Қазiргi Қазақстан жерiн ежелгi адамзат баласы бұдан 1 млн-дай жыл бұрын мекен еткен. Оны Қаратау, Маңғыстау өңiрлерiнен табылған тұрақтардан алынған материалдар дәлелдейдi. Қазақстан жерiндегi ерте палеолиттiк (эоплейстоценнен бастап б.з.б. 150 — 130 мыңжылдықтарға дейiн) ескерткiштер Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертiс алабынан табылған. Орта палеолитке (мустье) жататын (б.з.б. 150 — 130 мыңжылдықтардан б.з.б. 35 — 30 мыңжылдықтарға дейiн) ескерткiштер де бұл өңiрлерде көп. Кейiнгi палеолит (б.з.б. 30 — 35 мыңжылдықтардан б.з.б. 12 — 10 мыңжылдықтарға дейiн) дәуiрiнде адамзат жерiмiздiң барша аймақтарына тараған. Республика аумағындағы тас дәуiрi әртүрлi ендiктердегi әлемдiк дамудың (олдувей мәдениетi, ашель мәдениетi, мустье мәдениетi, т.б.) барлық заңдылықтарын сақтаған. Ежелгi тас құралдары Қаратау қыратының оңт.-батысындағы Арыстанды өз. алқабының төм. төрттiк дәуiрiне қатысты ең биiк сөресiн құрайтын, тұтасып қатып қалған конгломераттар қабатынан табылған.