1918 жылдың қарашасында Вилла Джусти Австрия-Венгрияның толық жеңіліске ұшырағаны туралы құжатқа қол қойды. Италия соғысындағы ұрыстар, одан бірнеше күн өткеннен кейін дүниежүзілік соғыстың басқа да аймақтарында кескілескен ұрыстар доғарылды. Өзінің басқа да одақтастарымен бірге Италия да жеңісін тойлады. Солтүстіктен келетін жолдармен соғыстан қайтқан солдаттар легі келіп жатты. Темір жол көліктері ұлттық жалаулармен әшекейленді. Кішігірім станциялар мен үлкен қалаларда бүкіл халық Витторио Венето батырларын қарсы алды. Мыңдаған жеңіліске ұшыраған әскери тұтқындарды айдағандар өтіп жатты. Барлық орындарда жеңісті атап өтуге арналған үлкен жиындар ұйымдастырылып өткізілді. Ұлтшылдар ұран тастай сөз сөйлеп, Италияның кеше ғана басынан өткізген сұрапыл соғысы мен жарқын болашағы туралы баяндамалар жасады. Ұлт сенімін қыздыру үшін Мадзини және Гарибальди дәстүрлерін мақтан тұтып айтты. Сонымен қатар өткен соғыс кезінде италия халқы қандай шығынға ұшырағанын да естен шығармады. Оларды айту себебі олардың қайтарымына жаңа территориялар, жаңа колонияларға қол жеткізіп иемденуіміз қажет деп санады.
1915 жылдың 26-сәуірінде өткен Париждегі бейбіт конференция столына Италияның премьері Орландо және оның шетел істері бойынша министрі Соннино құпия лондондық келісім-шартына қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес Италияға Австро-Венгрияның италяндықтар тығыз тұратын аймағы өту қажет болды. Оңтүстік Тироль, Додеканеза аралдары, словения облыстары т.б. Дегенмен Италияның мұндай үлкен территорияны сұрауына оның Антанта бойынша одақтастарының наразылығын тудырды. Ең алдымен өзінің келіспейтінін білдірген президент Вильсон болды. Ол өте аңдап сөйлеп, Италияның болашақтағы шекарасы жайында былай деген болатын: «Италияның шекарасын жөнге келтіру анық көрінетін ұлттық шекара негізінде жүзеге асырылуы керек».[3]
Сонымен қатар Лондон келісім-шартындағы Италияның аумақтарға деген құмарлығы Сербия тарапынан да қарсылыққа кездесті. Сербия Австро-Венгрия күйрегеннен кейін Балкан-Югославиядағы жаңа мемлекет негізін қалаған ел болатын. Осындай қарсылықты Франция мемлекеті де қолдады.
Осы бейбіт конференцияда Фиум жайында күрделі сұрақ туындады. Себебі 1915 жылғы одақаралық келісім-шартқа сәйкес Адриатия теңізіндегі бұл маңызды порт сербтерге тиесілі деп уәде берілген болатын. Соған қарамастан италия делегаттары оны Италияға берілуін талап етті. Өз талаптарын олар жергілікті тұрғындардың этникалық құрамымен байланыстырды. Ол жерде тұратын жиырма бес мың италяндыққа барлығы он бес мың славян және алты мың венгр халқы келетін. Ал одақтастар болса сербтерге берілген уәдеден бөлек жаңа қалыптасқан Югославия мемлекетіне теңізге шығатын бірден бір осы жол қажет екендігін көлденең тартты.[4]
1919 жылдың 23-сәуірінде Вильсон италия өкілдерін айналып өтіп, италия халқына одақтастарды қолдауды ұсынып хат жазды. Италия делегаттары бұған қарсылық ретінде Париж конференциясын тастап кетіп қалды. Орландо италия парламентінде қызу сөз сөйлеп, бұрынғы одақтастарын ауыр кінәлады. Осы кезден бастап өз одақтастарына деген италия халқының өшпенділігі оянып, Италия бойынша жиналыстар мен митингілер кең тарап жайылып кетті. Бірақ италия делегациясы конференция столына қайта оралып, өздерінің жаңа талап еткен аумақтарына байланысты кейбір өзгертулер енгізуге мәжбүр болды.
1919 жылдың қыркүйегіндегі Сен-Жерменск келісім-шартына сәйкес Италия өз аумағына Оңтүстік Тирольды, Герцті, Градискіні, Керсо аралымен бірге Истраны, Каринтии мен Кирайнаның аз ғана бөлшегін, Зару қаласын қосып алды.
