Ғаламдану жағдайындағы халықаралық қатынастағы ядролық көпполярлылық жағдайдың орнауы туралы қазақша реферат
Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін халықаралық қатынастардың көпжақты қауырт трансформациясы байқалады. Бұрынғы биполярлы қатынас орнына әлемде мемлекеттердің, мемлекет түсті институттардың, мемлекеттік емес ұйымдар мен қозғалыстардың қарым-қатынастарының басқа принциптері мен модельдеріне негізделген әлдеқайда күрделі құрылым орнады.
Осыған орай, ядролық саясатта да жаңа әдістерді қолдану қажеттігі туды.
Себебі, әлемдегі саяси күштердің қайта құрылуының негізгі мәселелерінің бірі болып жаңа әскери-саяси жағдайдағы ядролық қарудың ролін анықтау саналады.
Әскери немесе саяси қажеттіліктер туындаған кезде мемлекеттердің ядролық қаруды алу немесе жасау мүмкіндігі жоғары күйінде қалып отыр. Бұл қауіпті Үшінші дүниенің бірқатар мемлекеттеріндегі жағдайдың тұрақсыздығы батысқа қарсы көңіл-күйдің пайда болуы НАТО-ның Югославияға және АҚШ-тың Иракқа қарсы сияқты іс-қимылдардың құрбаны болудан сақтану сияқты факторлар күшейтіп отыр.
Қазіргі кезде ядролық қаруға ие болу және оны алу мен жасауға қабілеттілік қана емес, мемлекеттердің ядролық қару жасау туралы саяси шешімнің декларациясы барған сайын үлкен мәнге ие болуда. Бұған 2002-2003 жылдардағы Солтүстік Корея дағдарысына байланысты халықаралық жағдайдың тұрақсыздануы мысал бола алады [1].
Бүгінде ядролық қарудың таралу қаупін азайту іс-қимылдары даулы аймақтардағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін қолданылатын әскери күш жолымен емес, дипломатиялық және экономикалық жолмен жүзеге асыруы тиіс.
Бұған тағы да Солтүстік Корей басшыларының 2003 жылы КХДР-дің АҚШ тарапынан қысым болған жағдайда, қатаң шаралар қолданатыны туралы мәлімдемесі мысал бола алады. Бұл мәлімдеме Пентагон әскері Парсы шығанағындағы 120 мыңға жетіп, Иракта соғыс жүргізілетіні белгілі болған кезде жарияланған болатын [2].
Осылайша, мемлекеттер ғаламдық және аймақтық дәредедегі ядролық қаруландыру саяси, әскери, геостратегиялық, мәдени, тарихи тағы басқа шарттарға байланысты қарастырылады. Мұны қалыптасушы жүйені бағалауда есепке алуы керек.
Ядролық қаруды жасаудан «бас тарту» мүмкін емес, ал оған тыйым салу немесе жою аз уақытта қолдан келмейді. Осы себепті, ядролық қару алдағы болашақтағы әлемдік саясаттың маңызды элементі болары анық. Осыған орай, ядролық көпполярлылық халықаралық қатынастардың тұтас жүйесін құрайтын маңызды құрамдас бөлігі деп санауға негіз бар.
Әр түрлі елдердің ядролық бағдарламасын талдаулар көрсеткендей, ядролық қаруды құру үшін кемінде экономикалық және ғылыми-техникалық база, сондай-ақ, саяси және әскери-техникалық сипаттағы себептер болу керек.
Жалпы алғанда, қазіргі әскери-саяси жүйеде ядролық қаруға қатысты мүдделерге ие мемлекеттерді бес топқа бөлуге болады: Біріншісіне ресми ядролық державалар – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытай (ЯҚТК арқылы 1968 жылы белгіленген).
Екінші топ — ЯҚТК-не мүше емес, бірақ ядролық қаруға ие мемлекеттер – Үндістан, Пәкістан және Израиль. Оларды «мойындалмаған» ядролық мемлекеттер деп атауға болады.
Үшіншісі — ядролық қаруды жасауға және қолдануға экономикалық және технологиялық күші бар, сондай-ақ, ядролық қаруды құру мақсатын көздейтін мемлекеттер: Иран, Ирак, Ливия және Солтүстік Корея. 2002 жылы АҚШ президенті олардың ішінен мейлінше қауіпті үш мемлеетті – Ирак, Иран және КХДР-ды бөліп көрсетіп, оларға «зұлымдық ошағы» деген атау берді [3].
Төртіншісі — ядролық салада сынақтар өткізген немесе өз территориясында ядролық қаруға ие болған, бірақ кейін одан бас тартып, 90 жылдары ЯҚТК-не қосылған мемлекеттер: Алжир, Аргентина, Белоруссия, Бразилия, Қазақстан, Румыния, Украина, ЮАР.
Бесінші топқа дамыған индустриалдық базаға ие, 60-70 жылдары ядролық зерттеулер жүргізген, ал қазіргі кезде ядролық емес мемлекет ретінде ЯҚТК-не мүше мемлекеттер жатады.
Ядролық көпполярлылық жүйесінің қалыптасу процесінде ядролық державалар басты рольге ие болып, бірақ мойындалмаған ядролық мемлекеттердің маңызы артады деп болжам жасауға болады.
Ядролық көпполярлылықтың басты орталық күші болып саналатын АҚШ барлық салаларда басым орынға ие және болашақта да ең күшті әлемдік орталық болуға барлық негізге ие. АҚШ өз қорғанысы үшін 20 елдің, соның ішінде, Англия, Франция, Қытай, Жапонияның т.б. әскери шығынын жұмсайды. 2002 жылы АҚШ-тың әскери шығыны 343 млрд.доллар болды. 2003 жылы одан да көп қаржыны құрады. Вашингтонның ядролық қарудың таралуын азайту мақсаты бойынша жүргізетін саясатына келсек, 1992 жылы 13 шілдедегі Дж.Буштың мәлімдемесінде АҚШ басқа мемлеекттермен екіжақты қатынастарында олардың экономикалық ынтымақтастық жобасын жүзеге асыру кезінде ядролық қаруды таратпаудың халықаралық нормаларын сақтауын есепке алады деп жарияланды [4]. Американ президентінің мәлімдемесінде ядролық қаруды таратпаудың нормаларын бұзғандарға мына шаралар қарастырылған: экономикалық санкциялар енгізу, арнайы бақылау жүргізу, жаппай қырып-жою қаруларын жасауға және қолдануға жауапты тұлғаларды ұстап беру.
Вашингтон ядролық қаруды таратпау саласындағы саясаты негізінен үшінші топ мемлекеттеріне бағытталған. Соның ішінде, АҚШ-қа қарсы саясат жүргізуші Иран, Ирак, КХДР бөліп көрсетілді.
Сонымен қатар, АҚШ-тың саяси және әскери басшылығының құжаттары мен нақты шешімдерін талдаулар көрсеткендей, Вашингтонның ядролық стратегиясының басты нысаны болып Ресей саналатыны белгілі.
90 жылдардың бірінші жартысында КСРО құлағаннан кейін Вашингтон ядролық қаруға бақылаудан айырылу қаупіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, Ресеймен өзар ядролық арсеналдарды қысқартуға бар күшін салды.
Бір жағынан, АҚШ-пен жау мемлеекттерде жаппай қырып-жою қаруының болуы әлемнің түрлі аймақтарында АҚШ-тың ықпалының төмендеуіне әкелсе, бір жағынан АҚШ ЖҚҚ-ды таратпау саласында Ресеймен әріптестікке мүдделі. Қырғи қабақ соғысынан кейін Вашингтонның ЖҚҚ-ды таратпау мәселесін АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне туған басты қауіп ретінде көтеруінің себебі – бұл қару түрінің көптеген мемлекеттерде пайда болуы АҚШ-тың әлемдік көшбасшылық ұмтылуына кедергісін келтіруде. Әрі аймақтық мәселелерді өзіне қолайлы шарттармен шешу мүмкіндігін азайтады.
АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіптердің өзгеруі 1998 жылы 1 қазанда жаңа ведомство – Қауіпті азайту бойынша басқарма (Defense Threat Reduction Agency) [5]. Оның құрылуы Вашингтонның ядролық саясатындағы ядролық қаруды тартпау мәселесінің маңызы өскенін тағы да дәлелдейді.
Алдағы ширек ғасырда Ресей өзінің геосаяси, зымыран-ядролық арсеналына интеллектуалдық потенциалына сәйкес әлемдік аренада маңызды орынға ие болары анық. Дегенмен Ресейдің ядролық салада күшті әскери одақтастары жоқ екендігін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, барлық ядролық державалардың және «ядролық клубтың» жаңа мүшелердің ядролық қаруы Ресей Федерациясына бағытталған немесе бағытталуы мүмкін [].
Бірақ Үндістан, Ливан, Куба, бұрынғы кеңестік республикаларды айтпағанда, басқа да мемлекеттер Ресей позициясының күшеюіне мүдделі.
Сондай-ақ, бұрында КСРО-мен суық қарым-қатынаста болған мемлеекттер Ресейді АҚШ ықпалына қарама-қайшы күш ретінде мойындайтыны маңызды факт.
Халықаралық тұрақтылыққа тиімді ықпал етер болса, Ресей жаңа жағдайда ең ықпалды күш орталығы ретінде қалыптасады.
Еуропа – халықаралық қатынастар жүйесінің тағы да бір дамыған перспективті полюсі. Биполярлы жүйе құлағаннан кейін 90 жылдардың соңында қауіпсіздік саласында жаңа институттар – ортақ сыртқы саясат пен қауіпсіздік саясаты жәнеқауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ортақ Еуропалық саясат құрылды. Бірінші институт Еуропалық Одақты кеңейту қауіпсіздік мәселесінен айналысатын халақаралық ұйымдармен (БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО) және алыс-жақын мемлекеттермен қарым-қатынас жасау істерімен шұғылданады. Екіншісі ЕО қажет болған жағдайда гуманитарлық, құтқару және бітімгершілік міндеттерді орындау үшін әскери және әскери емес потенциалды пайдалана отырып, Еуропадан тыс жерлерде Одақтың іс-әрекеттерін күшейту мәселесімен айналысады.
Еуропа ішіндегі қарама-қайшылықтарға қарамастан, болашақта біріккен Еуропа ядролық көпполярлылықтың күшті орталығына айналуы мүмкін. Еуропалық интеграция нәтижесінде Еуропалық мемлекеттердің (әсіресе, Англия мен Францияның) өзара ортақ ядролық саясатын жүргізуі мүмкіндігі бар.
Осылайша, қазіргі кезде үш қатар жүріп жатқан процестерді атауға болады: 1) ЕО пен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың жаңа типінің пайда болуы; 2) Еуропаны демократиялық ұлттар қауымдастығына айналдыратын демократиялық құндылықтардың бекітілуі; 3) Еуропаның әлемдік держава ретінде қалыптасуы [6].
Халықаралық қатынастар саласындағы көптеген мамандар ойынша, алдағы онжылдықтарда Қытай АҚШ-тан кейін әлемдік державаға айналуға талапкер мемлекет болып табылады. Бұған КХР-дің 1230 млн. тұрғын халқы, 1980-2000 жылдар арасында экономиканың жылдық дамуы 9 пайызды құрауы, шетел инвестициясының өсуі, саяси тұрақтылық дәлел болады. Қытай басшылары пікірінше, Қытайдың «әлсіз тұсы» — оның зымырандық-ядролық потенциалы, сондықтан Пекин өзінің стратегиялық ядролық күштерін әрі дамытуға бар күшін салуда.
Қытайдағы ядролық қарудың ең жоғарғы көлемі 1984-1994 жылдары 435 данаға жетті. Қазіргі кезде ҚХР-да континентаралық баллисттік зымыран «Дунфэн-5» және орташа қашықтықтағы баллистикалық зымырандар (160-200 дана) жасалған. Егер АҚШ ЗҚҚ бағдарламасын бастар болса, ҚХР өз ядролық қаруын сапалы және сандық жағынан өсіруге тырысады. Қытайдың 2020 жылы мың боезаряд өндіруге мүмкіндігі бар. Бұл әлемдегі стратегиялық балансты өзгертіп; Ресей, АҚШ және Үндістна үшін қиындық туғызады және өз кезегінде аймақтық және ғаламдық деңгейде ядролық қаруды жасауға жарыстың жаңа периодын бастайды.
5 топ елдері арасында ұлы державаға айналуға басты үміткер мемлекет — Жапония. Ол экономикалық және ғылыми-техникалық потенциалға ие болса да, АҚШ-тың әскери стратегиясының бір бөлігі болғандықтан, өз зымырандық-ядролық потенциалы жоқ. Бірақ, мамандар пікірінше, Жапония сәйкес саяси шешім қабылдаса, аз уақыт ішінде дамыған ядролық инфрақұрылым құра алады. Әсіресе, Жапониядағы артық ядролық плутоний мөлшері алаңдаушылық туғызады: ол 2010 жылға қарай 80-85 тоннаға жетуі мүмкін. Әсіресе, қазіргі кездегі Солтүстік Корея ядролық дағдарысы мен Қытай зымырандық-ядролық қаруларының көбеюі Жапонияның өз ядролық қаруын жасау мүмкіндігіне түрткі болуы мүмкін.
