Қазақстан Республикасында инвестициялық саясаттың дамуы

Қазақстан Республикасында инвестициялық саясаттың  дамуы туралы қазақша реферат

Қазақстан Республикасы нарықтық қатынастарға өтуге байланысты   инвестицияларды тартумен тұрақты дами бастады. Бұл еліміздегі жүргізілген инвестициялық саясатының нәтижесі деуге болады. Осы бағыттағы шаралар барысында ол дағдарыстан шығудың нақты тұтқасына айналып, экономиканың өсуі және оны  қайта құрылымдаудың негізгі шарты болғанын күнделікті өмір көрсетіп отыр.

Одан басқа «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бағдарламасына» сәйкес, таяудағы онжылдықта  инвестициялаудың жалпы көлемі 6,5триллион теңгелік 162 жобаны іске асыру болып отыр, ал бұл елдің ІЖӨ 40%-дан астамы, олар бізге таядағы үш жылда ғана 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын тікелей ашуға мүмкіндік береді» [1].

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты ҚР Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Ағымдағы дамудың маңызды мәселелерінің бірі- Қазақстан экономикасына келетін инвестициялар ағынын әртараптандыру болып табылады» деп инвестициялық саясаттың қазіргі бағыттарына назар аударған  болатын [2].

Осыдан қазіргі ҚР үкіметінің инвестициялық саясатының мақсаты – экономиканы дамыту және заманауи технологияны қолдану арқылы іс жүзіндегі өндірісті кеңейту мен жаңарту, бар жұмыс орындарын сақтау және жаңа орындарды  ашудағы, қоршаған ортаны қорғаудағы инвестицияны ынталандыру.

Жалпы инвестициялық саясат дегеніміз – халық шаруашылығының әр түрлі салаларында пайда табу мақсатымен ұзақ мерзімді капитал жұмсау. Ол күрделі қаржыны тиімді пайдаланудың, оларды шешуші бағыттарға шоғырландырудың, қоғамдық өндірісте тепе-теңдікті қамтамасыз етудің жолдарын көрсететін шаруашылық шешімдерінің жиынтығы. Егер инвестициялық саясат дұрыс жүргізілсе, әрбір шығындалған теңгеге келетін ұлттық табыстың мөлшері өседі, өнім молаяды.

Елдегі инвестициялық саясаттың  даму деңгейін елдің әл-ауқатының артуынан көруге болады. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында отандық нарыққа шетелдік инвесторларды тарту инвестициялық саясаттың басымдылығы болып табылды. Ал инвестициялардың ішкі көздері не құнсызданды, не назардан тыс қалып отырды. Сондықтан рыноктік реформалардың алғашқы жылдарында отандық инвесторлардың қаражаты нарықтық қайта құру үдерістеріне тартыла алмады. Сонымен қатар, ол кезде орын алған отандық өндірістің үздіксіз құлдырауы ішкі жинақтар көлемін төмендетті. ­Академик У. Баймұратов өз  еңбегінде былай деп жазады:  «теріс сипаттағы экономикалық фактордан басқа, нәтижесінде елде жемқорлықтың күшеюін алып келген өзге де желілік емес санаттар іске асып отырды. Жемқорлық, несиелік мүмкіндіктердің шектен тыс қол жетімсіздігі мен шектеулігі, шетел инвестицияларын тиімсіз пайдалану, заңнамадағы кемшіліктер, нормативтік базаның әлемдік стандарттарға сай еместігі осы кезеңдегі инвестициялық ахуалға кері әсер тигізді» [3].

Инвестициялық сұраныс пен жиынтық сұраныстың төмендеуі мен құнсыздануы экономиканың тұрақсыздануына алып келді.

Осы жағдайларда ескере отырып алдағы уақытта  Қазақстанның экономикалық жүйесінде инвестициялық саясатты жетілдіру арқылы ел экономикасын дамыту алға қойылды. Қаржыландыру көздерінде инвестициялардың үлесі арта бастады. 1998 жылдан бастап инвестициялардың ЖІӨ үлесі 8,4%-дан 2006 жылы 43,0% дейін тұрақты өсу үрдісіне ие болды [4]. Сонымен бірге елімізге шетелдік инвестицияларды тартудың құқықтық   заңнамалық базасы да құрыла бастады.

