Этникалық психология түрлі ғылымның өкілдері және философтар тарапынан зерттелген. Бірақ бұл мәселелер жекеленген тұстары, әсіресе кейбір этникалық топтар мен үлкенді-кішілі ұлттарға тән болған ерекшеліктері жетерлік деңгейде зерттелмегендіктен, бұл сала әлі де болса ғалымдардың назарын өзіне аудармақта.
Ежелден түрлі халықтардың психикалық қасиеттері, өзара қатынастары мен байланыстары психологиясы, олардың арасында бой көтерген қайшылықтардың психологиялық негіздері тәріздес мәселелер алдыңғы қатарлы ой иелерін дәйім ойландырып келген. Этникалық психологияның ерекшеліктері туралы пікірлерді ежелгі Юнанстан тарихшысы Геродот, ойшылдар – Аплатун (Платон), Арасту (Аристотель), Эпикур және оның ізбасарларының шығармаларынан ұшыратамыз. Аристотель этникалық психология хақында ой қозғап, ой жүгірткенде Платонның танымның бастапқы принципі идея деген пікірін сынай отырып, барлықты-болмысты, оның ішінде әр түрлі халықтардың этникалық психологиясын жалпылық пен жалқылық категориялары шеңберінде қарастырған. Оның пікірінше, жалпылық тек жалқылықта ғана өмір сүреді. Егер жалқы болмаса, онда жалпы да болмайды. Олай болса, тұтастай алғандағы этникалық психологияны өз этносын түйсінетін кісілерден құралған топтардан (жалпылықтан) табамыз.
Одан кейінгі ортағасырлық дәуірде дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан Түркістандық ұлы бабаларымыз рухани салада телегей-теңіз мол қазына қалдырған. Бұл қазынаға лайықты үлес қосқандар – Әбу Насыр Фараби, Әбу Райхан Беруни, Ибн Сина, Имам Бухари, ат-Термизи, Ахмет Ясауи, Дәуіт ат-Түркістани, Мырза Ұлықбек, Әлішер Науаи және басқалары. Данышпан ата-бабаларымыздың ұлы да даңқты аттары халық жадында мәңгі сақталып қалуға лайықты.
Шынында да, олардың мұрасынан бұрынғы дәуірдің ағартушы (мағрипат-пәруар) ойшылдары да, қазіргі заманның қаламгерлері мен ғалымдары да кеңінен пайдаланып келді және бұдан кейін де нәр ала бермек. Осынау ғұлама ғалымдар өмір сүрген дәуірде этнопсихология ғылымы әлі де қалыптаспаған болса да, олардың сан алуан шығармашылығы мен еңбектерінде халықтар психологиясына қатысты, көңілге қонымды ой-пікірлерді көптеп ұшырата аламыз. Солардың кейбіреулеріне тоқтала кетуді жөн деп санаймыз.
Фараби өзінің «Кемеліне келген адамдардың шәһары» шығармасында адамдардағы психологиялық бірлік, яғни адамдар арасындағы белгілі бір байланыстар біріншіден, олардың арасындағы мейір-ынтымаққа негізделеді, оның үстіне олардың жүректерінен ру-тайпалық сезімдер орын алған. Өйткені, олардың бәрі бір әулеттен тараған ғой; екіншіден, адамдар арасындағы психологиялық жақындық олардың мінез-құлқы мен тілінің бірлігімен де қамтамасыз етілген[1] деп жазған.
Берунидің «Үндістан», «Ежелгі халықтардан қалған ескерткіштер», «Минерология» және басқа шығармаларында халықтар психологиясының қалыптасуы мен тілі турасында назар аударарлықтай пікірлер білдірілген. Ол адамдардың «…түзілімі, реңділігі, түрі-түсі және ахлақтарының түрліше болуы тектерінің және сонымен қоса топырақ, су, ауа және жерлердің әр түрлі болуына байланысты»[2], – деп жазды. Осы сарындас пікірлер Ибн Сина тарапынан да («Жүрек дәрілері» кітапшасында) айтылған. Ол жеке адамның бітім-болмысынан көрінетін психологиялық ерекшеліктер мен этникалық психологиялық нышандар біте қайнаса пайда болады деп көрсетті[3].
Бұл мәселеге жаңа дәуір философтарынан И.Кант[4] та ерекше көңіл бөлген. Оның «өзіндегі нәрсе» деп аталатын теориясы бойынша, этникалық психологияның барлық қайшылықтарын зерттеуге әбден болады, бірақ мәселенің түпкі мәнін ашу мүмкін емес.
Гегельдің «объективті рух» турасындағы ілімі Алманияда «халықтар психологиясының» қалыптасуында теориялық негіз болып қызмет атқарады. Осы теория өкілдерінің пікірінше, әлдеқандай индивидуалдық рухтан жоғары рух бар, бұл индивидуалдық рух жоғары индивидуалдық тұтастыққа мойын ұсындырылған жағдайда ғана халық немесе ұлт құралады[5]. Объективтік идеализм рухымен суарылған болса да осы тәріздес пікірлер сол кездегі халықтардың психологиясын зерттеуге мейлінше көп әсер етті.
«Халықтар психологиясы» концепциясының басқа бір қайнар көзі неміс романтизмінің «жоғары индивидуалдық» турасындағы тұжырымы болып табылады. Бұл теориялық қозғалыстың негізін құраушылар – Гердер мен Гумбольт. Бұл бағыттың өкілдері де мәселені ғылыми негізде талдау жасау деңгейіне көтеріле алмаған деп айтуға болады.
Ғылыми деректер халықтың этникалық психологиясын салиқалы зерттеу ісі тек XIX ғасырдың екінші жартысынан ғана басталғанын айғақтайды.
1860 жылда М.Лацарус пен Г.Штейнсот Гербарттың тіл білімі, мифология және психологиялық іліміне сүйене отырып «халықтар психологиясының» ұғымдарын жүйеге келтіруге әрекеттенді. Олардың «Халықтар психологиясы туралы алғашқы ойлар» атты мақаласы «Халықтар психологиясы және тілтану» журналының бірінші санында жарияланған.