Ядролық көпполярлықтың потенциалды орталықтарының келесі тобына мына мемлекеттер жатады: Үндістан, Пәкістан, Израиль. Әлемде алтыншы болып, Таяу Шығыста бірінші болып, ядролық қаруды жасады. Ол 1966 жылы ядролық қаруды жасауды аяқтап, 1970 жылы ол халықаралық деңгейде ядролық мемлекет ретінде танылды. Алайда, Израильдің ядролық қаруға ие екендігі әлі дәлелденген жоқ. Өз кезегінде Израиль американ және кеңестік ядролық қаруды таратпау саясатының дамуына үлкен ықпал етті. Израиль бүгінде бұл мәселені құпия түрде ұстайды. Кейбір мәліметтер бойынша Израиль 1994 жылы жүзден екі жүзге дейін боезарядтар жасаған [7].
Израиль ядролық «айқын емес саясатын» әлі де болса жүргізеді, бірақ бұл саясат Израиль мен Иран немесе Араб елдері арасындағы қатынастар шиеленісе түссе, өзгерері анық. Әрі Израильдің ядролық бағдарламасы Үндістан мен Пәкістанға қарағанда, дамыған. Сондықтан, қазіргі жағдайдың күрделі екендігін есепке ала отырып, болашақта болуы мүмкін дау-жанжалдарды модельдеуде Израильдің ядролық потенциалын естен шығармау керек.
Қазіргі заманда және алдағы 10-15 жылда ядролық көпполярлылықтың қалыптасуы кезінде Үндістанды ядролық держава ретінде қарастыруға барлық негіз бар.
2003 жылы қаңтарда Үндістан ядролық доктринасы қабылданды. Ол бойынша Үндістан өзі бірінші болып ядролық қаруды қолданбайды. Ол тек Үндістанға қарсы ядролық қару қолданылған болса ғана жауап ретінде іске қосылады.
Қазіргі кезде Үндістан дамыған инфрақұрылымға ие, елде 1995 жылдың өзінде 65-90 боезаряд жасауға жетерлік 400 килограмм плутоний бар. «Притхви» мен «Агни» баллистикалық зымырандары қазіргі үнді зымырандық потенциалын құрайды.
Үндістанның ядролық саясатын жүргізуі Оңтүстік Азиядағы қару жарысына және аймақтағы жағдайдың тұрақсыздығына әкелу мүмкіндігі зор.
Үндістан ядролық күштеріне қарағанда, Пәкістан ядролық күштерінің құрылымы мен сипаты айқын анықтама беруге келмейді. Үндістан ядролық сынақтар өткізгеннен кейін, Пәкістан да 70 жылдары өз ядролық қаруын құруға күшін салды. 90 жылдардың басында Пәкістан басшылары оның өз ядролық қаруды шығаруға мүмкіндігі бар екендігін бірақ оны белгілі бір мемлекетке қарсы қолданбайтынын мәлімдеді [8]. Пәкістан ядролық арсеналы 500 килограмм уранға ие, ал бұл 20-30 ядролық боезарядқа жетерлік мөлшер.
Ядролық қаруды таратпау режимі саласындағы Үндістан мен Пәкістанның айырмашылығы мынада: Пәкістан бұл режимді аймақтық деңгейде қарастырады, ал Үндістан болса әлемдік державаға айналу мүддесін көздейді. Пәкістан ядролық материалдары Үндістаннан саны және сапасы жағынан артта қалса да, Пәкістан ядролық күштерінің Үндістанға ядролық шабуыл жасауға мүмкіндігі жетеді.
Үндістанның ЗҚҚ құруды жоспарлайтынын есепке алсақ, Пәкістан ядролық қару негізінен шабуылдық сипатқа ие деп қорытуға болады. Ағылшын журналы «Jane’s Defence Weekly» мәлімдеуі бойынша, Пәкістан басшылары елдің ядролық-боезарядтарын 60-70-ке жеткізуге ниет білдіруде.
Пәкістан МАГАТЭ мүшесі, бірақ ЯҚТК-не қосылмаған және ядролық экспортқа бақылау жасауға қатысты халықаралық келісімдер қатыспайды.
Үшінші топ мемлекеттерінің, соның ішінде, алдымен, Иран және Солтүстік Кореяның ролін анықтауға қиынға соғады. Әскери-саяси қатынастардағы олардың орнын анықтауға осы мемлекеттердегі ядролық қару мен ядролық бағдарламаға қатысты айқындылықтың болмауы қиындық келтіреді.
