ҚАЗАҚСТАНДА ЗЕЙНЕТАҚЫМЕН ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ

ҚАЗАҚСТАНДА ЗЕЙНЕТАҚЫМЕН ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ туралы қазақша реферат

Зейнетақымен қамсыздандыру кез келген ел үкіметінің басты назарындағы әлеуметтік мәселелер қатарына жатады.

Қазақстан Республикасында да азаматтардың қартайғанда әлеуметтік қамсызданды­руға құқықтары Конституцияда бекітілген.

Қазақстан  қоғамдық қатынастар  өзгерістерге ұшырап жатқан қиын жағдайларда әлеуметтік қамсыз­дандыру моделін таңдауды жүзеге асырды.  Әлеуметтік кепілдік берудің патерналистік схемасын адам дамуының қажеттіліктеріне, саяси реформалар мен экономиканы ұйымдастырудың жаңа нарықтық қағидаттарына қарай қайта өзгерту қажеттігі туындады. Таңдау әлеуметтік қамсыздандыруды ұйым­дас­тыру және халықаралық институттардың ұсы­ным­дарын есепке ала отырып жасалды [2].

Чили тәжірибесіне негізделген қазақстандық модель сипаты бойынша түрлі заманауи модельдердің белгілерін қамтиды. Мемлекеттің белсенді қатысуы мен жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлу скандинавиялық (Швеция, Дания, Норвегия) модельге үйлеседі. Сақтандырудың болуы және тікелей мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қыз­меткерлердің арасында әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігінің теңдей бөлінуі  консервативтік-корпоративтік (Германия, Франция, Италия) және либералды (АҚШ, Канада, Ұлыбритания) модельдерге сәйкес келеді. Әлеуметтік саясаттың эконо­микалық өсуге тәуелді болуы Шығыс Азия моделінің (80 жж.-ға дейінгі Жапония, Оңтүстік Корея) үлгісінде жүзеге асырылады [2].

Қазақстандағы қазіргі зейнетақы жүйесі Үкімет елімізде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін реформалау тұжырымдамасын мақұлдаған және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң қабылданған кезден, яғни 1997 жылдан бастау алады.

Зейнетақы реформасы капитал рыногын жеке­шелендіру және дамытудан тұратын үш бірдей экономикалық даму стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде жоспарланған болатын. Экономика­лық дамуды ескеретін қаржылық тұрақты, дербестендірілген зейнетақы жарналар арқылы еңбек үлесімен өлшенетін әділ жүйе құру қайта құрудың басты мақсаты болып табылды.
Реформаның ұзақ мерзімді мақсаты төлемдері белгілі ынтымақты зейнетақы жүйесінен аударымдары нақты жинақтаушы жүйеге өтуден  тұрады.

Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін дамыту жөніндегі зерттеу жұмыстарының шеңберінде жүргізілген Дүниежүзілік банктің актуарлық есептеулері бойынша аталған транзит 2043 жылға қарай аяқталады деп болжануда. Сол уақытта зейнеткерлер зейнетақыны толықтай капитал рыногында инвестицияланатын міндетті дербес жинақтау шоттарындағы жинақтардың есебінен алуға тиіс.

Еліміздегі зейнетақы жүйесін реформалаудың 14 жылы ішінде толыққанды көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құруға арналған тұжырымды және норма­тивтік құқықтық база қалыптастырылды, жинақ­таушы зейнетақы жүйесінің инфрақұрылымы жасалып, дамытылуда, зейнетақы жүйесін басқарудың белгілі бір тәжірибесі жинақталды. Бұл қолданыс­тағы жүйеге қажетті талдау жүргізуге және тиісті түзетулер енгізуге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда зейнетақы қызметі рыногында 11 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істеуде. Са­лым­шылардың дербес зейнетақы шоттарының саны 8,2 млн. бірлікті құрайды. Бұл ретте қорларға міндетті зейнетақы жарнасын белсенді төлеуші­лердің саны 5,6 млн. адамды немесе жұмыспен қамтылған адамдардың 67 %-ын құрайды (1999 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп). Салымшы­лардың зейнетақы жинақтары 2011 жылдың басынан бері 393,2 млрд. теңгеге немесе 17,4 %-ға көбейіп, 2 триллион 651 млрд. теңгені құрады.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері 2 триллион 546 млрд. теңгеден астам сомаға инвестицияланды, бұл барлық зейнетақы жинақтары сомасының 96 %-ы. Реформаның алғаш­қы жылдары қорлардың инвестициялық порт­фелінде мемлекеттік құнды қағаздар басым болған болса, қазіргі кезде мемлекеттік құнды қағаздарда инвестициялардың үлесі төмендеген, бұл орайда корпоративтік құнды қағаздарға және екінші деңгейдегі банктердің депозитіне салынған зейнетақы жинақтарының көлемі өсуде.

