Биылғы ақпанның 23-де Мәскеуде төрт елдің президенттері бас қосып тұтас экономикалық кеңістік құру туралы уағдаласқан. Дегенмен алғаш естіген жұрттың таң қалғаны шын. Құдая ТМД бар, кіретін елдер де түрлі бағытта дамып барады. Геосаяси қиялдары да қабыспайды дейік. Сол ТМД-ның ішінде Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық ұйымы және бар. Мұнда да интеграцияның діңгегі болар үлкен экономика жоқ делік. ЕврАзЭС-тің де мақсаты осы ортақ экономикалық кеңістік емес ,пе дейсіз ғой. Дұрыс, бұл ұйымдардың қызметтері бірін-бірі қайталайды. Бәрінде де ортақ экономикалық кеңістік құру мақсат ретінде белгіленген. Оның басты шарттары әрбірінде тағы толық айтылған. Кеденнен тауар өткізуге кедергі болмайды. Тауарға тарифтер бірыңғай белгіленіп, ешқандай бір оғаш қимыл жасалмайды. Антидемпинг дегенге тіптен тыйым болады. Заңдар сәйкестеніп қайта қабылданады. Салық алу да ортақ ережеге түседі. Және тауарларға салынатын салық шекарадан еркін өту үшін қосымша құн сол шекарасынан өткізіп отырған елдің қоржынына түседі. Ортақ көлік-тасымал жүйесі құрылып, бәр жерге бір баға қойылады.
Жалпы ТМД интеграциясының дамымауына бернеше себеп бар. Біріншіден, интеграция дегеніміз тауарлар арқылы жүретін нәрсе. Егер базарға әр ел бәсеке туатындай тауар мөлшерін көп шығарса, интеграция сауда соғысын, яғни басқа елдер осы тауарлардың өз территориясына еркін кіріп, еркін сатылуына кедергілер болдырмау үшін жасалады. Батыста былай: осы кедергісіз сауданың арқасында бұлар экономикаларын дамытып барады. Сөйтіп, бұл елдердің өзара инвестицияға мүмкіндігі сол тауарды көптеп сатудан көбейеді. Арғы жағы белгілі өзара инвестиция құйып, кәсіпкерлердің бірлескен кәсіпорын құруына барынша жағдай жасалған. Олар қазір көп айтылатын жаһандануды осы интеграциядан түскен пайдамен тауар өндірісін одан сайын жетілдіре түсу арқылы жасап отыр. Бүйткен соң қаржы біріктіріп зауыт салып, өнім көбейтсе мұны өткізетін базар бірінші өздерінен, болмаса сырттан да табылады. Сондықтан олар бірігіп салған зауыттың пайдасын көбірек көреді. Сөйтіп, бір жерде ұтылып, бір жерде ұтқанымен бұдан еуропа елдерінің жалпы пайдасы бәрібір мол шығады. Сөйтіп, өзара сауда мен ортақ өндірістен ортақ пайда көп түсетін жағдайға жеткен соң бұлар ортақ валюта енгізеді.
Бұл шарттар әзірге ТМД елдерінде туған жоқ. Біріншіден мұнда тауар өндірісі дамымаған. Зауыт салуға шығын дамыған дүниедегіден гөрі көп кетеді. Өйткені, технологияны сатып аламыз. Капиталды шеттен әкелеміз. Өндірістік-техникалық база ескірген, тіпті нейбетке жоқ деуге болады. Бұлар шикізат сатуда бірімен-бірі бәсекелес. Сондықтан бірыңғай ортақ кеңістік анау айтқандай көп пайда түсірмейді. Мұндағы базарда Қытайдың, Еуропаның, Түркияның, Кәрістің тауары. Қазір тауар өндірісі жағынан біршама алда деген Ресейдің өзі ТМД ішінде айналып жатқан тауардың 10-ақ пайызын береді. Ал, бұл тек ТМД елдері өндіретін тауардың 80 пайызы. Қалғаны Украинаның үлесіне тиеді. Қазақстан болса әлі тауар шығаруды жолға қойған жоқ. Белоруссиядам түзеуге келетін экономиканың өзі қалған жоқ. Мұндағы алыпсатарлық біздегі 90 жылдардың басындағы сияқты. Егер тауар өндірісі дамымаса инвестициялық мүмкіндік көбеймейді. Ал, интеграцияның мәйегі осы тауар арқылы қаржы көбейтіп, өндірісті кеңейте түсу. Ал, мұны дамыту үшін әзірге отандық кәсіпкерді қорғау керек. Енді жалпы дүниежүзілік инвестиция айналымын алып қарайық. Оның 99 пайызы дамыған елдерден шығатыны айтпаса да түсінікті. Ал осының 70 пайызы АҚШ, Еуропа, Жапонияға, яғни өздеріне қайта салынады. Қалған 10 пайызы Шығыс Еуропаның бұрынғы коммунистік елдеріне, қалғаны Үндістан, Қытайға, Африкаға. Сонда Ресейді қосып алғанда, бүкіл ТМД-ға бар-жоғы 6-ақ пайыз инвестиция құйылады екен. Енді өзара сауданы алып қарайық. ЕврАзЭС-те өзара тауар айналымы — 0,8 пайызға, экспорт — 0,2 пайызға, импорт — 1,4 пайызға өскен. Ал, шетелмен сауданы қараңыз. Тауар айналымы — 9 пайызға жуық, экспорт — 8 пайызға жуық, импорт — 12 пайызға тақау көбейген. Яғни, ЕврАзЭС-тің өз арасындағыдан гөрі сыртпен байланысы 10 есеге артқан. Ұйымның ядросы болып келген Ресейдің ЕврАзЭС елдерімен тауар айналымы 0,7 пайызға ғана өскен. Біздің бүйткен жаһандану дәуірінде бұл көрсеткішке жатпайды. Қайта кері кеткен іс болып саналады. Ал, Қазақстанның саудасы бұл жерде керісінше 12 пайызға кеміген. Мұнда тек өзі ештеңе өндірмейтін Қырғызстан ЕврАзЭС елдерімен саудасын кеңейткен, яғни 31 пайыз. Бірақ мұның өндірісі Ресеймен салыстырғанда жел шайқаған түйенің қасындағы қалықтап көкке кеткен ешкіге ұқсайды. Сондықтан, ЕврАзЭС-тің ішінде өзара инвестицияға да, тауар сатуға да мүмкіндік жоқ. Шикізаттың түбі баянсыз екенін бәрі біледі. Сөйтіп, өз өндірісітерін дамыту үшін бір біріне антидемпинг қолданып келеді. Мысал үшін, Ресей Қазақстанның мырышына кедендік салықты былтыр 36 пайызға көтеріп жіберген. Сөйтіп отырғанда тағы бір интеграциялық төрттік — Ресей, Украина, Қазақстан, Белоруссия арасындағы ортақ экономикалық кеңістік құру жөніндегі келісім пайда болды. Бәрібір ТМД ішіндегі интеграцияға жоғарыда айтылған жәйттер тән. ЕврАзЭС-те мұндай болса бұл интеграциядан қандай пайда болмақ деген сұрақ әрине туындайды. Оның үстіне Ресей мен Украина арасындағы саудадағы өзара тартысты, өзара шектеу көбейіп кейінгі жылары арадағы алыс-беріс азайып кетті. Мысалға Украина маргарині арзан болған соң Ресейдегі май жасайтындар көбінесе ұтылып жатады. Сондықтан Украина майына Ресей бағаны көтеріп тастаған. Украина Ресейге ежелден ет-сүт өнімдерін, көкөніс жеткізіп тұрған. Ресейден бұл елге жеміс-жидек өңделіп әкелінеді. Бірақ, осылар тағы екі елде де өндіріледі. Өндіріс біріне арзан, біріне қымбат түседі. Сондықтан екі ел де өз кәсіпкерлерін қорғауға тырысады. Автомобиль өндірісінде де Украина ұтылып жатады. Мұнда да автокөлік зауыттары жеткілікті. Соларды тоқтатып алмау үшін Киев соңғы жылдары Ресей мен Кореядан келетін автомашиналардың кеденнен өткізгендегі төлемін көтеріп жіберген. Есесіне өзінің зауыттарына темір-терсекті Украинадан сатып алуға Ресей кедергі жасап келеді. Кәмпит өндірісінде де Ресей Украина карамельдеріне бағаны қымбат белгілеген. Өйткені Украинада кәмпит жасау арзанға түседі. Сөйтіп, Ресей мен Украина арасындағы сауда жаңағы сауда тарысынан 12 миллиард доллардан 7,5-8 миллард долларға дейін төмендеп кеткен. 2001 жылы Украинаның ЕврАзЭС елдерімен саудасы 3 пайызға өссе, алыс шетелмен 15 пайызға күрт көтерілген. ТМД елдерінен импорт 9 пайызға өссе, оның өзі шикізат, ал алыс шетелмен 17 пайызға өскен. Сөйтіп, ТМД елдерінің барлығы, ЕврАзЭС мемлекеттері ішкі рынокты толтыратын тауарды шетелден алады. Инвестиция да шетелден келеді. Осындай жағдайда ТМД елдерінің басшыларының ешқандай міндетті келісімге отырмайтын бейресми кездесулері мен ЕврАзЭС-тің өзара интеграциясының табандап жүрмей қалуы заңды құбылыс. Бұл интеграция Ресеймен экономикалық қатынастардағы тиімді тұстарды жақсы пайдалану үшін, мұнай құбыры мен электр энергиясы үшін, көмір саудасы жалпы Ресейдің террор дәуіріндегі әскери-техникалық мүмкіндіктеріне мұқтаж елдер ретінде, ішкі саясаттағы