Етістіктің болымсыздық түрлері

Болымсыздық мағына және оның берілу жолдары туралы қысқаша мағлұмат түркі тілдерінің грамматикаларында етістік бөлімінде, сын есім мен есімдікте, модаль сөздерде, синтаксисте «бар», «жоқ» сөздерінің қолданылуына қатысты болымсыз сөйлемдерге қатысты берілген.

Профессор С.А.Аманжолов қазақ тіл білімінде бірінші рет сөйлемнің болымсыз түрін атайды… М.Балақаев, Т.Қордабаев авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (синтаксис) еңбегінде (1966) хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерге ортақ болатын сөйлемнің түрі болымды, болымсыз деп бөлініп, болымсыз сөйлемнің жасалу жолы, оның негізінен баяндауыш формасына қатысты екені көрсетіледі. Т.Әбдіғалиева «Қазақ тіліндегі болымсыздық мағына және оның берілу жолдары» атты мақаласында (1975) етістіктің болымсыздық түрі туралы Ы.Маманов еңбектерінде толығырақ мәлімет берілгендігін атап көрсетеді.

Ы.Маманов етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; -емес, жоқ) арасында әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі барын аңғара білген. Сондай-ақ етістіктің болымсыздық жұрнақтарына байланысты айтқан тағы бір маңызды тұжырымы – ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшаларының сөзге жалғану ретімен байланысты айтылған. Осы тұлғалардың етістікке жалғану ретін сөзжасамдық тұрғыдан тани білуі ғалымның етістік сөзжасамына қосқан бірден-бір жаңалығы деп тану керек. Былайша айтқанда, «болымсыздық қосымшалар –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе негізгі етістіктер мен функциялық етістіктердің шегарасын көрсетіп тұратын белгі ретінде жұмсалады» [1, 21 б.].  Ал күрделі етістіктерге болымсыздық форманың жалғануындағы ерекшелік көрсетілмегенмен, ғалымның бұл құбылысты танып, айтып өтуінің өзі маңызды жаңалық болып табылады.