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығына қарамастан, зейнет жасына жеткеннен кейін сақтандырылған адамға аннуитеттер төлеуді көздейтін зейнетақымен сақтандыру жүйесі де белсенді енгізілуде. 2007-2011 жылдар аралығында зейнетақы аннуитеті шартын жасаған салымшылардың саны 300 есеге (29 шарттан 6,5 мың шартқа дейін), зейнетақы аннуитеттер бойынша сыйақылар жинағы 500 есеге (32 млн. теңгеден 15,8 млрд. теңгеге дейін) өсті.
2008 жылы басталған әлемдік қаржы-экономи­калық дағдарыс дамыған елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына едәуір әсерін тигізді. Дағдарыс ықпалын ескерген Қазақстан қаржы жүйесін сауықтыру жөніндегі кешенді шаралармен қатар, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз санатының өмір сүру деңгейін төмендетіп алмау үшін алдын алу шараларын қарастырды.  Осындай дағдарысқа қарсы шаралардың бірі зейнетақы төлеміне құқық туындаған сәтте, яғни зейнетке шығар кездегі инфляция деңгейіне қарай міндетті зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша кепілдіктермен қамтамасыз ету болды.

Сондай-ақ, мемлекет зейнетақы алу құқықтары реформаға дейін туындаған 1 млн. 735 мың зейнеткер үшін ынтымақты зейнетақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындауда. Зейнетақы жүйесін реформалаудың алғашқы жылдарында табысты орташа зейнетақымен ауыстыру ставкасы кеңес кезіндегіден (1991 жылы – 42,8%, 2001 жылы – 34,2 %) төмен болған болса, 2005 жылы базалық зейнетақы төлемінің енгізілуін, сондай-ақ соңғы үш жылғы жыл сайынғы 25-30%-дық өсірулерді ескере­тін болсақ, ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі зейнеткерлердің ауыстыру ставкасы 2011 жылы 46,1 %-ды құрады, бұл Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымына сай келеді.
Мұндай шаралар зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшерін 24047 теңгеге, орташа мөлшерін  35829 теңгеге, ең жоғары мөлшерін  52226 теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді [3].

Дамудың оң үрдістеріне қарамастан, зейнет­ақымен қамсыздандыру жүйесінде шешімі табыл­маған оның қаржылық тұрақтылығы, сенімділігі, шынайылығына (зейнетақы төлемдерінің сәйкестігі) және әлеуметтік тиімділігіне қатысты бірқатар жүйелі проблемалар бар. Қазіргі таңда Эконо­микалық даму және сауда министрлігімен, Ұлттық банкпен бірлесіп қолданыстағы зейнетақы жүйе­сінің жай-күйіне кешенді талдау жүргізу, сондай-ақ оны одан әрі жетілдіруге жағдай жасау  үшін әдістемелерді айқындау жұмыстары басталды. Сондай-ақ Қазақстанның Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасындағы бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы шеңберінде зейнетақы жүйесінің бар­лық деңгейлерінде актуарлық есептер жүргізу және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетіл­ді­ру және одан әрі дамыту жөнінде ұсынымдар әзір­леу үшін Дүниежүзілік банк сарапшылары тартылған.

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақ­стан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында  Президент – Ұлт көшбас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақстандық жолдың жаңа кезеңі – ол экономиканы нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы жаңа міндеттер» екенін атап өтіп, Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жақын онжылдықта әлеуметтік қорғау мәселесі еліміздің негізгі даму басымдықтары болып белгіленген.  Осыған байланысты, жақын келешекте қолданыстағы зейнетақы жүйесіне параметрлік өзгерістер енгізуді талап ете­тін базалық және ынтымақты деңгейлерде зейнет­ақы төлемдерінің мөлшерін арттыру тетіктерін әзірлеу өзекті мәселенің бірі болып тұр. Келешекте, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін базалық зей­нетақының мөлшері 2015 жылға ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің 60%-на жеткізіледі, ал ынты­мақты зейнетақы төлемдері жыл сайын инфляция деңгейіне қарай міндетті түрде өсіріліп тұрады.

Тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы қорла­рының қызметімен қамтуды кеңейту, жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық қызметін және олардағы зейнетақы төлемдері тетігін жетіл­діру, сондай-ақ зейнетақы аннуитеттері рыногын дамыту қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйе­сін жетілдірудің  басты бағыты болып табылады.

Қазақстан  Үкіметі 2011 жылдың наурызында бекіткен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарла­масы­ның аясында тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту жоспарланып отыр. Аталмыш бағдарлама өз бетінше жұмыспен қамтыл­ғандар, жұмыссыздар мен табысы аз қазақстан­дықтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға белсенді жәрдемдесуге ғана емес, өз бетінше жұмыспен қамтылған адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартуға да бағытталған. Жұмыспен қамту бағдарламасының нәтижесінде жинақтаушы зейнет­ақы жүйесімен қамтылған өз бетінше жұмыспен айналысатындардың саны 2016 жылға қарай шамамен 1,0 млн. адамды құрайтын болады. Бұл ретте бағдарламамен қамтылған өз бетінше жұмыспен айналысушы адамның 60 %-ы жалдамалы қызметкер мәртебесіне ие болады. Өз бетінше жұмыспен айна­лысатындардың жалақысын төлеуге жұмсалатын субсидия сомасынан   10 % мөлшерінде міндетті зейнетақы жарна аударылатын болады. Өз бетінше жұмыспен айналысатындардың екінші бөлігі (40 %) өз пайдасына 22,2 млрд. теңге сомасында міндетті зейнетақы жарнасын аударады [5].

Сонымен бір уақытта өз бетінше жұмыспен айналысатындардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу есебі мен мониторингін жетілдіру шаралары қабылданады.

Жинақтаушы зейнетақы қорларының инвести­циялық проблемаларын шешу құнды қағаздар рыногының жай-күйімен тікелей байланысты, себебі салынған зейнетақы активтерінен инвес­тиция­лық табыс алу портфельдік инвестициялар шеңберінде ғана мүмкін және орынды болады. Биылғы жылдан бастап, жинақтаушы зейнетақы қорлары қаржылық құралдар құрылымы бойынша және инвестициялық қатерлер деңгейі бойынша ерекшеленетін бірнеше инвестициялық портфель­дерді (консервативтік, біркелкі) қалыптастыратын болады. Бұл орайда жинақтаушы зейнетақы қоры­ның әрбір салымшысына (алушысына) зейнетақы жинақтарын көбейту мақсатында инвестициялық портфельді өз бетінше таңдау құқығы беріледі.

Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдері тетіктерін жетілдіру және келешекте зейнетақы аннуитеттері рыногын дамыту  аяқтал­ғаннан кейін аннуитеттерді одан әрі кеңінен қолдану, бірлескен аннуитеттердің түрлерін енгізу жоспарлануда, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жинақтарын төлеу тәртібіне де бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.

Қорыта келе, Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың келешек перспективалары ұлттық экономиканың шикізат моделінен индустриялық-инновациялық моделіне өтуімен тығыз байланысты, оның басты құрамдас бөлігі қоғам мен мемлекеттің заманауи зейнетақы жүйесінің жалпы рентабель­дігіне тікелей әсер ететін тыныс-тіршілігінің барлық салаларын жаңарту болып табылады, ал мемлекеттік шығыстарды жоспарлаудың  негізгі басымдығы халықтың тұрақты өсуі, өмір сүру деңгейінің артуы және олардың әл-ауқатын нығайту болған және бола да береді [4].

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 

1 «ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңы

2 Г. Н. Әбдіқалықова.,  Әрбір зейнеткер мемлекет назарынан тыс қалмайды. «Айқын» 30.08.11.

Әбдіхалықова, Г. Зейнетақы жүйесін жетілдіру маңызды міндет // Егемен Қазақстан. — 2012. — 3 ақпан

4 Әбдіхалықова Г. Қарттарға қамқорлық-ортақ парызымыз//Егемен Қазақстан.-2007.- №29 (687).-С. 2.

5 Орынтаева, Г. Зейнетақы және әлеуметтік төлемдер туралы // Орал өңірі. — 2009. — 22 қаңтар

 А.Е. Прназарова

Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің оқытушысы

 экономика ғылымдарының магистрі