Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуы (1991-2001)

Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуы (1991-2001) туралы қазақша реферат

Қазақстан экономикасында, әсіресе, ауыл  шаруашылығының үлес салмағы үлкен екені белгілі. Бірақ, осыған қарамастан 1992-1993 жылдардағы елеулі дағдарыс ауыл шаруашылығында басталды. Оның басты себебі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық еді. Бұл ауыл шаруашылығын қатты күйзеліске әкеп соқтырды. Мәселен, 1993 жылы 1990 жылмен салыстырғанда К – 700 маркалы трактордың бағасы 1287 есе, МТЗ-82 маркалы трактордың бағасы 1667 есе, астық жинайтын «Нива» комбайнының бағасы 2050 есе, Дон – 1500 комбайнының бағасы – 1236 есе қымбаттады. Ал бұған керісінше осы жылдар ішінде астықтың сатылып алу бағасы бар болғаны 148 есе, мүйізді қараның бағасы – 65 есе, қой – 62, сүт – 87, жүн – 66, құс – 127, жұмыртқа – 219, ауыл шаруашылығы барлық өнімдерінің бағасы – 116 есе өсті. [29,210-б.] Бұл деректерден өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы арасындағы алшақтықты айқын көруге боларды. Ауыл шаруашылығына қажетті өнімдерге бағаның бейберекеттігінен техниканы, тыңайтқыш, өсімдікті қорғайтын химиялық құралдар қолдану қауырт төмендеді.

Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. Бұрын 600-ден астам астық өндіретін, 700-дей қой шаруашылығымен шұғылданатын кеңшарлар мен колхоздар, 80-дей құс фабрикасы бар еді. Шошқа өсіретін, бордақылайтын өндірістік негізде дамыған бірнеше ірі – ірі кешендер жұмыс істеді. Халық жұмыртқамен, құс етімен толық қамтамасыз етілген еді. Шошқа етімен қамтамасыз етуге жететін мезгіл де алыс емес-ті. [9,316-б.] Тек қолбайлау болып отырған нәрсе – ол құрама жем өндіру болатын. Республика халқы жекешелендіру барысында өздерінің осы қолда барына айрылып қалу жағдайын басынан кешірді. Бағадағы былық, бейберекеттік, жекешелендірудегі асығыстық пен науқаншылдық, қаржыландырудағы берекесіздік, басқарудың жоғарыдан төменге дейінгі жүйесін күйрету, материалдық – техникалық қамтамасыз етуді алыпсатарлыққа айналдыру және тағы басқа жағдайлар, тұтас алғанда, ауыл шаруашылығын күйретуге соқтырды. 1993 жылы кеңшарлардың басым көпшілігі жұмыскерлерге 6 айға дейін жалақы бере алмады. Көптеген кеңшарлардың адамдры 1994 жылдың қаңтарына дейін теңгенің жүзін де көрмеді. [18,115-б.]

Құрама жемнің сапасының төмендігі мен бағасының қымбаттығы құс пен шошқа шаруашылығына үлкен нұқсан келтірді. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын салаларда жаңа қауаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, негізгі қорларды алмастыру сияқтиы жұмыстардың көлемі азайып кетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жоғарыдағы айтылған және басқа да кемшіліктерді жоймай, салаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертпей бүкіл реформаның жүзеге асуына күмән келтірді.

Ауыл шаруашылығының басты саласы – егіншілік. Алайда, нарықтық қатынастарға көшумен байланысты алғашқы үш жыл ішінде көп – көрім қалыптасқан саланың берекесі қалмады. 1992-94 жж. қатарыгнан егістік дала жаңбыры болғанына қарамастан егіншіліктің байырғы мәдени дәрежесі төмендеп кетті. Гербицид пен минерал тыңайтқыштарды сатып алуға ақша болмай, уақытында жер жыртуға жанар – жағар май жетіспей қалған кездер жиі – жиі орын алды, дәннің сапасы (протоиннің, клейковинаның деңгейі төмендеп) нашарлады. Ал дән сапасы төмендесе, бағасы да төмендейтіні белгілі. Осының нәтижесінде жиналған астық жәгне одан алынған өнім азайды. Жалпы ауыл шаруашылық өнімі 1992-1998 жылдары аралығында 55пайызға қысқарған, астық өндіру 30 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға азайған. Оны төмендегі деректерден байқауға болады:

7-кесте

1992 – 2000 жылдарда  ауыл шаруашылығында жиналған өнім көлемі

Жылдар Жиналған астық (млн.тн) Әр гект. Алынған өнім (цент) Шитті мақта (мың.т) Қант қызылшасы (мың т.) Картоп

(мың т.)

Баубақша өнімдері

(мың т.)