Нәтижесінде шетелдік инвестициялау көмегімен Қазақстанда дағдарысты тежеуге, экономиканы қаржылық тұрақтандыруға мүмкіндік құрды және тапшылықпен күрес, құрылымдық қайта құрулар, экономиканың технологиялық және басқарушылық сияқты макроэкономикалық сипаттағы стратегиялық және тактикалық міндеттерді шешуге ықпалын тигізді. Яғни, осындай факторлар сыртқы капиталдық салымдарды тарту және пайдалану маңыздылығын дәлелдейді.

Республикаға шетел инвестицияларын тартудың негізгі нысаны бірлескен кәсіпорындар (БК) мен 100% шетел капиталы бар еншілес кәсіпорындар болғаны белгілі. ҚР Ұлттық статистика агенттігінің мәліметтері бойынша  шетел фирмаларымен бірлескен кәсіпорындардың көбі Түркия, Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және басқа елдермен бірлесе отырып құрылған. Олардың ішінде «Филипп Морристің» қатысуымен «Табако К.» АҚ, «Шеврон Оверсиз К.» (АҚШ), «Теңізмұнайгаз» «Теңізшевройл» БК және АВN Амrоваnк, Теxакаваnк, Альфабанк және тағы басқалар.

Одан басқа рынокке өтпелі кезеңде өндірістік сектордағы төмен инвестициялық сұраныс негізгі қорлардың тозуын күшейтті. «2001 жылдың өзінде негізгі қорлардың тозу деңгейі жалпы халық шаруашылық бойынша 38,7%, оның ішінде өнеркәсіпте — 43,2%, электр энергетикасында — 19,1%, қара  металлургияда — 47,9%, құрылыс материалдары өнеркәсібінде  — 43,5%  құрады». Осыдан жабдықтар мен технологиялар түріндегі капиталдың ескіруінің жоғары деңгейі, еңбек пен капиталдың төмен өнімділігі көзге түседі. Бұл мемлекеттің инвестициялық саясатын қалыптастыруда, инвестицияларды өндірістік күштерді қайта құрылымдаудың факторы ретінде қарастыруды алға қойды. Себебі қазіргі күнгі өндірістік күштер жүйесі бәсекеге қабілетті емес, қажетті өсу әлеуеті жоқ, бұл экономиканың шығындық сипатына, ғылыми-техникалық үдерістен  кеш қалуға байланысты болды. Ғалым М.Б. Кенжеғозиннің пікірі бойынша, «өндірістік күштерді жаңартудың, жетілдірудің мүмкіндіктері мен стратегиялық бағыттарын жоғалтып алсақ, бір сәттік мақсаттар мен ағымдағы шығындардан шыға алмасақ, дағдарыстан шыға алмаймыз, кейінгі үдерістерге іліге алмаймыз. Өндірісті мұндай жаңарту қажеттілігін ескеретін шаралармен күшейтілген нарықтық жолға қою республиканы шикізат пен арзан жұмыс күшін жеткізетін елдер қатарына қосуы мүмкін» [5].

Экономиканы қайта құрылымдау мәселелерін инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар көмегімен немесе жекелеген салаларды дамыту жөніндегі үстіртін және жалпы бағдарламалар арқылы шешу мүмкін емес. Сонымен бірге ресурстарды тиімді пайдалану және қалдықсыз өңдеу технологияларын қолдану, сондай-ақ өндірістегі дайын өнім үлес салмағын ұлғайту керек. С.С. Айсағалиева өзінің еңбегінде «өнеркәсіптік саясаттың ғылыми-техникалық, технологиялық, инновациялық және инвестициялық құрамдас бөліктері әзірленіп, енгізілмей, нақты да айқын ережелері (ұйымдық-институционалдық құрылымы) бар «макродеңгей — мезодеңгей — микродеңгей» байланысы құрылмай, қазіргі жағдай жақсармайды» деп атап көрсеткен болатын  [6].

Республикада өндірісті инвестициялау деңгейінің төмендеуі негізгі қорларды жаңартулардың қысқаруына алып келді. Әдетте, негізгі капиталдың табиғи және сапалық  тозуы келешекте орнықты да тұрақты экономикалық өсімге әкелмейді.

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша Қазақстан Республикасының 2010 жылы өндірілген жалпы ішкі өнімiнің (ЖІӨ) көлемі 15 907 млрд. теңгені құрады, нақты өсім – 3% (2009 жылы – 8,9%).  2009 жылы инфляция  9,5% құраса, 2008 жылы 18,8% құраған[7].

