Мазмұны
Кіріспе. 2
Орынбор қаласы.. 3
Қызылорда қаласы.. 4
Алматы қаласы.. 5
Астана қаласы.. 10
Қорытынды.. 13
Қолданылған әдебиеттер. 14
Кіріспе
Көне түркі даласын мекен eткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген мол, құнарлы тарихы бар. Тарих төрінде көне түркі ұрпағы болып, саңлақ «сақтар» деген асқақ атпен де танылып, бүгінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің туын көтеріп отырған қазақ халқының жүріп өткен жолы – шежірелі, қазыналы ғұмыр. Біздің ел алдымен тәуелсіздікті аңсады, соған қол жеткізе алды.
Тәуелсіздік — қазақ халқының сан ғасырлық асыл арманы. Әлем халықтарының арасында дүниенің бір қиырынан бір қиырына өтіп барып ел болғандары да, сан түрлі ұлт пен ұлыстың араласуы нәтижесінде қалыптасқандары да баршылық. Қазақ — тамырын тереңге жіберген, осынау қасиетті даласынан табан аудармаған көне дәуірдегі сақтардың, ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, ата жұртта қара шаңырақты сақтап қалған халық.
Сіздер мен біздер жаңа мыңжылдықтың есігін аштық. Адамзат тарихындағы өсу мен өркендеудің, даму мен болашаққа ұмтылудың қадамын бастадық. Осы тұрғыдан ойға батқанда, Отанымыздың тарихынан оқшау орын алатын он жылдықтың осы кезеңмен ойлас келгенін мен жақсылыққа жоримын. Тәуелсіздіктің он жылдығын лайықты қарсы алу жолындағы сәтімен басталған іс-қимылымыздың көші қозғалар тұсында бәріміз бас қосып, жеткенімізді саралап, тапқанымызды бағалап, келер күндерге деген бақыт – бағдарымызды шамалап алатын кез келді.
Міне өткен ғасырдағы астаналар туралы біраз баяндап өтпекпін. Әрине бұрынғы астаналар туралы да ауыз толтырып айтуға да болады. Біздің ірі тұлғаларымыз табан тіреп ту тіккен Созақ, Түркістан сынды астаналар жөнінде өз алдына жеке әңгімелеуге де болатыны сөзсіз. Бірақ мен соңғы астаналарға баса назар аудардым.
Орынбор қаласы
Орынбор (1938—57 жылға дейін Чкалов) — қала, РСФСР-дің Орынбор облысының орталығы (1934 жылдан). Жайық өзенінің бойында, Сакмар өзенінің Жайыққа құйылысына жақын жерге орналасқан. Самара, Ақтөбе, Орск қалаларына баратын темір жол торабы. Халқы 800 мың адам (1998) болған еді. Орынбор алғашында қазіргі Орынбор қаласының орнына 1735 ж. қамал ретінде салынды, аты да Op өзенінің атына байланысты қойылған. Қазіргі орнына 1743 ж. көшірілді. Орынбор 18—19 ғасырдың 1-жартысында Орынбордың әскери шекаралық шебінің (1862 ж. таратылды) негізгі қамалы, 1744 ж. 15 мартынан Орынбор губерниясының, 1748 жылдан Орынбор казак-орыс әскерлерінің әскери және әкімшілік орталығы, 1881 жылдан (ген.-губернаторлықтың) орталығы, сондай-ақ Торғай облысы губернаторының мекені. 1868 жылдан Орынбор Россияның Қазақстанмен және Орта Азиямен ірі сауда орталығы болды Орынборды 1773 ж. 5 октябрьден 1774 ж. 23 мартқа дейін Е.И. Пугачевтің әскері қоршады. Патша өкіметі тұсында жер аудару орны болды. 18 ғ-дың аяғында декабристік бағыттағы Орынбор үйірмесі пайда болды.
