Ноғай Ордасы XIV – XVI ғғ.
14-15 ғғ. Орта Азия мен Қазақстан монғол шапқыншылығы зардабынан арыла бастады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар түзеле бастады. Көптеген ұлыстар мен елдер тәуелсіз бола бастады. Осындай тәуелсіздікке ие болған мемлекеттердің бірі — Ақ Орда. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы — қыпшақтар, арғындар Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар т.б. Ақ Орда хандары — орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасық-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Орыс хан, Құйыршақ, Барақ т.б. Бұлар – кейінгі Қазақ хандарының тікелей арғы бабалары еді. Ақ Орданың күшейген кезі 14 ғ. 2 жартысы. 1361 ж. Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағын иемденуге күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жж. Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханьды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 ж. Орыс хан қайтыс болып, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшті. Бірақ осы кезде Маңғыстау үстіртінің билеушісі — Жошы әулеті Түй хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды. Өзін 1379 жылы Ақ Орда ханы етіп жариялайды. Ақ Орда әмірлерінің қолдауына ие болған ол, 1380 жылы Сарайды, хажы-Тарханды, Қырымды және Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 ж. Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі себебінен мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтапан жоқ. Атап айтқанда, Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қамқорынан босануға тырысады. Бірақ, 1380, 1391, 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қирайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан 14 ғ. соңы мен 15 ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсіреп қалады.
Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІҮ-ХҮ ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, әскерінің қолбасшысы, Жошы ханның немересі (1260-1306) Ноғай есімімен байланысты. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы — әмір Едіге (1395-1419). Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411), «ұлы әмір» атанған. Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында болған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХҮ ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Территориясы: Еділ-Жайық арасы. Астанасы – Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама және т.б. сияқты түрік тайпалары. Ноғай Ордасы этносаяси бірлестік ретінде пайда болды, оған енген тайпалар ХҮ ғ. аяғында қалыптасқан ноғай халқының негізін құрады.
Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі – хан. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген. Ұлыстың қатардағы көшпелі малшылары мырзалармен бірге көшіп-қонып, алым-салық төлеп отыруға, соғыс жорықтарына қатысуға міндетті болған. Орданы Едіге ұрпақтары басқарды. Мұрагерлік жолмен берілетін әкімшілік, әскери, елшілік билік князьдің қолында болды. Ордада жорыққа 300 мың жауынгер шығарылды.
Ноғай Ордасының тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүретін ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты Ноғай Ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Сібірге дейін созылып жатады, ал оңтүстік-шығыста олар кейде Сырдария бойында, Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Олардың билеушілері Уақас би маңғыт, Мұса мырза, Жаңбыршы және басқалары Әбілқайырға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға жәрдемдеседі. Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысса, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уәлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақтар мен ноғайлар ханы» атанған.
ХҮІ ғасырда Ноғай Ордасының Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық, саяси байланысы дамыды. ХҮІ ғ. 2-ші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) және Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Ноғай Ордасы туралы тарихшылар арасында, әсіресе, Орданың географиялық орналасулары мен этникалық құрылымдары жөнінде түрлі пікірлер бар. Оған негізгі себеп – қазақ тарихшыларының ноғайлар туралы нақты да, көлемді зерттеулерінің жоқтығы. Бұл бағытта, тек А.И.Исиннің «Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы байланыстары туралы» зерттеуі маңызды.
Ал, Ресейде Ноғай мәселесіне өткен ғасыр ауқымында М.Ғ.Сафарғалиев, А.А.Новосельский, Н.А.Баскаков, В.М.Жирмунский, Е.А.Поноженко, М.Г.Худяков, М.И.Ахметзянов, Д.М.Искаков, М.А. Усманов, Р.Г.Кузеев, Т.Юлдашбаев, С.Мажитов, Чулошников, В.Б.Вино-градов, Ахмедов, Б.А.Кочекаев, А.И.Сикалиев, Б.Ишболдин, Д.Девиз және В.В.Трепаловтың зерттеулері нәтижесінде ноғайлар Ордасының тарихы жүйелі ғылыми пайымдаулар мен тұжырымдарды иеленді. Әрине, жоғарыда айтқанымыздай ноғай-маңғыттардың этникасымен көрші ұлыстар мен халықтармен байланыстарының көмескі жақтарыда жетерлік.