1992 29,7 13,2 252 1160 2570 985
1993 21,6 9,7 200 843 2300 808
1994 16,4 7,9 208 433 2040 781
1995 9,5 5,0 223 371 1720 780
1996 11,2 6,5 183 341 1657 778
1997 12,3 8,7 198 128 1472 880
1998 6,3 5,6 161,6 225 1263 1079
1999 14,2 13,0 249,4 294 1695 1287
2000 13,0 9,4 287,1 272 1692 1543

 

Жоғарыдағы кестеде келтірілген деректерден елімізде тек астық өндіру ғана емес, сонымен қатар мақта, қант қызылшасы, картоп және көкөніс өндіру де 1998 жылға дейін едәуір азайып отырғаны көрініс тапқан. Тек 1999 жылдан бастап республиканың егін шапуашылығы саласында оң нәтижелер бере бастады. Жоғарыдағы кесте көрсеткеніндей бұл жылы мол астық жиналды. Бидайдың әр гектарынан 14,5 центнерден өнім алынып, республика бойынша 16 миллион тонна астық өндіруге қол жетті. Астық өндіру кейінгі жылдары да өсіп отырды. Мысалы, 2000 жылы 18,2 миллион тонна астық өндірілді. Сонымен қатар Қазақстанда қазіргі кезеңде дәнді дақылдардың егістік алқаптарының деңгейі 12,5-13,0 миллион гектарға тұрақталды. [сонда]

Нарық жағдайында аграрлық сектордың басты бір саласы – мал шаруашылығының халі мәз болмай, едәуір төмендеді. Малдың саны жылдан – жылға азайып отырды. Мал мен құстың кемуі негізінен осы салаға деген көзқарастың нашарлауына болды. Малға қажетті жем – шөп аз дайындалды. Оны мынадан да көруге болады: егер 1993 жылы әрбір малға шартты есеппен 16,9 центнерден жем – шөп дайындалса, 1994 жылы 13,1 центнерден, ал 1995 жылы – 11,5 центнерден келген. Бұдан басқа шаруашылық кәсіпорындарын жекешелендіру нәтижесінде мал шаруашылығын жүргізу нысандары да көп өзгеріске ұшырады. Жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар өнім берудің орнына сатылып кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Мал санының азаюының тағы бір себебі – бұрын Қазақстан бүкіл Кеңес Одағына арнап ет дайындаса, енді 15 миллион халыққа ғана есептеп өндіретін болды. [29,215-б.]

Сонымен республикада мемлекеттік санақ мәліметі бойынша мал саны 1990 жылмен салыстырғанда төмендегі кестеде келтірілген нәтижелерде көрсетеді.

                                                                                   8-кесте

1991 -2002 жылдар да Қазақстандағы мал басы саны (млн.бас)

Жылдар Ірі қара Қой мен ешкі Жылқы Шошқа Құс
1 2 3 4 5 6
1991 9,8 35,7 1,6 3,2 59,9
1992 9,6 34,6 1,7 3,0 59,9
1993 9,6 34,4 1,7 2,6 52,7
1994 9,3 34,2 1,6 2,4 49,8
1995 8,1 25,1 1,5 2,0 32,7
1996 6,9 19,6 1,4 1,6 20,8
1997 5,4 13,7 1,3 1,0 15,4
1998 4,3 10,4 0,9 0,9 16,0
1999 4,0 9,5 1,0 0,9 17,0
2000 4,0 9,6 1,0 0,9 18,0
2001 4,3 9,6 1,0 1,0 19,7
2002 4,4 10,4 1,0 1,1 21,2

Жоғарыдағы кесте деректері көрсеткендей, Қазақстанда 1991 жылмен салыстырғанда 1999 жылы ірі қара 518 мың. басқа, қой мен ешкі 26,2 млн., жылқы – 600 мың, шошқа – 2,3 млн., құс – 42,9 млн. басқа қысқарған. [50,416-б.]

2000 жылдан басталған ауыл шаруашылығындағы тың серпіліс мал шаруашылығы саласының дамуынан да көрініс тапты. Мәселен, соңғы үш жылда мүйізді қара 8 пайызға, қой 9 пайызға, шошқа 40 пайызға артты, жылқы 1 пайызға құс өсіру 25 пайызға артты. Қазір республикадағы мал басының 90 пайызынан астамы жек шаруа қожалықтарының қолында жинақталған.

Мал шаруашылығын одан әрі дамыту және мал басын қайта көбейту үшін негізгі үш бағытта жұмыс істеу көзделді. Біріншіден, селекциялық – асыл тұқымдандандыру жұмыстарының деңгейін көтеру арқылы қолда бар мал басының генетикалық әулетін арттыру, жоғары сапалы тұқыммен барлық аналық малды қолдан ұрықтандыруды жаппай қолға алу. Екіншіден, перспективалық мал тұқымдарын дамыту үшін жағдайтуғызу. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен бірлесе отырып, жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдары анықталып, оларға мемлекеттік қаржы көздерін қарастыру. Үшіншіден, жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдарын табиғи өсіммен арнайыландырылған орта және ірі тауарлы өндіріске қайта бейімдеуге қол жеткізу.

Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, егіс көлемін көбейтуге, өнім мөлшерін өсіруге бағытталған шараларды іске асыруды. Ауыл шаруашылығы саласындағы меншік түрлеріне қарамастан үкіметоларға әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Оған дәлел ретінде 1996 жылғы бюджеттен 4,3 миллиард теңге, 1997 жылы 5,3 миллиард бөлінгенін айтуға болады. Бұл қаржы қой өсіруге, миниралдық тыңайтқыштарға, мал тұқымын асылдандыруға жұмсалған. 1996 жылы Азия даму банкісі тарапынан Қазақстанға 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлінді. Оның 50 миллион доллары 1997 жылы ауыл шаруашылығы салаларына  жұмсалды. Тек 1996 жылдың өзінде 630 егін және 100 мақта жинайтын шетелдік комбайндар сатып алынды. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жылдан жылға жұмсалатын қаржының артып отырғандығын ерекше атап көрсеткен жөн. 1999 жылы оған 9 миллиард тенге бөлінсе, 2000 жылы агроөнеркәсіп сласына 11 миллиардқа жуық теңге жұмсалды. [сонда,442-б.]

Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. 2000 жылы республика көлемінде 96198 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 өндірістік кооператив, 2886 шаруашылық серіктестігі және 60 жеке меншік кәсіпорын жұмыс істеді. Сөйтіп, 1999 – 2001 жылдар аралығында ауылда тиімді шаруашылық жүргізуге қабілетті меншік иелері қалыптаса бастды. Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформалық шаралардың нәтижесінде өндірілген өнімдердің 99 пайызыжеке меншік құрылымдарының үлесіне тиеді.2003 жылдың басында мемлекеттік секторда бар болғаны 3 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері қалды. Республикадағы шаруашылыққа жарамды деген жердің 30 миллион гектарға жуығы шару қожалықтарының, 16 миллионы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, 37 миллион гектары шаруашылық серіктестері мен акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты. Салықты тек бір патент түрімен ғана төлеу енгізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының бұрынғы қарыздарының барлығы жойылды. Басқа қарыздары 5-6 жылға ары қарай создырылды. [сонда]

Ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларондағы жалпы өнімнің өсуіне мүмкіндік берді. Мәселен, мұндағы жалпы өнімнің өсу қарқыны 1999 жылы 1998 жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға артты, 2000 жылы өсім 8,2 пайыз, 2001 жылы – 16,9 пайыз, 2002 жылы 6,6 пйыз болды.

Ауыл шаруашылығы саласының қаржылық жағдайы да едәуір жақсарды. Егерде сала бойынша 1999 жылдың қорытындысында 2,6 миллиард теңге табыс түссе, 2000  жылы бұл көрсеткіш 4,8 миллиард теңгеге жетті. Ал 2002 жылдың қорытындысы бойынша табыс 10 миллиард теңгеге өсті. [57,300-б.]

Ауыл шаруашылығы одан әрі дамытудың жаңа кезеңі Қазақстанда өткен 2002 жылдан бастау алды. Бұл кезең /2005 жылға дейінгі уақытты қамтуы тиіс болатын/ аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен  сабақтастырыла отырып қарастырылған болатын.

Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. Бетбұрысты мәселелерді айқындайтын Жер, Орман және Су кодекстерінің жобалары жасалды. 2002 жылы 5 маусымда  мемлекеттік аграрлықбағдарлама қабылданды. Ол алдағы үш – 2003-2005 жылдарды қамтуы тиіс болды, яғни ауылды қолдау, өрендету жылдары деп аталды. Бұл жылдары көктемгі дала және күзгі жиын терін жұмыстарын қаржыландыру нақты және тұрақты сипат алды. Мәселен, 2002 жылы ауыл шаруашылығысалаларын қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 30 миллирд теңге қаржы бөлінді. [29,146-б.]

2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын және оған байланысты салаларды бюджеттік қаржыландыру елеулі түрде арта түсті. Осыған орай салаға қатысты 77 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыруға 2002 жылы 40 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 30 миллиарды аграрлық секторды дамытуға, 10 миллиарды ауылдың әлуметтік мәселесіне, оның ішіде, ден саулық сақтау, білім беру салаларына, ауылды ауызсумен қамтамасыз етуге жұмсалу белгіленді. Ал 2004  жылы ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен – 50миллиард, 2005 жылы – 55 миллиард теңге бөлу жоспарланды. [50,447-б.]

Қорытып айтқанда, республиканың ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсету арқылы оның деңгейін көтеру, соның ішіде қазіргі кездегі егістік көлемін сақтау, одан алынатын өнімдіөсіру, қолда бар малдың санын одан әрі кемітпей, тұрақтандыру ісін жүзеге асыру көзделді. Ол үшін ел басының «Қазақстан – 2030»  деп аталатын жолдауында атап көрсетілгендей, кеңшарларды жекешелендіру, мал басын тұтастай жекеменшік қолына өткізу шаралары кейінгі уақыттарда ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін береді деп күтілді. [7,    15-б.]