Самара — Орынбор (1877) және Орынбор — Ташкент (1905) темір жолдарының салынуына байланысты Орынборда өнеркәсіп (ұн тарту, май шыжғыру, тері өңдеу, май айыру) өркендей бастады. 1912 ж. 37 фабрика, заводтық кәсіпорын (оларда 1794 жұмысшы істеді) және 7135 қолөнері болды. Ташкент темір жолдарының негізгі шеберханаларында 2 мыңға жуық жұмысшы істеді. РСДЖП-нің алғашқы топтары 1905 ж. мартта құрылды. Қала жұмысшылары 1905 ж. октябрьдегі бұқараның саяси ереуіліне белсене қатысты. Жұмысшылар мен солдаттар депутаттарының Советтері 1917 ж. март айының басында құрылды. 1917 ж. ноябрьдің 15 (28)-не қараған түнде Орынборда өкіметті атаман А.И. Дутов басып алды. 1919 ж. 22 январьда Қызыл Армия бөлімдері қаланы ақтардан біржолата азат етті. 1919 ж. апрельде Орынбор жұмысшылары қаланы Колчак пен Дутов әскерлерінің шабуылынан ерлікпен қорғады. Сол үшін Орынбор жұмысшылары БОАК-тің қаулысымен 1920 ж. Революциялық құрметті тумен наградталды.
1920 ж. 4 октябрьде Орынборда Қазақ өлкесі Советтерінің Құрылтай съезінде Қаз. АССР-і құрылды. Орынбор 1920—22 ж. Қазақ АССР-інің астанасы болды. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ интеллигенциясының едәуір бөлегі Орынбордың оқу орындарында оқып, білім алды.
Өнеркәсібінде машина жасау және металл өңдеу басты роль атқарады. Станоктар жоне құрал-сайман, тамақ, өнеркәсібі үшін машиналар, электро-механикалық және тоңазытқыш жабдықтарын жасайтын, темір жол транспортын жабдықтайтын т. б. заводтар бар. Дала маңынан ірі газ орны табылып игерілуде. Тамақ, жеңіл және жергілікті өнеркәсіптері де өркендеген. Жібек мата комбинаты, қолмен және машинамен тоқылатын шәлі комбинаты шығаратын бұйым жоғары бағаланады. Орынбордың негізгі тарихи орындары 1734 ж. салынған қамалға орналасқан (қала қақпасының қалдықтары сақталған). Архитектуралық ескерткіштердің арасында сауда үйі (1749— 54), Керуен сарайы (1836—42, арх. А. П. Брюллов) бар. Қала 1930 жылдан жедел қарқынмен өркендеп келеді. Ауыл шаруашылық, медицина, педагогтық институттар, арнаулы орта білім беретін оқу орындары, драма, музыкалы комедия, татар театрлары, филармония, өлкетану және бейнелеу өнері музейлері бар.
Қызылорда қаласы
Қызылорда, Ақмешіт — Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі ірі қала, Қызылорда облысының әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы. Автомобиль, су, әуе және темір жолдардың маңызды торабы. Сырдария өзенінің (төменгі ағысында) оң жағына орналасқан. Қала салынған өңір шалғынды, сортаң топырақты, құмды жазық болып келеді, климаты тым континенттік, қаңтардың орташа температурасы —9,3° С, кейде ауаның суықтығы — 38° С-қа дейін төмендейді, шілдеде 25,7° С, кей жылдары ыстықтық 46° С-қа жетеді. Қызылорда 1853 жылға дейін Ақмешіт болып аталып, қоқандық шағын қамал болды. Орыс әскері келгеннен кейін оған Перовск деген ат берілді. Ақмешіттің салынуы туралы екі ұдай пікір бар. Оның бірінде Ақмешіт Қоқан хандығының қамалы ретінде 1820 жылдың шамасында салына бастады делінсе, екіншісінде 1817 ж. шамасында, қоқандық қамал Ақмешіт салына бастады делінген. Октябрь социалистік революциясына дейін қала Түркістан өлкесі, Сырдария облысының уез орталығы болды. Революциядан кейін Ақмешіт аты қайтадан қалпына келтірілді де, ал 1925 жылдан бастап Қызылорда атала бастады. 1926-1929 жылдары Қызылорда Қазақ АССР-інің астанасы болды. Совет өкіметі тұсында қала қатты дамып ірі орталыққа айналды.
