Биржа – бұл биржа сауда- саттығының ұйымдастыру және өткізу үшін құрылған заңды тұлға. Биржа сауда- саттығы – ол өнімнің (бағалы қағаздары, валюта және басқадай құндылықтарды) айырбастау және сату саласы. Биржалар капиталдың бастапқы жинақталу заманында пайда болған. Алғашқы биржалар тауарлық болған: XV ғасырда Венецияның, Генуяның, Флоренцияның және Италияның және басқа да сауда- саттық қалаларының базарлары мен сауда биржалары кеңінен танымал болды, ал XVI ғасырда оларға Нидерландияның, Францияның, Англияның ірі тауар биржалары қосылды. Тауар биржалары Антверпенде (1531 ж.), Леонда (1545ж.), Тулузда (1549 ж.), Лондонда (1556 ж.), Амстердамда (1608 ж.), құрылыд. Ресейде алғашқы биржа Петр I бұйрығымен 1703 жылы (Санкт- Петербор тауар биржасы), Жапонияда алғашқы күрішпен сауда жасау биржасы 1730 жылы, АҚШ- та 1792 жылы Нью- Йорк биржасы, ал 1848 жылы Чикаго тауар биржасы (оның үстіні АҚШ- та ең көне биржасы Нью- Йорк биржасы емес, XVIII ғасырда үзіліспен болса да, 1754 жылдан жұмыс істейтін Филадельфия қор биржасы саналады) пайда болды.
Кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде биржаны сипаттайтын белгілер төмендегілер болып табылады:
- Белгілі бір биржа тауарымен сауда- саттық (биржа тауары болып белгілі бір түрдегі және сападағы айналымнан алынбаған, оның ішінде экспортқа шығаруға рұқсат берілген (квота және лицензия), биржалық сауда- саттыққа белгіленген тәртіппен көрсетілген тауарға биржа берген стандартты шарт және коносамент саналады );
- Жария және көпшілік сауда- саттық өткізу (қалауы бойынша барлық адамдар жасалған мәмілелер мен қалыптасқан бағалар туралы ақпарат ала алады);
- Сауда- саттықты алдын ала белгіленген және белгілі бір уақытта жүргізу;
- Биржа сауда- саттығын өткізу ережелерін белгілеу.
Қандай мақсатта құрылуына байланысты биржалар коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар болып бөлінеді. Өз қызыметінің басты мақсаты ретінде пайда табуды көздейтін және оны құрылтайшылар арасында бөлісетін биржа коммерциялық ұйым болып табылады, ал коммерциялық емес биржалар құрылтайшылардың мүшелік жарналары есебінен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда, негізінен, биржалар коммерциялық емес ұйымдар болып құрылуда, өйткені биржаның коммерциялық емес атауы оның мәртебесін айтарлықтай көрсетеді. Сөйтіп, АҚШ- та жекелеген биржалар, әсіресе ірілері, мәртебелерін көтеру үшін, кейде өздерінің жылдық есеп- қисаптарында миллиард доллар айналыммен 500-1000 долларлық қана мүлдем мардымсыз пайда көрсетеді. Алайда бұл барлық биржалар коммерциялық емес дегенді білдірмейді, мысалы, Сидней қор биржасы ЖШС болып саналса, Мәскеу банкаралық валюта биржасы жабық тұрпатты АҚ ретінде құрылған және т.б.
Биржалық сауда- саттыққа келушілерге рұқсат етуге байланысты биржалар ашық және жабық болуы мүмкін. Тарихи тұрғыдан алғанда, алғашында ашық- жиынға келушілердің барлығы үшін қолжетерлік, сатушы мен сатыпалушы делдалсыз- ақ сату- сатып алу шартын жасай алатын биржалар пайда болады. Қазіргі заманғы биржалар, әдетте, жабық болып келеді, яғни сауда- саттыққа тек қана осы биржада тіркелген биржа делдалдары (брокерлер, дилерлер) қатыса алады (басқа адамдар биржада тек солардың көмегімен тиісті шарт жасасу негізінде тауарын сата алады немесе тауар сатып алады). Сонымен қатар ашық биржалардың мынандай: мүлтіксіз ашық биржалар (оларда контрагенттерді делдалдар қызметін пайдалануға ешкім міндеттемейді, ал биржаға келген кез келген адам мәміле жасай алады) және аралас тұрпатты биржалар (оларда сатушылармен және сатып алушылармен тікелей делдалдардың екі тобы- брокерлер мен дилерлер жұмыс істейді) деп аталатын түрлері де кездеседі.
Жасалатын биржа мәмілелерінің басым түріне байланысты биржалар нақты тауар биржалары ( қолма- қол биржа) және фьючерлік биржалар деп ажыратылады. Бастапқыда нақты тауармен сауда- саттық жасайтын (мәмілесі міндетті түрде кейіннен тауар беруге жалғасады) қолма- қол биржа пайда болды. Бүгінгі күні фьючерлік биржалар кең таралған, яғни кейіннен тауар берілмей- ақ сауда- саттық жасауға рұқсат етіледі; мұндай сауда- саттықтың негізгі мақсаты- шартты қайта сатқаннан (мәмілені тоқтатқаннан) кейін шарт жасасқан заттың бағасының мүмкін болатын өзгерісінен түсетін айырымды алу, сонымен бірге қолма- қол тауармен жасалған мәмілені оған қойылған бағаның қолайсыз өзгеруінен сақтандыру (хеджерлеу- сақтандыру мақсатында уықытша мәміле жасау) болып табылады (қаржы фьючерстер сату бойынша 1982 ж. мамандандырылған биржа ашылған Лондон биржасы болып табылады).
Биржа тауарының түрлеріне қарай олар: тауар, қор және валюта биржалары болып бөлінеді.
Тауар биржалары белгілі бір материалдық құндылықтардың сауда- саттығын ұйымдастырады және жан- жақты (яғни әртүрлі тауарларды сатуды ұйымдастырады) және мамандандырылған (яғни тауарлардың жекелеген түрлерін сауда- саттыққа салады) бола алады. Жан- жақты биржалар арасынан Чикаго тауар биржасын , Токио тауар биржасын, Сидней фьючер биржасын, Сан- Паулу (Бразилия) ттауар биржасын атауға болады. Оның үстіне мамандандырылған тауар биржалары тар шеңберде мамандандырылған (мысалы, “Канзас Сити борд оф трейд” астық, жапондық қант, каучук, тоқыма шикізаты және астық- бұршақ өнімдері биржалары) және кең шеңберде мамандандырылған (тауар- шикізат биржасы) болуы мүмкін. Қор биржалары бағалы қағаздармен және шетелдік валютамен сауда- саттық жасалатын тауар- қор биржалары да бар.
Әлемдік саудадағы орны мен рөліне, сондай- ақ олардың атқаратын қызметтерінің сипатына байланысты биржаларды: халықаралық және ұлттық деп бөлуге болады. Халықаралық биржалар- бұл тұрақты жұмыс істейтін көтерме сауда нарығының бірнеше мемлекетті қамтитын, соларда сатып алу- сату мәмілелері жасалатын түрі болып табылады. Ұлттық биржалар қызыметінің саласы бір мемлекеттің аумағымен шектеледі. Мемлекеттің биржа айналымы саласына араласуы дәрежесі бойынша еркін немесе жеке- құқықтық биржалар (дербес бастамаларда АҚШ- та және Англияда кәсіпкерлердің бірлестіктері ретінде ұйымдастырылатын және жұмыс істейтін биржалар, мысалы, Лондон қор бтржасы) және көпшілік-құқықтық биржалар немесе қызметін мемлекет жан- жақты реттеп отыратын биржалар (көпшілік құқығы нормалары негізінде құрылатын биржалар батысеуропалық елдерде, мысалы, Францияда қор биржасын құру немесе тарату туралы шешім экономика және қаржы министірінің қаулысымен қабылданады, ал Милан қор биржасы көпшілік институты болып табылса, оның брокерлері мен басқару органдарының мүшелері мемлекеттік қызмет атқарады және оларды қаржы министрі тағайындайды ) деп ажыратылады.