Этностың негізі мен айрықша белгісі — мәдениет

Әрқандай этникалық қауымның ерекшеліктерінің қалыпта-суында материалдық өндіріс әдісі маңызды рөл ойнайды. Олай болса, халық, ұлт, этникалық топтар өздеріне қажетті болған материалдық игіліктерді өндіру мен еңбек процесі барысында тарихи қалыптасқан ұлттық ерекшеліктерін одан әрі дамыта алады, кей-кейде жаңа белгілерді де иеленуі мүмкін. Айрықша этникалық белгі-нышандардың қалыптасуында табиғи-кли-маттық, географиялық факторлардың әсерін теріске шығаруға болмайды. Сонымен бірге ұлттық топтардың экономикалық тұрмысы мен байланыстары қаншалықты бай және күрделі болса, олардың мәдениеті де соншалықты түрлі-түсті болады.

Әрине, этносқа анықтама беру оңай іс емес. Дегенмен де қазіргі уақытта Ю.В.Бромлейдің этносты әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде қарастыруын көпшілік мақұлдайтын сияқты. Осы мәселе жөнінде жоғарыда баяндалған көзқарастармен мүлдем түйіспейтін тағы бір пікірді Л.Н.Гумилев айтқан: «Этнос – популяция, яғни биологиялық бірлік, «Биосфера феномені»[1]. Ол халықтар – тарихи факторларға мойынұсын-байтын ерекшеліктер мен белгі-нышандардың жиынтығынан тұратын этностар деп тұжырымдайды. Олардың жер бетінен жойылып, жоқ болып кетуі мүмкін. Немесе қайтадан түлеп, жаңарып жасауы мүмкін. Алайда, мұның бәрі әлеуметтік-экономикалық себептерге емес, толығымен этностардың биосфераға кірігіп кетуімен байланысты: демек, қай этностың қай жолдан баратыны, тағдыры қандай болатыны, басқа этностардан үстем келеді ме, әлде жоқ па – мұның бәрі де биосфераның еркінде. Бұл позиция, әлбетте, этникалық қауымдар өмірінің әлеуметтік факторларын елемейді. Соған қарамастан бұл көңіл аударарлық пікір.

Нәсілдің анатомиялық ерекшеліктері әлеуметтік іс-әрекетті толығымен анықтай алмайды. Бір әке, бір шешеден өрбіген, бір ру-тайпаға жататын ұрпақтар бірлігі жөнінде де осыны айтуға болады. Жалпы алғанда, тарихта басқалармен араласпай өмір сүрген халықты табуға болар ма екен? Адам баласы анасынан ұлттық немесе әлеуметтік ерекшеліктердің ешқайсысына ие болып тумайды. Мәдениет, тіл, дін, мораль және т.б. этникалық ерекшеліктерді адам әсерлесу, оқу-тәрбие арқылы қоғамнан алады. Бүгінгі жағдайда да адамдардың әлеуметтік ынтымақтастығы материалдық мүдделерді былай қойғанда, ең алдымен мәдениет бірлігіне негізделеді. Бірақ мәдениеттің күллі мазмұны оқу-тәрбие арқылы ұрпақтарға беріледі деп ойласақ (З.Гëкальп), архетиптердің санаға ететін әсері қайда қалады?

Әлдеқандай бір елде тұратын тұрғындардың бәрін бір этносқа, бір ұлтқа жатқызуға болмайды. Өйткені, онда тілдері мен мәдениеттері бірі-бірінен өзгеше түрлі этникалық, этнографиялық топтар мен қауымдар бар. Мысалы, кеше ғана марқұм болып кеткен «Кеңес Одағы» немесе «Осман империясы» тұрғындарының бәрі бір ұлтты құраған емес. Дін жөнінде де осыны айтуға болады. Адамдардың ұлты діни сеніммен емес, тіл және мәдениетпен анықталады. Бір дінді ұстанған жандар түрлі мәдени құндылықтарды тұтынулары мүмкін. Олар талғам мен таңдау сезімдерін, басқалай құндылықтар мен тәрбиені қайсы қоғамнан алса, негізінен сол қоғамда өмір сүруді қалайды. Олар, З.Гëкальп жазғандай, бала кезінен бастап белгілі бір қоғамнан (этникалық-мәдени ортадан) алған тәрбиесін ішкі дүниесінен шығарып тастай алмайды. Әр адам қаны бір адамдардан гөрі тілі, діні, ділі ортақ адамдармен бірге өмір сүргісі келеді. «Басқа бір қоғамда әлдеқайда үлкен молшылықта өмір сүруіміз мүмкін бола тұрса да, өз қоғамымыздағы кедейшілікті ол молшылықтан жоғары қоямыз. Өйткені, рухани туыстар арасындағы бұл кедейшілік жатжұрттықтар арасындағы байлықтан әлдеқайда артық, ол біздің рухымызды бақытқа бөлейді. Талғамдарымыз, ар-ожданымыз, сағыныштарымыз түгелдей өзіміз ішінде өмір сүрген, тәрбиесін алған қоғамдыкі. Бұлардың ықпалды әсерін тек сол қоғамның ішінде ғана сезе аламыз»[2]. Адам қай ұлттан тәрбие алған болса, соның ықпалы, ыңғайы және мұраты жолында еңбектеніп жүреді. Бөтен қоғам үшін ол кішкене мүддесін де қимайды. «Өйткені, мұрат – биік шабыттың қайнар көзі. Ал тәрбиесін алып өспеген жат қоғам мұраты рухымызға әсте үлкен шабыт бере алмайды… Сондықтан да адам тәрбиесін алып өскен қоғамның мұраты жолында өмірін пида етеді… Қысқасы, адам ортақ тәрбие аясында өсіп-жетілмеген адамдардан құралған қоғамда өмір сүрсе, бақытсыз болады»[3]. Сонымен ұлт өзіне тән тілі мен мәдениеті бар топ деген сөз. Оны тарихи тағдыры, рухани мұрасы бір, өзіндік сана-сезіміне ие болған қауым деп те анықтауға болады. Әрине, ұлттық мүдделер бұлардың сыртында қалмайды.