Мұнда химия, жеңіл, тамақ және құрылыс өнеркәсібі салаларынан 30-дан астам кәсіпорындар бар. Олардың ішіндегі ірілері: целлюлоза-картон комбинаты, ет, сүт, нан, құрылыс материалдар комбинаттары, аяқ киім, трикотаж, тігін, мебель фабрикалары, күріш тазалау, арақ, балық заводтары. Қызылорда кәсіпорындарында өндірілген өнеркәсіп өнімдері, әсіресе целлюлоза-қағаз, картон, күріш еліміздің көптеген аудандарына тарайды.
Қызылорда жалпы білім беретін 30-дан астам мектеп, педагигкалық институт, бірнеше орта арнаулы оқу орындары, Н. Бекежанов атындағы қазақ драма театры, облыстық тарихи-өлке тану музейі т.б. бар.
Алматы қаласы
Қазақ АССР-інің астанасы (1929-1936 жж), ал 1936 жылдан бастап Қазақ ССР-ның астанасы болды. республикалық деңгейдегі қала. Республиканың саяси, экономикалық, ғылыми жэне мәдени орталығы, басты транспорт торабы. Қалада 1980 жылдардың басында 1 млн. адам болатын халқы бар қала болды. 6 қалалық ауданға (Түрксіб, Әуезов, Бостандық, Медеу, Алмалы, Жетісу) бөлінеді. Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінің 900 м-ге дейінгі биіктіктегі етегін ала, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің ысырынды конусында орналасқан. Төңірегінің табиғаты өте көркем. Алматы — дүние жүзіндегі ең көгал қалалардың бірі (әр тұрғынына 20 м2 жасыл желектен келеді). Климаты континенттік. Ауаның жылдың орташа температурасы 7,8°С, қаңтарда — 8°С, шілдеде 22,3° С. Жауын-шашын көбінесе көктем айларында жауады. Қар жамылғысы жұқа әрі ұзақ сақталмайды. Қала сейсмикалық ауданда орналасқан.
1887 ж., 1910 ж. апатты жер сілкінулер болды.
Тарихи анықтама. Қазіргі қала атырабын халық ерте заманнан бері мекендеген. Негізінен Сақ, кейін Үйсін тайпаларының мекені болған бұл жерде орта ғасырда Алматы қаласы ірге көтерді. Қазақ жерінің толассыз шапқыншылықтарға ұшырау салдарынан қирап, шағын қыстаққа айналған бұл ежелгі қаланың орнына, осы өңірдің Ресейге қосылуына байланысты, 1854 ж. Заилийское (Верный) орыс бекінісі салынды. 1854 жылы майор Перемышльский басқарған отряд Алматы өқірінде Верное бекінісін салуды аяқтады, ал екі жылдан кейін, 1856 жылы, Заилийск өлкесіне енгізілген приставтық тәртіп орталығы Верный қаласы болған Алатау округі болып қайта құрылды.
Верное бекінісінің салынуымен солтүстіктегі қырғыздардың жері Россияның құрамына енген территорияға іргелесіп жатты. 1854 жылғы 26 сентябрьдеақ Ыстықкөл өңірінің қырғыздары өздерін Россияның қол астына қабылдау туралы Сібір генерал-губернаторына өтініш жасады, ал 1856 жыл.ғы 17 январьда Омбыда олар адал болатындықтары жөнінде ант берді. Осы кезден бастап Ыстықкөл өңірі қырғыздарының 10 мың түтіні Алатау округінің құрамына кірді. Оңтүстік-шығыс Қырғызстан мен Ферғана аңғарының халқы Қоқан хандарының билігінде қалып қойды.
1867 ж. Верный жаңа құрылған Жетісу облысының әкімшілік орталығына айналып, қала саналды.
Революция қарсаңындағы Верныйда негізінен жергілікті ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдеуге байланысты шағын кәсіпорындар ғана болды. 1913 ж. барлық «өнеркәсіп орындарында» 313 жұмысшы істеді. Мұнда спирт-арақ (10 жүмысшы), сыра (40 жұмысшы) заводтары, темекі фабрикасы (100 жұмысшы), 7 май шайқайтын шағын завод, тері өңдеу, сабын қайнату, жүн жуу және ұн тартатын кәсіпорындар болды. Қала өзінің алма бағымен (9,2 мың га, 1917 ж.) әйгілі еді.
Верный өз уақытында едәуір мәдениет ошағына айналды. Мұнда оқу және мәдениет орындары ашылды. Қалада сол кезде Орталық және Орта Азияны тұңғыш зерттеуші көптеген белгілі ғалымдар болды. 1856 ж. қалада Алматы туралы және Іле Алатауы белдеулеріне алғашқы рет сипаттама берген географ П. П. Семенов-Тян-Шанский, 1875 ж. геолог И. В. Мушкетов (1887 жылғы Верный жер сілкінуі туралы елеулі еңбек жазды), географтар Н. М. Пржевальский, Г. Н. Потанин, А. Н. Краснов және В. В. Сапожников, зоолог Н. А. Северцев, тарихшы В. В. Бартольд т. б. тұрды. 1856—64 ж. арасында қазақтың ұлы галымы Ш. Уәлиханов Верныйға жиі келіп тұрды.
19 ғасырдың соңында Верный қаласы патшалық Ресейдің саяси тұтқындарды жер аударатын орнына айналды және революциялық қозғалыс орталықтарының бірі болды. Жер аударылған социал-демократтар мұндағы бұқара арасында революциялық үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Алматы қаласы – Қазақстан Ресубликасының мәдениетті және сәулетшілік орталығы. Ол – өте әдемі, көркем, әсем және үлкен қала. Алматыда Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері бар. Медеу мұз айдыны Алматыға жақын. Алматы көшелері тузу және кең. Қең көшелерде машиналар, автобустар, трамвайлар, троллейбустар жүріп жатыр.
Алматыда көп қабаты үйлер, театрлар, кинотеатрлар, мұражайлар, мәдениет сарайлары, дүкендер өте көп.
Қаланың орталығында қонақ үйлер, цирк, орталық әмбебап дүкені, вокзалдар, кітапханалар және институттар бар.
Алматы қаласындарғы ықшамаудандар: «Көктем», «Самал», «Орбита», «Ақсай», «Айнабұлақ», «Таугүл», тағы басқалар.
Оңтүстік астана мейманханаларында бүкіл бір қабатты алып жатқан президенттер мен корольдердің әсем безендірілген номерлері бар. Әр түрлі санаттағы 3 жұлдыздан 5 жұлдызға дейінгі мейманханалар қабылдап алады.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайы мен Ә. Қастеев атындағы Бейнелеу өнері мұражайының мол коллекциялары назар аударуға тұрарлықтай. Қазақ халық аспаптарының 60-тан астам түрінің коллекциясы бар халық аспаптарының мұражайы да бірегей орында. Алтын мен құнды метеллдар мұражайында Қазақстанның зергерлік өнерінің тарихы сыр шертеді. Қалада көптеген сурет галереялары бар.
Алматыда аса ірі театрлар, концерт залдары, филармония, кітапханалар жұмыс істейді, сондай ірі кітапхананың бірі 1931 ж. құрылған Ұлттық кітапхана болып табылады, оның қорында 5 млн-нан астам томдар бар.
Халықаралық “Азия дауысы” фестивалі саз өнерінің өміріндегі жарқын оқиға болып табылады, ол жыл сайын табиғаты тамылжыған Медеу қойнауында жаз аяғында өткізіліп отырады.