Қалай дегенмен де, жоғарыда аттары аталған ноғайтануға елеулі еңбек еткен тарихшылар да, аттары аталмаған тарихшылар да Ноғай Ордасының этникалық негізі-ХІІ-ХІІІ ғасырларда Орталық Амур өлкесімен Алтай тауларының баурайларын жайлаған Нечин бахадур бастаған көшпелі маңғыт тайпалары екендігін бірауыздан мойындайды. Шежіреде: Нечин бахадур – Құйылдар – Жедай Ноян т.б. кете береді. Сонымен қатар, маңғыт тайпалары Шығысхан жаулаушылығына ерікті-еріксіз түрде араласып, осы жорықтар негізінде терістік Қытайға енген, одан кейін Мауренаhр және ХІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі Шыңғыстың Орталық Азияға жорықтары тұсында түстік Қазақстанға келгендегі туралы парсы және қазақ, араб тарихшыларының (әбд ар Раззах Самарханди, қадір әлі Жалайри, Әбілқазы, Уәлиханов, Муин аддин Нтанзи, Ибн Арабшах) жазба деректері сақталған.
Жалпы Ноғай Ордасының құрылып, нығайып-қалыптасуына Едіге бидің ерекше рөл атқарғаны белгілі. Осы тарихи тұлғаның тегі туралы белгілі Шығыс танушы Д.Девиздің 1994 ж. жарық көрген «Исламизация и исконная религия в Золотой Орде. Баба-Тюклес и обращение в ислам в исторической и этнической традиции» — атты еңбегінде өте қызықты деректер кездеседі. Автордың пайымдауынша, Баба Тюклес Едіге бидің бабасы, яғни атасының әкесі деген шежірелік тұжырым бар. Демек, Ноғай Ордасының негізін қалап, кеңейткен тарих тұлғаның арғы тегі арабтық қожалардан шыққан деп айтуға негіз бар. Өйткені, Баба Тюклес қазақ және қарақалпақ тайпаларының арасында Түкті – Баба деген атпен белгілі болған қасиет иесі. Түкті – Баба Сарайшықта мәңгілік топырақ бұйырған қожа Ахмет Ясауи шәкірті Сейт бабамен қатар аты аталып, Алтын Орданы Өзбек хан (1312-1342), әз-Жәнібек хан тұстарында (1342-1357 жж.) исламдандыру барысындағы ең басты тұлға. Бұл туралы ХVІ ғасырда өмір сүрген Өтеміш қажы ибн Маулан Мухаммад Достының «Шыңғыс-Наме» — атты еңбегінде нақты деректер бар. (106-107 бб.)
Сондықтан да, маңғыт тайпаларының Мауреннаhрдан Еділ-Жайық бойына қоныс аударулары Бердібек ханның (1357-1360) жылдарындағы тақ үшін таласы тұсында, яғни, Хызыр ханның басшылығымен жүзеге асқанға ұқсайды. Өйткені, өз тұстарында Өзбек те, әз-Жәнібек те хал-қына өте беделді тұлғалар болған. Тақ үшін тартысқа түскен сұлтандар мен ақсүйектердің қай-қайсысының да қолдайтын нөкер-төлеңгіттері мен белгілі бір деңгейде ру-тайпалары болғандығы тарихи деректерден белгілі.
Міне, осы үрдіс Хызыр ханның маңғыт тайпаларына арқа сүйеуін жоққа шығармайды. Мысалы, араб тарихшылары Натанзи мен Ибн Арабшах. Дәл осы жылдары Қият-Маңғыт Мамай Қырымға орнықты деген Өтеміс қажының дерегі де сақталған (108 б.). Бұл жылдар Қырым хандығының әбден күшейіп, тек түбекті ғана емес Днепр, Дон өзендерінің түстік далаларына да ықпал етіп, дәуірлеген кезеңі сияқты. Бұл кезең туралы жанамалы деректер қазақтың «Ертарғын» жырында да кездеседі.