Зерттеушілер өркениет пен мәдениетті, олардың арақа-тынасын ғылымның әрбір саласында орныққан дүниета-нымның сипаты, ойлау жүйесі мен танымдық зерттеу әдістеріне орай түрліше түсіндіреді. Олардың пікірлерінің бәрін терістеуге болмайды, өйткені айтылған әрбір пікір өркениет пен мәдениеттің белгілі бір жақтарын белгілеп, бейнелей алған. Сондықтан да мәдениет пен өркениетке берілген анықтамалар мен сипаттамалардың көптігіне таң қалмай-ақ, белгілі бір тұрғыдан айтылған жан-жақты ой-пікірлерді инабатқа алуымыз керек.

Мәдениет – сан-салалы феномен болып, оның адамзат болмысының барлық жақтарына қатысының бар екендігі уақыт өткен сайын мойындалуда[4]. Сондықтан оның басты, басыңқы жағын анықтап алғанымыз жөн болар.

Әрбір мәдениетті негізінен құндылықтар, мағыналар, рәміздер әлемі деп білуіміз керек. Олай болса, мәдениет пен өркениет бөлек-бөлек дүниелер болып табылады. Бірақ, өркениеттің мәдениеттен туындайтынын естен шығармауымыз керек және оларды бір-бірінен мүлдем ажыратып қарастыруға болмас. Өркениет шынында да мәдениетпен біте қайнасып өскен феномен болғандықтан да, оның жалғасы іспетті көрінеді. Сонымен бірге бір тұрғыда мәдениет ретінде қарастырылатын құндылық екінші бір оралымда өркениетке жатқызыла қабылдануы мүмкін.

А.Лесли Уайт айтқандай, мәдениеттің энергетикалық ти-пологиясы бойынша, мәдениет – энергияны ұйымдастырудың формасы. Адамзат тарихы – бұл энергияны меңгерудің тарихы. Ал, өркениет – бұл мәдениет дамуының нақты дәрежесі, мәдениеттің нақты типі деген пікірге қосылмасқа болмайды[5]. Бұл орайда өркениетті кең мағынада – руханияттық пен әмбебаптық бағытындағы әлеуметтіліктің жоғары типі ретінде күллі қоғамдық организмнің жетілуі, адамдардың мәдени қауымдастыққа жататындығын білдіретін ең ауқымды деңгейі ретінде түсіну де белең алған (А.Тойнби).

Дегенмен өркениеттің (интерпрстация) пайымы да бар. Әсіресе, әдеттегі сана деңгейінде өркениетті, өркениеттілікті саналы, парасатты әрекетпен, қазіргі заманға, заңға үйлесімді шешім қабылдаумен тәндестіру етек алған. Біздің қазақтар да қазір құдайға шүкір, уақыт басқаша, алға жылжыдық, ілгеріледік. Енді бізді өркениетке лайық қадамдар күтіп тұр деп жатады емес пе?

Өркениетті қоғамның техникалық даму деңгейі, материал-дық жағдайы тұрғысынан қарастыратын зерттеушілердің қара-сы әжептәуір. Шынында да өркениет заманы техниканың, адам мен қоғам өмірінің барлық салаларына ентелей және қар-қынды енуімен, рухани құндылықтардың адам тіршілігіндегі орнының барған сайын төмендеп, адамның өзі техниканың бір тетігіне айналып бара жатқандығымен сипатталады. Бұл – өмір өзінің табиғилығын жоғалтты деген сөз. Өркениеттің осынау сипаты, әсіресе Батыс, Европа халықтары және солардың шылауында жүргендердің немесе әсеріне қатты ұшыраған-дардың табиғаты мен тыныс-тіршілігіне дөп келеді. Олардың сан ғасырлық дәстүрлі мәдениеттері – мағына-рәміздерінен бүгіндері там-тұмдаған әрекеттегі нәрселер ғана қалған. Көрініп тұрғанындай, жоғарыда сөз болған тұрғы өркениет-терді тек техникалық құрал-жабдықтар мен шаруашылық типтерге қарай орайластырады. Бұл да барлық қоғамда, өмірде ішінара бар нәрсе, сондықтан оны да терістеуге болмас, әрине. Бірақ өркениеттің басқалай түрлі деңгейлері мен өлшемдері болады. Бұл ретте Хантингтонның теориясы мәселенің қыры мен сырына біраз сәуле түсіргендей әсер қалдырады.

Өркениеттің бірсыпыра халықтарға тән ортақ құндылық-тардан құралатыны да рас. Сонымен бірге олардың жасанды түрде басқа халықтардан ауысып тұратынын, өркениеттің өзінің жүйеқұраушы негізгі бөлігі мен қызметінің өмірден табылатынын мойындауымыз керек. Бұл ретте мұсылман өркениетінің ислам діні және бірсыпыра халықтардың мәдениеттері жетістіктерінен құралғандығын айтсақ та жеткілікті. Гәп өркениетті рухани-әлеуметтік тұрғыдан түсіну қажеттігі жөнінде болып отыр. Мұнда ұжымдық өмірдің діни-әлеуметтік реттелуінің маңызы мойындалуы керек. Өйткені, мәдениет дегеніміз – адамның адамдармен қатарласа өмір сүруінің тәсілі. Жалпы, өмірде болу дегеніміз – қарым-қатынаста болу деген сөз. Адамның өзі өзіне жеткіліксіз, сондықтан ол басқаларға мұқтаж. Ендеше қарым-қатынас негізінде ғана бұл әлемдегі барлық құндылықтар дүниеге әкелінеді. Ал, қарым-қатынастар белгілер, рәміздер арқылы жүзеге асып жатады.

