мекендеген қазақ тайпалары – Дешті Қыпшақ пен Түркістандағы қазақ руларының қосылуға деген ынтасы Моғолстанның ыдырауына, хандық билігінің жойылуына әкеп соқты.
Ал XVI ғасырдың ортасында ауыр дағдарысқа ұшыраған Ноғай Одағы ішкі феодалдың қайшылықтар мен қырқыстардың нәтижесінде тоз-тоз болып, 1569 жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Бұрын Ноғай Ода,ына қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық жер аумағы Қазақ хандығына бірікті. Олар қазіргі кіші жүзге – Алшын Ода,ының тобына (Жету ру, Кердері, Керейіт, Рамадан), Әлімұлы (Қаракесек, Қарасақал, Кете. Төртқара, Шөмекей, Шекті) және Байұлы (Адай, Жаппас, Алаш, Байбақты, Малқар, Беріш, Таз, Есентемір, Тана, Қызылқұрт, Шеркеш, Ысық) сияқты рулар бірлестіктері кірді. Бұлардың көпшілігі – Алтын Орда дәуіріндегі ноғайлар. Сондай-ақ олармен аталас рулар (Жағалбайлы, Беріш, Ш/еркеш, Малұар т.б.) Еділдің тқменгі сағасында, Солтүстік Кавказда, Қырымда кездесіп отырды. Бүгінгі қазақ халқының Кіші жүз ішіндегі бес аталы шеркеш руының қазақ арасынан табылуы да біраз жайдан хабар беретіндей. Олар XIII ғасырда Қазақия қазақ, шеркеш болып екіге бөлінгенде, шеркештер қазақтарға ілесе келгенге ұқсайды. Қазақ аталатын шеркештердің ұраны – Шағырай. Ал В.Ф.Минорский шеркештерді чахаркес деп жіктегені белгілі, ендеше шағырай да, шахар да бір-бірінен алыс қғымдар емес. Керек десеңіз Қарашай – Черкесиядағы абазиңдер арасында ілі күнге дейін Шегірей руы бар, ол дыбысталуы жағынан шағырай сөзіне тым жақын келеді.
Пайдаланылған әдебиет
- Аманжолов К. Р «Түркі халықтарының тарихы» 2-кітап: ( XIV ғ.-дан XVIII ғ.-дың бірінші жартысына дейінгі кезең).- Алматы: «Білім», 2002ж
- Жеңісбек Мұстафин, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Ноғай Ордасы.
- «Ана Тілі» газеті. Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісінің публикациясы.
- Омарбеков. Т «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық козқарас»
- «Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде» 7-ші том.
- «Қазақстан тарихы 5 томдық» 2-ші том.
- Пірімбетова. Е. Ө «Қазақ елінің тарихы»
- «Сарайшық: билеушілері мен батырлары».