Этникалық психологияның қалыптасуы тарихы мен оны зерттеу ісінде неміс философы, физиологі және тілшісі Вильгельм Вундттың алатын орны ерекше. Вундт 1863 жылы Лацарус пен Штейнсот идеяларының ықпалымен жазылған өзінің «Адам және хайуанаттар рухы туралы баяндамалар» атты кітабының бірінші басылымында халықтар психологиясы мәселесіне өзінің көзқарастарын білдірді. 1886 жылы оның этникалық психологияның мақсаты мен мәні хақындағы мақалалары жарияланып, кейінірек «Халықтар психология-сының проблемалары» атты кітабы басылып шықты.
Автордың пікірінше, «…Халықтар психологиясы инди-видуалдық психология тәрізді дербес ғылым болып табылады»[6]. Ол этникалық психологияның зерттеу объектісіне тіл, аңыз-әпсаналар (діни элементтерімен қоса), әдет-ғұрыптар мен ахлақ-әдеп-дәстүрлер жатады деп санайды. Неліктен ұлттық психология рухани тұрмыстың үш саласын зерттеу керек деген сауалға ол былайша жауап береді: «Тіл халық рухында өмір сүретін ұғымдарды қамтиды; аңыз-әпсаналар ұғымдардың ілкі мазмұны мен ұлықтығын өзінде бейнелейді: әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер ұғымдардағы бейненің жалпы бағытын білдіреді»[7].
Ғалымның пікірінше, адамдардың бірігіп өмір сүруі мен өзара қатынастарының жемісі ретінде көрініс беретін халықтың көңіл-күйі индивидуалдық рух тәрізді нақтылы мән-маңызға ие.
Вундт халықтар психологиясының мәні мен зерттеу міндетін дұрыс түсінбеген сыңайлы. Оның пайымдауынша, халықтар психологиясы рухани өмірдің өзіне тән барша қыр-сырларын бейнелейтін, бірақ заңдарын ашуға, жинақтап тұжырымдауға дәрменсіз ғылым. Ол рухани өмірдің – тіл, аңыз-әпсаналар, әдет-ғұрып және рәсімдер сияқты жақтарын негізінен психологиялық тұрғыдан зерттеу ләзім деп ойын түйіндейді. Десек те ғалым әрбір халықтың рухани келбетінің қалыптасуы оның материалдық және қоғамдық өмірі жағдаяттарының өзгеріске ұшырауы мен дамуына да байланысты екенін аңдамаған сияқты.
Халықтар психологиясының өзіне тән жақтарының сыр-себептерін Ұлы буржуазиялық этнопсихология өкілдерінің бірі – француз психологі, антрополог және археолог Гюстав Лебон талдауға әрекет жасаған. Ол өзінің «Халықтар және бұқара психологиясы» атты шығармасында әр түрлі ұлттардың, халықтардың мәндік негізінде адамдардың нәсілдік, рухи ерекшеліктерінің арасындағы айырмашылық жатады деп көрсетті»[8]. «…Ортақ ғадет-ғұрыптар, идеялар, сезім, сенім және ойлау жоралғыларының жиынтығы – халық рухын құрайды»[9]. Ол өз концепциясының өзекті жерлерін былайша тарата толғайды: нәсілдердің өзгермейтін рухы ұлттар өмірінің барлық салаларында өзінің түскен сәулесін де, мұнартқан көлеңкесін де түсіріп кететіндігін көреміз[10].
Ендеше, халықтар мен нәсілдердің мемлекеттік түзілімі мен саяси ұйымдары олардың мінез-құлқының жемісі ретінде көрініс тапқан. Сондықтан да әрбір халық оларды өзгертуге әрекет жасамауы ләзім, себебі ол бәрібір халық рухының тегеурінді қысымынан ешқайда қашып құтылып кете алмайды. Әрбір халық тек өзіне тән рух пен рухи ерекшеліктерге ие, олай болса басқару жүйесінің белгілі бір түрі тек қана осы халыққа тән болғандықтан, басқа халықтарға қолданылмайды. Африка мемлекеттеріндегі бірер бір монархияның басқару әдісі сол мемлекеттердің халықтары үшін бәрінен де, соның ішінде Еуропа мемлекеттерінде қолданылатын конститу-циялық принциптерден де абзал болып көрінеді. Сондықтан барша елдерде бірдей саяси түзілімнің болуы мүмкін емес[11].
Жоғарыда келтірілген пайымдаулардың біздіңше, жаны бар сияқты. Бүтін басты ұлан-ғайыр Кеңес Одағы деп аталатын бір мемлекетте бірыңғай Кеңестік-Коммунистік үкіметтің орнатылуының қазақ халқына қандай қасірет әкелгені бұл күнде ойлы жандардың бәріне түсінікті жәйт. Қазақ халқының қауымдық тұрмысын тұралатып традициялық шаруашылығын рельстен бір пәрменмен азғантай уакыттың ішінде шығарып жібергеннен кейін ол дерлік бәрінен де айырылып қала жаздады емес пе?
Мыңдаған жылдар бойы сыннан өткен, қалыпқа тұскен қауымдық-ұжымдық тұрмысты өзгерту қажет пе еді? Сол тұрмыстың бәрі ақылға қонымды, сол кездегі қазақтардың ұғымына сыйымды, мұқтаждықтарын өтей алатын тамаша құбылыс емес пе еді. Соларды күшпен өзгерту (эволюциялық бейбіт жолмен тыныш жағдайда дамытылғанда қандай ғажайып нәтижені көрер едік!) нелерге әкеліп соққандығы туралы бұл күнде аз жазылған жоқ. Аталмыш нәубеттің мәнін профессор Ж.Әбілқожин өзінің кітаптарында бұлтартпайтын фактілер негізінде ашып берді емес пе?[12] Шынында да, И.А.Ильиннің жазғанындай, «только политические верхогляди могут воображать, будто народам можно «даровать» их государственное устройство, будто существует единая государственная форма, «лучшая для всех времен и народов» Нет опаснее и нелепее стремления навязывать народу государственную форму, не соответствующую его историческому бытию»[13].