1920 жылдың қарашасында қол қойылған Югославиямен жасалған «Раппальск» келісім-шартына сәйкес екі державияға Дальмация бөлініп берілді және Италияның Зару қаласына құқығы бекітілді. Фиум болса өздігімен басқарылатын аймақ болып жарияланды. Басқа да халықаралық келісімдерге байланысты Италия өзінің Африкадағы құлдық колонияларын кеңейтті. Осы көрсетілген мәліметтер Италияның көптеген аймақтарға ие болып шыға келгенінің куәсі. Бірақ Италия мемлекетінің басшылары және олардың арқасында тұрған буржуазияның империалистік ортасының бұдан да көп мөлшердегі аумақтардан дәмелі еді. Дәл осы орта сол кезде «Италия жеңіп тұрса да қолынан келіп тұрған көп нәрседен айрылып қалды» деген қауесет тарата бастады. Осы ой мемлекет ішінде іріткі салып, онсыз да соғыстан кейін жолдан тайыңқырап қалған халықты, соның ішінде Италиядағы ұсақ және орта буржуазия өкілдерін қозғалтты. Осы және басқа да жайттарға байланысты 1919 жылдың маусымында Орландо өкіметі тақтан кетіп, орнына сыртқы қобалжуды бәсеңдетіп, ел ішінде қайта құруды жүзеге асырған Нитти келді.
Осы кезеңде Италияда ең алғашқы мәселе экономикалық сипаттағы қиындықтар болды. Соғыстың нәтижесінде мемлекетте экономикалық қирау орын алған болатын. Таптық қарама қайшылықтар мен әлеуметтік топтар арасында күрес мүлдем шиеленісіп кетті. Ел ішінде еңбекшілердің жойқын революциялық қозғалысы дайындала бастады.
Италия халқы үшін соғыстың нәтижесі мынадай болды: Жеті жүз мың адам өліп, бір жарым миллионнан астамы жараланған, он мыңнан астам жетімдер мен асыраушысы жоқ кемпір-шалдар қалды. Өнімі жоғары және бай бес аралдар басып кірудің нәтижесінде талқандалған болатын. Әскери шығындар он екі миллиард лирді құрады. Соғыс кезінде Италияның онсыз да әлсіз экономикасына теріс әсерін тигізді. Мемлекеттік қарыз төрт жарым еседен асты. Салықтардың көлемі ұлғайды. Осының барлығының тікелей нәтижесінде ақша құнсызданып, бағалар өсті. Айналымдағы қағаз ақшалардың саны соғыс жылдары кезінде сегіз есе артты, ал бағалар болса үш жарым еседен көп өсті.[5]
Сонымен қатар соғыс капиталды жинақтастырып, мемлекет ішіндегі ірі өндірісті кең нарықты құра отырып, Италияны аграрлы мемлекеттен аграрлы-индустриялы мемлекетке айналдырды. Кейбір ірі монополиялық бірлестіктер ауыр өндірістерде өз капиталдарын соғыстың кезеңінде бірнеше мәртеге көбейтті. Мысалы,
Адриатика ди элиттричита – 1913 жылғы жиырма миллион лирден 1917 жылы алты жүз миллион лирге дейін;
Монтекатини – 1913 жылғы он бес миллион лирден 1918 жылы жетпіс бес миллион лирге дейін;
Пирелли – 1913 жылғы он жеті жарым миллион лирден 1918 жылы қырық миллион лирге дейін;
ФИАТ – 1912 жылғы он жеті миллион лирден 1919 жылы екі жүз миллион лирге дейін;
Фальк – 1912 жылғы сегіз миллион лирден 1918 жылғы жиырма миллион лирге дейін.
Соғысқа қажетті тапсырыстардың арқасында орасан пайдаға кенелген ауыр өндіріс кәсіпорындары, әсіресе метал өңдеуші зауыттар, машина құрастыру және әскери өндірістегі фирмалар Ильва, Ансальдо, ФИАТ және Бреда өздерімен бәсекелес кәсіпорындарды жұтып қойып, алып өндіріс орындарына айналды. Банк капиталының өндіріспен байланысы тез күшейе түсті. Ауыр өндіріс орындарын қаржыландыратын төрт ірі банк – «Банко коммерчиале», «Кредито итальяно», «Банко ди сконто», «Банко ди Рома» осыған көп мөлшерде қаржы бөлді. Соның нәтижесінде «Банко коммерчиале – Ильва», «Кредито итальяно – ФИАТ», «Банко ди сконто – Ансальдо», «Банко ди Рома – Бреда» сияқты монополиялық топтар пайда болды.[6]
Осының бәрі әрине италия еңбекшілері мен ірі буржуазияның арасын алшақтата бастады. Италия қатысқан соғыс кезінде құрбандықтар мен зардаптардың арқасында байып шыға келгендер мен қиналып отырған қарапайым халық арасында таптық қайшылықтар пайда болған заңдылық.
Соғыстан кейінгі алғашқы мәжілістің өзінде Италия социалистік партиясының басшылары 1918 жылдың желтоқсанында ең негізгі міндет Италияда социалистік республика және пролетариат үстемдігін диктатурасын құру деген болатын.
Соғыс кезінде де социалистік партия ішінде түрлі фракциялар мен топтардың көтеріліске шығуы орыс тәжірибесіне қатысты болатын. Социалистік партия ішінде осы қағиданы ұстанатындар партияның барлық саясатын анықтап, нәтижесінде Серрати және Ладзари басқарған фракция мүшелерін максималистер деп атап кетті. Олай дейтін себебі Италиядағы орыс большевиктерін максималист, демек максимум-бағдарламасының жақтаушылары, пролетариат үстемдігін құруды жақтаушылар деп атайтын.
Партия басшылығына мығым орналасқан максималистерге Турати, Тревес, Модильяни секілді қайта құрушылар қарсы тұрды. Олардың саны социалистік парламенттік топтарда, социалистік муниципалитеттерде және еңбектің жалпы конфедерациясының басшылығында көп болатын. 1918 жылдың желтоқсанының соңында өткізілген барлық осы ұйымдардың және топтардың өкілдерінің бірлескен конференциясында Турати ұсынған резолюция мақұлданды. Онда күрестің тек ғана тікелей жалпыдемократиялық мақсаттарын ғана қолдау қажет екендігі көрсетілді. Ал пролетариат диктатурасына келетін болсақ «бол лозунг жалпыдемократиялық мақсаттарымызға жетуге кедергісін тигізеді» деп шешті конференцияға қатысқандардың көпшілігі Пролетариат диктатурасына қарағанда қайта құру үшін күрес жүргізу бағдарламасын жүзеге асыру тиімді деп ұсынылды: сайлаудың демократияландыру, бюрократияны жою, сегіз сағаттық жұмыс күніне көшу, еңбек ақыны төмендету, кәсіпорындарды басқаруды еңбекшілердің өздері бақылауға алуы, қоныс аударушыларды қорғау т.б. Олардың айтуынша «осы реформа арқылы өзіміздің бостандығымызға шын мәнінде ешқандай адаспастан қол жеткізуге болады, таптар мен таптардың үстемдігін жоюға, әділдікті орнатып нағыз социалистік теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік туады.
Қайта құрушылар Ресейдегі пролетариат диктатурасы бізге лайық емес, ол тек ғана өздеріне тән орыс жағдайында ғана жүзеге асырылатын құбылыс» деп көрсетті. Соғыстан кейінгі парламенттегі алғашқы сөзінде Турати «большевиктер революциясы тек қана Ресейде ғана орын алуы мүмкін, себебі ол жерде ең қорқынышты деспотизм орныққан» деген болатын.
Осындай тапаралық шиеленіс кезінде италияндық пролетариаттың басым көпшілігі қайта құрушыларды жақтамай, керісінше пролетариат диктатурасы үшін күресуге бел байлап максималистердің соңынан ерді. Революцияға бел байлаған халықтың көңіл-күйін білдіргісі келген Италия социалистік партиясының жетекшілері 1919 жылдың наурызында жер бетінде пролетариат диктатурасын құру үшін құрылған жаңа халықаралық революциялық ұйымға — Коммунистік Интернационалға бірігуді ұсынды. Италия еңбекшілерінің социалистік партиясының басшылары «Ресейден үлгі алайық» деп үндеу тастай бастады.
Осылайша, сол кезеңде социалистік қозғалыста социализм үшін күресудің басты екі бағыты анықталды: біреуі – пролетариат диктатурасы үшін күрес болса, екіншісі – қайта құру үшін күрес. Дегенмен екеуінің де түпкі мақсаты социализм құру болып табылатын және католикалық қозғалыстан айырмашылығы да осында болатын.
Осы кезде католикалық қозғалыс қоғамдағы өздерінің ықпалын күшейту бағытында алға үлкен қадам жасады. Олар діни сипаттағы кәсіподақтық және кооперативтік ұйымдардың көмегімен шіркеуде тұрғындардың көпшілігін, әсіресе крестьяндарды ұстап тұрған болатын. Бірақ олардың жетекшілері бұндай жолмен ұзақ уақыт халықты ұстап тұру мүмкін емес екендігін түсінді. Әлеуметтік мәселелер мен қайшылықтар терең тамыр жайып кеткендіктен оларды тек ғана конфессиялық ұйымдар шегінде шешуге ниеттену мүмкін емес еді.
