1941 жылдың алғашқы айларында Италияның өзіне тиесілі «параллельдік соғысты» жүргізу мүмкіндігі туралы иллюзия толық жойылды. Гитлер 1941 жылы қаңтардың соңында Муссолиниге Германия Грециядағы соғысқа араласады және Солтүстік Африкаға әскер жібереді деп мәлімдеді. Оның астарында Гитлердің итальян фашистік әскеріне сенімсіздігі жатыр еді, Муссолини еш қарсылық көрсете алмады. Неміс дивизиясы Югославияны алған соң, Грецияда итальян әскері 13 наурызда шабуылға шыға бастады. Немістер гректерге тылдан соққы берді. 24 сәуірде Греция тізе бүкті. Югославияны капитуляциялауға итальян корпусы қатысқан болатын. Осыған жауап ретінде Муссолини Словенияның бір бөлігін, Дальмацияның жағалауын алды. Итальян әскерінің өз күшімен үлкен аймақта соғыс жүргізе алмайтыны айқын болды.
22 маусым 1941 жылы Гитлер Муссолиниге хабарламай КСРО-ға шабуыл жасады. Бұл неміс армиясы шығыс майданда шоғырланады, Италия Жерорта теңізінде немістерге сүйене алмайды дегенді білдірді.Солай бола тұрса да итальян әскері Солтүстік Африкада ұрысты жүргізе берді. Италиядан Африкаға теңізбен жүк тасымалдауына Мальта қауіп төндірді.
Италиян Бас штабының басшысы Каваллеро Малтадағы базаны басып алуды жақтады. Сицилия мен Оңтүстік Италияда операция жүргізуге қосымша екі неміс авиациялық корпусы түсірілді. Алайда шілдеде ағылшындар Эль-Аламейн түбінде итальян-неміс әскерлеріне қатты соққы берді. 1942 жылы қазанда генерал Монтгомери басқарған ағылшындардың сегізінші армиясы шешуші шабуылға шығып, қарсыластарына ойсырата соққы берді. 1942 жылдың соңына қарай Италия Африкадағы барлық иелігінен айырылды.
1942 жылдың жазында совет-герман майданында итальян корпусы құрамында он дивизиясы бар армияға айналды. 1942 жылдың күзінде итальян әскері кеңес майданында Воренежден оңтүстікке карай Донда 270 шақырымда орналасты. Ол венгер, румын әскерлерімен бірге Сталинградқа жылжыған Гитлер әскерінің сол қанатын қорғауға тиіс болды. 16 желтоқсанда кеңес әскерлері Оңтүстік-Батыс майданда Сталинградта қоршауда қалған Паулюске көмекке ұмтылған Гитлер дивизиясына және итальян корпусына соққы берді. 22 желтоқсанда майдан оңтүстік бағытта күйреді. Гитлер әскерінің Сталинград түбіндегі жеңілісі Солтүстік Африкада итальян-неміс әскерінің тағдырын анықтады. 8 қараша 1942 жылы ағылшын-американ әскері Алжир мен Мароккоға түсіріле бастады. Италия мен Жерорта теңізіндегі неміс әскерінің басшысы Маршал Кессельринг 15 қаңтар 1943 жылы Римге келіп, совет майданындағы жағдайдың қиындықты Африкаға қосымша күш әкелуге мүмкіндік бермейтіндігін мәлімдеді. Бұл жердегі итальян-неміс әскері 1943 жылдың мамыр айының басында капитуляцияланды.
1941 жылдың басынан шикізат пен отынның жетіспеуіне байланысты итальян өнеркәсібі елеулі қиындықтарға ұшырады. Негізінен көмірмен камтамасыз ететін Германия КСРО-мен соғыс басталған соң. әкелуді күрт азайтты. Румыния мен Албаниядан тасылынып жасалған мұнай қоры 1941 жылдың соңына қарай таусылды. Елде болат жетіспей қару-жарақ шығару қысқарды. 1941 жылдың соңында соғыс тапсырыстарын орындайтын 729 кәсіпорын жабылды. 1942 жылдың ортасынан соғыстың басынан өндірісін кеңейткен кәсіпорындардың да жұмысы бәсеңдеді. 1941 жылдың екінші жартысынан халыктың жағдайы тым нашарлады: салықтың көп болуы; азық-түліктің жетіспеуі; инфляция; эпидемия; жұмыссыздык; қайыршылық; алыпсатарлық.
1942 жылы қазанда фашистік режим жиырма жылдығын тойлады. Той ағылшын-американ авиациясының итальян қалаларын атқылауына сәйкес келді. 1942 жылдың күзінен бастап полиция мәліметі Муссолиниге оның айналасындағылардың бәрі бірдей оны қолдамайтындығы жөнінде хабарлап отырды. Муссолини 1943 жылы көктемде партия мен үкіметтің басқарушы топтары арасында «қатаң тазарту» жүргізді. Бас штабтың басшысы У.Каваллеро және Чиано сияқты басқарушылар орындарынан алынды. Муссолинидің іс-әрекеті тепе-теңдігін жоғалтқан адамның қозғалысын елестетті. Барлық көрнекті фашистер қызметінен айырылды. Олардың орнына диктатордың айтқанын бұлжытпай орындай беретіндер келді. Муссолини 24 маусымда партияның мәжілісінде өзін жақтырмайтындарды ұрсып-зекіп, қатты тиісіп сөз сөйледі. Үш күннен соң ағылшын-американ әскері Сицилияға түсірілді, соғыс қимылдары континенталдық Италия территориясына жақындады.