Лебон қоғамдық өмірдегі бұқаралық қозғалыстар психологиясының мәнін мойындайды. «Сонымен бірге, – деп жазады ол, – біздің барша ежелгі сенімдеріміз өзгеріп және сейіліп баруда, қоғамның ежелгі негіздері бірте-бірте бұзылуда, бұқараның кұдіреті жеке-дара жойқын күш ретінде көрінуде және оның маңызы күн сайын артып баруда. Енді шынында да халық бұқарасының дәуірі басталды»[14]. Үкімет болса, бұқараның еркіне мойынсұнуға мәжбүр. Сол себепті ұлт тағдыры билік тізгінін ұстағандардың кеңселерінде емес, халық рухының әзірленуі барысында шешілуде[15]. Лебон Франция империясының құлдырап, құлау себептерін талдай келе, Наполеонның Ресей мен Испанияға қарсы соғысты бастау мақсатын қойғандағы жіберген негізгі қатесі – сол халықтардың өзіне ғана тән болған рухы мен ұлттық психологиясына жете көңіл бөлмегендігінде еді дейді[16].
Лебон халық өміріндегі саналылық пен сана алдындағы (саналылануға дейінгі) түсініктердің өзара қатынастары мәселесіне де өз көзқарасын білдіреді. Оның пікірінше, біздің саналы қимыл-әрекеттеріміз әулеттердің нәсілден-нәсілге өтетін ұғынылмаған әрекеттерінің нәтижесі болып табылады[17]. Бұл тұжырым тұрғысынан пікір таластыру ниетіміз жоқ. Алайда, біздің қимыл-қозғалыстарымыз бен ұмтылыста-рымызда қалыптасқан жаңа жағдайдың іздері барын жоққа шығаруға болмайды. Ол дәлел тілемейтін жәйт. Сонымен бірге біздің қайсы саналы әрекеттеріміз нәсілден-нәсілге беріледі немесе олар қандай ұғынылмаған әрекеттеріміздің нәтижесі екенін анықтаудың маңызы бар, сондықтан мәселенің бұл жағын әрі қарай жетілдіре талдаудың залалы жоқ деп білеміз. Сонымен, Лебонның этнопсихологиялық көзқарастары күрделі болып, олардың кейбір тұстары ұлттық артықшылық идеясын негіздеуге қызмет етеді. Бірақ ғылым жетістіктері мен қоғамдық өмір тәжірибесі тұтастай алғанда нәсілдік теорияның мүлдем негізсіз екенін көрсетіп отыр.
XIX ғасырдың эмпирикалық бағыттағы ғалымдары – Т.Рибо мен А.Фулье этникалық психологияны ғылыми тұрғыдан зерттеуге лайықты үлестерін қосқан. Мысалы, А.Фулье «Француз халқының психологиясы» атты кітабында ұлттық қасиеттің құрылымы туралы бір қатар құнды пікірлер айтқан.
Халықтардың этникалық психологиясы мәселелеріне психоанализ теориясының негізін салушылардың бірі 3. Фрейд те көп көніл бөлді. Ол бұл мәселеде Г.Лебон, У.Мак-Даугола шығармаларына арқа сүйеген. Фрейд адамның психикалық мәнін түсінуге әрекеттенді. Яғни адам махаббатқа бейілдік танытатын нәзік те жұмсақ жүректі ғана емес, сонымен бірге оған шабуылдағанда өзін негізінен қорғай алатын, кейде қорғай алмайтын да жанзат болып табылады, сондай-ақ, оның инстинктінде шабуылдауға бейімділік мүмкіндігі де бар[18]. Әрине, Фрейд кісілерден құралатын ұлттың психологиясына санасыздықтың, санаға бағынбайтын, санадан тыс тұратын құбылыс пен күштердің, әсіресе жыныстық инстинктер мен импульстердің тигізетін әсерін дәлелдеуге тырысқан[19].
Нәсілдік және этникалық фанатизмнің пайда болуы мәселелерін талдауға деген ұмтылыстарды шет елдік психологтар Адорн, Олпорт, Симлюнс және басқалардың шығармаларынан да ұшыратамыз. Олар нәсілдік және этникалық қайшылықтардың мәнін даңғойлық, даңққұмарлық және кісінің кейбір ерекшеліктерімен байланыстыра түсіндіруге әрекет жасады.
XIX ғасырда этнопсихологияға қатысты ой айтқандардың ішінен Ш.Уәлихановтың есімін ерекше атау керек болады. Оның «Адай өлкелерінің географиясы», «Ыстықкөлге саяхат» (күнделіктері) және басқа шығармаларында қазақ, қырғыз халықтарының тарихы, этногенезі кеңінен сөз етіледі. Оның пікірінше, қазақ пен қырғыздардың психологиялық типі олардың өзіндік тұрмысы салты мен шаруашылығының ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан. «Халықтың сәлемдесуі, – деп жазады ол, – біздің байқауымызша, ұлттардың ерекшелігін анық бейнелейді»[20]. Мәселен, қазақтарды алсақ, олар бір-бірімен кездескен сәтте: «мал-жан аман ба?», – деп амандасады[21],бұл мал шаруашылығымен шұғылданған халықтарға тән психологиялық ерекшелік екендігі анық. Уәлиханов қазақ деген елдің этникалық қасиеттерін түгендей келіп, жастардың қарттарға деген ізеті мен ілтипатын, жалпы алғанда халықтың қонақжайлылығын атап көрсетеді. Осы ұлттық-этникалық ерекшеліктердің өмірде орын алуын ру-тайпалық қатынастарға байланысты деп біледі[22].
Бұдан тысқары, ойшыл ғалым халықтың ауыз әдебиетіне ден қойды, «халықтың басты белгісі» тіл болып табылатынын қайыра-қайта қадап айтты[23], Шығыс халықтарының тілдерін салыстыра келіп, басқа-басқа тілдердегі сөзде бейнеленетін бір ойдың мазмұны түрліше болатынын анықтайды[24].
Этникалық психологияның қалыптасу тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеуге деген ұмтылыс, Ресейде ХVIII ғасырда басталған[25]. Бұл мәселені зерттеуге орыс революцияшыл-демократтары В.Г.Белинский, А.И.Герцен, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбовтар, сондай-ақ В.О.Ключевский, В.Соловьев, П.Л.Лавров, В.М.Бехтеров, Л.И.Мечниковтар да айрықша көңіл бөліп, белгілі бір дәрежедегі ой-пікірлерін білдірген.