Себебі, адамдар тұрмыстық жағдайын рәміздер мен белгілердің жәрдемі арқылы жасап алады. Олардың арасын дәнекерлеуші зат, құбылыс, процесс рәміз болып саналады.

Адам басқалармен бірлесе отырып өмір сүреді. Мұның бә-рін реттейтін, бәріне жаңа леп, жанды қозғалыс бағыштайтын феноменнің атауы – әлеуметтік руханияттылық.

Алайда, күллі мәдениеттің мазмұнын, барша бөліктерін анықтайтын оның бір немесе бір-екі басты-басыңқы құнды-лық-қағидасы болуы керек. Баласағұнидің мына сөздері бүкіл мәдениеттің мән-мағынасын, сондай-ақ білімділік, өркениет-тілік, адамгершілік біткеннің бәрін өзінде сыйдырып тұр:

«Адамға екі нәрсе керек тегі,

Бірі тіл, бірі ділі жүректегі».

Ал, біздің қазақта бұған үндес келетін өлең жолдары жеткілікті:

Әке болып қайтесің,

Ұл тіліңді алмаса.

Адам болып қайтесің,

Жүректе жылу қалмаса.

Иә, дүбірі мен дүрбелеңі мол ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басы еліміздің өміріне күтпеген тарихи тосын өзгерістер ала келгені белгілі. Соған орай қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Бірақ, халқымыздың мәдени мұрасы бүгінгі тұрмыс – тіршілігімізбен өзектес болып қала береді. Өйткені, бұл мұра – үздіксіз қозғалыс-күрес, еңбек, төгілген маңдай тер мен ой-сезімнің нәтижесі. Сондықтан, ол елдің прогрессивтік дамуына кепіл бола алар еді. Құдайым, табан тірер жеріңнің, айналып табар қызығыңның жоғынан сақтасын. Иә, “туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас” деген қанатты сөз – нағыз шындық. Р.Ғамзатов айтқандай, туған анаңды басқа біреуге ауыстыра алмассың. Өйткені, жоғарыда сөз болған мұраны тек туған еліңнен ғана таба аларсың. Бұл мұрадан айырылып қалмау үшін азғындар мен азғырушылардың тәлкегіне түспеу жағын мықтап ойлану керек.

Қазақ болып қалу үшін, қазақ болып туылу аз. Ол үшін адамның қазақ мәдениетінің субъектісі, яғни жасаушысы, сақтаушысы, жоқтаушысы, алып жүрушісі-тұтынушысы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізушісі бола білу шарт. Жалпы, ұлттық болмысымызды, елдігімізді, өздігімізді сақтап қалудың негізі, кепілі, шарты – мәдениеттің дін аман болуы, оның ішінде бірінші кезекте дін, діл, тіл, мінез-құлық, дәстүр мен әдет-ғұрыптар тұрады. Құдды мәдениеттің өзі ұлттық рухымызды өршітіп, өздік санамызды қалыптастырудың тереңде жатқан негізі, іргетасы саналады. Мәдениет жойылса, халық та жойылмақ. Ендеше, қазақтың қасіреті тіл ғана емес.

Адам әлемі – оның мәдениетінің әлемі. Адам болу – мәдениетті болу деген сөз, бір мәдениетті игеру деген сөз. Адам болу сөзін қазақтарға қарата айтатын болсақ, ол қазақ болу мағынасын береді. Өйткені, қазақ мәдениеті – ата-бабаларымыздың өндірістік, әлеуметтік, саяси, танымдық-тағылымдық және рухани тәжірибесінің жиынтығы. Ендеше, қазақтың әрбір ұрпағы өзін, өндірісін, өсуін тақыр жерден бастамай, бабалар жасап, қалдырып кеткен іргетасқа екі аяғын нығыздай тірей отырып дами алады. Даму дегеніміз – алдыңғының сапалы жақтарын сақтай отырып, оларды жаңа жағдайға бейімдей өзгерту. Бұл сапалы жақтар адамдардың өздеріне керек. Өйткені, ертең және есейген шақта ана қым-қуыт өмірге осы сапалы жақтарды бойға сіңіре отырып, бұрынғылардан үйренген, жас кезінде қалыптастырған дағдылармен аттанады. Бұл – осынау қасиеттерді болмысына жинақтаған жандардың бойына алда енді қандай қиыншылық пен ауыртпалық кездессе де дәстүрден айнымай шыдас бере алатындарына сенім ұялатады. Осынау мәдениет арқылы, тәжірибе арттырудың арқасында адам одан әрі сана-сезімін нығайтып, тұрмыстағы кездесетін күйкі-тіршілік ауырт-палықтарына қарсы тұра алатын қабілет-қарым жинайды.

Мәдениет инстинктілі емес. Ол негізінен биологиялық жолмен дарымайды. Мәдениет дағдылар мен бейімділіктердің жиынтығынан құралады, яғни әрбір адамның тәлім алуы, үйренуі мен машықтануы арқылы ұрпақтар жалғастығы қамтамасыз етіледі. Адамдардың үйреншікті дағдыларының көпшілігі ана арқылы балаға, ұрпақтан-ұрпаққа өтеді және олар уақыт өте келе тұрақтанады. Тәрбие дегеніміз дағдылар мен білім беру ғана емес, сонымен қатар баланы әлеуметтік өмірге бейімдеу үшін, оның биологиялық импульстерін (құлшыныс-құмарлықтарын) ретке келтіру болып саналады. Мәдениет қауымдастықтың тіршілік етуін қамтамасыз етуге тиіс болып, топтық ауызбіршілік сезімін, әлеуметтік бақылау механизмін, айналадағы жаудан қорғануды ұйымдастыру және халықтың өсімін қамтамасыз етуге бағытталған феномен. Ол адамдардың қарым-қатынастарын реттеп, танымдық, коммуникативтік, әділетті орнатушылық және т.б. қызметтерді атқарады.