Алматының түнгі тынысы да әсерге бөлейді. Мұнда дастархан басында экзотикалық дәмдер татып, саз әуенін тыңдап, дискотеканы қызықтаушылар үшін бәрі де жасалған, казинода көңіл көтеріп, отыруға болады. 1999 ж. діндарларға арналған жаңадан отралық мешіт ашылды. Мүбәрақ атындағы Ислам мәдениет орталығы мен университет жұмыс істейді. Архиепископ басқаратын орыс православие шіркеуінің, Астана – Алматы епархиясында Әулие Вознесенский және Әулие Никольский шіркеулері бар.
Алматы – елдің спорт орталығы. Алматылықтар мен қаламыздың меймандарына бес стадион, бәйге алаңы, теңіз деңгейінен 1700 м биіктіктегі Медеу мұз айдыны мен аспалы тербелмелі жолдары бар, теңіз деңгейінен 2200-2780 м биіктігіндегі аса күрделі шаңғы жолдары бар таудағы Шымбұлақ шаңғы курорты айғара есігін ашады.
Әлемге әйгілі биік мұз айдыны қаладан 15 шақырым жерде орналасқан. Оның мұз айдынының көлемі 10500 шаршы метр – коньнимен шапшаң жүгіру, хоккей, мәнерлеп сырғанау жөніндегі ашық халықаралық жарыстар өткізетін орын. Мұнда 120-дан астам рекордтар жасалды. Жайманшуақ ауа райы, күн радиациясның ұтымды деңгейі, тынық ауа райы мен таза мұздай суынан қатқан мұз айдыны “Медеуді” әлемдегі ең жақсы мұз айдыны, ал оның орналасқан жері ең көрікті өңір болып табылады. Мінберден Алатаудың қарлы шыңдардың және кіші Алматы алқабындағы су тасқынына қарсы салынған бөгесінің (200м) әсем көрінісі ашылады. Нақ осы бөгесі 1979 ж. аса қатерлі су тасқынынан құтқарған болатын.
Осындағы 1450 м биіктіктігінде “Самал” рестораны орналасқан. Оның жанында Сиверс алма ағаштары, жабайы өрік, терек, итмұрын т.б. өседі. Бөген салынған жерінен 2-3 км қашықтықта “Горельник” спорттық базасы салынған, тағы 2-3 км-ден кейін туристік және тау шаңғы базасы орналасқан. Осында 1,5 шақырымдық аспалы тербелмелі жолы теңіз деңгеінен 2200 м-ден 2860 м биіктікке апарады. Осындағы қар жатуының тұрақтылығы мен қыстың ұзақ болуының әсерінен мұнда халықаралық жарыстар өткізіледі.
Тағы бір көрнекті, жиі қоныстанатын жер Үлкен Алматы шатқалы. Осында алғашқы 7 км Үлкен Алматы өзенінің бойымен асфальт жолы төселген. Оның екі жағында бау-бақшалар, коттедждер, “Орбита” теледидар станциясы, 1070 м биіктігіндегі “Алматы” санаторийі орналасқан.
6-шы км-де асфальт жолдары 1977 ж. 3 тамызда болған селдің әсерінен бұзылып, жоғарғы деңгейді бұл жол үшке бөлінеді. Ең ұзын жол — ортаңғы жол.
Бұл жол Үлкен Алматы көліне әкеледі. Бұл көл қаланың орталығынан 38 км қашықтықта, теңіз деңгейінен 2500 м биіктікте орналасқан. Бұл көлге Үлкен Алматы өзені құйып шығады. Сондықтан бұл көл суық (тереңдігі 38 м), таза, көк жасыл түсті болып келеді. Көлдің жанындағы табиғат ерекше болып келеді: жартасты, мореналы, Тянь-Шань шыршаларының ормандары өседі. Ал осы көлден жоғарырақ жүрсе, Ыстық көлге баратын асу көрінеді.