XIX ғасырдың екінші жартысы және XX ғасырдың басында Ресейде П.Е.Астафьев, Н.Кареев, М.Урсин, М.И.Яншул, Л.Крживицкий, А.Фулье, Г.Лебон және т.б.[26] халықтар психологиясы, оның ішінде орыс, француз, американ халықтары ұлттық характерінің өзіне тән ерекшеліктері мәселелеріне бағышталған еңбектері басылды. Оларда ұлттық ерекшеліктердің тіл, дін мен өнерде бейнеленуінің өзіндік ерекшеліктерін, сондай-ақ халықтар психологиясы мен индивидуалдық психологияның өзара қатынастарын анықтауға назар аударылған.
Этнопсихология мәселесін зерттеуге Маркс пен Энгельс те айрықша көңіл бөлген. Олар халықтар психологиясының мәні мен оның пайда болуының себептерін анықтады. Ф.Энгельс Англия, Франция және Алманияның экономикалық дамуын-дағы айырмашылықтарды көрсете келіп, «…ағылшынның ұлттық мінез-құлқы неміс пен француздың ұлттық мінез-құлқынан көп алшақ тұр»[27], – деп жазған еді. «Англияда жұмысшы табының ахуалы» атты шығармасында Ф.Энгельс бір-бірімен байланыста болған әр түрлі халықтардың өзара әсерлесуінің заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Маркс пен Энгельс атап өткеніндей, әр түрлі ұлттар бірдей қоғамдық құбылыстарға түрліше ұлттық колорит бағыштап, пайымдайды. Француз және ағылшын материализмі сол халықтардың арасындағы айырмашылықтарға сай келеді деп есептеу керек. Француздар ағылшын материализміндегі жетіспей тұрған тұсқа әсерлі сөздерді қосып жіберіп ағылшын материализмін нәрлендіріп жібере алған[28]. Халықтар психологиясын анықтайтын қоғамдық-экономикалық жағдайларға көңіл бөле отырып, Маркс пен Энгельстің оның субъективтік негіздерін талдауға да ұмтылыс білдіргендігі белгілі. Десек те, марксизм-ленинизм классиктерінің ұлттық психологияның қоғамдық және саяси өмірдегі алатын орнын елеп- ескергендігі жөнінде ой айтқан автор Н.Бердяевтың мына сөздеріне ден қою керек шығар. Ол былай деген еді: «Марксизмде барлық уақытта ең әлсіз нәрсе – психология, ал ленинизмде болса, демагогия (сапсата сату – желбуаздық) үстем болып келгендіктен, психология мейлінше әлсіз, доғал (дөрекі) және қарабайыр болып көрінеді. Тіпті таптар мен қоғамдық топтардың психологиясы да мүлдем қарастырылмаған болып, олар жай ғана күйе жаға берумен әуестенген еді. Бұл мәселеде лениншілдер ешқандай интеллектуалдық, танымдық қабілетке ие болмаған, олардың жол-жобалары толығымен сезімге-эмоцияға құрылғандығымен ажырыратылады»[29]. А.А.Бердяевтің бұл сөздерінің ақиқатқа жақындығы СОКП мен Кеңес өкіметінің КСРО-ны мекендеген ондаған халықтардың өзіндік психологиялық ерекшеліктерін елемей, күштеу арқылы біртұтас Совет халқы атты қауымға біріктіріп, көгендеп ұстап отыруының ақыры немен аяқталғандығымен дәлелденеді емес пе?
Этникалық психология зерттейтін кәделі мәселелер әсіресе XX ғасырдың басында ғұмыр кешкен ғалымдардың еңбектерінде кеңінен сөз етіледі. Өйткені, бұл кезде бір қатар ғылымның жаңа салаларының одан әрі дамуына жол ашылды. Оның үстіне қоғамдық өмірде түрлі топтар мен таптар арасындағы қайшылықтар шиеленісіп, шегіне жете барды. Мұның бәрі халықтар және олардың түрлі топтарының ой-пікірлері мен көңіл-күйінде өз көрінісін таппай қоймады. Мұны зерделеу Ресей мен шет елдердегі ғалымдардың басты ісіне айналды. Мысалы, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Густав Шпеттің 1917 жылы «Психологическое обозрение» деп аталатын журналда мақаласы шықты, ал бұдан 10 жыл өткен соң «Введение в этническую психологию» деген кітабы жарық көрді. Оларда этникалық психологияның міндеттері мен зерзаты сипатталған.
Шпет өзінен бұрынғы психологтар секілді этнопсихология зерзаты– «Халық рухияты»[30], – деп атап көрсетті. Оның пікірінше, бұл ұғымның мәні халық рухының, қауымның басталуын, бастау алуын түсіндірумен анықталады. «Объективті жағдайды, тұрмыстық жағдайды, бұл тұрмыстың өзін, объективті түрде өмір сүретін барлық нәрселерді, – деп жазады Шпет, – тарихи қалыптасқан әр қандай қауым-халық, тап, одақ, шәhар, қыстақ-ауыл және басқалары өзінше қабылдайды, ұғынады, ұнатады, жек көреді, олардың нақты мағынадағы «рухы» яки «характері» нақ сол объективті нәрселерге деген қатынастарында өз көрінісін табады[31]. Ол өзінің шығармаларында этникалық психология ғылымы тілі, әпсана, дін, ахлақ тәрізді мәселелермен шұғылдануы керек деген Вундттың пікірін турадан-тура терістейді. Шпеттің пікірінше, адамдардың рухани қызметінің туындыларын психологиялық жағынан зерделеудің қажеті жоқ, мәселенің түйіні адамдардың өзара қатынастарын, олардың субъективті өмірдегі мәдени өмірге деген саналы және санадан тыс түрде болатын қатынастарын зерттеуде жатыр. Оның пайым-дауынша, құдды тарихтың өзі адамзаттың рухи азап шегуінің себептерін, сондай-ақ «рухияттың» жолын көрсетіп-бағдарлап бере алады[32].
Демек, әңгіме тарих ғылымының маңыздылығы, олай болса этнопсихологияның күрделі мәселелерін халықтар тарихына жүгінбестен түйсініп-түсінуге болмайтындығы турасында болып отыр. Бұл – өте дұрыс пікір. Біз халықтың тарихынан бейхабар бола тұрып, оның қоғамдық-психологиялық ой үрдістерін зерделеуге талпыныс жасау тастай қараңғыда жол іздеумен пара-пар дер едік. Оның пікірінше, этнопси-хологияның міндеті – халықтардың тарихи дамуының жолдарын, қоғамдық құбылыстардың сыр-себептерін ашып беру емес. «Этнопсихология қауымының бастан кешкен азап-машақаттарын бейнелеп беретін ғылым ретінде өзінің зерттейтін тақырыбының аясын тандап, тауып алуы керек»[33].