Қырым хандығының әлсіре-уінде Алтын Орда ханы Тоқтамыстың сыртқы өзімшіл саясаты, яғни, 1380 жылы шабуылы барысында Мамайды талқандауы-Ноғай ордасының ыдырауын бастаған уақиғаға айналса, Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жойқын шабуылдары Ноғай Ордасының ыдырауын шапшаңдата түскені даусыз.
Едігенің әкесі Балтышақ (Бертальд) – Орыс ханның ұлы Темір-Мәлік тұсында оған беклер-бек (бас уәзір) болып, барынша адал және өте абыройлы қызмет еткен, сондықтан да Тоқтамыс Темір-Мәлікті талқандап, Балтышақты өзіне қызметке шақырады, алайда беклер-бек келіспей өлтіріледі. Дәл осы жылдардан бастап Едігенің саяси қайраткерлігі басталып, оның қызметі Тоқтамыс ханға жағып, ол Едігеге не қызы, не қарындасы – Жаниханы ұзатады, одан белгілі тарихи тұлға Нураддин туылады. Едіге осылайша Тоқтамысқа қызмет етеді. Бірақ, көп кешікпей, Едіге мен Тоқтамыс арасындағы қайшылық Әбілғазының дерегі бойынша Орыс ханның немересі Темір-Құтылыққа байланысты туындап, Едіге Темір Құтылықпен бірге Ақсақ Темірге кетеді. Алайда, Ақсақ Темірдің Алтын Орда мен жалпы Дешті-Қыпшақ далаларына қарсы әрекеттері Едігенің жасырын-ашық түрде Ақсақ Темірге қарсылығын күшейтеді. Мәселен, ХІV ғасырдың ақырына таман басталған Ақсақ Темірдің Алтын Орда ханы Тоқтамысқа шабуылын алдын-ала Едіге маң-ғыттарға хабарлап, Ноғай Ордасының бір бөлегі осы кезеңде Еділ-Жайық аралығына қоныстанып, Сарайшыққа Едіге бастаған ноғайдың ақсүйектері орнығады. Ал, Сарайда Ақсақ Темір билігін мойындаған Құйыршық хан; Хажы-Тарқанды Темір Құтылық, Қырымда Ақсақ Темірден қашқан Тоқтамыс бекінген (Сафарғалиев. 174-176 бб.).
Ноғай Ордасы мен маңғыт тайпасының біржолата ыдырауы осы кезеңдерге, яғни ХV ғасырдың басына сәйкес келеді. Тіпті кейбір рулары Тор-ғай, Есіл-Нұра өзендеріне дейін қашып көшкен. Маңғыт тайпаларының рулары қазақ тайпа-руларына кірме ретінде сіңісіп кеткендері де жеткілікті. Мысалы, алысқа бармай-ақ, Беріш тайпасының Себек бөліміне Жаңбырша аталығы-шежірелер мен деректер бойынша – қара ноғай атымен себектермен бауырлас-қан. Біздің университеттің байырғы ұстаздарының бірі-физик, марқұм Жұмашев Мұхит – қара ноғаймын деуші еді.
Махамбетше айтқанда: «Ежелгі дұшпан – ел болмас, етектен кесіп – жең болмас» — дегендей, 1401 жылы Едігенің ұлы Нураддин Еділден өтіп, Тоқта-мысқа шабуыл жасап, оны өлтіріп, атасы Балтышақтың кегін қайтарады (Арабшах).
Ал, 1419 жылы Тоқтамыстың ұлы Қадірберді ханның қолынан Едіге Сарайшық маңында опат болады. Сүйегі-хижраның 822 жылы (Айни, Ш.Уәлиханов, Потанин, Ә.Марғұлан) Орталық Қазақстандағы Ұлытаудың, кейіннен Едігетау деп аталып кеткен қыратына жерленген.
Едіге би маңғыт жұртына зор еңбек сіңірген өз дәуіріндегі аса ақылды, қасиет иесі болған адам. Сондықтан да болар… қарақалпақ халқы оны – жылқы малының киесі – Қамбар ата есебінде де дәріптейді.