1918 жылдың соңында Италия еңбекшілерінің конфедерациясы – ақтардың бірлестігі, ол дегеніміз «католик кәсіподақтары» құрылды. Бұл конфедерация еңбекшілердің экономикалық мүдделерін және талаптарын қорғаумен айналысуға міндетті болды. Негізінен таптық күрес қағидасын ұстанды. Жалпы саяси бағдарламасы қандай болды деген сұраққа келетін болсақ, онда негізгі рөлді католикалық «Халық партиясы» ойнауға тиісті болды. Италияда оны «Пополяри партиясы» деп атайтын.
«Халық партиясы» Ватиканның көмегімен құрылды. Бірақ діни сипатта болмады, шіркеудегі кеңесшілері жоқ, епископқа тәуелді болмады, ең негізгісі өзінің әрекеттері үшін жауапкершілікті Ватиканға жүктемеді.
Басқа сөзбен айтатын болсақ, «Халық партиясы» католик қозғалысына тән либерализмге, сондай-ақ социализмге қарсы күресті жалғастырушы болып құрылды. «Пролетариат диктатурасы үшін күрес» атты лозунгымен жалпыдемократиялық талаптар үшін күресу бағдарламасын қолдады (ол дегеніміз еңбек етуге деген құқық кепілдігі, еңбек қабілеттігін жоғалтқанда немесе жұмыссыз қалғанда әлеуметтік жәрдем беру, шағын жер меншігін марапаттау және қорғау, прогрессивті салық т.б.)[7].
Бірақ еңбекшілерді олардың жағдайының кейбір тұстарын ғана жақсарту жолымен ұстап тұру мүмкін емес еді. Италиядағы таптық қатынас пролетариаттың пайдасына ауа бастады. Осы басымдық арқасында еңбек заңнамаларындағы жаңа құқықтық нормалардың анықталуына әкеліп соқты. Соның арқасында 1919 жылдың 20-ақпанында «металлистер Федерациясының» өкілдіктері арасында және өндірісшілер жұмысшы-металлистер үшін сегіз сағаттық жұмыс күні туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім бес жүз мың жұмысшы-металлистер үшін үлкен жетістік еді. Көп ұзамай 1919 жылдың 4-наурызында еңбекшілер кәсіподақтарының және өндіріс пен еңбек министрлігі ұйымдастырған кәсіпкерлердің қатысуымен мәжіліс өткізіліп, барлық жұмысшылар үшін сегіз сағаттық жұмыс күні бекітілді.[8] Сол кездерде өндіріс орындарының көптеген жұмысшылары жұмысқа қатысты проблемаларды көтеріліс арқылы шешіп келгенімен, Италияда еңбек қатынасы саласында үлкен оң қадам жасалғанына елдің барлығы қуанды. Таптық күрес Италияда кең етек жайды. Көтерілістен соң көтеріліс ұйымдастырылып жатты. Экономикалық көтерілістер көбінесе саяси көтерілістерге ұласып кетіп жатты. 1919 жылдың ақпан-наурызында Генуедегі «Ансальдо» кәсіпорнының металлистері және кейбір көрші аудандардағылар көтеріліске шықты. Бұл көтеріліс таптық ынтымақтастық жолында өтті, себебі бірнеше мыңдаған жұмысшылар жұмыстан заңсыз босатылған жолдастарын жақтап көтерілді.
Сол жылы сәуір айында Римде өте үлкен көтеріліс болып, жиырма бес сағаттай уақыт италия астанасында өмір тоқтап қалғандай болды. Олай дейтініміз барлық кәсіпорындар мен көліктер тоқтап, дүкендер мен кафелер жабылып қалды. Электр қуаты берілу доғарылған соң қаланы қара түнек басты. Дәл осы кезде Миланда халық көтеріліп, еңбекшілердің бейбіт митингісін полиция қуып таратып, бір жұмысшы нәтижесінде өлген болатын. Осы көтерлістерді қолдап басқа да ірі қалаларда халық наразылығын білдіріп көтеріліске шығып жатты.
Көтеріліс толқыны, еңбекшілердің шеруі мен митингілері бүкіл Италияны 1919 жылдың 1-мамырында басып кетті. Бірнеше күнге дейін қала сыртына қатынайтын поездардың барлығы тоқтап қалды. Поезд жүргізушілері «сегіз сағаттық жұмыс күні сақталсын және жалақыны көбейтіңдер» деген талап қойды.[9] Темір жолшыларды осы кезде су көлігіндегілер де қоштап, олар талаптарын орындатты. Бірнеше мәрте көтерілісшілер мен әскердің, полицияның қақтығысуымен аяқталды.