Әрине, мәдениет те қоғамның өмір сүру жағдайына байланысты өзгереді. Бұл көбінесе, табиғат жағдайларының – қуаңшылық, індет, сондай-ақ қоғамдық сілкіністер мен қырғын соғыстардың, тарихи оқиғалардың жойқын әсерімен, не болмаса көршілердің шапқыншылық жорықтарының нәтижесінде халықтың бодан болып, солардың мәдени ықпалына түсуінің әсерінен жүзеге асады. Бірақ, бұл орайда өзгеріске көп ұшырамайтын діннің орны мен рөлі бөлекше. Жұмыр жерде өмір сүргендердің қиналмайтыны жоқ. Міне, соларға дем беріп, үміт шоғын лаулататын да – дін. Адамның жан тыныштығын орнықтыруға септесіп, тепе-теңдігін сақтауды қамтамасыз ететін Исламның мына бір – “көршісі аш жүргенде тойып ұйықтайтын адам мұсылман емес” деген қағидасын еске алайықшы. Мәшһүр Жүсіп Көбеев те «қазақтар мұсылмандыққа жеткенде ғана ел болады», деп тегіннен-тегін айтпаған.

Дін, деген еді орыс мәдениетінің патриархы саналған акад. Лихачев, «кез келген мәдениеттің діңгегі» (стержень). Тойнби де «Батысты, Европаны жалпы дағдарыстан, рухани құлдыраудан құтқаратын күш – дін» деген. «Қазіргі уақыттағы өркениеттер қақтығысында дін шешуші рөл ойнайды», деп тұжырымдады С. Хантингтон.

Француз ағартушысы Жан Жак Руссо сонау ХVІІІ ғасырда-ақ айтып кеткендей, «адам әуелі Құдайдың ақиқат екенін танып алмай, адамгершілікке, ізгілікке жете алмайды» ғой. Осыдан-ақ діннің өркениеттегі жүйе құрастырушылық қызметі мен рөлі аңғарылғандай. Мұны адамның байлығы жиғанында емес, иманында деген тіркес және айқындап тұр.

Араб өркениетінің қалыптасуы, деп жазды атақты американдық антрополог, мәдениеттанушы Кребер Алфред Луие, Мұхаммед тарапынан жасалған идеялар жүйесінен басталады. Оған дейін араб мәдениеті, лирикалық мәдениетін есептемегенде, ешқандай тартымды да татымды емес еді. Ислам орнықтырылғаннан соң кең масштабтағы мәдени материалдарды игеру басталды, философия, ғылым, әдебиет пен сәуле өнері дами бастады.

Дегенмен, бұлар негізінен парсылықтар, сириялықтар, египеттіктер және т.б. шығармашылығы болды, оларды ең алдымен өздерінің тілдері мен діндері, содан соң дәстүрлерімен толықтырылған жаңа-жағдайдағы тіл мен діннің ортақтығы біріктірді.

Бірақ, арабтар мәдени шығармашылық сахнасынан тым тез кетті… Шынымен араб мәдениетінің ерекшелігі болып, мұсылмандық діни жүйе кейіннен аймақтағы күшті және бай өркениетті қалыптастырды. Бұл қатынаста – адам сенімі мен тәртібіне байланысты формулалар кешені ірі мәдениеттің дамуы мен оның өзегі болып қызмет етті. Иә, ішкі өзгеріс адам өміріне мағына-мақсат беретін сенімнің пайда болуынан туындауы қажет, бірақ бұл сенім біздің өмірімізде ғылыми жолмен алынған фактілермен жақсы таныс, ақыл-ойға жетік адамның сенімі болуы тиіс. Сонымен бірге мұндай сенім қоғамдық ынтымақты және адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жалпыға ортақ жүйедегі мақсат-мұраттарды орнықты етіп, қалыптастыратын дін жолымен жүзеге асады. Бұған қоғам, әсіресе, техногендік өркениет жағдайында, адамгершілік қасиеттер азайып бара жатқан заманда зәру. Әрине, дерлік 1400 жыл бойы халықтардың басым көпшілігінің сеніміне, ар-ұжданына айналған ислам дінінің қоғамды көгертіп, биікке көтеретін әлеуетінің әжептәуір екендігіне тарих куә. Иә, ислам халықтарды азғындықтан сақтап, оларды бір діни, керек десеңіз өркениеттік ынтымақтастыққа топтастыра алды. Соған қарамастан жақында ғана Рим Папасы Бенефикт ХVІ-ның айтқанындай, ислам найзаның күшімен таралып, зұлымдық ұрығын сепкен дін емес еді. Ол мұны ХІV ғасырда ғұмыр кешкен Византия императоры айтты ғой деп қарап тұрды емес пе?