Астана қаласы
Астана (1998 жылдың 6 мамырына дейін — Ақмола) 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен және Қазақстан Республикасы Парламентінің қолдауымен еліміздің орталығы, астанасы болып тарихқа енді.
1998 жылдың 10 маусымында Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық презентациясы болып өтті.
Алматыдан астананы көшірудің бірнеше себептері болған болатын. Оның негізгілері Алматы сейсмикалық зонада орналасқан, елдің бір түкпірінде және экологиялық жағдайдың күрделілігіне байланысты еді.
1992 году қалаға бұрынғы өз атын қайта бергеннен соң Ақмола атала бастаған еді.
Қараөткел, Ақмола, Целиноград, Астана қаласы – Қазақстан Республикасының қазіргі орталығы. Сарыарқаның солтүстік бөлігінде, далалық зонада, Есіл өзенінің биік оң жағасынеда орналасқан. Оңтүстік Сібір және Петропавл—шу темір жолдарының түйіскен жеріндегі ірі темір жол жәие автожолдар торабы. Әуе жолдары арқылы Мәскеу, Алматы және еліміздің басқа да қалаларымен, облыстың көптеген елді мекендерімен байланысады. Халқы 500 мың. Қала 1961 жылдан Целиноград деп аталды.
Есіл өзені мен керуен жолдарының түйіскен жеріндегі Қараөткел тұсында сыртқы әскери округтың орталығы ретінде 1830 ж. іргесі қаланды. 1832 ж. қалаға айналып, Ақмола (қаланың оңтүстігіндегі саз жыныстардан түзілген төбеге байланысты) аталды. Ол —1862 ж. Ақмола далалық генерал-губернаторлығының басты қаласы, ал 1868 ж. Ақмола облысының уезд орталығы.
Совет өкіметі жылдары қала Солтүстік Қазақстанның ірі өнеркәсіп пен мәдени, ғылыми орталығы дәрежесіне жетті. Ақмоланың тез өсуіне Петропавл—Ақмола (1930), Ақмола — Павлодар (1953) темір жолдарының салынуы, облыс орталығына айналуы (1939), тың және тыңайған жерлердің игерілуі (1954 жылдан бастап), бұрынғы Тың өлкесінің орталығы (1960—65) болуы орасан зор әсер етті.
Өнеркәсібінің негізгі саласы — машина жасау және металл өңдеу. Ірі кәсіпорындары — «Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш», насос, сауда жабдықтары, сантехникалық бұйымдар мен электр тетіктері, газ аппараты заводтары, автомобиль, вагон, аспап, тұрмыстық техниканы жөндеу заводтары, медициналық техниканы жөндеу-құрастыру, су шаруашылығы мен жол техникасын жөндейтін шеберхана, техникалық қызмет көрсететін станция, қара металлургия заводды. Құрылыс материалдары, темір-бетон бұйымдары мен құрылыс конструкциялары комбинаттарының, керамзит заводының, тұрмыстық химия заводының, ет, сүт комбинаттарының, балық, арақ-шарап, сыра заводтарының, нан бірлестігінің, астық-азық комбинатының да қала экономикасындағы маңызы зор. Астанада соңғы жылдарда көптеген көп қабатты жаңа тұрғын үйлер мен қоғамдық, мемлекеттік маңызы бар ғимараттар Есіл өзенінің сол жағына салына бастады. Қала негізінен көгалдандырылған.
Қалада агробиржа, фондтық биржа, валюталық биржа, ірі банктер, сақтандыру, көліктік компаниялар, тұрақты жәрмеңкелер және көрмелер және басқалар салынады. Сөйтіп ірі орталыққа айнала бастайды.