МАГАТЭ-нің 1992, 1995 жылдары жүргізген тексерістері кезінде Ираннан ядролық қару табылмаса да, Иранның 2015 жылға дейін орташа қашықтықтағы баллистикалық зымыран жасауға бар күшін салары анық. 1991 жылы Аятолла Хомейни: «Жау ядролық мүмкіндіктерге ие болса, Ислам мемлекеттері де осындай мүмкіндіктерге ие болуы тиіс», — деп айтты. Ирандағы ядролық бағдарламаның жүргізілуінің ең басты себебі — Ирак. 1980-1988 жылдары Иракпен соғыс Иранның әскери әлсіздігін көрсетті. Иран агрессорларға қарсы ракеталар мен арнайы қару жасауға басым көңіл бөлді. Осы кезге дейін Иран американ әскерінің аймақта болуынан қауіптенуін ядролық қаруды жасаудың жанама себебі ретінде қарастырса, қазір АҚШ-пен қарым-қатынас бірінші кезектегі маңызға ие болды. Осыған байланысты Тегеран ядролық қаруды саяси қорқытудың тиімді құралы ретінде қарастыруы мүмкін.
Осы уақытқа дейін Солтүстік Кореяның «қауіпті елдер» қатарына енгізіліп келсе де, мамандардың көбі оны аймақтық ядролық күшке айналады деп қарастырған да жоқ. Қазіргі кезде ядролық бағдарламасын қайта жандандыруы мен ЯҚТК-ден шығуы туралы жариялаған КХДР өзіне әлем назарын аударды. Ирак кризисі кезінде Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасын жаңартатынын және ядролық қару саясатындағы мүмкіндіктері туралы жариялап, өз территориясындағы халықаралық бақылаушыларды шығарып жіберді. Өз кезегінде КХДР Иракқа қарағанда, өз айналасындағы елдерге, алдымен, Оңтүстік Кореяға және Жапонияға көбірек қауіп төндіреді.
Әр түрлі мемлекеттердің беретін бағасы әр түрлі, тіпті өзара қарама-қайшы. Тек Солтүстік Кореяның КСРО-мен және Қытаймен әскери саладағы әріптестігі туралы және сондай-ақ, КХДР-дің химиялық қаруды өз әскери арсеналының қажетті бөлігі ретінде қарастыратыны туралы нақты деректер бар. Ресей мамандары КХДР-да ядролық қарудың барына және КХДР оны тез арада жасай алатына күмән келтірсе, батыс сарапшылары, керісінше, КХДР-да 30 ядролық бірлік бар деп есептейді [9].
Қазіргі кезде КХДР зымырандар технологиясында белсенді жұмыстар жүргізуде. 1998 жылы мемлекет басшылығы зымыран қаруын жасап сынауды, қолдануды аймақтағы және әлемдегі саяси мәртебені көтеру, сауда-экономикалық шектеулерді жою, елдің экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді. АҚШ-тың ҰЗҚҚ бағдарламасы КХДР-дің бұл саладағы әскери-техникалық дамуын шектеп, оны негізінен аймақтық міндеттерді орындауға бағыт беруі мүмкін. Ал Ресей мен КХР жағына шығып, өз ракеталарын Ресей территориясына бағыттауы мүмкін.
АҚШ-қа қарсы ЖҚҚ қолданған мемлекетке қатысты Американың ол мемлекетті жойып жібере алатын қабілеттілігіне негізделген американ стратегиясы КХДР-ға қолдануға жарамсыз болуы мүмкін. Осы себепті 2003 жылы АҚШ әкімшілігі қатаң саясатты емес, КХДР ядролық бағдарламадан бас тартқан жағдайда берілетін энергетикалық және экономиклық көмек беру мүмкіндігін талқылау үшін КХДР-мен диалог жасау жолын таңдады.
Мұнда АҚШ-тың, Пхеньянның ядролық күшін, сондай-ақ, Солтүстік Корея режимін жойып жіберуге мүмкіндігі жетсе де, Корей ядролық мәселесін реттеуге қатысушылардың (Ресей Федерациясы, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея) бұл мәселені әскери жолмен шешуге қарсы екендігін түсінеді. Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешуге аталған мемлекеттердің ауқымды жұмыстарына қарамастан, бұл мәселе әлі де болса толығымен шешіле қойған жоқ.
Алдағы 10-15 жылда ядролық мемлекеттердің күш орталығы ретінде басқа мемлекеттерді елестету күрделі болса да, болашақта АҚШ-қа бағынғысы келмейтін немесе басқа да державалар ықпалында қалуға қарсы елдер ядролық мемлекеттер қатарына қосылуға тырысуы әбден мүмкін. Бүгінгі күнгі жағдай қазіргі көпполярлылықтың тұрақсыздығы мен әлсіздігін тағы да дәлелдейді