В.Вундт, Г.Лебон және Г.Шпет қоғамдық-психологиялық құбылыстардың табиғатын анықтау үшін қоғам дамуының қозғаушы күштері болмыш қоғамдық-экономикалық және саяси факторларға тереңдеуден гөрі, бұқара мен адамдардың психологиялық қатынастарының ерекшеліктеріне үңілу абзал деп көрсетеді. Олар халықтар психологиясының әмбебаптық негізгі белгілерін анықтауға күш жұмсаған болса да, оның келелі мәселелерін ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде жүйелеп бере алды деуге болмас. Рас, этнопсихологияның дербес ғылым ретінде өз орнын табуы сол дәуірде қалыптасып келе жатқан этнография, тілтану, фольклортану ғылымдарымен тығыз байланыста еді. Бұл – ғылым салаларының бір-бірінен әлі де болса толық ажырап шықпаған кезі еді. Сондықтан да алғашқы этникалық психологтардың қателері мен әдіснамалық кемшіліктерін сол дәуірдің ерекшеліктерінен іздеу керек болады.
Халықтардың этнопсихологиялық ерекшеліктері нақтылы мәдениеттің табиғаты мен дамуының деңгейіне тікелей байланысты үзеңгілес дүниеге келеді деген тұжырымдар әсіресе XX ғасырда айтыла бастады. Осы тұрғыдағы этнопсихологиялық зерттеу істерінің одан әрі өрістеуіне этнография ғылымында функционализм деп аталған бағыттың өкілдері Э.Тэйлер, Дж.Фрезер сияқты зерттеушілердің еңбектері игі ықпалын тигізеді. Олар өздерінің кітаптарында әңгіме-аңыздар, әдет-ғұрыптар, фольклорлық материалдарды тілге тиек етіп, қарастырумен қатар, рулық қауымдардың құрылымы мен жөн-жоралғыларын да көрсете білген.
Мәдени-психологиялық бағытты ұстанған авторлардың зерттеу жұмыстары XX ғасырдың 20-жылдарында кең құлаш жайды. Сонымен қатар әр түрлі мәдениеттер аясында айқын көрінетін психологиялық айырмашылықтарды анықтау бары-сында сыңаржақтылыққа жол қойылған жәйттер де көзге шалынып қалады. Бұған Л.Леви-Брюлемнің 1933 жылда фашистердің өкімет басына келуіне байланысты «тузем-діктердің» ойлау ерекшеліктерін еуропалықтардың ойлау жүйесіне қарсы қоюға ұмтылысы мысал бола алады. Тіпті базбір ғалымдар нәсілдер мен халықтардың интеллектуалдық қабілеті бірдей деңгейде емес, сол себепті олардың бірі екіншісінен жоғары тұрады деген қорытынды жасаған.
Мұның өзі нәсілдік теорияның авторларына өте қолайлы келді және әсіресе, Алманияда жүзеге асырыла бастады. Немесе бұрынғы КСРО-ның құрамында болған барша үлкенді-кішілі ұлыс-ұлттар «Ұлы» халықтың жәрдемі мен шапағатының арқасында… деп келетін және де кезінде жиі-жиі айтылатын осы сарындас сөздердің астарында жатқан мағына да «аға халықты» жәй ғана дәріптеу емес екендігін ұғыну қиынға соқпаса керек.
Қазіргі заман этнопсихологтарының ұстанған негізгі методтары көркем және мемуарлық шығармаларды, мәдени мұра мен тілді талдаудан және этностардың жекеленген өкілдерінің жүріс-тұрысы мен қимыл-қозғалыстарында байқа-латын өзгеше ерекшеліктерді бақылау арқылы жинақталған материалдарды қорытудан тұрады. Олар өз халқының тарихындағы белгілі бір оқиғаны зерттеуге кіріскенде халықтың этногенезі туралы шежірелер мен аңыз-әпсаналарды, болжамдар мен деректерді, сондай-ақ ұлттық батырлар мен тарихи тұлғалар туралы жыр-дастандарды електен өткізіп, егжей-тегжейлі тексеруге күш жұмсайды; халықтың өзін-өзі тануы мен басқа халықтар жөніндегі тұрақты түсініктеріне зер салады; ірі этникалық топтардың аз санды этникалық топтарға қатынасы, топаралық қатынастар, олардың діндарлық деңгейі сияқты жәйттерді қарастыруға ден қояды екен[34].
Бұл жерде бұрынғы Кеңес Одағы ғалымдарының этни-калық-мәдени айырмашылықтарды психологиялық тұрғыдан зерттеп, зерделеудегі жетістіктерін бекерге шығаруға болмайтынын атап өткен жөн. Этнопсихологияның ғылым ретінде аяққа тұрып кетуіне А.Н.Леонтьев, А.Р.Лурия, Л.Рубинштейн, Л.С.Выготский[35] сияқты психологтар ат салысты. Мәселен, Выготскийдің адам психикасының табиғатын жүйелендірілген (системаландырылған) түрде зерттеудің басталуы турасындағы мәдени-тарихи концепциясы ірі психологтардың бірі В.С.Агеевтің сөзімен айтатын болсақ, бүгінгі күнде де қомақты шығармашылық әлеуетін жойған жоқ[36].
Десек те бұрынғы КСРО-да этнопсихология ғылымының өркендеп, қанат жаюына 1920-1930 жылдары этникалық мәселелермен шұғылданған бір топ психологтардың нәсілшілдік бағытта жазылған шығармаларының кедергі болғанын айта кету керек. Әрине, психикалық процестердің ауқымында олармен біте қайнаса қалыптасқан этникалық-мәдени айырмашылықтардың барлығын мойындаудың өзі турадан тура нәсілшілдік теорияға қызмет етеді деуге болмайды. Әйтсе де шет елдік этнопсихологтардың нәсіл-шілдік және геосаясаттық пиғылда жазылған шығармала-рының ықпалымен бұрынғы
КСРО-да әр түрлі халықтардың этникалық психология-сының өзіне тән ерекшеліктерін зерттеу үрдісі төбе көрсетті. Ал 30-жылдардың орта кезінен бастап ғалымдар этникалық психологияны зерттеу ісін назардан тыс қалдыра бастады. Бұл жағдай ондаған жылдарға созылып, аталмыш ғылымның дамуына кесірін тигізбей қоймады. Бұдан кейінгі жылдарда этнопсихология мәселелерін зерттеуге тарихшылар, фило-софтар, социологтар, демографтар бет бұрды; олар бұл мәселелерді ұлттық мінез-құлық, ұлттық сана-сезіммен байланыстыра қарастырды[37].
1960 жылдардың екінші жартысынан бастап тікелей мәдениеттер мен психикалық процестердің ықпалымен жүзеге шығатын халықтар арасындағы этникалық айырмашылықтарға қызығушылық ғылыми жамиғат тарапынан арта түсті. Этникалық психологияны, зерттеу мен оның әдіснамалық негіздерінің қалануында В.С.Агеев, С.М.Арутюнян, А.О.Бороноева, Ю.В.Бромлей, А.Х.Гаджиев, А.И.Горячева, А.Ф.Дашдамиров, Н.Д.Джандильдин, С.М.Джунусов, Л.М.Дробижева, И.С.Кон, Н.С.Королев, С.Т.Калтахчян, К.К.Малинауская, А.Н.Суторлин, А.К.Уледов және басқалардың еңбектері үлкен рөл ойнады[38].
Бұлардан тысқары этнография ғылымының өкілдері тарапынан ХХ ғ. 40 жылдардың ақыры мен 50 жылдардың басынан этникалық жағынан өзін-өзі танумен байланысты және этностың материалдық рухани және мәдени тұрмысының барысында көрінетін этнос психологиясының өзіне тән ерекшеліктерінің әдіснамалық мәселелерін зерттеуде қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл ретте В.Н.Мясищев, В.А.Ядов, Р.Я.Розен, Ю.П.Платонов, Л.И.Уманский, Р.С.Немов және Л.Н.Гумилевтардың есімдерін тілге тиек етуге болады.
Этникалық қауымдастықтың психологиялық құрылымын анықтауда Л.И.Уманский тарапынан ұсынылған құрылымдық-параметрикалық тұрғы кәдеге асады. Ол бойынша, ұғымның субъективтік құрылымдық параметрлері мына блоктар төңірегінде түзіліс құраған:
Біріншісі – іс-әрекет субъектісінің бағыттылығы, ұйымшылдығы мен дайындығы;
Екіншісі – сананың интеллектуалдык, эмоционалдық және ерік-жігерлік коммуникабелдігі;
Үшіншісі – топтық субъектінің интегративтік, референттік, жетекшілік белсенділігі және микроклимат.
Бұл сипаттардың этникалық топтар мен қауымдастықтар қатынастары ауқымында іске асатын кісілераралық өзара әрекеттесуінің барысында туындайтын әлеуметтік-психологиялық құбылыстардың бәріне тән екендігі дәлелденген жәйт. Мысалы, бір ғана бағыттылық қасиетін алатын болсақ, ол топтың субъект тарапынан қабылданған өзара әрекеттесу мақсаттарын, мотивті, құндылық ориентациясы мен топтық қалыптардың құндылықтығын қамтиды. Олардың топтық сананың идеологиялық жақтарын құрайтыны белгілі. Айта кету керек, субъектінің бағдарды ұстануы оның басқа сипаттарын анықтайтын бағыттаушы күш ретінде танылады. Ал, субъектінің ұйымдастырушылдығының әлеуеті оның өзін-өзі басқаруға қабілеттілігін білдіреді; даярлық тобының субъектісі болған мүшелердің әлдеқандай бір өзара әрекетке дайындылығын, оған қажет болған тәжірибе, білім мен ыңғайлылығын қамтиды; интеллектуалдық коммуникативтілік өзара әрекетесуге қатынасушылардың өзара түсінісуін орнықтыруды діттейді; эмоционалдық коммуникативтілікке келетін болсақ, ол топ мүшелерінің арасында болатын байланыстардағы эмоционалдық әлеует пен эмоционалдық бағыттылықты анықтайды[39].
Р.С.Немов субъектінің әлеуметтік-психологиялық пара-метрлерінің қатарына ұжымдық, топтасушылық, жауап-кершілік, ұйымшылдық, ашықтық, хабардарлық пен контактілікті жатқызса, Журавлев этностың ұжымдық субъект ретіндегі өзара әрекеттесуінің негізі мақсатты бағыттылық, мотивтілік, құрылымдық пен ұйымшылдықта жатыр деп біледі[40].
Р.С.Немов топтық іс-қарекеттің әсіреқалыптық белсенділігін де көрсетіп берді. Мұның өзі әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан этностардың пассионарлығы мәселесін қарастыруға меңзейді. Этногенез «локомотивін» айқындайтын бұл ұғымды алғаш рет Л.Н.Гумилев қолданған. Автордың атап көрсеткеніндей, «пассионарлық – бұл қоршаған ортаны өзгертуге жететін қабілеттілік немесе физика тілімен айтсақ, ортаның агрегаттық жағдайының инерциясын бұзуға бағытталған ұмтылыс». Адамдардың бойынан табылатын пассионарлық импульсінің көлемі мен масштабтылығының қандай екенін осынау пассионарлық иегерлері тіпті өздерінің іс-қарекеттерінің салдарлары мен зардаптарын аңдай алмай қалатынынан-ақ көруге болады. Демек, пассионарлық күшінің кернеулігі сондай, оны тасушы жанның өзі сол пассионарлықтың нәтижесінде жүзеге келетін іс-қарекеттерін бақылай алмай қалады екен[41]. Осы тұрғыдан этногенездің заңын төмендегіше тұжырымдауға болады: «Этникалық ұжым тарапынан істелінетін жұмыс пассионарлық қуаттың деңгейіне тура про- порционалды болып келеді», мұнда «пассионарлық кернеу – бұл этносты құрайтын персондар санына тура бөлінетін пассионарлықтың саны»[42].
Этностың қайсыбір бағытты ұстануын В.Н.Мясищев ұсынған субъект іс-қарекеті қатынастарының концепциясы негізінде де ұғынуға болады. Оның ерекшелігі мынада: психологиялық мағынада субъект қатынастары оның әлеуметтік тәжірибесіне негізделетін, орта мен уақыттық байланыстармен анықталатын, саналы да белсенді түрде таңдалатын тұтастай алғандағы іс-қызметінен құралады.
Жоғарыда есімдері тілге алынған философ, психолог және этнограф ғалымдардардың ой-ұсыныстары қазіргі заман этнопсихологиясының ғылыми жағынан негізделуіне айтарлықтай әсер етті. Алайда, бұл мәселенің зерттелуінің көп жақтары әлі күнге дейін назардан тыс қалғанына көзді жұмып қарай алмаймыз. Қазіргі кезең-келешекте азаматтық қоғам құруға, Қазақстандық-отаншылдық сезімдерін қалыптастыруға оң көзбен қарап, өткен мұра-тарихымыз, тіл және дінімізді құрмет тұтумен қоса, этникалық тектілікті саналылау-сезінумен өзектес жәйттерді байыпты көзқараспен танып, талдауды да талап етеді.
Ал, өзіміздің туған республикамызда этнопсихологияның аяқ алысына келетін болсақ, жағдайдың онша мәз емес екендігіне оп-оңай-ақ көз жеткізген болар едік. Этнопсихология мәселелерімен айналысушылар бізде аз. Әсіресе, қазақ тілінде бұл салада тартымды ештеңе бұрын-соңды жарияланған емес. Әйтсе де, ауызды құр шөппен сүрте беруді әдетке айналдырған да жөн бола қоймас. Негізінен орыс тілінде болса да жарық көрген ғылыми-зерттеу еңбектер бізде болды. Н.Жанділдиннің, А.Ф.Дашдамировтың, С.Жүнісовтың, Н.Сәрсенбаевтың, М.Сужиковтың, А.Табалдиевтің, С.Дорженовтың тарапынан Қазақстан халықтарының, соның ішінде қазақтардың тұрмысы пайымдалған бірқатар зерттеулер, жүргізілгенін жоққа шығаруға болмайды. Бұлардың еңбектерінде этнопсихологиялық құбылыстар кешенінің эволюциясы, тарихи шарттылықтары, олардың ішкі әрекеттесуі мәселелері социологиялық және философиялық-әдіснамалық деңгейде шешімін тауып, жарық көріп жатты. Тек оларда көтерілген мәселелердің коммунистік идеологияның ыңғайына қарай зерттеліп келгенін айта кету керек[43]. Тек ТМД елдерінде орасан зор масштабта жүргізіліп жатқан қайта құрулар жағдайында ғана ғалымдарымыздың құлашын кең сермеп, еркін ғылыми тұжырымдар жасауына мүмкіндік туды. Қазіргі кезде этностардың психикалық жағынан өзіне тәнділігінің қалыптасуын, мәдениеттері мен психикалық ерекшеліктерінің ішкі байланыстары мен өзара әрекеттесуі мәселелерін қамтитын бірсыпыра мақалалар мен монографиялардың жарық көруі көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Жоғарыда солардың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталып өттік.
Сонымен қорыта айтқанда, этнопсихология ауқымында ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, ұрпақтан-ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық, еңбек, дене, т.б. таптаурынды болған нормалар мен принциптер, яғни халықтьң жан дүниесі, өзіндік мінез-құлқы, іс-әрекеттерінің ішкі астарлары сөз болады. Халықтық психика мен мінез-құлықтың қанға «сіңген», тез өзгеріп не жоғалып кетпейтін ұлттық бітімі, мезгіл мөлшерімен алғанда ұзақ дәуірдің жемісі. Ұлттық дәстүр мен салт-сананың адам психикасынан елеулі орын алатын біркелкі тұрақты құбылыс екендігін әр кездері ғұмыр кешкен ғұламалар ерекше атап көрсеткен еді. Халықтық психология – адамдардың қоғамдық және жеке тәжірибесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдерінің жүйесі. Бұл – адам мінез-құлқының көптеген жақтарын қамтып, белгілі этностың өзіне тән психикасы жөнінде біршама мәнді мағлұматтар беретін ілім-білімдердің жүйесі. Әйтседе арнайы дәл ғылыми жүйеге негізделмегендіктен, бұлар адам психологиясын жан-жақты ашып беруге жарай бермейді. Мұндай жағдайда тек ғылыми психологияның деректеріне ғана сүйену керек. Халықтық психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этногра-фиямен астарласа дамыған этнопсихология дейтін арнаулы ғылым саласы шұғылданады. Этнопсихология әрбір халықтың рухани әрекетінің (миф, фольклор, тіл, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, дін т.б.) жемісін, сол халықтың психологиясын, сана-сезімін көрсететін негізгі өлшемдерге арқа сүйейді[44].
Халықтар психологиясын зерттеу ісін ең алдымен шет елдік ғалымдар ХVIII ғасырда қолға алған болатын. Ал орыс ғалымдарының бұл іске шындап кірісуі негізінен XIX ғасырдың екінші жартысына тура келеді. Тұтастай алғанда этнопсихология жеке ғылым ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей мен Батыс Еуропа елдерінде (Лацариус, Штейнталь, Вундт т.б.) пайда болды. Қазақ топырағында бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов еді. Оның еңбектерінде «халық рухы» сөз тіркесі жиі кездеседі. Мұны «халықтық психология» ұғымының синонимі деуге болады. Бұл жәйт біртуар қазақ ғалымының сол кездегі еуропалық этнопсихологтардың еңбектерінен хабардар болғандығын жақсы байқатады.
Жоғарыда айтқанымыздай, этнопсихология қарастыратын психологиялық жәйттер фольклор мен ауыз әдебиетінде өлшеусіз мол ұшырасады. Мәселен, қазақ халқының аңыз-әпсана әңгімелерінде, батырлық, эпос жырларында, ертегілері мен салт-сана жырларында, айтыс өнерінің сан алуан түрлерінде адамның (жас, ересек, әйел, ер, қария, т.б.) жан жүйесінің небір түрлері (ойлау, сөйлеу, қиял, сезім, ерік-жігер, мінез, т.б.) әр қырынан көрініп жатады.
[1] Абу Насыр Форобий. Фозил одамлар шахри. –Т.: А.Қодирий номидаги халық мероси нашриёти. –1993 –172-бет; Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы: «Санат». –1995. –87-104-беттер.