Діннің атқаратын негізгі қызметі адамдарды құдайдың заңдары мен жол-жоралары бойынша өмір сүруге үйретумен, дағдыландырумен бірге, олардың бірлестігін қалыптастыру және қарым-қатынастарын реттеп, жақсартумен байланысты екендігі белгілі. Әрине, діннің негізінде жатқан басты фактор – сенім. Ол – қасиетті, мәңгілік, өзгермейтін деп есептелінетін құбылыстарға, Аллаға және оның елшісіне деген сенім. «Мен Құдайға сенемін» деп айту үшін адам өзін Құдаймен байланыстыра сезінуі қажет, оған бүкіл жан-тәнімен бет бұруы керек. Сенім белгілі бір мағынада адамның өзін-өзі тәрк етуін, өзін «құрбан етуін» білдірері хақ. Демек, біз кез келген мәселені қарастырғанда оның діни аспектілеріне мән бере білуіміз керек. Дін адамдарға, олардың кім екендіктерін және кімдердің қоғамды басқарып отырғандығын анық көрсетіп, елде-жерде тыныштықтың, әділеттіліктің, көркемдік-үйлесімділіктің, шындықтың, тазалықтың, халалдықтың салтанат құруына жәрдемдеседі. Сондықтан жүректерге иман үйірілсе әлем нұрға бөленер еді.

Белгілі бір қызметтер атқаратын материалдық және рухани мәдениеттің діңгегі болып табылатын діннің қоғамдағы алар орны айрықша екендігін түсіну ғанибет. Әрине, мәдениеттің ішкі себептерін ашу, олардың басқа түрлерге өтуінің негіздерін көрсету, оның интеграцияланып баруы, ассимиляцияға ұшырауы, дамуы немесе солғын тартып баруы сияқты процестерді зерттеудің маңызы зор. Бір қоғамның ішіндегі түрлі топтардың ұстанған құндылықтарына зер салып қарастыру қажет-ақ. Батыс өркениетінің келешегі және оның басқаларға етіп жатқан азғындатарлық әсері де назардан тыс қалмауы керек.

Әсіресе, қазіргі дүниежүзілік мәдениеттің жай-жапсарын тілге тиек ету маңызды. Оның ішінде бұқаралық мәдениет пен техногендік мәдениеттің гуманизмді әлсіретіп бара жатқандығы әмбеге аян.

Адам, оның дүниедегі орны мен рөлі, адамдық өмірдің мақсаты мен мағынасы – мұның бәрі мәдениеттің шынайы көрінісі, оның дамуының орталық линиясының бірі болып табылады. Гуманизм – бұл мәдениеттің сапалық өлшемі, оның шынайылығының көрсеткіші.

Адамгершіліктің (гуманизм) нақ өзі мәдениеттің ішкі мәнін бейнелейді және мәдениеттіліктің сапасы белгілі бір құбылыстың сыртқы пішінімен емес, оның мазмұнының адамгершіліктік сипаттарымен анықталады. Латын тіліндегі “Aunanus” сөзі адамдық, адамгершіліктік (homo-адам) деген мағынаны білдіреді. Қазіргі уақытта бұл ұғым адамдық тұлғаның жоғары құндылығын, идеялар жүйесін білдіреді. Гуманизмнің басты қағидасы әрбір адамның еркін, бақытты өмір сүруге, өзінің қабілеттерін жетілдіруге және жүзеге асыруға деген құқығын мойындаумен байланысты.

Гуманизм адамдар, халықтар арасындағы қарым-қатынастар нормаларының теңдік, әділдік және адамды сүю қағидаларына негізделуін қалайды. Бірақ, секуляризация белең алып, діни сенім адам өмірі, экономика, саясат, ғылым мен мәдениеттен тым алыстап бара жатқан қазіргі уақытта қоғамды, адам болмысын осынау сеніммен сәйкестендіруге деген ұмтылыс байқалуда. Әйтсе де ғылым мен техника (мысалы, клондау) қарқынды дамып жатқан қазіргі дүниеде бұл үдеріс табысты, жеткілікті жүріп жатыр деуге болмайды. Бұл қайшылықтың сипаты, барысы адамзат болашағын айқындаса керек. Бұдан тысқары қазіргі адамдардың өмір сүруін техникамен, материалдық ортамен шектеп қойып, оны индивидтің тек физикалық өмір сүруі ғана деп білу бұл қайшылықты үдете түседі. Сондықтан жақсылық жасауды өмір сүрудің, ойлау мен іс-әрекеттің, сондай-ақ моральдың және т.б. негізі етіп алу арқылы бұл қайшылықтың шешімін табуға болатын сияқты. Қалай болғанда да адам болмысының бетер заттануы, оның затқа артықша ден қоюы, жалпы, дүние біткенге өзімшіл астамшылықпен қатынаста болуы болашаққа деген күмәнды-тұманды сейілте алмасы анық. Бұларға тосқауыл қоюдың жолын Исламнан таба аламыз. Л.Н.Толстой айтқандай, “кез келген ақыл иесінің өмірде табан тірейтін жері – Ислам”. Ендеше, Өркениетті де Руханият тұрғысынан түсіндіру қажеттілігі туындайды. Өркениет пен мәдениет сан сипатымен көрінетіндіктен, олардың бәрінің байлауы – дін, діл және тілде деп білеміз.

Қазіргі дүниеде құқық нормаларынан басқа діни өсиеттер, әдет- ғұрыптар мен дәстүрлер негізгі әлеуметтік регулятивтер болып қала береді. С. Смайлс жазғандай, “Әділін айту керек ізгіліктігі, адамгершілігі (нравственность) жоғарылаудан тоқтаған халықты өлді деп есептеуге болады”[6]. Әрине, қоғамдық мәселелері шешудің нұсқасын таңдау халықтың осы саладағы тәжірибесіне байланысты. Ізгіліктік (нравственность) – гуманистік мазмұнын жоғалтқан мәдениеттің маңызы жоқ, ол жалған мәдениетке айналып, өркениеттің дағдарысына әкеліп соқтырады, оны өмірлік перспективаларынан айырады (Швейцер). Шынайы өркениет, нағыз өркениеттілік халықтың, адамның күш-қуатын арттырып, ауқатты өмір сүруіне, ең бастысы олардың имандылығы, ізгіліктілігі мен моральдық мінез-құлқының жетілуіне қызмет етуі керек. Өркениет адамның айналадағы дүниемен қарым-қатынастарының қарымын қалай қайтара алады, міне, ол соған қарап бағалануы керек.

