Моғол хандығының тағына негізінен Шығыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Әрине, монғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезінде өздерінің басымдылығын көрсеткенмен, уақыт өткен сайын жергілікті түрік тілдес тайпалар басымдылық алып, монғолдарды өздеріне сіңіре бастаған. Ал қалғандары Шығыс Түркістанға, ұйғырларға қоныс аударып, соларға араласып, өздерінің монғол атынан мүлде айырылған.
Жоғарыда көрсетілгендей, Жетісу аймағы Моғолстанның солтүстік-шығыс жағын алып жатты. Ал бұл аймақтағы түрік тілдеп үйсін, қаңлы тайпаларының біздің дәуірімізге дейінгі III – II ғасырлардан өмір сүріп келе жатқандығын білесіндер. Одан кейін V-VI ғасырларда да бұл аймаққа түрік тілдес тайпалар келіп қоныстанды. Сондықтан да орта ғасырдан дамыған кезінде құрылған Моғолстанның негізгі халқы түрік тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін, арғын, баарын, барлас, бұлғашы, т.б. ертеден осы өңірді өмір сүрген тайпалар еді. Бұлардың қатарында осы жергілікті халықтармен араласып, түркіленіп кеткен монғол тайпалары да болды. Мемлекеттің ұлттық құрамы онда қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ру-тайпалардың басым болғанын, сөйтіп бұл мемлекеттің қазақ халқының мемлекеттілігінің бастауында тұрған елдердің бірі екендігін көрсетеді.