Жалпымемлекеттік көлемде республикалық және жергілікті бюджеттер қаржы ресурстарын ұйымдастырудың ең белгілі нысаны болып табылады.
Бірақ нарықтық қатынастарға көшу барысында экономикалық және әлеуметтік салаларды қаржыландыруда бір ғана бюджет қаражаттары жеткіліксіз бола бастады. Сондықтан қосымша қаржы көздерін іздестіру қажет болды. Бюджет қорымен қатар 1991 жылдан бастап мақсатты бюджеттен тыс қорлар құрылып, жұмыс істей бастады.
Бюджеттен тыс қорлар – мемлекеттің қаржы жүйесінің маңызды буыны; мемлекеттің қатаң белгілі бір мақсаттарға пайдаланатын және заң жүзінде қалыптасуының бекітілген көздері бар ақша ресурстарының жиынтығы. Экономикалық категория ретінде бюджеттен тыс қорлар бірқатар қоғамдық қажеттіліктерді қаржыландыру үшін мемлекет тарапынан қаржы ресурстарын қайта бөлу және пайдалану жөніндегі қатынастар болып табылады.</h4>
Бюджеттен тыс қорлардың пайда болуы әлеуметтік-экономикалық дамудың қажеттіліктерінен туындады: қатаң функциялық мақсаттарға жұмсалатын мемлекеттің қаржы ресурстарының бір бөлігін оқшауландыру, мемлекеттік бюджетті оған тән емес шығыстардан жеңілдету, бір жағынан бюджет тапшылығын төмендету қажет болды. Белгілі бір дәрежеде бұл мемлекеттің жұмыс істеуімен тікелей байланысты емес шығыстардың ауыртпалығын шаруашылық органдарына аударуды қажет етті; бұл мақсатқа Экономиканы тұрақтандыру қоры сай болды. Басқа жағдайларда, нарыққа өту кезінде халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі жағдайында оны неғұрлым сенімді және тиімді қорғау мақсатымен әлеуметтік мұқтаждарға жұмсалатын кейбір шығыстарды бөлу және оларды жабудың көздерін межелеу қажет болды. Бұл міндеттерді Зейнетақы қорының, Әлеуметтік сақтандыру қорының, Халықты әлеуметтік қорғаудың бірыңғай одақтық-республикалық қорының, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік қорының шешуін қажет етті. Бірқатар қорлардың – Жол қорының, Әскери өндірісті конверсиялау қорының, түлі арналымның инновациялық қорларының және басқаларының өте-мөте тар мақсатты арналымы болды.
Бірқатар қорлар, мәселен, Экономиканы тұрақтандыру қоры, Халықты әлеуметтік қолдаудың бірыңғай одақтық-республикалық қоры уақытша қызмет етті – бұл экономиканың дағдарысты жағдайында мұндай қорлардың қаражаттарын қалыптастырудың қиындықтарымен, оған жұмылдырылатын қаражаттардың белгілі бір иесізденуімен, бөлу кезінде ресурстарды қайтарусыз пайдаланудағы қорды қалыптастыру субъектілерінің мүдделіксіздігімен түсіндіріледі. Жалпы бюджеттен тыс қорлардың жұмыс істеуі сайып келгенде, бүкіл қоғам мүддесі үшін жүзеге асырылады, оны нығайтуға бағытталған және қаржы қатынастарының бұл нысанының әлеуметтік-экономикалық мәні осында. Бюджеттен тыс арнаулы қорлардың мемлекеттік бюджетпен бірге қосарлана қызмет етуі қаржы қатынастарын саралауға, олардың бір бөлігін тармаландандырылған сфераларға бағыттауға, қаржылық қызметтің әр түрлі бағыттарында бұл қатынастардың өзіндік әртараптандыруына жетуге мүмкіндік береді.
Бюджеттен тыс қорлар өзінің функциялық-мақсатты арналымы бойынша да, басқарудың деңгейі жағынан да өте әр түрлі. Мақсатты арналымы бойынша бюджеттен тыс қорлардың экономикалық және әлеуметтік, ал басқару деңгейіне қарай мемлекеттік және аймақтық болып бөлінеді.
Экономикалық қорлар – экономикалық дамудың проблемаларын шешуге арналған қорлар. Әлеуметтік қорлар қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге арналған қорлар болып табылады. Мемлекеттік қорлар – бұл мемлекеттік деңгейде, ал аймақтық қорлар аймақтық деңгейде қалыптасатын қорлар.
Бюджеттен тыс қорлардың көздері тұрақты және уақытша болуы мүмкін.
Бюджеттен тыс қорлардың ақша қаражаттарын жұмсаудың негізгі бағыттары мыналар:
— жарғылық қызмет;
— артық ақшалардың белгілі бір үлесін қаржы активтеріне инвестициялау;
— коммерциялық қызмет.
Бюджеттен тыс қорлар мемлекеттік қаржы буындарының бірі болып табылады. Өзінің мәні жағынан бюджеттен тыс қорлар – бұл, жоғарыда атап кеткеніміздей, бірқатар қоғамдық қажеттіліктерді және оперативті дербестік негізде кешенді жұмсалатындарды қаржыландыру үшін мемлекет тартатын қаржы ресурстарын қайта бөлу және пайдалану нысаны.