Сенім, мораль, мінез-құлық, сондай-ақ Фараби айтқандай, “адамның ойлауына, пайымдауына, ғылыммен айналысуына, жақсы қылық пен жаман қылықты ажырата алуына көмектестін күш – ақыл-парасат пен сезім – өркениеттің құндылықтары”. Адамдар осынау дәстүрлерге мойынсұнып қана емес, әсіресе қазіргі уақытта өмір сүру жағдайларының талаптарына сай қалыптасатын түсініктер негізінде әрекеттенуге тырысады. Кейбір авторлардың жазуынша, мәдениет пен өркениеттің арасында айырмашылықтар да жоқ емес. Сонымен бірге олар бір-бірімен тығыз байланысқан, бірақ бөлек-бөлек ұғымдар. Әлдеқандай сенім мен моральдан – дәстүрлер жүйесінен құралған өркениет үлкен мәдениетті тудыратын қайнар көз болып табылады. Мәдениеттің рухи негізі, әрине сенім, ал әлеуметтік негізі – мораль. Бұлар адамдардың іс-әрекеттерінің барысы мен сипатын анықтайды. Мәдениет – жасалынған нәрселер мен шығармашылық ұмтылыстар. Сонымен бірге ол табиғи жолмен пайда болғанның бәрін қамтиды, ал, сырттан енгендер, егер олар халықтың игілігіне айналып сол халықтың болмысына сіңіп кетсе ғана мәдениет мәніне ие болады. Бұлардың бәрінің артындағы сенім мен мораль жүйесі өркениет болып табылады. Бұл жүйе түгесіле бастағанда өркениет құрдымға кете бастайды.

Өркениеттерді бір-бірінен айырып тұрған нәрсе ретінде олардың негізінде жатқан, серпінді күш пен энергияның қайнар көзі – сенім мен мораль жүйесінің айрықша құндылықтарын көрсетуге болады. Бұл ретте ойға ең алдымен дін келеді. Ағылшын шайыры және зерттеушісі Т.С.Эллиот: ”Мәдениет, әсілі әрқалай қауымда болған діннің бір түрі” деген еді. Біздерде бүгіндері мұндай күш – ислам. Біздің барша әдебиетіміз, өлең-жырларымыз, хикая-мысалдарымыз, әпсана-дастандарымыз бен нақыл сөздеріміздің бәрінде ислам дінінің әсері бар. Ол – қомақты. Оның жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге қайырымдылық көрсетуге үндеуін сенім мен моральсыз түсіндіре алар ма екенбіз?

Бүгінгі күнде дертке ұшырамаған мәдениет пен өркениет қалмай барады. Өйткені, Батыс өркениетінің заттық, технологиялық, тұтынушылық және заттық рационалдық мән-мағынасы қамтылмаған жер мен ел аздау қалды. 200 жыл астам уақыт бойы тұрмыс-тіршілігі жаңалану, модерни-зациялану, заманауилану, яғни Батыстанумен байланысты кешкен Түрік дүниесінің жағдайы мәз емес. Бұл ретте бір шындықты терістеп болмайды: түрік дүниесі бүгінгі мәдениеті мен өркениетіне күш беретін сенімін жоғалтып алды. Мысалы, бүгінгі Түркия өзін Батыс өркениетінің бір бөлегі ретінде көргісі келеді. Біз әрі өзіміздей, әрі басқалардай болуды қалаймыз. Бір жағынан, өзіміздің мәдениетіміз бен өркениетімізді қорғамақпыз, екінші жағынан, басқалардың мәдениеті мен өркениетін қабылдауды қалаймыз. Нәтижесінде мәдениетіміз бен өркениетіміз өңсіздене түсуде. Сонда біз әрі батыстық, әрі исламдық өркениетті болып, қойыртпақ елге айналудамыз. Мұндайда екі кескінді, екі жүзді адам типін қалыптастырамыз. Бұл типті дүниеде ешбір жерде қалыпты, жөнді тұлға ретінде қабылдаған емес. Иә, экономикалық көзқарастарды, идеологиялық режимдерді өзгерте беруге болар. Бір ынтымақтастыққа немесе одаққа кіріп, одан шығып кете аларсыз. Бірақ тамыры тереңге кеткен мәдениетті, сенімді оп-оңай ғана ауыстыра алмассыз.

Басқалар сізді тек өзіңіздікінен жерітіп, өзгеге айналдыруды ғана мақсат тұтады. Сонда не істемекпіз? Өткендегі мәдениеттен мүлдем сырт айналып кетіп жаңа мәдениет пен өркениетті жарата алар ма екенбіз? Немесе басқалардың өркениеттерінің бірін малданып, өзіміздікінен баз кешіп кетеміз бе? Сондай-ақ, таусыла жаздаған, қалжыраған мәдениетіміз бен өркениетімізді жаңадан жандандырудың жолдарын іздеп таба аламыз ба?

