Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптің даму ахуалы (1991-2001)

Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптің даму ахуалы (1991-2001) туралы қазақша реферат

Қазақстан бұрынғы КСРО-дағы басқа республикаларға қарағанда нарық қатынастарын бұрын бастап кетті. Алайда нарықтық экономикаға көшу өнеркәсіптің одан әрі дамуына жол ашпады.Қайта өнеркәсіп салалары, әсіресе,ауыр индустрия, халыққа аса қажетті жеңіл өнеркәсіп орындары біртіндеп тоқтай бастады. Кәсіпорындардың көпшілігі бірқатар себептермен, қажетті материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе тұрақсыз қаржы жағдайына байланысты өз қуаттарын толық пайдалана алмады. Күрделі құрылыстың қысқаруы экономикаға кері әсерін тигізді. Инвестициялық процестің төмендеуі қоғамдық өндірістің тоқырауына соқтырды. Экономиканың тұрақтануына қаржы- ақша жүйесінің терең дағдарысы кесірін тигізді. Мемлекеттікбюджеттің тапшылығы – бір жағынан, кәсіпорындар мен мекемелер қорының өсуі, халықтың бар ақшасын «шұлық ішінде» немесе банкте жинақтауы – екінші жағынан, инфляцияны одан әрі жоғарылатты. Егер 1991 жылы өнеркәсіпте көтерме бағалар үш есе өскен болса, 1992 жылы 24,7 есе артты.[29,15-б.]Өнеркәсіп орындарының жартысы 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда өндірістің құлдырауына жол берді. Халық тұтынатын тауарлар өндіретін салаларда алаңдатарлық жағдай қалыптасты. Оны өндіру көлемі өнеркәсіп өндірісінің бүкіл көлемінің бестен бір бөлігін ғана құрады, сөйтіп 1991 жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға кеміді. Осы уақыт ішінде, әсіресе, Жамбыл, Маңғыстау,Солтүстік Қазақстан және Семей облыстарының кәсіпорындары едәуір құлдырады. Республика бойынша мұнай мен көмір өндіру қысқарды, электр қуатын өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтық өсті. Жыл бойында металлургия өнеркәсібіндегі  жағдай күрделі қалыпында қалды: шойын, болат, прокат құю азайды. Түсті металдар –магний, тазартылған мыс, қорғасын, титан, цинк өндірісі қысқарды. Металлургия және химия саласындағы өнеркәсіп жұмыстарының нашарлауымен байланысты құрылыс  және ауыл шаруашылығы техникаларын  шығару едәуір кеміді. Тракторлар, экскаваторлар және бульдозерлер шығару екі есе, металл кесетін станоктар – үштің біріндей қысқарды. Орман, ағаш өңдеу және  целлюлоза – қағаз өнеркәсібінің кәсіпорындары өз жұмыстарын айтарлықтай нашарлатты.

Күрделі құрылысты қаржыландыру көлемі 40 пайыздан астам қысқарды, нәтижесінде 1995 ж. мемлекеттік тапсырыс бойынша іске қосылуға тиісті 325 өндірістік қуаттар мен обьектілердің тек екеуі ғана іске қосылды. [27,15-б.]

Өнеркәсіптің  құлдырауы 1993 және 1994 жылдары да тоқтамады. 1993 жылы 1990 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 16,1 пайызға азайды. Оның ішінде электр қуатын өндіру 13 пайызға, мұнай өндіру 9 пайызға, көмір өндіру 17 пайызға төмендеді. Ал 1994 жылы республикада тұтастай тауарлар 41 пайызға кеміді. Денемен, 1995 жылы республикада тұтастай алғанда, өнеркәсіп өнімнің төмендегеніне қарамастан, оның жекелеген эсалаларында 1994 жылмен салыстырғанда: газ өнеркәсібінде – 29,3 пайыз, қара металлургия – 17,4 пайыз, химия және мұнай өнеркәсібінде – 3,4, түсті металлургия өнеркәсібінде – 1,9 пайыз өсім байқалды. [29,22-б.] Бірақ инвестициялық мақсаттағы өнімдер және тұтыну тауарларын шығаруға бағытталған салаларда өндірістің едәуір құлдырауына жол берілді. Өнім өндіру жеңіл өнеркәсіпте 59,8 пайызға, орман, ағаш өңдеу және целлюлоза – қағаз өнеркәсібінде – 45, тамақ өнеркәсібінде – 20,7 пайызға артта қалды. 1995 ж. республика бойынша түгелдей алғанда кәсіпорындардың 44 пайызы (4743 тің 2088 – і) 1994 жылғы өндіріс көлемінің деңгейіне жете алмады. Өндіріс көлемін төмендеткен кәсіпорындардың басым көпшілігі Торғай, Талдықорған, Алматы, Атырау, Көкшетау және Қарағанды облыстарының үлесіне тиді. [50,315-б.]Соның нәтижесінде Қазақстан кәсіпорындары 166,5 млрд. Теңгенің өнімдерін кем берді. Бұл республикада шығарылған өнеркәсіп өнімдерінің 26 пайызын құрады. Бір ескеріп айтатын жайт 1995 жылы 1994 жылмен салыстырғанда электр қауатын, газ конденсатын, табиғи газ, темір және хром рудасын өндіру ұлғайды. Солай бола тұра жылу эенргиясын, мұнай, мырыш өндіру төмендеді. [50,316-б.]