Арналымы – мына арнаулы мақсатты аударымдар есебінен мақсатты шараларды қаржыландыру:
а) арнаулы мақсатты салықтар;
ә) қарыз және ақшалай-заттай лотереялар өткізу есебінен;
б) бюджеттен берілетін субсидиялар есебінен;
в) қосымша анықталған кірістер мен үнемделген қаржы ресурстары;
г) ерікті жарналар мен заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылықтары.
Бюджеттен тыс қорлардың көмегімен:
отандық кәсіпорындарды қаржыландыру, қаражаттандыру, несиелендіру жолымен өндіріс процесіне ықпал жасауға;
арнайы белгіленген көздер мен қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұлдар есебінен қаржыландыра отырып, табиғат қорғау шараларын қамтамасыз етуге;
зейнетақылар, жәрдемақылар төлеу, жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды қаражаттандыру және қаржыландыру жолымен халыққа қызметтер көрсетуге;
қарыз беруге, соның ішінде шетел мемлекеттерін қоса шетелдік әріптестерге беруге болады.
Бюджеттен тыс қорлардың жұмыс істеу ұйымы биліктің мемлекеттік органдарының – орталық, республикалық және жергілікті органдарының қарамағында болады.
Бюджеттен тыс қорлардың белгілі бір жеңілдіктерінің болуы мүмкін:
а) салық төлеуден босату;
ә) кеден баждарын төлеуден босату (коммерциялық қызмет бойынша жеңілдіктер болмайды).
Бюджеттен тыс қорларды қалыптастырудың көздері шешілетін міндеттердің сипатымен және ауқымдылығымен алдын-ала анықталады. Көздердің әралуандығы мен олардың мөлшеріне сол бір кезеңдегі елдің экономикалық және қаржы жағдайы әсер етеді.
Сөйтіп, бюджеттен тыс қорлардың қалыптасу көздерінің салыстырмалы тұрақты да, сондай-ақ уақытша да сипаты болады. Әкімшілік -аумақтық бірліктер бойынша ажырай отырып, олар мемлекет аумағында әртүрлі болуы мүмкін. Бюджеттен тыс қорларға түсетін қаражаттарды жұмсаудың бағыттарына қорлардың арналымы, нақтылы экономикалық жағдайлар және әзірленген және іске асырылатын бағдарламалардың мазмұны себепші болады. Қаражаттардың бір бөлігі құрылтайшылық қызметке бағытталады, сонымен бірге бағалы қағаздарға салынады. Біріншіден, ақша қаражаттарын пайдалану оларды жасаудың уақытымен жиі тұра келе бермейтіндігіне, екіншіден, инвестициялардан алынған кірістер тиісті қордың шығындарын қаржыландырудың қосымша көздері болып табылатындығына байланысты бюджеттен тыс қорлар инвестициялар мен қаржы рыногының қатысушылары болады.
Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар мен мемлекеттік емес қорларды ажырата білген жөн; соңғылары бірқатар бюджеттен тыс қорларға, мысалы, мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары, әр түрлі ізгіліктік, соның ішінде халықаралық қорларға ұқсас болғанымен өзінің мақсатты арналымы бойынша өте сан алуан болып келеді. Сондай-ақ бюджеттен тыс қорлар және мақсатты қаржыландыру қоры болып ажыратылады, бұл қорлар 1996 жылға дейін (оны қоса) мемлекеттік бюджеттің құрамында болып келді: жер қойнауын қорғау және минералды-шикізат базасын толықтырудың республикалық қоры, табиғатты қорғаудың республикалық қоры. Мұнда қаралған басқа да қорлар мезгіл-мезгіл, 1992 -1996 жылдар ішінде мемлекеттік бюджетке енгізіліп, одан шығарылды. Бұл қаржы жүйесінің қалыптасу процесін, оның құрылымының оңтайлы нұсқасын іздестіруді қамтып көрсетеді.
Барлық бюджеттен тыс және басқа қорлар, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қорлары үшін қабылдауға болатын «арнаулы қорлар» термині қолданылуы мүмкін, мұның өзі олардың мақсатты арналымын баса көрсетеді.
Өтпелі кезеңдегі бюджеттен тыс қорлардың жалпы проблемасы төлеушілердің қаржылық жайсыз жағдайынан жобаланған көлемдегі олардың қаржысын қалыптастырудың қиындықтары: олардың көбісінің залалдығы, өзара берешектер, төлем қабілетсіздігі болып табылады. Нәтижесінде қордың бюджеттері теңгерімсіз болды және шұғыл әлеуметтік экономикалық мұқтаждарды мақсатты қаржыландыру жөніндегі көптеген шаралар қамтамасыз етілмеді.
Қазақстанда мемлекттік бюджеттен тыс қорлар 1999 жылдан бастап мемлекеттің қаржы ресурстарын орталықтандыру саясатын жүргізуге байланысты мақсатқа сәйкес емес деп табылды: қорлардың қаражаттары республикалық бюджетке шоғырландырылды. Алайда дүниежүзілік тәжірибе қоғам тарапынан қаражаттардың жұмсалуына бақылауды қамтамасыз еткенде мемлекеттік қаржы ресурстарын оперативті басқару мақсатымен оларды дербес қалыптастыруды орталықсыздандырудың және пайдаланудың тиімділігін растайды.