Ресейдің ықпалын ескере отырып саяси тұрғыда Қазақстанға, Қырғызстанға, Белорусқа керек болды. Тәжікстанға да Ресеймен мәдени байланыстар мен экономикалық қатынастарды үзуге болмайтын еді. Бірақ Ресей үшін экономикалық тұрғыда Қазақстанмен ғана байланыс маңызды болды да қалғандарымен геосаяси мақсаттар үшін ғана отырған. Бұларға қарағанда Ресейдің назары Украинаға көп ауатын. Украинаның ЕврАзЭС-пен саудасының 90 пайызы Ресейге келетін. Қазақстанмен 6 пайыз. Тәжікстан мен Қырғызстан 1 пайыздың көлемінде. Қызмет көрсетуде 98 пайыз Ресеймен, Белоруспен 14 пайыз алыс-беріс. Ресей бизнесі де Украинаға өте маңызды көңіл бөліп отыр. Украинаға келген инвестицияның 6 пайызы Ресейдікі. Сөйтіп, ЕврАзЭС-ті бүгінгі төрттікке айырбастаудың уақыты келген болатын. Өйткені, өндірістері ақырындап дамып келе жатқан 4 мемлекет өзара интеграциядан түбінде ұтатынын ұға бастады. Бұлар кезінде Кеңестер экономикасының 80 пайызын құраған, қазіргі ТМД экономикасының да 70 пайызын беретін 4 мемлекет. Және бұлардың тауарын дамыған елдердің базарында алмайды. Азияға бірігіп барса әлдеқайда тиімді. Өйткені, тығыз интеграцияға Украинаның қосылғаны бұл ұйымға ерекше салмақ береді. ТМД ішіндегі сауда жағынан ең ірі әріптестер Украина мен Ресей, Қазақстан арасындағы интеграция Ресей мен Қазақстан арасындағы саудамен ғана тұрған ЕврАзЭС-тен қарағанда әлдеқайда тиімді болуға керек. Өйткені Украинаның халқы мен экономикалық мүмкіндіктерін, өндірісін домалақтап есептегенде Қазақстанды екі орайды. Мұның үстіне Қырғызстан дүниежүзілік сауда ұйымына өтіп кетті. Мұның ЕврАзЭС интеграциясына зияны мынада: бұған мүше елдер өз өнімдерін қорғауға мүдделі, сондықтан шетел тауарын шекарадан мейлінше қымбат өткізген жөн. Ал, қырғыздың бүйтуге құқы жоқ. Ол жаңағы ұйымға өтіп кеткен. Ертең Қырғыздың интеграцияға берер пайдасы болмайды. Тауары да аз. Ал, Тәжікстанның бар, жоғы белгісіз сүйретпе мемлекет. Және АҚШ-тың геосаяси ықпалына тез беріледі. Мұны өздері бас тартпаса ЕврАзЭС-пен де ұстай тұрса болады. Және бұл жерде психологиялық фактор да бар. ЕврАзЭС Астананың бастамасы. Ресей осы себепті көбінесе салғырттық көрсетіп келді. Және жаңа айтқандай біршама ірі экономикасы бар Украина базарын игеруге Ресей стратегиялық тұрғыда мүдделі болды. Өйткені, Ресей кәсіпкерлеріне Украина бизнесі мен өндірісін игеруден түсетін пайда орасан. Ресейге бұдан ары кешігуге болмайтын еді. Кучманың сайлауы да жақындап қалды. Оппозициясы Батыс қолпаштап күшейіп кеткен Украинада келесі сайлауда Кучманың өту-өтпеуі де неғайбыл дүние. Ал, мұнда Кучманың айналасынан басқа да Ресейге деген күмән мен қарсылық басым. Сондықтан Кучма да Путиннің қолдауына бұрынғыдан гөрі қазір мұқтаж. Сөйтіп, осындай себептермен жалпы ТМД ішіндегі интеграцияның мүмкіндіктері шектеулі болғанымен ЕврАзЭС-тің маңыздылығынан гөрі жаңадан құрылған «төрттіктің» маңызы мен интеграцияға мүмкіндіктері біршама жоғары болып шықты. Бұл кәдімгі экономикалық-саяси қажеттіктен туған ТМД ішіндегі әзірге ең прагматикалық шешім. Дегенмен, мұның да өмірі Украинаның саяси бағытына байланысты болмақ, өзі де сол үшін құрылған. Көбінесе шетел саясаттанушылары Украинаның Еуропа үшін маңызын әдейі үрлеп үлкейтіп көрсетеді. Бұған халқы да ұмсынып тұр. Ішкі саяси ахуал да оппозицияның билікке келуіне қолайлы. Енді бұл ұйымға мүше елдердің экономикасы шын мәнінде дамып, тауар өндіру мықтап жетілген кезде ғана интеграцияға нақты мұқтаждық туады. Оған дейін Украинаның қабағына қарап отыра бермекпіз. Украинаның Еуропалық Одаққа жалт беруі де кәдік.