Жалпы ішкі өнімнің 2010 жылғы өсуін тау-кен өндірісі, электр энергиясын, газ және су өндіру және бөлу, байланыс сияқты экономика салалары қамтамасыз етті. Экономикалық қызмет нәтижелерінің 2009 жылы төмендеуіне қаржы саласындағы, ауыл шаруашылығындағы, сонымен қатар өңдеуші саладағы баялау ықпал етті.

Соған қарамастан тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2010 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға, электр энергиясын, газ және су өндіру және бөлу саласында 6,4%-ға артса, өңдеуші өнеркәсіпте 2,6%-ға кеміген. Ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы ішкі өнімнің көлемі 2010 жылы ағымдағы бағамен 1 316,4 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға төмен. 2010 жылғы жалпы ішкі өнімнің құрылымында тауар өндіру үлесі 45,0% болса, қызмет көрсету үлесі 52,5% құрады. Қазақстанның ЖІӨ құрылымында қызмет көрсетудің басымдығы алғаш рет 2002 жылы байқалған болатын. Бұл ағым әлемдік ЖІӨ өндіру мен пайдалану құрылымына тән.

Елімізде қабылданған үдемелі индустриалды- инновациялық даму бағдарламасына сай алдағы уақытта тұрақты экономикалық өсімнің  әлеуетін айқындайтын көрсеткіш – негізгі капиталға жасалатын инвестициялар деп айқындалды. Осыдан 2010 жылы негізгі капиталға жасалған инвестиция көлемі 3 836,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6%-ға артық. Негізгі капиталға жасалған инвестициялардың басым бөлігін, яғни 53,3%-н қазақстандық жеке меншік нысандағы жеке қожалықтар жасаған. Шетелдік инвестиция көлемі – 26,1%. Мемлекеттік сектордың салымдардағы үлесі –20,6%.

        Берілген мәліметтерден елімізде инвестицияларды қолдануға арнайы бағдарламалар   құру арқылы  даму­ды қамтамасыз ете бастағаны байқалады. Оны ҚР аймақтарын дамыту бойынша белгіленген  бағдарла­малардың жүзеге асуынан көруге болады.

Мысалы Алматы облысында  соңғы бес жыл ішінде облыстың экономикасын дамыту жұмыстарына 1 373,6 млрд. теңге бөлінген. 2011жылы аймақтағы жүзеге асқан инвестициялық жобалардың көлемі 372,9 млрд. теңгені құраған.  2012 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 299,4 млрд теңгеге жеткен. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 407,4 млрд. теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 40,9 млрд. теңгеге артқан. Алматы облысындағы  өнеркәсіп бойынша көрсеткіштерде  өңдеу өнеркәсібінің  үлесі басым (83,4% ). Осыдан Алматы облысы бойынша инвестициялар көмегімен табиғи ресурстарға бай, әрі қолайлы отандық компаниялар шикізат өнімдерін шығаруда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр.

Алматы облысында Индустрияландыру картасы шеңберінде 6331 жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 319,4 млрд теңгені құрайтын 43 инвестициялық жоба енгізілді. Сондай-ақ, осы облыс аумағында 33 200 жұмыс орнының құрылуымен жалпы сомасы 1,6 трлн теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмық.  Осы жобалар Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына сапалық және сандық өзгерістер әкелетіні сөзсіз.

ҚР барлық аймақтарындағы сындай жобалардың іске асуы,  елімізде қабылданған стартегиялық жоспарға сай, алдағы онжылдықта ішкі жалпы өнім кемінде 30 пайызға және шетелдік инвестиция көлемін кемінде 30 пайызға өсуін қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті экономикасы озық дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуге мүмкіндік құрады деген ойдамыз.

       Әдебиеттер 

1.     ҚР Президентінің 19.03.10ж. № 958 Жарлығымен бекітілген ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010ж.

2.     ҚР Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» //Жетісу, 2012.

3.     Баймұратов Ө. Инвестициялар мен инновациялар: сызықсыз синтез. 3-том. Таңдамалы ғылыми еңбектер, Алматы: БИС, 2005.

4.     Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігі, 2006 -№1.

5.     Қазақстанның экономикасын реформалау. — М.Б. Кенжеғозинның редакциялығымен Алматы, 1997.

6.     Айсағалиева С.С. Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметті талдау // Экономика және статистика, 2006, №1-2.

7.     Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігі, 2011 -№1.

8.     Алматы облысындағы инвестициялық жобаларды іске асыру.    Алматы облысының Статистика басқармасы.Талдықорған, 2012.

Магистрант Турысбекова А.С.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақстан