Қазақ тілінде етіс категориясы, негізінен, морфологиялық тәсіл арқылы жасалады. Әрбір етіс түрі арнайы аффикстермен сипатталады және барлық етістіктен етіс формасын жасауға болады. Алғашқы грамматикалардан бастап, 30 жылдарға дейінгі еңбектерде етіс түрліше бөлініп келді. Бұл категория 50-жылдардан бастап арнайы зерттеу нысанына алынып, ғылыми негізде қарастырыла бастады. Оған Н.А.Баскаковтың «Залоги каракалпакского языка» (1951), А.Қалыбаеваның «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» (1951), өзбек тілінің етістері жөнінде С.А.Фердаустың, түркімен тілінің етіс категориясы туралы Б.Чарыяровтың, башқұрт тілінің етістері жөнінде А.Х.Фатыховтың диссертацияларын атауға болады.
Етіс қосымшалары түркологияда үш түрлі бағытта (сөз тудырушы, форма тудырушы, екі функциялы) зерттелгендігі байқалады. Өз зерттеуінде Н.А.Баскаков сөз тудырушы деп анықтаса, қазақ тіл білімінде етіс категориясын арнайы қарастырған А.Қалыбаева сөз тудырушы қосымша деп қарастырады. Дегенмен, түркологияда етіс қосымшаларын форма тудырушы деп анықтаушылар саны өте көп. Олардың қатарында А.Щербак, Б.А.Орузбаева, Ф.А.Ганиев т.б. атауға болады.
Қазақ тіл білімінде етісті Ы.Маманов грамматикалық категория ретінде қарап, етіс формаларын форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады. Бірақ бұл қосымшалар туралы даулы пікір әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Етіс қосымшалары жалғану мүмкіндігі жоғары қосымшалардың қатарынан орын алады. Етіс жұрнақтарының сөзге жалғану жиілігіне 10 томдық түсіндірме сөздік бойынша статистикалық зерттеу жүргізген С.Мырзабеков сөздіктегі етіс формаларының саны 22 мыңнан асып кетеді. Бұл сөздіктегі барлық сөздің 33 пайызына тең деп көрсетеді. Демек, етіс қосымшаларының сөзге жалғану мүмкіндігі мол, олар Ы.Маманов көрсеткендей, грамматикалық абстракция жасай алады.
Етіс қосымшаларының сөзжасам мен формажасамға қатысын зерттеген А.Жаңабекова етістердің жоғарыда аталған ерекшеліктерін ескере келе, «етіс қосымшалары барлық кезде сөз тудыру қатарын құрай бермейді, тек объектілік-субъектілік қатынасты білдіріп, грамматикалық категория құрай алады. Екіншіден, етіс категориялары белгілі бір етістік тобына түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Ал оның кейбір сөздердің құрамында келіп, лексикалық дербестікке жетуі етіс қосымшаларының сөзжасамдық қабілетінің емес, сөзжасамның семантикалық тәсілінің, яғни мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн», — деп Ы.Маманов, С.Исаев пікірлерімен орайлас тұжырым жасайды [6].
Ы.Маманов қазақ тіліндегі салт, сабақты етістіктер мен етіс категориясын бір-бірімен тығыз байланыста қарастырады. Өздік, өзгелік, ырықсыз етіс мағыналары салт, сабақты етістіктердің грамматикалық формаларынан туатын семантикалық ұғым деп түсіндіреді [13, 36 б.]. .
Қазақ тіл білімінде етіс құрылымдық аспектіден етістіктің грамматикалық категориясы ретінде қарастырылса, функционалды грамматикада етіс (залоговость) функционалды-семантикалық категория болып табылады. Функционалды-семантикалық категориялар көбінесе етістік категорияларына негізделгендігі байқалады. Мысалы, аспектуалдылық категориясы құрылымдық грамматикадағы – қимылдың өту сипаты (вид) категориясына, темпоралдылық – шақ категориясына, модалдылық – рай категориясына, персоналдылық – жақ категориясына негізделген.
Ы.Маманов зерттеулерінде етіс, негізінен, объектілік, субъектілік және көпмағыналық қатынастармен сипатталады. Етіс категориясын функционалды грамматика тұрғысынан зерттеу болашақтағы іс деп білеміз.