Әрине, түркілер өздеріне сенген кездерінде, күш-құдіреті бар кезінде есіктерін басқалардың өркениеттеріне ашып қойып, мәдени алыс-берістен қорықпады, өздеріне жарамды нәрселерді ғана ала білді. Фараби, Ибн Сина және Мәулене т.б. өздерінің төл топырағында нық басып тұрғандықтан, өздерінің мәдени ортасының уызына қанып өскендіктен, интеграциялана барып шығармашылықтың биік деңгейіне көтерілді. Қазіргі уақытта да солардың ізінен баруға болар еді. Бірақ, билік тізгінін ұстағандар жастарды төл мұрасынан айырмайтындай өмір сүру салтын орнықтыруға бағытталған саясатын ұстануы керек, сонда ғана бұл мақсатқа қол жеткізе алар едік. Бүгіндері дүниеде ұлттық күштер дамуды екі негізді басшылыққа ала отырып жалғастыру ниетінде екендігін танытуда. Олардың бірі – мықты экономикаға ие болу, екіншісі басқа ұлттарға ілесу үшін арадағы қашықтықты азайту немесе оны мүлде жою жолымен жүру бағыты. Басқалары өздерінің мүдделеріне орай ортақ бір одақтастық немесе ынмақтастық төңірегіне бірігуге әрекеттенуде. “Бір қолдың несі, екі қолдың сесі бар” деген нақыл бар. Ендеше, түркілер арадағы аз-маз айырмашылықтарды былай қоя тұрып, ортақ бір тіл, сенім, өркениет төңірегінде топтасу арқылы нығая алады. Алайда оның жолы әлі алыс. Әлі күнге дейін түркілер айтарлықтай ортақ экономикалық, мәдени не болмаса әскери ынтымақтастыққа қол жеткізе алғаны жоқ. Мұндай бірліктің негізінде сенім мен моральдық қағидалар жүйесі жатуы керек. Сонда ғана түркілер қоғамдаса бастайтын болады. Сондықтан бұл саладағы ортақ құндылықтарымызды ортаға шығарып, бірлесе пайдалана білуіміз керек[7].

Өркениетті мәдениеттің биік шоқысы деп білетін авторлар бар (Қырғыз академигі К.Молдобаев). Бұл анықтаманы қабылдайтын болсақ, түркі өркениеті өткен тарих қойнауындағы барша түркілер мәдениеттерінің асыл құндылықтарының жиынтығы болып шығады. Бір мемлекеттің қарамағында, жапсарлас территорияларда өмір сүріп, бір тілде сөйлескен ру-тайпалардың ортақ ойлау жүйесінің қалыптасатынын терістеуге болмас. Бұл ретте мәдениетті өркениеттің бір рухани бұтағы ретінде қабылдауға болады. Өркениеттілікті ақыл-ой мен саясатта ғана емес, әдеп пен дін саласында да салтанат құруын қалайтын болсақ, әрбір ақыл иесіне иман парыз екенін естен шығармауымыз керек. Ал, оны өнердің, ғылымның дамуын, адамның жан-жүрегінің бостандығын және әділеттіліктің орнығуын қамтамасыз етуге бағытталған үдеріс деп анықтайтын болсақ, бұлардың бәрі тағы да адамның руханилығы, гумандылығы мен имандылығына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана шынайы да көркем өркениет дүниеге келмек деп білеміз.

В.В.Ильиннің пікірінше, рулық қауымның территориялық қауымдастықпен ауысуына байланысты өркениет пайда бола бастады. Өйткені, бұл – табиғи-тұтынушылықтан өмір сүрудің өндірістік тәсіліне көшу кезеңі еді. Өркениет инструменталдық (қуат, тамақ т.б.), ал мәдениет гуманитарлық (ізгілік пен сана биігі) сипаттас. Тоғышарлық мәдениетті тұралатады. Өркениет негізі – өмірлік маңызы бар нәрселерді өндіруден құралады. Оларға индустриалдылық, урбандылық, жазу т.б. жатады. Осынау автор дінді өркениеттің негізі деп есептемейді[8]. Мысалы, дейді ол, Еуропа поликонфессиалдық сипаттас қауымдастық болып табылады, бірақ соған қарамастан ол–салыстырмалы түрде біртұтас әлем. Бірақ оның түрлі мазхабтарға (бағыттар мен сектанттарға) бөлінуіне қарамастан, христиандықтың еуропалықтарды тұтастырушы рөлін терістеуге болмас деп білеміз.

Кейбір авторлар өркениет ұғымына дамыған мемлекеттілікті жатқызады. Бұл да дұрыс. Адамдардың қауіпсіздігі мен өмірлік жағдайларын ғана емес, олардың қарым-қатынастары мен мінез-құлықтарының оң жаққа қарай өзгеруін халықтық мемлекет қана қадағалай алады емес пе? Және де көптеген еңбектерде материалдық-мәдени өркениеттің негізгі бөліктері ретінде жеке меншік, ақша айналымы, дамыған егіншілік, сауда-саттық, қалалық тұрмыс, таптық қоғам, мемлекет, дін, жазу көрсетіледі. Бірақ әр қандай өркениет толығымен материалдық, заттық негізде ғана дамитын болса, дағдарыс пен апатқа ұшыраған Батыстық өркениеттің кебін кимей қоймайды. Мұны қазіргі өмір көрсетуде. Ал, мәдени-тарихи бағытты ұстанған зерттеушілер тобы дүние жүзіндегі мәдениеттер мен өркениеттер бір әмбебаптық өркениетке айнала алмайды, өйткені бұлай болған жағдайда көптүрлілік жойылып кетеді деп біледі. Тойнби болса, өркениеттің өлшемдері мен белгілері дін, тарих, әдет-ғұрып пен жалпы мәдениеттен құралады деп есептейді. Ол Батыс өркениеті (батыстық секулярлық өркениет) дүниенің барлық халықтарына таралуда, бұл оның бүкіл дүниежүзілік өркениетке айналып бара жатқандығын көрсетеді, дейді. Ал, Дж. Несбиттің пікірінше, батыс өркениеті – әмбебаптық өркениет, сондықтан барлық елдер үшін жарамды либералдық демократияның салтанат құра бастауы дүниенің Батыс құндылықтарын сөзсіз қабылдауы болып табылады. Дүниеде батыстануға қарсы тұратын күш қалған жоқ (Фрэнсис Фукуяма). Сорокин капитализм мен социализмнің интеграциялануын жақтаса, Тоффер дүниеде жаңа өркениет пайда бола бастады, деп тұжырады. Батыстану немесе батыстық үлгідегі жаңа өркениеттің пайда болуы жөніндегі пайымдаулар жаһандану теориясымен үндес келетін сияқты. Бұл жөнінде Хантингтон өркениеттердің қақтығысы әскери-экономикалық салада ғана емес, саяси және діни өмірді бақылауға алу ұмтылысында да көрініс беруде деп жазды. Бұл Батыс әлемін бірігуге, бірігіп алып қалған дүниеге қарсы тұруға шақырудың идеологиялық шаралары. Әрине, 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғаның бір ұшы теңсіздік, әділетсіздік пен экспансияға қарсы ой-пиғылдың жандануына барып жалғанғандығын түсінбейтін жарандар өз арамызда аз емес. Ол оқиғаны Батыстағы мүдделі топтардың жүзеге асырғандығы жөнінде де аз жазылып жатқан жоқ.