1996 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша ірі обьектілерді жекешелендіру жөніндегі жұмыс қарқын алды. Жетекші ірі кәсіпорындар өнімдерінің бағасы мен тарифтеріне бақылау жасау, сондай – ақ , оларды шағындау және бәсекелестік орта құру жөнінде салиқалы саясат жүргізілді. Бірақ осыған қарамастан 1996 жылы өндірістің құлдырауы тоқтамады. Өндірістің құлдырауы энергетика кәсіпорындарында 8,9 пайыз, қара металлургияда – 17,8, машина жасауда – 9,9, химия және мұнай – химия өнеркәсібінде – 27,2, құрылыс материалдары өнеркәсібінде – 31,8, ұн тарту- жарма және құрама жем өнеркәсібінде – 9,5 пайыз болды. [19,22-б.] Дегенмен 1996 жылдың соңыеа қарай өнеркәсіптің құлдырауы кейбір салаларда тоқтап, аздап өскендігі байқалды. Мәселен, осы жылы 1995 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру – 16,1, түсті металл өндірісі – 2,7 пайызға өсті. Инфляция мөлшері де ауыздықтала бастады. 1992 жылғы теңге енгізудің қарсаңында ол 3060 пайызға жетсе, 1996 жылы 28,7 пайызға дейін, 2000 жылы 9,8, 2001 жылы – 6,4, ал 2002 жылы – 5,9 пайыз төмендеді. [сонда]

Жалпы құлдырау кезіндегі өнеркәсіптің жеке салаларын алып қарайтын болсақ, олардың шығаратын өнімдерінің қысқаруы төмендегідей болып келеді:

6-кесте

Өнеркәсіп түрлері 1990 1991 1993 1995 1996 1997 1998 1999 2000
Электр қуатын өндіру

(млрд.квт.с)

87,4 86,0 76,1 66,6 59,0 52,0 49,1 47,4 51,6
Мұнай (млн.т) 25,8 26,6 23,0 20,6 22,9 23,4 23,8 26,7 30,6
Көмір (млн.т) 131,0 130,0 112,0 83,3 76,8 72,6 69,7 58,3 74,8
Шойын (млн.т) 5,2 5,0 3,5 2,5 2,5 3,0 2,6 3,4 4,0
Болат (млн.т) 6,7 6,4 4,5 3,0 3,2 3,8 3,1 4,1 4,7
Минералдық тыңайтқыш (млн.т) 1656 1516 304 197 190,0 151, 24,2
Цемент (млн.т) 8,3 7,6 4,0 1,8 1,1 0,65 0,62

Кестеде көрсетілгендей 1998 жылы 1990 жылмен салыстырғанда электр эенргиясын өндіру – 28,3 млрд.квт. сағатқа, көмір – 61,3, шойын – 2,6, болат – 3,6, цемент – 7,6 млн.тоннаға, минарлдық тыңайтқыш – 1,6 млн.тоннаға қысқарған, тек мұнай шығару сол бұрынға көлемінде қалған. [9,115-б.]

Өндірістің құлдырауының басты себебі – Одақ бойынша бұрынғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. Өнеркәсіптің екінші бір кері кетуі — өз жеріміздегі өндіріс кәсіпорындарының бір – бірімен байланысын, кірігуін, тұтасуын дұрыстап ұйымдастырып, дайын өнім өндіруге бағытталған нақтылы істің болмауы. өнеркәсіптің артта қалуының тағы бір себебі – оның шикізат өндіруге бейімделген сыңаржақтылығында, дайын тауар өндіретін, әсіресе, машина жасау салаларының жоқтығында болды. Одан басқа мемлекет экономиканы басқарудың тізгінін босатып алды, халық тұтынатын тауарларды шығаруды өз бетімен жіберді, өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші анықталып жарияланбады, еңбекке ақы төлеуде оның нәтижесі, өнімділігі, олардың арасындағы байланыс еске алынбады, бір сөзбен айтқанда, жалақы өз алдына, еңбек өнімділігі өз алдына жүрді. Мұндай жағдай экономикасы жақсы дамыған елдерде, нарықтық экономикада болмайтын құбылыс екені белгілі.

Өнеркәсіп өнімінің күрт төмендеу себептерінің бірі – жаңа технология мен техниканы пайдалану, оны өндіріске енгізу кең өріс алмады. Бұл іс бұрыннан ақсаулы болатын. Оның себебі біздің адамдардың жаңа технологияны игеріп, қолданудағы  білімі мен шеберлігінің жеткіліксіздігі еді.