Соңғы жылдардың өзінде қала құрылысы Қазақстанның бүкіл экономика салаларының локомотиві іспетті болып отырғаны даусыз, өйткені жылына 700-800 млн. доллар көлемінде қаржы игеріліп қала қауырт өсіп барады. Бұл қаражат Қазақстан Республикасының жылдық бюджет табысының үштен бірі шамасында болып отыр.
Астанада Ұлттық музей, бірнеше бизнес-орталықтары, аквапарк, этнопарк, Ұлттық кітапхананың бөлімшесі тәрізді мәдени-ғылыми ғимараттар бой көтеріп үлгерді.
Мұнда оқу орындары өседі деп күтілуде. Қазірдің өзінде Евразия университетінде мыңдаған студенттер білім алуда.
1998 жылы қаланың инфрақұрылымын көтеру үшін Астанаға «Гүлдер» мемлекеттік бишілер ансамблі, фольклорлық «Сазген» ансамблі көшірілді.
Парламент және Үкімет үйлері тұрғызылды. Елбасының резиденциясының көк күмбезді ғимараты көз жауын алады. Сенат пен Мәжілістің бірлескен жиналыстары өтетін ғимаратта бұл күндері алыстан мен мұндалап тұрады.
«Интерконтиненталь» және «Финтрако-Комфорт» қонақ үйлері, «Әл-Фараби», «Самал» атты шағын аудандар іске қосылды.
Астана қаласының даму приоритеттері
- Қаланы энергетикалық тұрғыдан қамтамасыз ету және қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып энергияны өндіру әрі сақтау,
- Сумен және канализациямен қамтамасыз ету,
- Қазіргі заманғы телекоммуникациялар құралдарымен қамтамасыз ету,
- Алматы-Астана автобанын халықаралық стандарттарға сай сервистік желілермен салып шығу,
- Есіл арқылы бірнеше көпірлер салу және айналып өтетін жолдар салу,
- Халықаралық аэропорт салу,
- Халықаралық сыныптағы бизнес-орталықтар, отельдер, сауда үйлерін салу,
- Тұрғын үйлер салу,
- Қазіргі заманға сай құрылыс индустриясын дамыту.
Қорытынды
Қазіргі Қазақстан — әлем таныған егеменді ел. Өзінің ұзақ жылдарды қамтитын тарихында еліміз сан алуан қиыншылықтарды өткерді. Алайда көкірегінде:
«Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген!»,-
деген ұран оты сайрап тұрған ержүрек бабаларымыз отанымыз және астанамыз үшін тайсалмай күресті. Соның арқасында ғана бүгінгі таңда бақытты өмір сүріп отырмыз. Мемлекетіміздің саяси дамуына қолайлы жағдай жасау ниетімен астанамыз болашағы зор қалаларға көшіріліп отырды. Бұрынғы және қазіргі елордаларымыздың қайсысы болмасын, әрқайсысының еліміздің тарихында алатын орындары ерекше.
Көк байрақ көтерген он бір жылды саралап қарасақ, жүз жылда атқарылатын істер істелініпті. Ғасырлар тоғысында астанамыз жаңарды.
Бас қаламыз – Астана Қазақстан жүрегіне, ұлттың ұранына, азаттықтың асқақ арманына, қазақтың қастерлі де қасиетті мекеніне айналды. Болашақта Астана әлемнің ең ірі, ең әсем де көрікті қаласына айналады. Себебі, қазақ халқы – ертеңі үшін, келер ұрпағы үшін өмір сүріп келе жатқан халық.
Қолданылған әдебиеттер
1. Қазақ Совет Энциклопедиясы, 1-12 томдар, 1973-1980 жж.
2. Қазақтар. І-VII том, Құрастырғандар Әбен.Е. Шалғынбаева Ж. Алматы, 1998 ж.
3. Маданов. Ұлы дала тарихы, Алматы, 1997 ж.
4. Қазақ ССР тарихы, 2 том. Алматы, 1980 ж.
5. Мусин Ч. Қазақстан тарихы, 2003 ж.
6. Қазақ тарихы, очерктер. 1998 ж.