Б.Б.Арынғазиеваның айтқанындай, “дүниежүзілік біртұтас мәдениетті қалыптастыруға ниеттес, тегін жер жаһандық азаматпын деп көрсетуге бейіл жандардан үрейленемін”. Бұл орайда есік-терезелерінің бәрін кім-көрінгенге ашып тастамай, қыз-жігіттерінің намысын және халықтың мәдени мұрасын қорғауға мән берген Ниязовқа рахмет айтқың келеді. Өлкетану музейінің қарапайым қызметкері Рысжан Ілиясқызы айтқандай, “Мәдени мұраны” даладағы-қаладағы немесе жол бойындағы ескерткіштерді қорғау ғана десек, қателесеміз. Мәдени мұра – ол сенің тілің, сенің дәстүрің, ол бүкіл болмысың, қазақтың болмысы. Қазақтың болмысын сырттағы қазақ қайдан таниды?! Бізде қазір қазақтың болмысын танытатын дүниелер сиреп барады. Тіпті, қазақтың киіз үйінен де мүлдем айырылдық қой… Біздің байырғы қалпымыздан айырылып қалғанымыз рас. Өйткені, қазақтың табиғи қалпын сақтаймын деген қазақта ниет те жоқ… Біле-білсек, қазір салт-дәстүрдің өзін де қойыртпақтап алдық қой. Біздің дәстүріміздің бәрі араласып кетті… Қаншама өзгермейтін тәрбиелік маңызы бар дәстүріміз бар еді[9]. Мұндай ой мен сөздің зиялылар, зерттеушілер, әкімдер, ректорлар мен министрлердің аузынан шыға қоюы екіталай. Олардың мақтанышпен айтатыны: зәулім биік сарайлар, қалалар және тағы инвестициялар… Бұдан гөрі халалдықтың ғимаратын салып, биіктетсе ғой шіркіндер. Сайн мен Сейфуллин, сондай-ақ басқа көшелерді жезөкшелерден, құмарпаздардан, қызтекелер салондарынан (Қызғылт арай) тазартуға құлшына кіріскенімізбен, әзірге олардан ел мен жеріміз арыла қойған жоқ.

Не істеу керек? Елге ие керек, елге қожайын қажет. Мемлекеттік тілдің бағын ашса, тек Елбасы ашады, деп акад. С.Зиманов айтқандай[10], қазақы болмысты тек шын Ұлттық мемлекет қана сақтап, қорғай алады. Ол ондай мемлекетті аңсаған халықтың күшімен ғана құрылмақ. Мұндай мемлекетті құруға құлшынған халық бар ма екен?

Дәстүр болса бәрі де болар еді ғой. 20 жылдың ішінде бірсыпыра ұлттық құндылығымызды түгендеп алуға болар еді. Әзірге басшыларға ынсап, тауфық берсін дегеннен басқа айтарымыз қалмады.

Питирим Сорокин және басқа авторлар этностық мәде-ниеттің эволюциясындағы реликтикалық, прагматикалық, гедонистикалық және идеационалдық сияқты фазаларды жік-теп көрсеткен. Мұндағы прагматикалық пен гедонистикалық мәдениеттер Батыстық этностарға тән болып, олардың соңы күйреумен аяқталады. Сондықтан олар рухани даму ретінде түсінілетін идеационалдық мәдениеттің орнықтырылуы адамзатты апаттан сақтап қалатын бірден-бір шара деген қорытындыға келген.



[1] Гумилев Л.Н. Биография научной теории или автонекролог //Знамя. – 1988, – №4, – С. 212.

[2] Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Аударған – Фадли Әли. – Алматы: «Мерей». –2000. –16-бет.

[3] Сонда. –17-бет.

[4] Культурология. Основы теории и истории культуры: Учебное пособие. /Ред. И.Ф.Кефели. – Спб. –1996.

[5] ХХ ғасыр мәдениетінің антропологиясы. – Алматы: «Жазушы». – 2005. –9-б.

[6] Смайлс Самуэль. Характер. – Спб., 1880. – С. 27.

[7] Fahrı Unan, Yenı medenıyetımızın muharnık unsuru ne olacak? // Үчүнчү миң жылдыктын босогосунда түрк цивилизациясы. – Бишкек, 2003. –60-64-беттер.

[8] Ильин В.В. Философия. –Т. 2. –Ростов-на-Дону. –2006. – С.48-50.

[9] “Түркістан” газеті. –2007 жыл, 1 ақпан. –№5.

[10] «Егемен Қазақстан». –2006 жыл, 27 қазан.