Қазақстан кәсіпорындарындағы негізгі қорлардың ХХғ. 90-шы жылдары тиісті дәрежеде жаңаланып отырмауы, олардың 50 пайызға дейін ескіріп кетуіне әкеп соқтырды. Кәсіпорындарды жөндеуге қыруар қаржы керек болса, республикада жоқ болып шықты. Экономиканы, еңбектің тиімділігін арттыруда еліміздің егемендігін, экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде энергетиканы, мұнай, темір, көмір, түсті металл өндіретінірі кәсіпорындарды дамытудың маңызы зор екені белгілі. Бірақ осы бағытта тындырылған іс мардымсыз болды. Елдегі өнеркәсіп саласының құлдырап кетуінің тағы бір себебі, әсіресе, мемлекеттік  кәсіпорындарда қатаң тәртіптің жоқтығы еді. [29,115-б.]

Жоғарыдағы айтылған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асыруға күш салды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нәтижесінде 1999 жылы мұнай – газ өндіру, металлургия,, химия, полиграфия және тоқыма – тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1 пайызға, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8 пайызға өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд.долларға жетті. 2000 – шы жылы Үкімет Алматы облысындағы Текелі сілті, Степногорск подшипник, Оралдағы «Зенит» зауыттарына, Павлодардағы трактор зауыты мен «Асыл ағаш» жићаз фабрикасына жеке – жеке бағдарламалар бекітіп, оларды тез арада сауықтыру шараларын белгіледі. Сонымен қатар дәрі – дәрмек және медициналық өнеркәсіптегі өрістету көзделді. [сонда]

Міне, осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру барысында (2000-2002 жылдары) республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды. Едәуір деңгейде бұл өзгерістер өнеркәсіп саласында импортты алмастыру бағдарламасын іске асыруда өзінің тиісті нәтижесін бере бастады. Тек соңғы үш жылда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 42,9 пайызды құрады. Қазақстанның өнеркәсіп саласында мұнай – газ өндірісі елеулі орын алып, ол жалпы өнеркәсіп өнімінің 46 пайызын қамтыды.

Қара металлургия шойын, болат, прокат, ферросплав құю артты. Түсті металлургия глинозем, мырыш, қорғасын, мыс т.б өндіру өсті. Бұл жылдары тек газ – мұнай шығару кәсіп салаларын дамытуға 9,5 млрд доллар шетел инвестициясы тартылды. Нәтижесінде елімізде 2002 жылы 40 млн.тоннаға жуық мұнай мен газ конденсаты өндірілді. Мұның өзі 1997 жылғы деңгейден 1,5 есе артық. [27,116-б.] Қазірде мұнай – газ секторы мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың негізгі көздерінің біріне айналып, республиканың жалпы ішкі өнімдерінің едәуір бөлігін қамтиды.

Батыс Қазақстан аймағында Теңіз бен Қарашығанақ сияқты мұнай – газ кен орындарын игеру жөніндегі ауқымды жобаларды іске асыру жүргізіліп жатыр. Каспий аймағында өнеркәсіптік мұнай өндіруді 2005 жылдан бастап қолға алу жоспарланған. Жамбыл облысы жеріндегі Амангелді газ өндіру орын игеру жұмысы басталды. Каспий құрлықтық мұнай құбырының бірінші кезегін іске қосу еліміздің экспорт жөніндегі мүмкіндігін арттыра түсті. Мұнайды әлемдік нарыққа жеткізудің баламалы нұсқалары – Атырау – Баку – ЖейЋан, Қазақстан – Түркісенстан – Иран, Батыс  — Қазақстан – Қытай бағыттарының да үлкен болашағы күтіп тұр. [24,11-б.]

Қазақстанның біріккен энергия жүйесі 2000 жылдан бастап, Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйесімен қапталдас режимде жұмыс істеуге кірісті. Мұның өзі республикамызға Қазақстанның оңтүстігіндегі энергетика проблемаларын шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, оңтүстік аймаққа Екібастұз ГРЭС – терінің артық электр қуаты жеткізіле бастады.

Соңғы жылдары Ақтау теңіз портын, Достық – Алашанькоу шекаралық өткелін және Достық – Ақтоғай теміржол учаскесін қайта жаңалау жұмысы, Сесейдегі Ертіс көпірі мен Ақсу – Дегелең теміржол құрылысы аяқталды. Алтынсарин – Хромтау арасындағы теміржол құрылысы басталды. Белгіленген жоспарға сәйкес Алматы – Астана автожолын жаңалау жұмысы 2003 жылы аяқталғалы отыр. Сонымен қатар республиканың барлық автомобиль жолдарын жағыртуға да едәуір қаржы бөлінген. Астанада халықаралық әуежай құрылысы қолға алынды. Алматыдағы  әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді. Жалпы 2002 жылы бұрынғы 2001 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 9,5 пайызға артты. Инвестициялық қаржыны және т.б түрлерін тарту күрделі құрылысты – 7,7 пайызға, жеңіл өнеркәсіп тауар өнімдерін – 8,7 пайызға, көлік пен байланысты – 10,3 пайызға көтеруге мүмкіндік берді. Бұл жылдары әуе жол және автомобиль көлік қатынасы едәуір артты. 2002 жыл оның алдындағы жылмен салыстырғанда автомобиль жол қатынасы 129,6 пайызға өсті. [29,200-б.]