[2] Абу Райхан Беруний Танланган асарлар. –1 том. –236-бет.
[3] Абу Али Ибн Сино. «Тибий рисолалар». – Ташкент: Фан. –1987. –118-119-беттер.
[4] Кант И. Антропология с прагматической точки зрения. – М., 1798. –Соч. –Т. 6. – С. 562.
[5] Гибш Г., Форберг М. Введение в марксистскую социальную психологию. – М.: Прогресс. –1972. – С.19-20.
[6] Вундт В. Проблемы психологии народов. – СПб., 1914. – С.28.
[7] Вундт В. Проблемы психологии народов. – СПб., 1914. – С.32.
[8] Лебон Г. Психология народов и масс. – СПб., 1911. – С.118, 167, І78-І79.
[9] Бұл да сонда.
[10] Лебон Г. Психология народов и масс. – СПб.,- 1911. – С. 48-49.
[11] Бұл да сонда. – С. 62.
[12] Абилхожин Ж.Б. Традиционная структура Казахстана: социально-экономические аспекты функционирования и трансформации. – Алматы. –1991; Козыбаев М.К., Абилхожин Ж.Б. Этноцид: Сталинская аграрная революция в Казахстане. – Алматы: «Наука». – 1995.
[13] Ильин И.А. Наши задачи. – М. –1992. –Т. 1. – С. 194.
[14] Лебон Г. Психология народов и масс. –СПб., 1911. – С.154.
[15] Бұл да сонда. – С.155-159.
[16] Бұл да сонда. – С. 160.
[17] Бұл да сонда. – С. 166.
[18] Фрейд 3. Неудовлетворенность культурой. – М., 1930. – С.112.
[19] Фрейд 3. Добывание и покорение огня // Философская и социологическая мысль. –1993. –№7-8.
[20] Валиханов Ч. Записки о киргизах. Собр. соч. в 5-ти томах. – Алма-Ата, 1961. –Т.1. – С. 325.
[21] Бұл да сонда.
[22] Бұл да сонда. – С.370.
[23] Валиханов Ч. Записки о киргизах. Собр. соч. в 5-ти томах. – Алма-Ата. –1961. –Т. 3. – С.417.
[24] Бұл да сонда. –Т. 3. – С. 414-424.
[25] Бұл мәселе бойынша Э.Ф.Кузнецовтың «Философские проблемы этнопсихологической мысли в России» мақаласы бар. Мына кітапта: «Социальная психология и философия. – Л., 1973. – С.139-152.
[26] Астафьев П.Е. Национальные и общечеловеческие задачи (к русской народной психологии). – М., 1890; Кареев Н. Расы и национальности с психологической точки зрения. – Воронеж, 1876; Урсин М. Очерки из психологии славянского племени. Славянофиль. –СПб., 1887; Яншул И.И. Из психологи народов.– Одесса, 1895; Крживицкий Л. Психические расы. Опыт психологии народов. Пер. с польского. – СПб., 1902; Фулье А. Психология французского народа. – М., 1895; Лебон Г. Психологические законы общественной психологии как объективной науки. – СПб., 1911; Л.Н.Мечников. Цивилизация и великие исторические вехи. – СПб., 1898.
[27] Маркс К., Энгельс Ф. Положение рабочего класса в Англии. – Соч. 2-е изд. –Т. 2. – С. 356.
[28] Энгельс Ф. Иозефу Блоку. 21-22 сентября 1890 г. /К.Маркс и Ф.Энгельс. – Соч. 2-е изд. –Т. 37. – С.344-395.
[29] Бердяев И.А. Истоки и смысл русского коммунизма. – М.: «Наука». –1990. – С. 133.
[30] Шпет Г. Введение н этническую психологию. –Соч. – М.: «Правда». –І990. – С.478.
[31] Бұл да сонда. – С. 479.
[32] Бұл да сонда. – С. 567.
[33] Шпет Г. Введение н этническую психологию. –Соч. –М.: Правда. –І990. – С. 567.
[34] Современная зарубежная этнопсихология (МФР. Сборник). – М. –1979. – С.11-12.
[35] Выготский Л.С. Психика, сознание и бессознательное. В сб.: «Элементы общей психологии» (основные механизмы человеческого поведения). – М., 1930; Выготский Л.С., Лурия А.Л. Этюды по истории поведения. – М.-Л.: Аврора. –І930; Выготский Л.С. История развития высших психических функций. Собр. соч. –Т.З. – М., 1983.
[36] Агеев В.С. Межгрупповое взаимодействие: социально-психологические проблемы. – М.-Л., 1990. – С.105.
[37] Бұл да сонда. – С. І08-І09.
[38] Арутюнян С.М. Нация и психический склад. – Краснодар, 1966; Баграмов Э.А. Национальный вопрос в борьбе идей. –М.: Политиздат. –1982; Бахерова Н.В. Социально-психологическое изучение национальных особенностей. Сб.: «Социальная психология». –Л., І979; Бромлей Ю.В. Очерки теории этноса. –М: Наука. –1980; Душков Б.А. Актуальные проблемы этнической психологии. // Психологический журнал. –1981. –№5. Джандильдин Н.Д. Природа национальной психологии. –Алма-Ата: Казахстан. –1971; Джунусов С. Введение в марксистко-ленинскую теорию нации. – Ашхабад, 1988; Дробижева Л.М. Духовная общность народов СССР. Историко-социологический очерк межнациональных отношений. –М.: Мысль. –1981; ее же: Влияние этноконтактной среды на межнациональное отношение. В кн.: «Социальная психология и общественная практика» – М., І985; Калтахчян С.Т. Марксистко-ленинская теория нации и современность. – М.: Политиздат. –1983; Кон С. Психология предрассудка (о социально-психологических корнях этнических предубеждений). // Новый мир. –1976. –№9; его же: К проблеме национального характера. В сб.: «История и психология». – М., 1971.
[39] Уманский Л.И. Психология организаторской деятельности. – М., 1980.
[40] Немов Р.С. Социально-психологический анализ эффективной деятельности коллектива. – М., 1984.
[41] Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. – М., 1990. – С. 228.
[42] Бұл да сонда. – С. 273.
[43] Қанағат Жүкеш. Ұлттық психологияның сипаты. – Алматы, 1993. – 5-б.
[44] Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы: «Санат». –1995. –58-б.