Қазақстандағы діни ахуал туралы қазақша реферат
Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Жоғарыда айтқанымыздай, халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды.
Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.
Мемлекет – дін қатынастарының күрделілігі мен маңыздылығын түсіну үшін алдымен еліміздегі діни ахуалға шолу жасайық: Тәуелсіздік жылдарындағы діни ахуал Елімізде негізінен басты екі дін бар десек болады. Олар – ислам және христиандық.
Ислам дінін ұстанушылар халық санының шамамен 67-70 пайызын құрайтын 24 этникалық топ. Республика халқының 58 пайызы қазақтар және оларға қоса ұйғыр, татар, өзбек, түрік, курд, дүнген, шешен, әзірбайжан, башқұрт, ингуш, балкар қатарлы бауырлас халықтар түгелдей ислам дінін және оның ішіндегі сүнни (суннит) жолын ұстанады. Тек, әзірбайжан және курд халықтарының бір бөлігі мен шағын ирандық топ ғана шиға (шиит) жолын ұстанады. Бүгінге дейін көп білінбейтін шиғалар, әсіресе, IV Кәрім Ага Ханның (1936- ) елімізге жасаған сапарлары және «Халықаралық тау университетінің» Қазақстан бөлімшесінің ашылуы барысында соңғы жылдары елімізде үгіт-насихаттарын күшейте түсуде [42].
2004 жылдың басындағы деректерге қарағанда елімізде 1648 мұсылман діни бірлестігі, 1534 мешіт жұмыс істейді. Ал, бүгінгі 2012 жылдары олардың саны көбеюде. Осы арада ислам дінінің Қазақстанның негізгі діні екенін және халқымыздың тарихында үйлестіруші, ұйымдастырушы һәм біріктіруші күш ретінде ең маңызды орын алғанын атап айтуымыз керек… Қазақстандағы екінші орынды дін христиандықтың бүгінгі ахуалы исламмен салыстырғанда тым күрделі. Біздегі христиандық (мәсіхшілдік) алуан түрлі конфессиялар мен секталардан құралған және бір діни орталыққа бағынбайтын бытыраңқы көрініс береді.
Христиандардың басым көпшілігі славяндық православие бағытында. 1956 жылы республика көлемінде 55 православие жамағаты (приход) болса, бүгінгі күні 240 діни бірлестік, 8-12 монастыр жұмыс істейді. Қазақстандағы православие шіркеуінің тікелей Мәскеу Патриархтығына және Қасиетті Синодына бағынатын митрополиттік деңгейіндегі бөлім екенін ескерелік.
Христиандықтың еліміздегі екінші тармағы католицизмді ұстанатын шағын топ. Олардың өзі екі топқа бөлінеді: Рим католик шіркеуі және Грек католик шіркеуі. Бұл екі шіркеу негізінен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында белсенді жұмыс істеуде. Республика көлеміндегі католик жамағаттардың саны 38, діни бірлестіктер 80 мөлшерінде. Шетелдердегі католик шіркеулері, әсіресе Ватикан және АҚШ-та орналасқан католик ұйымдары Қазақстанда миссионерлік іс-әрекеттерді белсенді түрде жүзеге асырып келеді[43].
Бүгінгі күні елімізде материалдық қамсыздандырылған 150 шетелдік католик миссионердің (ресми тіркелгендері ғана – М.Б.) тоқтаусыз үгіт-насихат жұмыстарымен шұғылданып жатқанын айтсақ жеткілікті. Сонымен қатар католиктердің Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларында діни оқу орындары мен басылымдары бар екенін айта кетелік.
Христиандардың саны аз болғанымен ең көп тармаққа бөлінген тобы – протестанттар. Қазақстандағы ең басты протестант шіркеулері Евангелиялық христиан-баптистер, жетінші күннің Адвентистері және Лютерандар. Еліміздегі баптистердің саны 10-15 мың адам, дегенмен олардың жамағаттарының саны 300 мөлшерінде. Кейбір баптист топтардың ресми органдарда тіркелуден бас тартып келе жатқанын да ескерген жөн. Лютерандардың орталығы Астана қаласында орналасқан, 70-тей діни жамағаттары бар, негізінен немістер арасында көп таралған[44].
Адвентистердің де орталығы Астана қаласында. Осы аталған протестант мәзһәбтары (конфессиялары) елімізде тек өткен ғасырда ғана пайда болғаны, Кеңес билігі кезінде (1917-1991) қоныс аударған келімсектер арқылы елімізге келгені белгілі. Жаңа елордамыз Астананың діни орталық ретінде таңдалуы осы шіркеулердің орталық және солтүстік аймақтарда етене жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Протестанттықтың жаңа формалары, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында елімізде өте белсенді миссионерлік іс-қимылдарды жүзеге асырып, бір сыпыра азаматтарымызды өз қатарына тарта білді. Олар негізінен АҚШ-та орналасқан протестант миссионер ұйымдары. Елуліктер, Методистер (Біріккен Методист шіркеуі – АҚШ, Флорида уилаяты), Мун сектасы (Оңтүстік Корея), Меннондар, Пресвитериандар (АҚШ), Жаңа апостолдар шіркеуі (АҚШ), Әлемдік Қырман Шіркеуі (АҚШ,